Кеңес әскері Кабулмен қалай қоштасты?
Кеңес әскері Кабулмен қалай қоштасты?
ХХ ғасырдың қойнауында қалып, ұзақ уақытқа созылған соғыстардың бірі – Ауған соғысы (1979-1989жж.). Осы соғыстың аяқталғанына 15 ақпанда 31 жыл толып отыр. Бұл соғыстың аяқталған күнін басқалар сияқты қазақстандық ардагерлер де ұмытпай, ұрыс даласында қаза болған қаруластарына тағзым етіп, қарсы алады.
1980 жылдардың ортасына қарай, Ауғанстандағы соғыс КСРО үшін көптеген қиын сынамалар мен ірі саяси және экономикалық шығындар әкелгені анық біліне бастады. Халықаралық тұғырдағы жағдай одан әрмен қиындай түсті. Ауғанстанда әскерлердің ірі топтарының шоғырлануы ел экономикасына ауыртпалық түсірді. Елдің әр түпкірінде соғыста қаза болған офицерлер мен жауынгерлер жерге көміліп, қоғам ішінде кінәраттайтын жағдай үдеді. Осының барлығы халық арасында наразылық тудырды. Ауғанстаннан әскерді шығару туралы және соғысты тоқтату жайлы қатаң шешімдер қажет болды.
Ауғанстанға әскер кіргізудің қателік болғанын және оның сағыздай созыла түсуін, 1985 жылы билікке келген М.Горбачев бастаған КСРО-ның жаңа басшылығы толық түсінді. Бұл соғыстың Кеңес Одағына «мырыш табыт» пен әлемдік айыптаулардан басқа ештеңе бермейтінін Горбачев білді. 1986 жылдың қараша айында КОКП ОК Саяси бюросының отырысында М.Горбачев: «Қазіргі уақытқа дейін біз Ауғанстанда алты жыл бойы соғыс жүргізудеміз. Егер біз айла-тәсілімізді өзгертпесек, 20 немесе 30 жыл бойы соғыса береміз. Біз қысқа мерзім ішінде мұны тоқтатуымыз керек» деген ойын жариялады.
Осы жылдары Бабрак Кармаль және басқа да ауған басшыларымен болған кездесу мен жиналыстарда Ауғанстандағы жағдайды саяси реттеудің жолдарын белсенді түрде іздеу және кеңес әскерлерін шығару туралы сұрақтар қарастырылды. Бастапқы қадам ретінде 1986 жылдың қазан айында Ауғанстаннан 6 полк: екі мотоатқыштар, бір танкішілер және үш зенитшілер барлығы 12 мың адамнын тұратын әскер шығарылды. Сонымен қатар бір уақытта, ауған мәселесін саяси реттеу бойынша дипломатиялық қадамдар қабылданды.
АҚШ, Пәкістан, Иран және басқа да қызығушылық танытқан елдердің өкілдерімен қарқынды келіссөздер жүргізілді. 1986-1987 жылдары Ауғанстанда туындаған жағдай, орталық үкімет пен оппозиция күштері арасында орнаған тепе-теңдік ауған дағдарысын шешудің соғыссыз жолдарын іздеу қажеттілігіне итермеледі. Жаңа бағытты іске асыру үшін жаңа адамдар керек болды.
1987 жылдың 3 қаңтарында Ауғанстанның билік басына Мұхаммед Наджибулла келгеннен кейін «Ұлттық татуласу туралы» Ауғанстан демократиялық республикасының (АДР) Революциялық кеңесінің Декларациясы қабылданды. Құжатта атысты тоқтатып, ұлттық бейбітшілік орнату мақсатында, уақытша коалициялық мемлекет құру және жалпы дауыс беруді өткізу, үкіметтегі министрліктің лауазымдарының бір бөлігін оппозиция өкілдеріне ұсыну туралы нақты ұсыныстар келтірілді. Бұл Ауған соғысы басталғалы бейбіт өмірге байланысты жасалған ең алғашқы қадам еді.
