Жаңалықтар

Елімізде алимент төлемегендердің қарызы 5,7 млрд теңгеден асты

ашық дереккөзі

Елімізде алимент төлемегендердің қарызы 5,7 млрд теңгеден асты

Бір үйдің түтінін түзу ұшыра алмағандар, жалғызбасты аналар, баласын жалғыз тәрбиелеп отырған әкелер, ананың алақанын, әкенің мейірімін сезіне алмаған бейкүнә сәбилер... Отбасының құндылығын, шаңырақтың шаттығын жоғары бағалайтын қазақ үшін бүгінде бұл түсініктердің бәрі де үйреншікті болып кеткендей. Шаңырақ көтеріп, кейін ошақ оты сөнгенде баласын құшағына қысып қалатын аналардың көптігіне бойымыз әлдеқашан үйреніп-ақ кеткен. Ал соңғы уақытта мұндай аналарды жалғызбасты әкелер де өкшелеп келеді. Ең сорақысы, отбасын тастап кеткен ата-аналар арасында баласына алимент төлеуден қашатындар көп.

Алиментті кім төлейді?

Асығыс шешім қабылдап, мақ­сат­сыз үйленіп, үй бола алма­ған­дар­дың зардабын ортадағы бала тар­татыны айтпаса да түсінікті. Ал екіге айырылған ерлі-зайыптылардың ба­ланы асырап-бағуы да оңай болмайды. Елі­мізде отбасын тастап кеткен әкелер не­месе аналар ай сайын баласына али­мент төлеуге міндетті. Бірақ біздің елде алимент төлеуден жалтаратындар көп. Жыл сайын Қазақстанда алимент тө­лейтіндер қатары артып келеді. Бү­гінде еліміз бойынша 202 262 алимент төлеу­ші бар. Оның ішінде, 13 мыңдайы али­мент төлеуден қашып, тіпті мекен­жайын өзгертіп, жұмысын ауыстырып жүр. Өткен жылдың соңындағы дерек­тер­ге сүйенсек, Қазақстанда алимент төлеуден жалтарғандардың саны 2 мың­ға жуық, ал олардың қарызы 5,7 млрд теңгеден асқан. Одан бөлек, елі­міз­де жыл сайын борышкерден али­мент өндіріп алу жөніндегі 200 мыңға жуық іс сот орындаушыларының өн­дірісіне беріледі екен. Ал 2018 жылы елде алимент төлеуден жалтарғаны үшін ресми іздеу салынған 1 864 аза­маттың тек 9 пайызы ғана анықталған. Бұл Қазақстанда алимент төлеуден қаш­­қан борышкерлермен жүргізілетін жұ­­мыстың нәтижесіздігін көрсетсе керек. Осының бәрін ескерген Әділет ми­нистрлігі жаңаша жол ұсы­нып көрді. Яғни, елімізде алимент өн­діріп алудың басқаша жолы қарас­тырылмақ. Егер Әділет министрі Марат Бекетаев ұсынған жүйе қолдау тапса, елімізде алимент төлеуден жалтарған борышкердің қарызды өтеу міндеті оның ата-анасына жүктеледі. Әділет ми­нистрінің айтуынша, министрлікке аза­маттардан түскен шағымдардың жар­тысы, ал министрдің жеке қабыл­дауын­да болған азаматтардың жарты­сы­нан көбінің мәселесі – алиментке байланысты. Сондықтан министр алимент төлеуден жалтарған борышкер үшін жауапкершілікті оның ата-ана­сының мойнына жүктейтін Италия тә­жірибесін негізге алуды ұсынып отыр. «Италия заңы бойынша, алимент