Божко мырзаның сөзіне сенсек гептилден ешқандай зиян шекпегендейміз
Божко мырзаның сөзіне сенсек гептилден ешқандай зиян шекпегендейміз
2013 жылдың 2 шілдесінде Байқоңырдан ұшырылған «Протон-М» зымыран тасығышы апатқа ұшырап, қазақ даласына құлаған еді.
Содан бері қазақ шенеуніктері Ресейден қоршаған ортаға келтірілген зиян үшін төленетін төлемақыны ала алмай келеді. Ішкі істер вице-министрі Владимир Божко Ресей тарапы сұратқан Қазақстанның қоршаған ортаға келтірілген зиянды дәлелдеу туралы ақпаратты бере алмағандығын айтып отыр. Яғни, Божконың пікірінше, ауада жарылған 600 тонналық аса улы гептил отыны Қазақ даласына ешқандай залал келтірмеген-мыс. Кезінде ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі қызметін атқарған марқұм Нұрлан Қаппаров Ресей тарапынан қазақ даласына келтірілген залал үшін 13 миллиард теңге талап еткен еді. Бірақ, сол талап етілген өтемақыны төлеу я төлемеу туралы әлі күнге дейін жақ ашпаған Ресей тарапы аяқ астынан ештеңе төлемейміз деп тулап шыға келді. Бұған кім кінәлі? Әрине, өз құқығын дұрыс талап ете алмаған, улы гептилдің қазақ даласына қаншалықты залал келтіргенін дәлелдей алмаған біздің шенеуніктер кінәлі. Өзге елдің шендісі халықтың шеккен зиянын қара тиынына дейін есептеп, алақанға салғандағыдай көрсетіп берер еді. Біздің елдің шендісі өзгенің ығына жығылып, ешқандай зиян келтірілмеді деп отыр. Владимир Божконың өз сөзіне сүйенсек:
«Қазақстан тарапы Ресей Федерациясына 2013 жылдың шілдесінде «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Протон М» зымыран тасығышы апатынан келген залалды дәлелдей алмай отыр. Әуел бастан-ақ, біздің тарапымыздан өтемақыны алуға қатты құштар болдық. Бірақ олар «Байқоңыр» ғарыш айлағына енбейтін аумаққа келтірілген залалды дәлелдеп, растауды өтінді. Естеріңізде болса, «Қазғарыш» агенттігі болуы мүмкін залалды тексеру үшін бір зертхананы жұмылдырды. Сосын Жезқазғаннан тәуелсіз зертхана жұмыс істеді. Бірақ, неге екенін қайдам, біз ғарыш айлағынан тыс аумаққа келтірілген залалды дәлелдей алмадық», – деген журналистерге Сенат комитетінің отырысынан кейін Владимир Божко. Сөйтіп Ресеймен арадағы келіссөздер ешқандай өтемақысыз аяқталған.
Божко мырзаның «Бір ерекшелік бар. Зымыран жарылып, жанып кеткеннен кейін, барлық гептил залалсызданады да, қоршаған ортаға, топырақ құнарына ешқандай зиянын тигізбейді» дегеніне қарағанда, Ресейден өтемақы ала алмауымызға қуанып тұрған сыңайы байқалады. Демек, ол қазақтың емес, көрші елдің сойылын соғуға бейіл.
Тіпті, өзгелер емес, Ресей ғалымдарының өзі 600 тонна гептилдің қазақ даласына төгілуін «аса қауіпті химиялық шабуылға» теңеген еді. Қазақстанның лауазымды тұлғалары, қоғамдық белсенділері гептилдің адам ағзасына келтіретін уыты туралы сан мәрте мәселе қозғап, гептил отынымен ұшатын зымыран тасығыштарға тыйым салуға әрекеттенгенімен, одан ештеңе өнбегені белгілі. 2001 жылдан бері Байқоңырдан ұшырылған «Протон М» зымыран тасығыштарының саны – 96. Оның 86-сі сәтті түрде межелеген жерге жеткізілсе, 10-ы түрлі апатқа ұшырап, қоршаған ортаға әртүрлі залал келтіріп отырған. Солардың ішіндегі ең ірі апат – 2013 жылдың шілдесінде орын алған. «Роскосмостың» бұрынғы басшысы Владимир Поповкиннің қазасын да ресейлік сарапшылар улы гептилмен байланыстырады. Ол 2014 жылдың 18 маусымында о дүниеге аттанады. Оған обырмен ауыратындығы жайында 2013 жылы диагноз қойылған. Дәрігерлердің айтуы бойынша, ол «Байқоңыр» ғарыш айлағында апатқа ұшыраған «Протон М» зымыран тасығышынан төгілген гептилмен уланған. Өйткені апат орнына бірінші жеткен адам да марқұм Владимир Поповкин болатын. Осындай күшті улы гептил қоршаған ортаға ешқандай залал келтірмеді деу ақылға сыйымсыз. Мамандар 2014-2015 жылдардағы киіктің жаппай қырылуын улы гептилдің салдары деп есептейді. Тіпті, бұның дәлелін ұсынған мамандар да болды. Алайда оған құлақ асқан ешкім жоқ. «Протон М» зымыран тасығышының құлауынан кейін, Үкіметтің әрекетсіз отыруы көпшіліктің наразылығын тудырып, біраз әңгімеге арқау болғаны белгілі. Осыдан кейін Қазақстан үкіметі мен Ресей Федерациясы екі ел вице-премьерлерінің жетекшілігімен мемлекетаралық комиссия құруды жөн деп шешкен. Ресей тарапынан Александр Лопатин өкілдік еткен комиссия бірнеше рет отырыстарын өткізіп, әрқайсысы өз аргументтерін көлденең тартқаны мәлім. Сонда Александр Лопатин гептилдің қоғамға, соның ішінде адам денсаулығына тигізер еш зияны жоқ деп талай сайраған болатын. Соған қарамастан, сол кездегі Қоршаған ортаны қорғау министрі, марқұм Нұрлан Қаппаров өтемақы құнын 13 миллиард теңгеге (сол кездегі доллар бағамымен бұл 90 миллион долларға тең болатын) бағалаған еді. Ұзақ ойланған Ресей тарапы бәрібір өтемақы төлеуден бас тартып тынды. Ақыры өз дегендеріне көндірді. Бұнымен аяғына дейін күресіп, қазақ мемлекетінің есесін алып береді деген Божконың сөзі мынау. Ендігі қадам қалай болатынын болжаудың өзі қиын. Ресеймен тең дәрежедегі иықтас көрші ретінде сөйлесетін емес, әлі де бүгежектейтін бүгінгідей шенеуніктер тұрғанда, қазақтың талай есесі кететін түрі бар.