Оппозиция мұндай саясатты қабыл алмағанымен, ұлттық татуласу саясатын жариялау Ауғанстанның орталық үкіметінің беделін асырып, БҰҰ Бас хатшысының жеке өкілі Д.Кордовес арқылы 1982 жылдан бері нәтижесіз жүргізіліп жатқан, ауған-пәкістандық келіссөздердің іске асырылуына жаңа серпін берді.
1988 жылдың 7 сәуірінде Ташкентте КОКП ОК Бас хатшысы М.Горбачев пен АДР Президенті М.Наджибулла арасында кездесу болып, қақтығысты тоқтату мен Ауғанстандағы кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің тұжырымы туралы жариялады. Бір аптадан кейін, 14 сәуірде АДР-ғы жағдайды саяси реттеу туралы Женева келісіміне қол қойылды. Қол қойғандар қатарына КСРО, АҚШ, Ауғанстан мен Пәкістан кірді. Ауғанстан мен Пәкістан бір-біріне қол сұқпаушылық және басып кіруден бас тарту қағидасына қол қойса, КСРО мен АҚШ өкілдері халықаралық кепілділік жөніндегі Декларацияға қол қойды. Кеңес Одағы өз контингентін 9 айлық мерзімде алып шығуға, ал Құрама Штаттар мен Пәкістан өз тараптарынан қарулы оппозицияны қолдауды тоқтатуға міндеттелді.
1988 жылы 15 мамырда Ауғанстан аумағынан кеңес әскерлерін шығару басталды, алайда қараша айындағы моджахедтер шабуылының жандана түсуі, үдерістің жылдың аяғына дейін қалдырылуына әкелді. Жағдайдың тұрақтануы мен әскерилер арасындағы шығынды азайту үшін оппозицияның белсенді күштерін жоюға арналған ракеталық әскери бөлімшелер енгізілді. Олар қарсыласушылардың шабуылын жоюға баллестикалық зымыранды 92 рет жіберді. Дегенмен 1988 жылдың тамызына дейін Кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті құрамының шамамен жартысы Ауғанстаннан шығарылды.
Егер Кеңес Одағы Женевадағы келісімінде өзіне алған міндеттерді біртіндеп орындаса, қалған мемлекеттер орындамады. Иран болса төрт ел қабылдаған Женева келісімін мүлде мойындамады, мүдделі бесінші мемлекет болса да қол қоюдан бас тартты. АҚШ, Пәкістан тағы да басқа елдер келісілген шарттарды өрескел бұзды.
Пәкістан территориясында Ауғанстан территориясына кіріп соғыс қимылын жүргізу мақсатында қарулы отрядтардың базалары жасақталды. Женева келісімінің осындай және басқа да қағидаларының бұзылуына жол берілді. Батыстық елдер Ауғанстандағы жағдайдың реттелгенін қаламады. АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі З.Бжезинский: «Саяси реттеудің қажеті жоқ, реттеу үшін билікті басқаның қолына өткізу керек» деген ойларын тіке мәлімдеді.
Ауғанстан Сыртқы істер министрлігі тарапынан Женева келісімдерінің орындалуы АҚШ пен Пәкістан тарапынан сан рет бұзылғандығы баяндалды. Олардың мәліметінше, Пәкістан территориясында бұрынғыдай қарулы ауған оппозициясын үйретуге арналған жаттықтыру орталықтары болды. Андарек лагерінде, Пешавардан сәл әріректе, Пәкістан әскери нұсқаушылары ауыр қарумен ату және мина қою бойынша 800-ден астам экстремистерді үйреткен. Пәкістан провинциясы Белдужистанда орналасқан Яро лагерінде экстремистерді Кабул, Кандагар, Желалабад қалаларында жарылыс операцияларын өткізуге дайындады. Жалпы, Пәкістан территориясында 200 жаттықтыру орталықтары болды.