үшін жауапкершілікті борышкердің ата-анасына жүктеуге болады. Оның үстіне олар бөтен емес, өз немерелерін қамтамасыз етуі тиіс. Қазір осы тәжі­ри­бені қоғам талқысына салуды ұсы­нып отырмыз. Борышкердің ата-анасы зейнеткер болса, олардың үйі, көлігі дегендей, әйтеуір бір мүлкі бар ғой. Егер немерелері мектепке баратын киімге жа­рымай отырса, бұл мүлік сол қа­рыз­ды өтеуге жарайды», – дейді Марат Бе­ке­таев. Ал өткен жылдың қараша айын­да әлеуметтік қор құру туралы ше­шім қабылданған еді. Сол қордан уақытша жұмыссыз қалып, табыссыз отырған борышкерге алиментін төлеу үшін несие берілуі тиіс. Ал борышкер кейін жағдайын түзегенде қордан алған қаржысын кері қайтарады. Алайда бұл бастаманың қаншалықты нәтижелі болары уақыт еншісінде. Сонымен бірге, енді елімізде не­кесіз туған балалар үшін де али­мент төлеу міндеттелмек. Бұл ретте «Неке және отбасы» туралы кодекстің 47-бабына толықтырулар енгізіледі. Атал­ған толықтыруларда ер-азамат неке­ден тыс туған ортақ балаларын асырау үшін, оның анасының шығын­да­рын өтейтіндігі көзделген. Мұндай ұсы­ныс­ты ең алғаш 2018 жылы консти­туциялық кеңес мүшелері ұсынған. Олардың айтуынша, некеде тұрмай, дүниеге бала әкелген әйелдердің құ­қығы мүлдем қорғалмай келген. Бұған дейін тек ажырасып, анасында қалған балаларға алимент төленген. Ресми статистикалық деректер елі­мізде алимент төлеуден жал­тарған әкелердің көп екендігін көрсетіп отыр. Бірақ борышкерлер қатарында туған баласына алимент төлеуден жал­тарған аналар да жоқ емес. Оларды заң жүзінде жауапқа тартып, алимент тө­лету қаншалықты дұрыс? Өз құрса­ғы­нан шыққан баласын күйеуіне тастап, қа­ра басының қамын ойлап кеткен ана­лар жауапкершілікке тартыла ма? «Неке және отбасы» заңының 124-ба­бына сәйкес, егер ата-анасы бала­сын кәмелеттік жасқа жеткенше асырап – баға алмаса, онда алимент төлеуге міндетті. Бүгінде балаларынан бас тар­тып, сот шешімімен алимент төлеуге мін­деттелген аналар да бар. Кейбіреулер баласы 18-ге тол­ғанда, алименттен құтылам деп ойлайды. Бірақ бала 18-ге толып кетсе де, төленіп бітпеген қарыз алимент төлеуші ата-ананың мойнында қарыз болып қала береді. Қазіргі уақытта али­мент төлеуден жалтарғанды жазалау әдістері қатаңдатыла бастады. Мысалы, алимент төлеуден қашқандардың ал­дымен банк карточкалары, жүргізуші куәліктері бұғатталады. Одан кейін мү­ліктеріне де тыйым салынып, алы­нуы мүмкін. Бұған да қарызын  қайтар­ма­са, 2 жылға бас бостандығынан   айы­­рып, қылмыстық іс қозғалады. Сот орын­даушылары бұл әйел ме,  еркек пе, баласы алдындағы борыштан безген­дердің баршасының басына туатын күн екенін айтады.

