Мәжіліске кімдер барады ?

Мәжіліске кімдер барады ?

Мәжіліске кімдер барады ?
ашық дереккөзі
  Қазақстанда тағы да саяси науқан басталды. Бұл жолы да кезектен тыс. Кезектен тыс болғандықтан, бұл жолғы Мәжіліс сайлауы Мәслихат сайлауымен тұспа-тұс келуде. Сарапшылар екі сайлаудың қатар өтуі, онсыз да тұралап тұрған экономикамызға сәл де болса тыныс беріп, үлкен үнем жасауға негіз болатындығын айтады. Өйткені екі сайлау бір мезетте өтеді. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы екі сайлауды қатар өткізуіміз арқылы, 5 миллиардқа жуық теңге үнемдей алатындығымызды айтты. «Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі Мәслихат сайлауына мемлекеттік бюджеттен 7 миллиард 985 миллион 300 мың теңге бөлінеді. Жалпы Мәжіліс депутаттары мен мәслихаттар депутаттарын сайлауды қоса өткізу қазіргі экономикалық жағдайда объективті негізделген шешім деп санаймыз. Бұл сайлау науқандарын өткізуге бөлінген бюджет қаражатын 4,8 миллиард теңгеге үнемдеуге мүмкіндік береді», – дейді Қ.Тұрғанқұлов. Елбасы Мәжіліс депутаттарының тарай қояйық деген үндеуіне құлақ асып, Мәжілісті мерзімінен бұрын таратып, алдағы мерзімінен бұрын болатын сайлаудың уақытын да белгіледі. Сөйтіп, Ұлыстың ұлы күні қарсаңында – Наурыздың 20-сында халық қалаулылары сайланады. Қазір Мәжіліс депутаттығына үміткерлерді ұсыну шаралары басталып та кетті. Елдегі басты партия «Нұр Отан» мен «Ауыл» партиясы өз үміткерлерінің тізімін ұсынып үлгерді. Мәжілісмендердің басым көпшілігі өздері таратқан Мәжіліс депутаттығынан дәмелі. Алдыңғы Мәжілісті таратқанда да, өз миссиясын аяқтаған депутаттардың 43 пайызы Мәжілістің Бесінші шақырылымына қайта оралған. Бұл жолы қанша пайызы алтыншы шақырылымның депутаттық креслосына қайта жайғасатындығын әзірге болжау қиын. Мәжіліс депутаттары тек партиялық тізіммен сайланады. «Нұр Отан» партиясының депутаттыққа ұсынған үміткерлерінің арасынан бесінші шақырылымда депутат болғандардың 33-інің аты-жөнін көзіміз қайта шалды. Яғни, өткен жолғы сайлауда басым дауысқа ие болып, депутаттық мандаттың 80,99 пайызына ие болған «Нұр Отан» өз қатарын 70 пайызға жаңалап отыр. «Нұр отандықтар» – 127 адамның тізімін ұсыныпты. Көбі облыс, аудан әкімдері және лауазымды шенеуніктерден жасақталған. Арасында атын ән айтумен ғана әйгілеген Қайрат Нұртас, Жанар Дұғалова, рингте ешкімге дес бермеген Геннадий Головкин сияқты танымал азаматтар  да бар. Мәжіліске әртістер мен спортсмендердің әуес болуын жұрт аса құптай қойған жоқ. Өйткені бұл заң шығарушы орган. Онда халықтың ертеңі үшін еңбек ететін, елдегі саяси және экономикалық ахуалдан хабары бар, заң саласын  ұршықша иіретін, интелектуалдық тұрғыдан өзін таныта білген адамдар мол болғаны абзал. Алайда жұртты фонограммамен ән айтып алдап жүрген әншілердің халық қалаулысына айналуы, Парламенттің құнын бұрынғыдан да түсіретін сияқты. «Ауыл» демократиялық партиясы «Патриоттармен» тізе қосып, көшбасшысын да өзгертіп, бұрынғы шақырылымда «Нұр Отан» атынан сайланған Әли Бектаев ауылдықтардың тізгінін өз қолына алған екен. «Ауыл» партиясы атынан 19 үміткер ұсынылған. Олар «нұротандықтар» секілді әнші мен спортшыға иек артып отырған жоқ, ауыл шаруашылығын бес саусағындай білетін ғалымдар мен саясаткерлерді, бизнесмендерді  ұсыныпты. Алматыда Жалпыұлттық социал демократиялық партия да кезектен тыс съезін шақырып, өз үміткерлерінің тізімін көпшілікке жария етіп үлгерді. Олар ұсынған үміткерлердің тізімі – 27. Жармахан Тұяқбай төрағалық еткен бұл топтың негізгі арқауы – оппозициялық саясаткерлер. Орталық Сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұловтың мәліметіне сүйенсек, қазір Қазақстанда ресми түрде 7 партия тіркелген. Олар: «Нұр Отан», «Ауыл» халықтық демократиялық