Кейбір мәліметтер бойынша кеңес әскерлерінің ауған жерінен шығарылуы басталған екі ай ішінде қарулы оппозиция 2 914 әскери акция, 96 іріткі салу мен террорлық актілерін жасады, нәтижесінде 448 адам қайтыс болып, 500 адам жараланды. Тек мамыр мен тамыз айлары аралығында Кабулда 200 ракета мен 30 артиллериялық снаряд атқыланды. 63 жарылыстың алды алынды. 154 адам қайтыс болды, 206 адам жараланды. Олардың арасында қарттар, әйелдер мен балалар бар еді.
Пәкістан өкілдері БҰҰ бақылаушыларының жұмысына кедергі жасауға тырысып бақты. Женева келісімінің шартына қарамастан олар ауғандық босқындардың қайтып келуіне кедергі жасады. Босқындарды қабылдау үшін Ауған үкіметі 23 қонақ үй, 10 қабылдау лагерін және 10 мың адамдық Отанына оралушыларға арналған 27 орталық құрды. Осы мақсат үшін кеңес әскері тастап кеткен әскери қалашықтар да берілді. Тамыздың басында Ауғанстанға 150 мың босқын оралды. Бірақ ауған оппозициясының сұрауымен пәкістандық полицейлер және әскерилер босқындар лагерін қоршап, олардың Отанына оралуына барынша кедергі келтірді.
Женева келісіміне қол қойылғаннан кейін кеңестік әскери бөлімшелерге 555 рет оқ жаудырылды, 26 рет әуежайлар оқ астында қалды. 400 рет сақшы тұрағына шабуыл жасалды. Шабуыл тіпті үкіметтік ауған әскерлеріне де жасалынды. 1989 жылдың 15 ақпанына дейін қаруланған оппозиция қолынан 6 954 адам қаза тапты, 12 220 адам жарақат алды. Олардың көпшілігі бейбіт тұрғындар еді. Соңғы бір жарым ай ішінде 1989 жылдың 15 ақпанына дейін 39 кеңестік әскери қызметкер қаза тапты.
Женева келісімінде белгіленгендей, 1989 жылы 15 ақпанда Ауғанстаннан соңғы кеңес әскерлерінің әкетілуі аяқталды. Кеңес Одағы Женева келісімін белгіленген мерзімде орындады. 15 ақпан күні Ауғанстанмен шекаралас Термезге жақын биік қияларда кеңес жерінің оңтүстік шекарасына қарай көз салған әйелдер өз ұлдарын, күйеулерін, сүйіктілерін, жиналған жұрт өз азаматтарын ұзақ сағаттар бойы күтті. Ауған тарапынан кезекті колонна қашан келетінін ешкім де білмеді. Тіптен алыс жақтардан да адамдар келіп күтті. Тіптен қаралы қағаз алғандар да үмітпен келіп ол жаққа қарап отырды.
Шекара сызығын соңғы болып кесіп өткен 40-армия қолбасшысы Б.Громов КСРО Қарулы күштері басшылығының өкілі, армия генералы Н.Поповқа кеңестік әскерлерді Ауғанстаннан әкетудің толық аяқталғанын баяндады. Амудария жағалауында кеңес жауынгерлерін мыңдаған адамдар – Термездің тұрғындары, солдаттар мен офицерлердің туған-туысқандары кеңес және шетел журналистері қарсы алды. Салтанатты митингі болды.
Жалпы, он жылға созылған бұл соғысқа КСРО-дан 620 мың адам қатысып, оның 14 мың 453 адамы ұрыс даласында мерт болды. Қазақстаннан 22 мың адам бұл соғыстың отына күйіп, 1 000-ға жуық жерлесіміз соғыс салдарынан жат жерде жан тапсырса, 20 азаматымыз із-түзсіз жоғалды. Кеңес әскерлерін Ауғанстаннан шығару 1989 жылы 15 ақпанда аяқталғанымен, осы соғысқа қатысқан офицерлер мен солдаттардың жүрегінде соғыс ізі қалып қойды.
Болат САЙЛАН,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы, Ауған соғысының ардагері