Ақпараттық соғыс осындай болады
Ақпараттық соғыс осындай болады
Кеңес Одағы мен АҚШ арасындағы ақпараттық соғыс кезінде қарсыластар бір-біріне идеологиялық соққы беру үшін ештеңеден тайынбағаны белгілі. Шындығында, ақпараттық соғыс Кеңестік жүйе күйрегеннен кейін де толастаған емес. Бар болғаны оның нысанасы, бағыты, мазмұны өзгерді және бұрынғыдай екі ғана емес, көпполярлы сипатқа ие болды.
Украина мәселесіне қатысты, әсіресе Қырымның Ресейге өтуіне байланысты бір-біріне қарама-қайшы идеологиялық теке-тірес жүріп жатыр. Бұл орайда, Батыстың пікірі бір бөлек, ал Ресейдің уәжі мүлде басқа, Украинаның өз айтары бар. Күн сайын, сағат сайын жоғары мінберлерден айтылып, ақпарат құралдары арқылы таратылып, ғаламторда талқыланып жатқан қым-қуыт ақпараттық соғыстың мазмұны ақыры компьютерлік бағдарламаның өзін шатастырды.
Адам түгілі техниканың өзін жаңылдырған кілтипан Ресейдің «имиджіне» байланысты. Басынан бастап айтсақ, ақпараттық алпауыт Google компаниясының Google Translate компьютерлік бағдарламасы әлемнің 90 тіліне жолма-жол аударма жасайды. Онлайн жүйесіндегі тегін бағдарламаның қызметін пайдаланбайтын ғаламтор тұтынушысы кемде-кем шығар. Айпақшы, 2014 жылдан бастап Google Translate жүйесіне қазақ тілі де енгізілген болатын. Аударманың сапасы көп жағдайда сын көтермейтіні рас, бірақ креоль немесе хауса тілінде әлдебір сөздің не мәтіннің мағынасын түсіну қажет болса, бұл – таптырмас көмекші құрал.
Осы Google Translate жақында саяси қателік жіберіп, халықаралық жанжал тудыра жаздады. Осы бағдарламаның украиндық нұсқасында Ресейге қатысты сөздер мен ұғымдар мүлде «жаңа», өзгеше мазмұнда аударыла бастаған. Мысалы, «Ресей Федерациясы» деген сөз тіркесі украин тілінен орыс тіліне «Мордор» деп тәржімаланса, ал «росіяни» деген сөз «оккупанттар» деген мағынада аударылған. «Мордор» – жазушы Джон Толкиеннің «The Lord of the Rings» («Сақиналар әміршісі») кітабында сипатталған, Голливуд кассалық фильм-триптих түсірген көркем шығармадағы зұлымдық ордасы. Бұл аз болғандай, бағдарлама Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың аты-жөнін украин тілінен «мұңаюлы кішкентай ат» деп «аударған». Мұның бәрі Google Translate жүйесінде автоматты түрде жүзеге асқандықтан, адамның қолымен әдейі жасалды деуге еш қисын жоқ.
Бұл оқыс жағдайды байқаған британдық баспасөз осы тақырыпқа орай бірнеше мақала жариялады. Тәржіманы талдаған «The Guardian» газеті «Кремльдің қолдауына сүйенген әскер 2014 жылы Украиннаның құрамындағы Қырымды аннексиялап алды, Ресей әскері Украина жеріне басып кірді» деп ескертеді. http://www.theguardian.com/technology/2016/jan/07/google-translates-russia-mordor-foreign-minister-ukrainian
Ал «The Telegraph» газеті орыс тілі мен украин тілінің өзара жақын екенін жаза келіп, бағдарламалық қатенің қалай пайда болғанына таңданыс білдірген. http://www.telegraph.co.uk/news/worldnews/europe/russia/12084264/Google-apologises-after-labelling-Russia-Mordor.html
Ал Google компаниясы көп ұзамай бұл жағдайды «техникалық қателік» деп түсіндіріп, кешірім сұрады. Компания өкілдерінің айтуынша, автоматтандырылған аудармалық бағдарлама өздігінен жұмыс істейді, яғни оған адамның араласуы мүмкін емес. Компьютерлік бағдарлама бір тілден екінші тілге аударылған (адамдардың қолынан шыққан) жүз мыңдаған аударма мәтіндерді қарап, бір-бірімен салыстырып, олардың ішінен ең жақсысын таңдап алады. Оған қоса, компьютерлік бағдарлама әр тілде жиі қолданатын сөз тіркестері мен ұғым-түсініктерді ескеріп, белгілі бір «заңдылықтарды» байқай алады. Басқаша айтқанда, «Ресей – Мордор (зұлымдық ордасы)» және «орыстар – оккупанттар» деген сөз тіркестерін компьютерлік бағдарлама тіл заңдылығы деп қабылдау үшін бұл ұғымдардың неше мың мәрте айтылып, қанша мегабайт мәтінде қайталануы керек екендігін елестете беріңіз.
Ақпараттық теке-тірес – компьютердің өзін «естен тандырды».
Гүлбиғаш ОМАР
Ұлыбритания