Тәуекелдің тілшісі (Эссе)

Тәуекелдің тілшісі (Эссе)

Тәуекелдің тілшісі (Эссе)
ашық дереккөзі
Аудандық газеттен – Арменияға! Жер иіскемес етегі, Жолға шықса – жетеді. Ішкен асын қоя сап, Іссапарға кетеді. (Журналистік фольклордан) Оқуға түсу үшін емтихан тапсырып жүрген кезіміз. Түрлі-түрлі талапкерлер... Солардың ішінде томпиып бір қолтоқпақтай ғана кішкентай бала жүр. Бойы бар ғой, күндіз-түні кітап кеміріп, сынаққа әзірленіп, сереңдеп жүрген жігіттердің белінен келеді. Әдепкіде оны абитуриенттердің бірінің інісі шығар деп ойладық. Жо-о-оқ, олай болмай шықты. Бұл бала біреу-міреуге іні болғысы кеп тұрған адамға ұқсамайды. Өзі ширақ әрі шақар. Е-е, мектепті қатарластарынан ерте бітірген вундеркинд шығар... Бұл ойымыз да теріске шықты. Өз мезгілімен, өз жөнімен жетіліп келе жатқан бала көрінеді. Алматыда туыпты. Шымкентте өсіпті. Содан шығар, бізге қарағанда тектілеу әрі ептілеу көрінді. Оқуға түскен соң да оның бірқатар артықшылықтарын байқай бастадық. Орысша бұлбұлдай сайрайды екен. Антикалық дәуір әдебиетінен сабақ беретін Галина Морозова ол сөйлесе, мейірленіп тыңдайды да отырады. Ол ол ма, курстасымыздың тұрқы шағын болғанымен, денесі шымыр екен. Өзін баласынып, жұлқа көтерген еңгезердей жігіттердің біреуін лезде басынан асырып лақтырып жіберді. Тіпті қандай тәсіл қолданғанын да аңғара алмай қалдық. Құрсын, пәледе неміз бар, сосын сақ жүретін болдық. Қимылына көз ілеспейді. Футболды керемет ойнайды екен. Университеттің құрама командасына үнемі абырой әперетін спортшы ретінде танылды. Өзіміз қалаған мамандыққа бейімділігі де ешкімнен кем емес. Студент кезінен-ақ мақалалары үлкенді-кішілі газеттерде жариялана бастады. Өмірден өз жолын тапқан кейіпкеріміз Ғалымжан Мелдешов қатардағы тілшіден Қазақ радиосының директорына дейінгі жемісті жолдан өтті. Журфакты бітірген соң «Лениншіл жасқа» қызметке қабылданды. Мұнда құлашын кең жазып, көсіле алған жоқ. Өйткені төрт-бес айдан кейін отбасылық жағдайына байланысты елге қайтуына тура келді. Шымкент облысындағы Бөген аудандық «Коммунизм таңы» газетінің жауапты хатшысы болып бекітілді. Жастар басылымының секретариатында шыңдалған жас журналист бұл жұмысты үйіріп әкетті. Әрине, «Лениншіл жастан» кейін аудандық басылымға келу кемеден түсіп, қайыққа мінгенмен бірдей. Бірақ арқалы ақын, жүйрік журналист Нармахан Бегалиев өзі басқаратын ақпарат құралында шығармашылық ахуал қалыптастырған екен. Бүгінге дейін сол «Ордабасы оттарының» тізгінін ұстап отырған Нар-ағаң бұған көп нәрсе үйретті. Жас әріптесі оған да ұнады. Қай іске де бейім, тынымсыз Ғалымжан көп ұзамай редактордың орынбасары болып тағайындалды. 1988 жылғы жетінші желтоқсанда Арменияда алапат жер сілкінісі болғаны баршаға мәлім. Спитак, Ленинакан, Кировакан қалалары түгелге жуық қирап қалды. Одақтық телевидение мен радио дүркін-дүркін хабар беріп жатты. Ғалымжан бас редакторына кіріп, оқиға орнына барып, репортаж беру үшін рұқсат сұрады. Сол баяғы «Лениншіл жастың» дәстүрі. Редакторы не десін?! Сонау Армениядағы ауыр ахуалды егжей-тегжейлі жазу аудандық газеттің міндетіне мүлде кірмейді. ТАСС пен КазТАГ-тың материалдары негізінде шағын ақпарат беріп отырса да жеткілікті. Оның