Жат жұрттағы «жақсы» жалақы жайлы өмір сүруге жете ме?

Интернетте жұмыс күшін қажет ететін елдердің жарнамасы жер жарып тұр. «Германияда жоғары білімді мамандарға жалақыны жақсы төлейді екен», «Кореяда дипломсыз-ақ зауыттарда жұмыс істеп, айына 700-800 мың теңге табуға болады екен», «Америкада күреп ақша табуға болады екен» дегенді жиі естіп жүрміз. Бірақ шетелде жалақы  қаншалықты жоғары төленсе де, өмір сүрудің де соншалықты қымбат тұратынын ескере бермейміз.

Елімізден Корей еліне қара жұмыс­қа аттанып жатқан отандастарымыз көп. Заң бойынша Қазақстан азамат­та­ры Оңтүстік Кореяда бір ай көле­мін­де визасыз жүре алады. Көпшілігі осы мүмкіндікті пайдаланып жұмыс істеуге қа­лып, заңсыз мигранттар санын кө­бей­тіп отыр. Былтырғы жылдың есебі бойынша бұл елде 19 мың қазақ­стан­дық ресми тіркеліп жұмыс істеп, оқу оқып, саяхаттаған. Ал заңсыз барған отан­дастарымыздың саны 12 мыңға жуық­тапты. Жоғары жалақы үшін отандастарымыз тіпті заң бұзу­шы­лық­қа барудан қымсынбайды екен. Өзге ел­ден нан тауып, елімізге ақшалы боп ора­лып, тұрмысын түзеп алған отан­дас­тарымыз да баршылық. Бірақ ақшаның оңай жолмен келмесі анық.

Сананы тұрмыс билесе…

Адам баласына өмір бір рет беріледі де­сек, кей жандар қолдағы барына разы болып, «өзге елде сұлтан бол­ған­ша, өз елінде ұлтан болуды» ойлайды. Ал енді бірі тәуекелге бел буып, тіпті өзі көрмеген, білмеген елге қоныс ау­да­рып жатады. Өйткені саналы адам­ның барлығы жақсы өмір сүру, жайлы тұр­мыс кешуді армандайды. Бір қы­зығы, қолында дипломы бар маман­дары­мыздың өзі шетелде қара жұмыс істеп ақша табуға ынталы. Неге?

Өзінде жоқ жағдайды өзге елден із­деген отандастарымыздың саны аз емес. Жыл сайын 40 мыңға жуық қа­зақ­стандық шетел асады екен. Әлеу­меттанушылар қазақстан­дық­тар­дың шетелге кетуінің бірнеше себебін атап көр­сетеді. Ең әуелі, отандастарымыз кө­бінесе тұрғын үй алу үшін, өзінің әлеу­меттік жағдайын жақсартып, ба­лаларының молшылықта өмір сүруі үшін шетелге кетеді екен. Екіншіден, шет тілін меңгеріп ары қарай оқып бі­лім алу мақсатында кетеді. Үшін­ші­ден, негізінен, елімізде өзін көрсетіп, та­ныта алмағандықтан шетелге кеткісі ке­леді екен. Ал кейбірі шетелге жұмыс іс­теп, еліміздегі отбасын асырау үшін барады.

Қазақстанның Сыртқы істер ми­нистрлігі біздің отандастарымыз көп ретте шетелде дипломатиялық пункт­терге консулдық есепке тұрмай­тын­ды­ғын және шетелде қандай жұмыспен айналысып жатқанын хабарламай­ты­нын алға тартады. Әдетте қазақ­стан­дықтарда мұндай жағдай жұмыс беру­ші­мен немесе құқық қорғау орган­дары­мен қиындықтарға байланысты болады екен.

Әлеуметтік желілер мен веб-ре­сурстарда Шығыс және Орталық Еу­ропа, Балтық жағалауы елдеріне жұ­мыс­қа шақыру туралы жарнамаға то­лы. Әдетте жеміс-жидек, көкөніс пен гүл жинаушы, фабрикалар мен зауыт­тар­дағы тауарларды сорттаушылардан бас­тап, үйренуге көп уақыт пен ресурс­ты қажет ететін дәнекерлеуші, тас қа­лаушы, темір ұстасы, металл жонушы сын­ды біліктілігі бар мамандар да сұра­­­нысқа ие болып отыр.