партиясы, «Бірлік» саяси партиясы, «Ақжол» демократиялық партиясы, «Қазақстан коммунистік халық партиясы», «Азат» демократиялық партиясы және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП). Партиялар атынан үміткерлерді тіркеу 19 ақпанға дейін жүргізіледі. Депутаттарды ұсыну мерзімі 8 ақпанда аяқталады. Сарапшылардың болжауына сүйенсек, Мәжілістің қазіргі құрамының кем дегенде 40 пайызы сақталуы мүмкін. Мәжілістегі саяси партиялар да бүгінгідей ретпен сақталады деген болжамдар бар. Жалпы, депутаттың міндеті не? Жылы жұмсақ креслоға жайғасып, депутаттық мандаттың қызығын көру ғана ма? Жоқ, елде құқықтық мемлекет орнатуға атсалысу ма? Егер, оның міндетіне соңғысы сай келетін болса, төрт жыл бойы жұмған аузын ашпаған “халық қалаулысының” келесі жолғы сайлауға да қатысып, жылы орынға қайта жайғасуды армандауы дамыған демократиялы елдің азаматтарына тән емес. Алайда 31 арнадағы “Информ бюро” бағдарламасы көрсеткеніндей, төрт жыл бойы ешқандай саяси-әлеуметтік, қоғамдық проблема жанын ауыртпаған, Үкіметке бірде бір сауал жолдамаған, түрін қарапайым халық былай тұрсын, журналистер де тани бермейтін (журналист Гүлбану Әниятқызының сөзі) депутаттар да жұмсақ креслодан дәмелі екендіктерін танытты. Бұл Мәжілістің бітіргені мен қабылдаған заңдары жайында бұған дейін де тілге тиек еткен едік. Ал ендігі депутаттар кім болуы керек? Әрине, Мәжіліс, Парламенттің пәрменділігі бұның алдындағы Мәжілістермен салыстырғанда, соңғы жылдары күрт төмендеді. Атқарушы Үкіметтің дайындап келген заң жобаларына бас шұлғып, қол көтеруден арыға бара да қоймады. Мәжілісмендер өз айлықтарын азайту туралы ұсынысқа өре түрегеліп қарсы тұрғанымен, мектеп бүлдіршіндеріне арналған тегін тамақты алып тастауға жүз пайыз мақұлдап, қол көтерді. Мәжілісмендердің ең ұзақ талқылаған заң жобасы – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң. Оралмандардың құқықтық мәселесін реттеуге келгенде көп айтысып, тартысқан Мәжіліс депутаттары әйтеуір тарамай тұрып, олардың азаматтық алу мәселесін біржақты етіп кетті. Сонымен, алдағы Мәжілістен кімді көргіміз келеді? Мәжілістің негізгі мақсаты халықтың сөзін сөйлеу, елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтау екенін ескерсек, биік шенділердің өзі Мәжіліске келіп, есеп беруге қақылы екенін бағамдасақ, Мәжілістің қолында әжептәуір билік тұрғанын көреміз. Кейде атқарушы билік пен Парламенттің қайсысының пәрменді екенін біле алмай дал болатынымыз бар. Кейде Мәжіліс төрінде ырғасып қалатын депутаттар мен шенділердің де айтысына куә болып жүрміз. Ендеше осы бір мәртебелі орынды түк бітірмей-ақ табандап иемденіп алған депутаттар да жеткілікті. Халық үшін суға түсіп, отқа күймесе де, алғашқы шақырылмынан бері тұрақты депутат болып келе жатқандар да баршылық. Кейбір лауазымды тұлғалар зейнет жасына жетсе де, жұмсақ креслоны депутаттық мандатпен алмастыруды армандаған біразы Мәжіліс депутаттығынан үміткер екендігін танытып үлгерді. Қазақ өнерін мазаққа айналдырған МС Сайлаубекті сайлайық деп дүрліккендер де болды. Қазақтың қоғамдық пікірінің көрігін қыздыратын көк жәшікті жайлап алып, халықты сансыз санасыз әнімен, дөрекі қалжыңымен улағандар, интелектуалдық деңгейі төмен бұл мәртебелі орыннан дәметуі сайлаудың қадірін одан әрі кетіре түспесіне кім кепіл. Ең бастысы, халықтың қамын ойлар, елдің ертеңі үшін жарғақ құлағы жастыққа тимейтін, әлеуметтің мұңын түсіне алатын, заң саласынан хабары бар жанның халықтың қалаулысы болуға әбден қақысы бар. Партиялар өздерінің партиялық тізімін жасағанда да, сайлау алды бағдарламасын дайындағанда да, осы бір үрдістен жаңылмаса екен. Парламенттің төрін кім көрінгеннің сайқымазағына айналдырмау бүгінгі партияларға да, сайлаушыға да сын.