үстіне, бұл – қауіпті сапар. Қираған ғимараттардың арасында жүріп мәлімет жинау оңай емес. Қазіргідей ұялы телефонның елесі де жоқ заман. Сапарға кеткен тілшіңнің қайда барып, қайда қонып жүргенін кім білсін. Жер сілкінісі қайталануы да мүмкін. Ал жібермейін десе, бұл бала жұлқынып тұр. Көзі жарқ-жұрқ етеді. Мына іргедегі «Ақдалаға» барып келетін адамдай сақадай-сай дайын отыр. Ертең жүрегінде жылтылдаған отын өшіріп алып жүрмейміз бе? Редактор тәуекелге бел байлады. «Мен қарсы емеспін, айналайын. Тек әке-шешең бұған қалай қа­ра­й­ды?». «Мен өз жолыммен жүріп үйренгем, аға». «Ә, онда бара ғой, құжаттарыңды әзірле». Содан Арыс қаласынан пойызға мініп, Мәскеуге тартты. Төте жол жоқ. Одан әрі Ереванға жеткізетін «Дружба» пойызына отырды. Зілзалаға ұшыраған қалалардың бәрі де жол бойында орналасқан екен. Қирап жатыр. Жұрт қынадай қырылған. Әсем ғимараттар үйін­діге айналған. Алапат апатты кө­зімен көрген аудан басшысының шашы бір түнде ағарып кетіпті. Австриядан, Германиядан жедел жеткен құтқарушылар жермен-жексен болған үйлердің астында қал­ғандарды аршып алып жатты. Пойыз үш күндік жолды бес жарым тәулік жүрді. Өйткені жаңағы қалалардың әрқайсысында төрт-бес сағаттан аялдайды. Сол сәтте бұл жұртпен сөйлеседі. Жол үстінде журналистерді көп ұшырастыра қойған жоқ. Жалпы, сол жолы Арменияға Ғалымжаннан басқа бір ғана қазақстандық журналист барды. Ол – «Социалистік Қазақстан» газетінің қызметкері Қайнар Олжай. Бірақ екеуі сапар барысында бір-біріне жолыға алмады. Ғалымжан сол жолы Ереванда, Армения комсомолы Орталық Коми­тетінің зілзалаға байланысты өткізіп жатқан мәжілісіне тап болады. Төрт-бес журналиспен бірге жиынға бұл да қатысады. «Мынау не ғып жүрген адам?» дегендей бәрі қоңырқай жүзді қазақ жігітіне назар аударыпты. «Мен сіздердің ауыр қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айту үшін, бастарыңызға түскен ахуал жөнінде өз халқыма баяндап беру үшін келдім», – деген жер түбіндегі аудандық газеттің тілшісіне армян бауырлар қатты риза болыпты. Бүкіл Кеңес Одағы бойынша арнайы келген жалғыз аудандық газеттің өкілі болса, қуанбағанда қайтеді?! Ғалымжан Арменияда сегіз күн болды. Үй-күйінен, ағайын-туы­сынан айрылған армяндар қақаған қыста далада жатты. Солар көрген бейнетті журналист те бірге көрді. Вокзалда түнеді, желдің өтінде жүрді. Жергілікті газеттің фототілшісімен танысып алған-ды. Сол жігіт бір жолыққанда құшақ-құшақ сурет берді. Мұнда жер сілкінісінен бергі ахуалдың бәрі көрсетілген екен. Осының бәрін Ғалымжан тиімді пайдаланды. Алдымен өзі қызмет істеген «Лениншіл жасқа» арнайы репортаж жолдады. Сол жолы өз өкілін жіберуге мүмкіндігі болмаған жастар басылымы бұрынғы тілшісінің мақалаларын қуана-қуана басады. Аудан орталығы Темірланға қайтып оралғаннан кейін өз газетіне жүректерді жаралаған зілзала туралы мақалалар сериясын жариялады. Аудандық газеттің рейтингі күрт артты. Бәлкім, соның әсері шығар, Шымкент облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газеті мұны қызметке шақырды. Бір жыл өтер-өтпесте «Лениншіл жастағы» тілеулестері қайыра қолқа салды. Сөйтіп, Армениядағы зілзала жөніндегі репортаждарының арқасында кеңірек танылып, өз үйірін қайта тапты.