Жалғызбасты әкелер де көп

Алимент төлеуден жалтарған қо­ғамда баланы бір өзі тәрбие­леп отырған жалғызбасты әкелер де бар деген сөз. Ста­тистикалық деректерге жүгінсек, Қа­зақстанда ажырасқан от­басылардың 83 пайызының ортақ ба­лалары бар. Оның ішінде, 400 мың ана балаларын жал­ғыз тәрбиелеп отырса, 60 мың ер­кек «жалғызбасты әке» ста­тусын иелен­ген. Әрине, бала тәрбиесінде ананың ор­нын әке, әкенің орнын ана ба­са ал­май­тыны анық. Бірақ қазақта «әйелдің қы­рық жаны бар» деген сөз бар. Шы­нын­да да, нәзікжандылар жал­ғыз қалса да, жатырын жарып шыққан пер­зентіне тәрбие беріп, оны бағып-қағу үшін кез кел­ген қиындыққа қарсы тұрып, ер­дің де, әйелдің де міндетін атқара ала­ды. Ал мұн­дай міндетті жал­ғыз­басты әке­лер қалай ат­қарады? Қоғамдағы мұндай топ өкіл­деріне жа­та­тын әке­лер тұр­мыс­­тық  тау­қы­мет­тен бө­лек, бала тәр­бие­сінде де талай қиын­дық­пен бетпе-бет ке­летіні анық. Бі­рақ бауыр еті ба­ласы үшін жолында кез­дес­кен қиын­­дық­тың бәріне  қарсы тұр­ғаннан өз­ге амал бар ма?! Өйткені олар­ бала­сы жетімдік зар­да­бын  тартпауын ті­­лейді. Қазақ от­ба­­сын­да әке­нің орны әр­қа­шан бө­ле­к. Әке – бір  от­ба­­сы­ның ғана емес, тұ­тас бір әу­лет­тің қам­қор­шы­сы. Ал тағ­­дыр тәлке­гі­мен баласын құ­шақтап жалғыз қал­ған әке­лер­дің көрер қиын­ды­ғы өздеріне ғана мә­лім. Жалпы, жалғыз­басты әкелер­дің кей­бірін жарынан ажал айыр­са, енді бірі дәм-тұзы жарас­па­ғандықтан, жұ­байы­мен өмір жолы екіге айырылған. Шаңырақтың шырайын келтіріп отырар жарынан көз жазып қалған азаматтардың пси­хологиялық күй­зеліске түсетіні сөзсіз. Ал одан арылу үшін 1 жылға жуық уа­қыт қажет екен. Мұны психолог ма­ман­дар дәлел­деген. Сонымен қатар психо­логтар әйе­лі қайтыс болған және ажырасқан аза­маттар бұл жағдайларды екі түрлі қа­былдайтынын айтады. Мәселен, жа­ры­нан айырылу ер-азаматқа ойла­маған жерден моральдық, психологиялық ауыртпалық әкеледі. Бала алдындағы парызы еселенеді. Анасының аялы ала­қанынан айырыл­ған балаларға да бұл жағдайда тек әке ғана көмек көрсете алады. Ал екеуара келіспеушіліктің сал­дарынан ажырасу ер адамға түрлі өмір сүру амалдарын ойластыру міндетін жүктейді. Жалғызбасты әкелерге қатысты көп­шіліктің айтар ойы сан алуан. Бі­реулер оларға қоғамда әлі де болса көбірек көңіл бөлініп, тиісті көмек көрсетілсе дейді. Рас, қазақтың тепсе темір үзетін азаматтары ешқашан басын төмен салып, ынжықтық мінез танытпаған. Бірақ мұндай жағдайда «шарасыздық» деген түсініктің бар екендігін ескерген жөн сыңайлы. Ба­ла­ны анасыз жалғыз тәрбиелеу өте қиын. Мұны нәзікжандылар да, ер адам­дар да жақсы түсінеді. Ал толық емес отба­сын­да тәрбиеленген бала үшін анасының жоқтығы екі есе ауыр. Сондықтан жалғызбасты әкелерді сынға алғаннан гөрі, оларға қолдау білдірген дұрыс дейтіндердің қарасы қалыңдау. Адамды бақытты ететін байлық та, атақ та емес. Адамдарды ба­қыт­ты ете­тін отбасындағы қарым-қа­ты­нас, қор­шаған орта. Бүгінде бақыт­ты отбасын армандап жүргендер де, сол бақытын бағалай алмай, қор қылғандар да көп. Ресми деректерге сүйенсек, некеге тұрғандардың үштен бірі көп ұза­май ажырасып кетеді екен. Осыдан кейін жал­ғызбасты аналар мен әкелер қата­ры­ның көптігіне таңданудың қажеті шамалы. Бала анадан ажыраса, мейірімнен, әке­­ден ажыраса, өжеттіктен қол үзеді екен. Қазақтың «Әкелі бала – жау­жүрек, әкесіз бала – сужүрек» дегені сол шығар. Бі­рақ бүгінде баласын жалғыз тәр­биелеп отырған әкелердің бәрі бір­дей баласын батылдыққа тәрбиелеп жатыр деп ауыз толтырып айта алмай­мыз. Өйткені жалғызбасты әкелердің мұңы көп, жеке басындағы мәселе де жетер­лік. Олардың бірін баспана мә­се­лесі ма­заласа, енді бірі бала тәрбие­сін­де қи­налып жатады. Ошақтың отын сөндіріп, баланы же­тім атандыру қазақтың кей­бір аза­маттары мен нәзік жандыларына жеңіл жағдай болып кеткендігі өкініш­ті-ақ. Бүгінде Қазақстан ажырасу жағы­нан алғашқы ондықтың ішінде. Мұның сыры неде? Ерлі-зайыптылардың жо­лының екіге айырылуына қалай тос­қауыл бола аламыз? Балалардың жетім­дік тауқыметін тартпауы үшін не істеу керек? Қоғамда жалғызбасты аналар мен әкелердің санын қалай азайтамыз? Осының бәрі бүгінгі күні аса өзекті мәселе болып отыр. Бірақ бұл түйткіл­дің түйінін тарқатудың тиімді жо­лы табылмай тұр. Десек те, әрбір отбасы – шағын мемлекет. Сол мемлекетте бір-бірімен түсінісу, сыйластық бол­маса, бақытты отбасы боламын деу бос әурешілік.