Жаңалықтар

Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған республикалық ақындар айтысы өтті

ашық дереккөзі

Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған республикалық ақындар айтысы өтті

Елордада қазақтың ұлы ақыны, кемеңгер Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған «Адамзаттың алыбы – хакім Абай» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Nur Otan» партиясының  қолдауымен және ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өткен жыр аламаны биыл өтетін айтыстардың беташары болды. Айтысты белгілі ақын, айтыс жанашыры Жүрсін Ерман ашып, жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде бүгінде ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, ұлы тұлғаларымызды ұлықтап, тарихи өткенімізді айшықтап отыруымыз – ел Тәуелсіздігінің арқасы, аға буынның қажырлы еңбегінің жемісі екенін ерекше атап өтті. Еске сала кетейік, былтыр «Nur Otan» партиясының қолдауымен еліміздің өңірлерінде онға жуық республикалық ақындар айтысы өтті. Атап айтқанда, Атырауда Ф.Оңғарсынованың 80 жылдығына, Қарағандыда С.Сейфуллиннің 125 жылдығына, Қостанайда Б.Майлиннің 125 жылдығына орай және Алматы қаласында «Отан отбасынан басталады» атты республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылып, жыр аламаны Батыс Қазақстан облысында «Алтын домбыра» айтысымен қорытындыланды. Енді міне, сол үрдіс биыл да жалғасын тауып отыр. Хакім Абайдың 175 жылдығына орай республикалық, облыстық және аудандық деңгейдегі 20-ға жуық ақындар айтысы өтеді деп жоспарлануда. Одан бөлек, Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына және Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған ақындар айтыстары ұйымдастырылады.