   Сабазды қорғаған сарбаз

Тәуекелге бекінген, Тоқтатпауды өтінген. Зілзалада шыңдалып, Бір салада жетілген. (Журналистік фольклордан) «Лениншіл жаста» үш бас редак­тор­дың тұсында қызмет істеді. Уәлихан Қалижан еркіндікке баулыды, Нұртөре Жүсіп шығармашылығын жа­ныды, Төрехан Данияров нарыққа бейім­деді. Газеттің бүкіл бөлімінде қызмет істеді. Ауыл шаруашылығы, экономика, саясат, құқық, спорт бөлімдерінің меңгерушісі болды. Жариялылықтың лебі есіп, еліміз егемендікке ұмтылып, комсомол жаңа үлгідегі жастар одағына, «Лениншіл жас» «Жас алашқа» айналды. Бай­қоңырдан алғашқы ғарышкердің ұш­қанына орай құпия ғарышайлақ журна­листерге қақпасын ашқан кезде, Ғалымжан сол топқа ілесті. Мүмкіндігі мол, беделі биік «Жас алаштың» тілшісі ретінде қиянат көрген талай адамның тағдырына араша түсті. Соның бірі – заңгер Сабаз Нұраханов. Ол Жамбыл облысындағы Қаратау қалалық ішкі істер бөлімінің бастығы қызметінен шеттетілген соң, әділдік іздеп, өзінің министрлігіне шағынады. Прокуратура органдарына жүгінеді. Парламентке, Жоғарғы Кеңеске сауын айтады. Ақыры, ешқайсысы жедел қозғала қоймаған соң, салып ұрып, «Жас алаштың» редакциясына келеді. Уәлихан Қалижан істің анық-қанығын айқындауды Ғалымжан Мелдешовке тапсырады. Ол алдымен Жамбыл облысына іссапарға барып, жарты ай бойы журналистік зерттеу жүргізеді. Өңірдегі ішкі істер және прокуратура органдары қызметкерлерімен сөйлеседі. Сабаз Нұрахановпен бірге жұмыс істеген адамдардың әңгімесіне құлақ қояды. Ілгеріде кейіпкері қызмет атқарған Шу және Луговой аудандарына барады. Осының бәрін саралай келіп, Сабаз Нұраханов турашылдығынан тауып, нақақтан күйіп отыр деген қорытынды жасайды. Бірақ заңның қалтарыс-бұлтарыстарын жетік білетін ішкі істер қызметінің басшыларымен тайталасқа түсу үшін бұл қорытынды жеткіліксіз еді. Содан жатпай-тұрмай, заңнама мен ережелердің бәрін сүзіп шықты. Күн сайын білікті мамандардан кеңес алды. Кейіпкерінің басынан өткен жағдайдың әр сәтін ой елегінен өткізді. Кәнігі қорғаушы секілді кітап ақтарып, он ойланып, тоғыз толғанды. Диктофонға жазып алған әңгімелерін жүз қайтара тыңдаған шығар. Салыстырады, талдайды, түйіндейді. Қайшылық пен сәйкессіздік байқалып тұрған тұстарға қайта үңіледі. Назар аударарлық әрбір фактіні мұқият тексереді. Ақыры, «Жас алаштың» екі бетін жайлаған «Қудалау» деген мақаласы басылды. Сол мақаланың дүмпуі күшті болды. Осы уақытқа дейін әрі-сәрі болып келген мәселенің бәрі қайтадан қозғалды. Жамбылда бүкіл облысты дүр­ліктірген сот мәжілісі өтті. Ғалымжан сол сотқа арнайы барып қатысты. Сабаз Нұраханов сот жиыны басталар алдында залда мақаланың авторы қатысып отырғанын, оған сауал қоюға болатынын ескертті. Алайда тас түйін дайындалған тегеурінді тілшіге сұрақ беруге ешкім бата алмады. Өйткені «Қудалаудың» авторының газеттегі дәлел-дәйектері кәнігі заңгердің тұжырымындай боп шыққан еді. Сот Сабаз Нұрахановтың іс-әрекетін толық ақтады. Оның жұмыссыз қалған уақытындағы бүкіл шығыны өтелетін болды. Ал өзі бұрынғы қызметіне қайтып оралды. Тек Қаратауға бармады демесек, Жаңатас қалалық ішкі істер бөлімінің бастығы болып тағайындалды. «Жас алаштың» шарапатын көрген Сабаз аға мұнымен де тоқтамады. Кейін Жамбыл қалалық ішкі істер бөлімінің бастығы, облыстық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарды. Қазір демалыста. Алматы қаласында тұрады. Осылайша сақшы Сабаздың тағдыры тартысқа түскен кезде журналистер армиясының бір сарбазы қорған болды. Себебі оның да артында сүйеу болар қамалы бар-ды. Ол – жасындай жарқылдаған «Жас алаш» еді. Журналист пен кейіпкер осы күнге дейін бір-бірімен үзбей хабар алысып тұрады. Табиғатынан тәуекелшіл екенін айттық. Жас күнінен экстремальды журналистикаға бейімделді. Бір қызықты дерек құлағына шалынса, қол қусырып отыра алмайды. Аяқ астынан сапарға шығып кете береді. Бірде «Жас алаштағы» жұмыс бөлмесінде отырғанда телефон шылдырады. Тұтқаны көтерсе, қазақ қызы сонау Финляндиядан үн қатып тұр. Композиторлар одағымен шатастырыпты. Музыкаға әуестігі бар екен. Телефон шалған жері қазақ басылымы екенін естігенде есі кете қуанады. Ленинградта оқып жүргенде фин жігітіне тұрмысқа шығыпты. Хамина деген қалада тұрады. Жағдайы жақсы, мүмкіндігі мол. Тек ел мен жерді әбден сағынған. Сол қыз ақыры біздің кейіпкерімізді Финляндияға қонаққа шақырады. Мұндай сапардан бас тартса, Ғалымжан бола ма?! Хельсинки қайдасың деп тартып отырады. Жоқ, тоқтай тұрыңыз, ол кезде бірден тартып тұру оңай емес еді. Мәскеудегі елшілікке басың байлаулы. Мазаңды май ішкендей қылатын виза мәселесін мың болғыр әлгі Шолпанның өзі реттеп береді. Тіпті бару-қайту жолыңды да өзім төлеймін деген екен, Оңтүстіктің өр мінезді жігіті бұған көнбепті. Қаржы-қаражатын өзі тапты. Оның біраз бөлігін редакция мойнына алды. Машақаты көп екен деп бармай-ақ қоюға болар еді. Бірақ айтылған сөз – атылған оқ! Сөйтіп, бір қараса... Финляндияда жүр. Бір кездегі алматылық ару Шолпан Хэйнонен күйлі тұратын көрінеді. Арнайы келген журналист інісін жік-жапар боп күтеді. «Қонақ үйге жіберсем, қазақтығым қайсы?» деп, кең пәтерінен бір бөлме дайындап қойыпты. Ғалымжанның фин жездесі Сеппо әйелінен өткен ақкөңіл екен. Үй ішінде қос перзенті – Ари мен Линда құлдыраңдап ойнап жүр. Журналист осылайша тағдыр айдап, жатқа кеткен қазақ қызының тұрмысымен танысып қайтты. Тек сол тақырыпты ғана қаузамай, фин елінің тыныс-тіршілігі туралы ауқымды мақала жазды. Журналистің бәрі бірдей осындай тәуекелге бара алар ма еді? Қайдам...

