Жаңалықтар

ЕҰУ-да онлайн дауыс беру жүйесімен алғашқы PhD докторы дипломы берілді

ашық дереккөзі

ЕҰУ-да онлайн дауыс беру жүйесімен алғашқы PhD докторы дипломы берілді

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 20-дан астам ғылыми бағыт бойынша PhD философия докторы ғылыми дәрежесін қорғау үшін диссертациялық кеңестер жаңа талаптарға сәйкес жұмыс істеуде. Білім ордасы ғылыми зерттеу еңбектердің жоғары деңгейде жазылуы мен қорғалуына жоғары талаптар қоюмен қатар диссертациялық кеңес жұмысын жетілдіруге де баса назар аударып отыр. Қазіргі таңда диссертациялық кеңесте онлайн дауыс беру жүйесі енгізіліп, PhD философия докторларына еуропалық үлгідегі диплом табысталуда. Онлайн дауыс беру жүйесі алғаш рет «8D032-Журналистика және ақпарат» кадрларды даярлау бағытындағы «6D050400-Журналистика» мамандығы бойынша диссертациялық кеңесте қолданылды. Докторант Алма Сайлауқызы «Қазақ қоғамын демократияландыру мен ұлт бірлігін нығайтудағы Алаш көсемсөзінің рөлі» тақырыбындағы диссертациясын сәтті қорғап, алғаш рет онлайн дауыс беру арқылы PhD философия докторы ғылыми дәрежесіне лайық деп танылды. Диссертациялық кеңес мәжілісіне докторанттың шетелдік ғылыми кеңесшісі, Франциядағы Еуропалық қоғаммен байланыс институтының профессоры Т.Ю.Лебедева, кеңес мүшесі Санкт-Петербург мемлекеттік университеті журналистика және бұқаралық коммуникация жоғары мектебінің бизнестегі қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор Д.П.Гавра ғылыми зерттеу жұмысына жоғары бағасын берді. Шетелдік әріптестер Skype арқылы қосылып, Алаштану ғылымына қосылған жаңа зерттеудің өзектілігін ерекше атап өтті. Профессор Т.Ю.Лебедева ұлттық бренд ретінде ұсынылған Алаш қайраткерлерінің ұстанымы мемлекет дамуындағы маңызы зор құндылық екенін атап өтті. Сондай-ақ Париж баспасынан аталған еңбекті жарыққа шығаруға ұсыныс білдірді. Профессор Д.П.Гавра ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы Алаш қайраткерлерінің еңбектерін қазіргі саяси, идеологиялық, мәдени контексте талдаған докторант А.Сайлауқызының зерттеу әдістерін ұтымды пайдалануын ерекше атады. Диссертациялық кеңестің басқа да мүшелері мен ресми рецензенттері докторант жұмысына жан-жақты пікір білдірді. Журналистика және ақпарат кадрлар даярлау бағыты бойынша алғашқы PhD философия докторы дипломын ЕҰУ-дің ғылыми-зерттеу жұмыстары жөніндегі проректоры, т.ғ.д.  Гүлнәр Тынышбайқызы Мерзадинова, ғылыми кадрлар мен постдокторантураны аттестаттау бөлімнің бастығы, ф.ғ.к. Майнұр Әбілтайқызы Бөрібаева докторант А.Сайлауқызына арнайы табыстады. Салтанатты шараға диссертациялық кеңес төрағасы, журналистика және саясаттану факультетінің деканы, профессор Қайрат Өмірбайұлы Сақ, диссертациялық кеңес мүшелері және оқытушы-профессорлар құрамы мен докторанттар қатысты. Ғылыми-зерттеу жұмыстары жөніндегі проректор Г.Т.Мерзадинова PhD докторы дәрежесін алған А.Сайлауқызын университет басшылығы тарапынан құттықтап, бүгінгі күндегі білім мен ғылымның маңызының зор екендігіне тоқталды. Сондай-ақ зерттеу жұмысы бойынша докторанттың Scopus мәліметтер базасына кіретін журналдарда 3 мақала жариялауын үлкен жетістік ретінде бағалады. Бір айта кетерлігі, журналистика саласындағы болашақ ғылым докторларының жұмысын сараптайтын диссертациялық кеңес өз жұмысын бастағалы көп болған жоқ. ЕҰУ ректорының 2019 жылғы 19 қарашадағы №1883-п бұйрығымен өз жұмысын бастаған бұл кеңес осы мамандықта білім алған докторанттарымызға жол ашып, үлкен мүмкіндік туғызып отыр. Диссертациялық кеңес мүшелерінің  барлығы дерлік халықаралық Web of Science или Scopus мәліметтер базасына кіретін журналдарда соңғы 5 жылда бірнеше мақалалары жарық көрген, Хирша индексі бар ғалымдар. Мұндай жоғары талапқа сай келетін сала мамандарынан жасақталған диссертациялық кеңестер республикамыз бойынша некен-саяқ. ЕҰУ бұл жолда да жоғары сапаны көздеген көшбасшы екенін дәлелдеді.