КЕЗЕКТЕН ТЫС САЙЛАУЛАР

Мәжілісмендердің Елбасына өздерін өздері тарату жайлы өтініш білдіруі – Қазақстан қоғамы үшін жаңалық бола қойған жоқ. 2015 жылдың қоңыр күзінде басталған бұл әңгімеге енді нүкте қойылып отыр. Мәжілістің бесінші шақырылымының мезгілінен бұрын таралатынын 2014 жылы  саясаттанушылардың біразы болжаған екен. Жалпы Тәуелсіз Қазақстан тарихында уақытында, мерзімінде өткен сайлаулар кемде кем. 1993 жылдың күзінде Халық депутаттарының кеңесі өздерін өздері тарататындықтарын мәлімдеген. Сол жылдың желтоқсанында Жоғары Кеңес аталған парламент таратылды. 1994 жылдың 20 сәуірінде Жоғары Кеңестің  ХІІІ шақырылымына сайлау болды. Алайда бұл парламент бір жылға жетер жетпес жұмыс істеді де, Татьяна Квятковскаяның сайлау барысында кеткен құқық бұзушылықтар туралы шағымынан кейін заңсыз деп танылып, тағы да таратылды. 1995 жылдың желтоқсанына дейін Қазақстанда Парламент болмады. Осы кезеңде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Оның негізгі қызметі Қазақстан Республикасының Президентінің өкілеттігін 2000 жылға дейін ұзарту және Қазақстан Республикасының Конституциясын қабылдау туралы референдумдарды өткізу туралы бастама көтеру болды. Жаңа Конституция бойынша Парламентті тарату құқығы тек Президентке жолданды. Осы Конституция бойынша екі палаталы Парламент жасақтау туралы Қаулы қабылданып, 1995 жылдың желтоқсан айында Парламенттің алғашқы шақырылымының сайлауы болады. Алғашқы екі шақырылым өз мерзімінде тарап, кезекті сайлаулар өткізілді. 2005 жылы сайланған үшінші шақырылым Президенттің Жарлығы бойынша 2007 жылы өз жұмысын тоқтатты. 2007 жылы жасақталған Парламент тек бір партиядан, “Нұр Отан” партиясынан жасақталды. Сол жылы саяси реформалар жасалып, сайлау бұрынғыдай мажоритарлық мандатпен емес, партиялық жүйемен өткізілетін болды. 2012 жылы өздерін тағы да таратуды сұраған мәжілісмендер бұл жолы бір партиялы Парламенттен шаршағандарын айтып, өзге партия өкілдеріне де мүмкіндік беру қажеттілігін көлденең тартты. Ал бұл жолы…. P.S. Мәжіліс құрамында барлығы 107 депутат бар. Мәжілістің тоқсан сегіз депутаты саяси партиялардан партиялық тізімдер бойынша жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланады. Мәжілістің тоғыз депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды. Мәжіліс депутаттарының кезекті сайлауы Парламенттің жұмыс істеп тұрған сайланымы өкілеттігінің мерзімі аяқталардан кемінде екі ай бұрын өткізіледі. Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімі – бес жыл. Бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жаңа құрамы 2012 жылғы қаңтарда қалыптастырылды. Парламент Мәжілісінің сайлауына жеті саяси партия қатысты, олардың үшеуі қорытынды нәтижелер бойынша сайлаушылар даусының 7%-дан астамын жинады және Парламент Мәжілісіне: «Нұр Отан» партиясы (80,99%), Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясы (7,47%), Қазақстанның Коммунистік халық партиясы (7,19%) өтті. Парламент Мәжілісінде «Нұр Отан» партиясынан 83 депутат, «Ақ жол» партиясынан – 8 депутат, ҚКХП-нан – 7 депутат жұмыс істеп келді. Қазақстан халқы Ассамблеясынан – 9 депутат сайланды.