Шұғыла Сапарғалиқызы: Туған елде өнеріммен бірге өмірім де айшықтала түсті
Шұғыла Сапарғалиқызы: Туған елде өнеріммен бірге өмірім де айшықтала түсті
Таудай талантымен миллиондарды мойындатқан қазақ би өнерінің айтулы өкілі Шұғыла Сапарғалиқызының атажұртқа оралғанына биыл жиырма жыл. Жиырма жыл бойы талайдың таңдайын қақтырып, дүйім жұрттың ыстық ықыласына бөленіп жүрген Шұғыланың қазақ мәдениетіне қосқан үлесін сипаттауға, тіпті сөз жетпейді. Соңғы жылдары сахнадан жырақтап, би өнерінен алшақтап жүрген біртуар бишіні халық қашан да іздеп, сұрастырып жүретіні анық. Осы орайда қалың жұртты талантына тәнті қылып, қазақилығымен қайран қалдырған Шұғыланы арнайы іздеп, әңгімелескен едік.
– Соңғы жылдары өнеріңізге бас иетін жанкүйерлеріңіз сізден көз жазып қалғандай. Жалпы, қазір қайда, не істеп жүрсіз?
– Қазіргі таңда сахналық қойылымдарға би қоюмен айналысып жүрмін. Өткен жылы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында сахналанған «Атилла мен Аэций» спектакліне би қойдым. Сонымен қатар «Жас сахна» атты жастар театры «Ай тұтылған түн» пьесасына қойылым ойластыруға шақырды. Соңғы екі ай бойы уақытымның көбісін осы туындыға жұмсадым. Одан өзге, тек жұмысты ойламай, балаларымның тәрбиесіне көңіл бөліп жүрген жайым бар.
– Әлдекімді қойылымда би билеуге әзірлеген қиын ба екен, әлде сахнада өзіңізге билеген қиынырақ па?
– Екеуінің де өзіндік қиындықтары бар. Десек те, би – менің оң жамбасыма келетін өнер түрі. Маған қойылымға би қою ісі қатты ұнап жүр. Сондықтан болар, туындаған қиындықтарға мән бермеймін. Дей тұрғанмен, бұл мамандық маған бұрыннан етене таныс. Себебі Бейжіңде оқып жүргенімде-ақ қойылым қою, сахнаны әрлеу, кейіпкермен жұмыс істеудің қыр-сырын үйренгенмін. Сол себепті қазір сол оқыған-тоқығанымды іс жүзінде сынап көрудің, алған білімімді одан ары ұштастырудың керемет сәті түсіп жүр. Айта кетерлік жайт, мен мұнда тек сахнадағы би қоюмен шектелмеймін. Режиссермен қоян-қолтық жұмыс істей отыра, әр кейіпкердің қимыл-әрекетін түзеп, білмеген жерін түзеп, білген жерін қоштап жүруге тырысамын. Мұның барлығы мен үшін қызықты әрі бұл мені бір орында тұрып қалмай, әрмен қарай іздену, талпынуға итермелейді. Бұған қоса, он ойланып, жүз толғанып, жүзеге асырған ісіңнің халыққа ұнап жатқанын көргенде бір марқайып қаласың.
– Соңғы жылдары сізді тек биші Шұғыла емес, әртіс Шұғыла ретінде де таныдық. Режиссер Рүстем Әбдірашевтің Қазақ хандығының 550 жылдығына орай түсірілген «Қазақ елі» атты көпсериялы фильмінде Керейдің әйелін сомдадыңыз. Бұл рөл сізге қалай бұйырды? Арнайы кастингке қатыстыңыз ба?
– Жалпы, мен киноға бірінші рет түсіп тұрғаным жоқ. Бұған дейін Қытайда түсірілген кинолардың кішігірім эпизодтарында ойнағанмын. Ал «Қазақ елі» фильміне мені режиссер Рүстем Әбдірашевтің өзі шақырды. Оларға көре-көре көрерменнің көзі шаршаған әртіс емес, жаңа, тың кейіпкерлер қажет болды. Бастапқыда хабарласқанда: «Жоқ, кастингке де бармаймын, киноға да түспеймін» деп үзілді-кесілді бас тартқанмын. Бір айдан соң қайта хабарласып, тағы да қолқа салды. Сөйтіп, көп ойлана келе, тәуекелге бел буып, өз бағымды сынап көрейін деп шештім. Сондай-ақ бұл анау айтқандай жеңіл-желпі кино емес, тарихи маңызы зор, салмақты дүние болғандықтан да келісімімді бердім. Бұл маған үлкен тәжірибе, ұмытылмас естелік болды.
– Кинодан бөлек, кәсіпкерлікпен шұғылданып жүргеніңізден де хабардар болдық. Алматыда кондитерлік дүкен ашу идеясы сізге қайдан келді?
– Мұны кәсіпкерлік дегеннен гөрі, хоббиім деген дұрыс болар. Жалпы, өз басым тәтті жегенді ұнатпаймын. Дегенмен шоколадтан түрлі нәрсе істеп, мұны сыйлық ретінде әрлегенді жаным сүйеді. Сол себепті, осы істі де қатар қолға алып жүремін деп шештім.
– Қазақ биі десе, Шара Жиенқұлова мен сіздің есіміңіз бірден ойға оралады. Осы орайда өзіңіз салған сара жолды үзбей, білген-түйгеніңізді төңірегіңізге паш етіп, шәкірт баулығанға қалай қарайсыз?