Газет ішіндегі газет

Тебісе де біледі, Келісе де біледі. «Жас алашта» жадырап, «Түркістанда» түледі! (Журналистік фольклордан)   «Жас алаштағы» жиған-тергені кейінгі қызметтерінде де кәдеге асты. Бай тарихы, берік дәстүрі бар басылымда күн сайын жаңа идеялар жаңғырып жататын. Нұртөре Жүсіп бас редактор боп жүргенде 1 сәуір – күлкі күніне арнап материалдар топтамасын әзірлегені есінде. Алғашқы бетке газет тілшісі Берік Бейсенұлының скафандр киген суреті жарияланды. Ғарышқа тұңғыш қазақ журналисі ұшыпты! Түр-тұлғасы, әсіресе көзі мен мұрты Талғат Мұсабаевқа ұқсайтын Берік екі орыс ғарышкердің ортасында жымыңдап отыр. Сенбесіңе қоймайды. Оны айтасың, «Жас алаштың» су жаңа «ғарышкерінің» суретінің қасында оның мақаласы қоса берілген. Бас редактордың өзі жазған «Ғарыштан хат» жаныңды егілтеді. Берік бұл сапарға көп жыл дайындалыпты. Жұртқа жариялауға ертерек болған соң аспанды аңсаған бала ешкімге ештеңе дей алмапты-мыс. Тіпті туған-туыстар да білмей қалған. Енді ғарышта жүр... Ал, керек болса! Бұл жобаны ұсынғандардың бірі осы Ғалымжан еді. Күлкі күнгі мақалалар топта­ма­сына оның өзі де кейіпкер болды. Ғалымжан Мелдешов «Жас алаштың» Америка Құрама Штаттарындағы тілшісі болып тағайындалыпты! Ол Ақ үйдің алдында шіреніп тұр. Ар жағында бейнеленген сол кездегі ел басшысы Билл Клинтон әнтек жымияды. Көзі қарақты адам мұның сәуірдің тәуір сықағы екенін бірден біле қояр еді. Ал ауылдың аңғал жұртын қайтерсің?! Ағайын-туыс бір-бірінен сүйінші сұраған, құрбы-құрдас жақсылап «жуып» жіберген. Қысқасы, нағыз күлкі күні болып шыққан. Бүкіл жұрт жаппай күлген. «Жас алашта» кейін жауапты хат­шы, бас менеджер болды. Басылымның безен­дірілуі мен жарнама тарту ісінің жолға қойылуына айтарлықтай үлес қосты. Шығармашылықтың қасиетті құтханасында он жыл қызмет істеген соң халықаралық «Түркістан» газетіне ауысты. Жауапты хатшы – бас редактордың орынбасары болып бекітілді. Секретариаттың сан түрлі шаруасы тағы да алдынан шықты. Күн сайынғы газет пен апталықтың өзіндік ерекшеліктері бар. Алғашқысында жедел ақпарат көбірек берілсе, кейінгісінде талда­малы дүниелерге мейлінше ден қойылады. «Түркістанға» келген соң сол талдаудың тәсілдеріне бейімделді. Ақпараты аздау, тұздығы көптеу болатын үрдіске дағдыланды. Біздің кейіпкеріміз тілшіден де, басқадан да үйренуге тиіссің деген қағиданы ұстанады. Газет ішіндегі «Қоныс» атты жобаны жүзеге асыруға атсалысты. Көші-қон тақырыбын жетік білетін жүйрік журналист Есенгүл Кәпқызы осы қосымшаның жауапты редакторы болып бекітілді. Бұрынғы басылымда да менеджерлігімен көзге түскен Ғалымжан «Қонысты» жүйелі шығару үшін қаражат табумен