Біз білмейтін кедергі

Бүгінде нарықта қазақстандық­тар­ды шетелге жұмысқа орналастыру бойын­ша көптеген компаниялар өз қыз­метін ұсынып отыр. Сол компа­ния­лардың бәрі бірдей сізді қалаған еліңізге шығарып, жұмыс тауып бер­мейді. «Шетелден жақсы жұмыс тауып беремін» деп сіз берген қомақты қар­жыны қалтасына басып, ұстатпай кететін алаяқтар көп. Тіпті, сіздің берген ақшаңызға шетелден жайлы жұмыс тауып берсе де, сіз ол жақта заңсыз жұмыс істейсіз. Яғни еңбек қыз­метін жүзеге асыруға арналған ви­заңыз болмағандықтан сіз ыдыс жуушы, үй жинаушы сынды қара жұ­мыс істеуге мәжбүр боласыз.

Шетелден жұмыс тауып беретін ком­панияларға күніне 20-30 отан­да­сымыз көмек сұрап бас сұғады екен. Бірақ сол келген адамның тең жарты­сынан астамы алда өздерін не күтіп тұрғанынан бейхабар көрінеді. Еңбек қызметін жүзеге асыруға арналған визаны алу үшін және көшу үшін не қа­жет екенін, оларды алда қандай ке­дергілер күтіп тұруы мүмкін екенін айтып түсіндіре бастағанда барып райы­нан қайтатындар бар екен. Ма­ман­дар адамдардың бұлай шетелге қарай ағылып, жайлы жұмыс іздеуінің бір себебі – сол елдер туралы интернет­тен көретін «жұмақ өмір» жайлы көріністер дейді.

Сонымен шетелде жұмыс істеймін деген отандастарымызды алда қандай біз білмейтін кедергілер күтуі мүмкін? Қа­­зақ «бірінші байлық – денсаулық» деп бекер айтпаса керек. Адам темір емес, тірі ағза болған соң ауырмай тұр­майды. Оның үстіне шетелдің климаты сізге бірден жаға қоюы екіталай. Біздің елдегідей ауырсаңыз дәрігерге көріне салып, жазып берген дәрісін оңай ала салмайсыз. Ауырсаңыз, кәсіби білікті­лігі жоғары маманның көмегіне жүгіну үшін ең әуелі медициналық сақтандыру қажет. Сіз медициналық сақтандыру­сыз барсаңыз да медициналық қызмет­ті пайдалана аласыз, оған құқыңыз бар. Бірақ қызмет ақысын өз қал­таңыз­дан төлейсіз. Еуропа мен Америка елдерін­де сақ­тандырусыз бір дәрігерге қаралу­дың өзі­не қомақты қаражат жұмсауға тура келеді.

Екіншіден, сіз тұрғылықты жеріңіз­ге жалақыңыздың едәуір бөлігін жұмсайсыз. Мысалы Оңтүстік Кореяға барған жұмысшыларға жұмыс беруші жатақханадан орын ұсынады екен. Бірақ жатақхананың жайы белгілі, ол жерде тұрмаймын десеңіз, қалтаңыздан ақша шығарып пәтер жалдауыңызға тура келеді. Ал бір бөлмелі пәтер құны 120-150 мыңның шамасында. Бірнеше адам болып бір пәтерді жалдауға да болады, бірақ үй иесі сізден кепілге 500 доллар қоюды талап етеді. Егер үй ішіндегі жиһаз бен техникаға қандай да бір залал келсе, әлгі кепілге қойған ақшаңыздан төлейсіз.

Бір қызығы, елден жырақта жұмыс істеуге бел байлаған отандастары­мыз­дың арасында заңсыз түрде болмашы жалақыға жұмыс істеуге кететіндер де бар екен. Заңсыз мигрант болып, жасы­рынып-жасқанып аз ақшаға жұмыс істегеннен өз еліңде тең құқықты өмір сүргенге ештеңе жетпейді.

 

P.S. Шетелдіктер өзгермелі қоғамға барынша бейімделген. Мысалы, Америкада адамдар жасы егде тартса да, үнемі ізденіс үстінде болады. Бәсекеге қабілетті болу үшін халықаралық сертификаттар алуға тырысады. Жер ортасына келгенде екінші мамандық алып жататындар көп. Осылайша бір-бірімен байланысты бірнеше мамандықты игеру арқылы сұранысқа ие маманға айналады. Нарыққа қажеті жоқ беделді мамандықты таңдағаннан, сұранысқа ие маман болған әлдеқайда тиімді болмақ.

Back to top button