Ішкі миграция: Халқы көп оңтүстіктің қазағы солтүстікке бет түзесе

Ішкі миграция: Халқы көп оңтүстіктің қазағы солтүстікке бет түзесе

Ішкі миграция: Халқы көп оңтүстіктің қазағы солтүстікке бет түзесе
ашық дереккөзі
Ұлан байтақ елімізде түйіні шешілмей келе жатқан мәселенің бірі – қоныстану мәселесі. Қазақстанның оңтүстік облыстарында халық тығыз орналасқан және оның басым көпшілігі өз қандастарымыз болса, солтүстік жақта халық сиректеу қоныстанған әрі қазағы аз. Соңғы жылдары осы қиын түйінді шешу мақсатында мемлекет тарапынан пәрменді әрекеттер жасалып, түрлі бағдарламалар аясында әртүрлі деңгейде жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, солтүстіктегі Жоғарғы оқу орындарында қазақ тілінде білім беру ісінде жеңілдіктер жасалып, қандастарымызды солай қарай көптеп тарту ісі қолға алынған. Бірақ тек студент жастар арқылы аймақтың демографиялық ахуалын көтеру оңай еместігі белгілі. Сондықтан биыл Солтүстік Қазақстан облысының халқын көбейту үшін Үкімет тарапынан жергілікті билікке тапсырма берілген көрінеді. Яғни, 2016 жылы Солтүстік Қазақстан облысына 250 отбасын көшіріп әкелу көзделген. Бұл туралы облыс әкімі Ерік Сұлтанов мырза мәлімдеді. «Үкіметтің тапсырмасы бойынша биыл облысымыз 250 отбасын қабылдауы керек. Оның жартысы сырттан келетін қандастарымыз болса, жартысы – еңбек күші көп, халық тығыз орналасқан облыстардан көшіп келетіндер. Бұл орайда ішкі миграция тек Оңтүстік Қазақстан облысынан ғана емес, Маңғыстау және Алматы облыстарынан да болады. Сондықтан бұл шаруа нәтижелі бітеді деп ойлаймыз. Егер көшіп келуші отбасылар санын 300-ге дейін жеткізе алсақ онда аймақ халқына ең кемі мың адам қосылар еді. Сондықтан біз Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне солтүстікке еңбек күші көп оңтүстік облыстардан келуші отбасыларға арналған квотаны ең кемі 300-ге жеткізуді сұрап отырмыз. Негізінде біз 450-500 отбасын көшіріп әкелуді қолдаймыз. Оған қажетті инфрақұрылымдар мен жұмыс көзін дайындап та қойдық», – деді бұл мәселе бойынша Солтүстік Қазақстан облысының әкімі журналистерге берген жауабында. Бұл, әрине еліміз үшін қуанышты жаңалық дер едік. Халқы көп оңтүстіктің қазағы солтүстікке бет түзесе, егіншілікке, мал өсіруге жағдайы бар өлкенің ажары ашылып, экономикасы мен демографиясына серпін берері күмәнсіз.

А.ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