айналысты. «Альянс банкпен» мәмілеге келіп, келісім шартқа отырды. Соған орай қаражат бөлініп, сегіз бет газеттің ішінен тағы да сегіз бетті қамтитын қосымша жоба отау тікті. «Түркістанның» «Қонысы» елге келген қандастардың мұң-мұқ­тажын бөлісетін, түйіткілдерін тал­қы­лайтын, немен шұғылданып жүр­генін баяндайтын, алдағы жоспар­ла­рын ортаға салатын рухани орта­лыққа айналды. Олардың күрмеуі көп мәселелеріне ғана емес, шығар­ма­шылығына да көңіл бөлінді. Көркемсөзге таласы бар ағайынның өлең-жырлары, мақала-әңгімелері жарияланып тұрды. Қазір газеттің бірнеше қосымшалары болуы керек. Солардың алғашқысы алыстан жеткен бауырларымыздың жанына жылулық әкелген «Қоныс» еді. Үй-күйге қолы жетіңкіремей жүргендердің ең болмаса, «Түркістанның» бетіндегі «Қонысы» жайлы болсын деген ақжолтай ниеттен туған жоба өзін-өзі ақтады. Газет ішіндегі жарияланған материалдар тиісті мекемелердің құлағына жетіп, көп нәрсеге қозғау салды. «Қонысты» құтты етуге қаламы қарымды Есенгүл екеуі көп еңбек сіңірді. Ғалымжан газеттегі қосым­ша­лар­дың жандануына үлес қосқанын елеулі жаңалық деп санамайды. Бұл – бір кездегі «Жас алаштағы» тәжірибенің жалғасы ғана. Жастар басылымы тоқсаныншы жылдардың басында «Сергектік», «Ырғақ», «Мыңнан бір мезет», «Жібек жолы» деген төрт қосымша шығарып, оқырманның ыстық ықыласына бөленген-ді. Әсіресе, жын-шайтан, дию-пері секілді ғаламның ғажап құбылыстары туралы жазатын «Мыңнан бір мезеттің» оқырманы көбірек еді. Оның редакторы Әділбек Қаба «Ешқашан да ел-жұртты мезі етпеген, Бір газет бар «Мыңнан бір мезет» деген. «Жас алашта» небәрі төрт қосымша, Шығарамыз төртеуміз кезекпенен» деп, өз басылымының бағасын біліп, жылы жымиып отыратын. Сондай-ақ, Ғалымжан басқарған «Жібек жолының» абырой-беделі де ешкімнен кем болған жоқ. Бұл кезде бір-біріне қырын қарайтын қос жүйенің арасындағы шымылдық ысырылып, ой-санасы бұғаудан босаған жұртшылық игілік іздеп, екі жаққа кезек үңіле бастаған-ды. Осы тұрғыдан алғанда, газеттің «Жібек жолы» экономикалық қосымшасы оқырманды нарық заманына бейімдеді. Сауда-саттықтың әліппесін үйретті. Саланың жаңа заңдарына талдау жасады. Соның бәрін апталық газеттегі қызметінде пайдаға асырды. Кейінірек бас редактордың бірінші орынбасары болып тағайындалған Ғалымжан газеттің экономика мәселелерімен айналысты. Басылымның басшысы Шәмші Пәттеевпен бірлесіп, «Түркістанның» туын биіктете түсті. Біздің кейіпкеріміздің «Эйр Қазақстан» авиакомпаниясымен келіссөздерінің арқасында «Түркістан» шет мемлекеттерге қатынайтын ұшақ­тардың бортына қойылды. Сөйтіп, «Түркістан» көкке көтерілді, мұхит асып, алыс жағалауларға жол тартты.

Үнің кетпес құлақтан...

Ақпараттың жеделін, Тыңдамасын неге елім?! Радиосы қазақтың, Биіктетті беделін! (Журналистік фольклордан) Он жыл «Жас алашта», он жыл «Түркістанда» шығармашылық шеберлігін шыңдаған Ғалымжан 2009 жылы Қазақ радиосының директоры болып тағайындалды. Баршаға белгілі мәртебелі мекеме... Талай тұлғаларды танытқан киелі шаңырақ... Сол кездегі Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед оған бірқатар міндет жүктеді. Дәстүр жалғастығын сақтап, танымал тұлғалардың тәжірибесін зерттеуді, алтын қорға қамқор болуды тапсырды. Қазақ радиосына бұрыннан бөтендігі жоқ еді. Университетте оқып жүрген кезінде хабар жүргізуге шақырылған-ды. Мамандар Ғалымжанның даусын ұнатты. Өзінен бір курс жоғары оқитын Гүлшаһар Шериева екеуі жұптасып, жаңалықтар топтамасын оқыды. Бағдарламаның режиссері адуын мінезді еді. Сәл қателессең, былапыт сөзді бұрқыратып шыға келеді. Жұртқа жөнсіз тиіседі. Әйнек қабырғаның ар жағында отырып, аузына не келсе, соны айтады. Бұл бір күні соған тойтарыс берді. Ол да қитығып қалды. Жұмыстың берекесі кетті. Содан «көрмегенім енді радио болсын» деп студиядан шығып жүре берді. Тегінде, олай деп айтпаған жөн көрінеді. Бұйырған нәрседен қашсаң да құтыла алмайсың. Ширек ғасырдан соң осы айтулы ақпарат мекемесінің басшысы болып қайта оралды. Келе сала дикторлық мектепті дамытуға күш салды. Алдағы бағдарламаның хабарын әуелетіп һәм әуендетіп жеткізетін джинглдерді орнықтыруға тырысты. Жұрттың жадында жатталған бірнеше джингл бұрыннан бар еді. Енді соның қатары көбейді. Оны оқитын даусы зор дикторларды іріктеді. Белгілі әншілер – Қыдырәлі мен Қарақатты осы шаруаға жекті. Джингл – радионың қамшысы. Сәтімен табылған джингл эфирді жыңғыл қалаған ошақтай дүрілдете жөнеледі. Бағдарламаның берілу ретін қайта қарастырды. Орналасу тәртібіне өзгеріс енгізілді. Тікелей эфирді жетілдіруге ден қойылды. Себебі радионың аудиториясы өте ауқымды. Оны ел күні-түні тыңдайды. Жол үстінде кетіп бара жатқандар да көлігіндегі радиоға құлақ тігеді. Қазақ радиосы өз тыңдарманын жиырма төрт сағат бойы әлдилейді. Сондықтан тікелей эфирдің ажарын ашатын түрлі шоу-бағдарламаларды көбейткеннің артықтығы жоқ. «Алтын қордағы» үгітілудің алдында тұрған лентаға жазылған мұра цифрлық форматқа көшіріле бастады. Ән-күй мен музыкалық композицияларды іріктейтін көркемдік кеңестің жұмысы қайта қолға алынды. Баяғы студент кезінде өзі ілінісіп қалатын режиссер әлдеқашан қызметтен кетіп қалыпты. Қашанғы жүрсін, енді отыз жылға жуық өтті ғой. Сол оқиға сабақ болды ма, кім білсін, кейіпкеріміз өзін-өзі ұстамдылыққа тәрбиеледі. Қарамағындағы қызметкерлермен сыйласымды қарым-қатынас орнатуға тырысты. Қазақ радиосы елімізде тұра­тын өзге ұлттардың тілінде солар­дың тыныс-тіршілігі туралы хабарлар береді. Сол ұлттар мен ұлыс­тардың тарихы мен дәстүрін қазақ болмысымен сабақтастыра баяндауға ден қойылды. Жеңістің 65 жылдығы қарса­ңында көтерген бір бастамасы – Александр Бектің «Арпалыс» («Волоколамское шоссе») повесін радиосюжетке лайықтап оқытуы еді. Күніге он бес минутқа лайықталған эфирдегі қойылым жұртқа керемет әсер етті. Майталман дикторлар Аманжан Еңсебайұлы пен Виктор Татарский сұрапыл соғыстың суретін елдің көз алдына елестете алды. Екеуі де мәтіннің ішкі табиғатын ұғып, жан-тәнімен беріліп оқиды. Тыңдарманның ықыласын аударды. Хат дегенің ағылып келді. Қазақ радиосы дегенде бір кезде бүкіл елді аялаған құдіретті қоңыр даусымен барша жұртқа танылған Әнуарбек Байжанбаев еске түседі. Ғалымжан сол аты аңызға айналған Әнекеңнің шәкірттеріне құрмет көрсетуді парыз санады. Бұл келгенде радиода белгілі диктор, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сауық Жақанова қызмет істейді екен. Қалың елдің құлағында қалған жағымды дауыстың иесі араларында жүргенде оның тәжірибесін жас буынға неге таратпасқа?! Талантты жас әріптестері де осындай идея ұсынды. Оларды бірден қолдаған Ғалымжан Сауық Жақанованың шеберлік класын ашты. Ол кісі 20-30 адамға аптасына екі рет сабақ өткізеді. Бүкіл өмірін радио мен телевизияға арнап келе жатқан ардақты апайымыздың айтары мол екен. Жиналғандарға тікелей эфирдегі дауысты реттеп отыру, тыныс алу, пауза жасау, екпін түсіру, дыбыс үндестігін ескеру секілді талаптарды қалай орындау керектігін ерінбей-жалықпай үйретті. Ғалымжанның тұсында осындай он сегіз сағат сабақ өткізілді. Бір ғажабы, өз ісіне әбден берілген Сауық апай бүкіл дәрісті тегін жүргізді. Қазақ радиосында ойға алған жоспарлары көп еді. Келешекте шетелдердегі секілді эфирдің бейнелік нұсқасын жасағысы келген. Өткір тақырыптарға арналған бейнеконференцияларды да жобалап еді. Соның бәрі кейінгі әріптестерінің үлесіне тиді. Үш жылдан соң мемлекеттік қызметке ауысты. Білім және ғылым министрінің кеңесшісі болды. Өзінің мамандығына сай, бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыстың барысын қадағалады. Бұдан соң Маңғыстау облысындағы баспалық ақпарат құралдарының басын біріктірген құрылымның бас­шы­лығына қызметке шақырылды. Тарихи терең түбекті өңір оған қатты ұнады. Ғажайып дала, ғаламат мұра, ғибратты жұрт кейіпкерімізді керемет әсерге бөледі. Қолмен кертіп қашағандай бедерлі тау-тасы мен бел-белесі, ежелден жет­кен ескерткіштері Ғалымжанды бұл аймаққа ынтық етті. Сөйлеп кетсе, кез келген зиялыны жолда қал­дыратын ақсақалдармен сағы­нып көрісетін болды. Соларға сүйсініп, қолы қалт еткенде аспан астындағы мұражайды аралады да жүрді. «Маңғыстау медианың» бас­­шысы мұнда да көп іс тын­дыр­ды. Аудандар мен қалалар­да­ғы басылымдардың компьютер орталығын бір жерге шоғырлан­дыр­ды. «Шерқала» деп аталатын көркем безен­дірілген журнал шығарды. Жас буынды шеберлікке баулыды. Талғамы биік журналистерді жұмысқа тартты.

* * *

Кейіпкеріміз қай істе де бұқаралық ақпарат құралдарындағы бай тәжірибесіне сүйенеді. Әсіресе, өзі үш жыл басқарған Қазақ радиосының қоңыр үні үнемі құлағында тұрады да қояды...  

Бауыржан ОМАРҰЛЫ