– Бірнеше жыл бұрын бір-екі рет мектеп ашқаным бар. Алайда бұл ісім өрге баспай қалды. Алғаш рет Астанада ашқанмын. Сол уақытта менің қолымда оқыған жас қыздар қазіргі таңда аз-маз өнер көрсетіп жүр. Жалпы, би – өте қиын да күрделі өнер түрі. Бұл да спорт түрі секілді үздіксіз баптау мен қатаң бақылауды қажет етеді. Мен сізге айтайын, біздің елде биге табынатындар саны аз. Ынтасы сыртқа төгіліп, биге оң көзқарас танытатындар саусақпен санарлық қана. Сол себепті мектеп ашу қиынның қиыны. Оның үстіне мектептің бишіге беретін білімі де сапалы болу керек. Бұл іске жүрдім-бардым қарай салу жарамайды. Ол үшін сол мектептің отымен кіріп, күлімен шығуың керек. Мәселен, әнші дауысы жетпей қалған тұсты компьютермен өңдей салады. Ал биде олай істей алмайсың. Бүкіл қимылды бір-бірімен байланыстырып, біріктіруің керек. Сол себепті мұның жауапкершілігі үлкен. Сол себепті өзге шаруамен айналыса жүріп, бұл маңызды іске немқұрайлы қарамау керектігін түсінгендіктен әрі қажеттілікті көрмегендіктен, мектеп ашу ісіне бел буып кіріскен емеспін.
– Десек те, өзіңіз нақышына келтіріп тұрып билейтін «Бөртенің биі», «Патша құс», «Күн астындағы Күнекей қыз» және кесені төбеңізге қоя билеу мәнерін келесі буынға үйретпей жүру «күнә» болар?
– Неге келесі буынға дейсіз (күліп)? Бұл билерді өзім билеп тұрамын. Себебі ара-тұра түсіп тұратын ұсыныстар баршылық әрі бағдарламалар мен сахналарға да шақырып тұрады. Мұндай кезде өзім шығамын. Құдайға шүкір, дене қалыбым әлі орнында (күліп). Жасым келді екен деп, биді қойып кеткен мен жоқ. Оның үстіне, жасым келсе де, халық мені биші ретінде қабылдайды. Сол себепті атыма затым сай болып жүру – менің міндетім.
– Қазіргі таңда қазақ би өнерінің шашбауын көтеріп жүрген өнерпаздарға көңіліңіз тола ма?
– Бұл саладан сәл алшақтап кеткендіктен, ол өнерпаздардың өнерін толық бақылай алмай жүрмін. Алайда теледидардан байқауымша, жұмыс істеліп жатыр. Десек те, әлі де біраз істер атқарып, би өнерін жоғары деңгейге көтеруге болады. Дегенмен әр ошақтың өз қожайыны бар ғой, әркім өз қазанын өз бетінше қайнатады. Осыдан 3-4 жыл бұрын сол кездегі Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бастаған алқалы топқа мүше болғанмын. Сол кезде Қазақстандағы бүкіл театрлардың директорлары, балетмейстерлерімен екі-үш рет жиналыс өткізіп, олардың бағдарламаларын ортаға салып, талқылаудан өткізген едік. «Әр облыстың биін тексерейік, ансамбльдерін көрейік» деген сыңайлы біраз жақсы дүниелер айтылған болатын. Мұны бақылауда ұстауға әр облыстан жауапты маман да тартылған еді. Алайда бұл тек бір жарым жылға ғана созылып, артынша аяқсыз қалды. Содан кейін мені ешқандай талқылауға да, жиналысқа да шақырмады. Десек те, барлығы болашақтың еншісінде деп сенейік.
– Көпшіліктің пікірі Қазақстанда балет биіне баса көңіл бөлінеді, ал қалған би түрлері мұның көлеңкесінде қалып қояды не болмаса той-томалақтан ары аса алмайды дегенге сайып келеді. Бұл пікірмен қаншалықты келісесіз?
– Мұндағы мәселе – би бағдарламасын талдауда. Көбі КСРО заманынан 70 жыл бойы келе жатқан балетті көріп үйреніп қалған. Ал мұны білетін жетекшілер балетті қайталап әкеп қоя береді. Қарап отырсаңыз, олар айтарлықтай бір керемет жаңалық енгізіп, жаңа бір туынды әкеп жатқан жоқ. Басшылық ақша құйып, Ресей, Франция не болмаса Италиядан арнайы балетмейстер шақыртып, өзіміздің «Қыз Жібек» немесе «Еңлік-Кебекке» кірістіріп қояды. Шетелдің дүниесі десе, елең ететін халықпыз ғой. Ал мұның орнына заманауи бидің элементін, қазақи аспаптардың үнін қосып жіберіңізші, қандай керемет туынды шығар еді! Дегенмен қазіргі таңда қазақ драмаларының сахнада қайта жанданып жатқандығы көңіл қуантады. Елдің театрға көптеп әрі жиілеп келетіндігіне де сүйсінесің. Спектакль соңында көрермендердің танитын-танымайтын әртістеріне гүл шоқтарын ұсынып, қолдарын алып, ризашылығын білдіріп жатқанда керемет күй кешесің. Халықтың мәдени түсінік-танымы енді кеңейіп келеді. Мұнымен қоса, би де жандана түседі деген сенімдемін. Тек биді сіз айтқандай той-томалақтың аясында емес, осындай үлкен де киелі сахнада дәріптеу керек. Сосын би өнерінде бағзы дүниені алға тартпай, мұны қазіргі заманға сай қылып өңдеп, қазіргі заманның «тілімен» қойып берсең, көрермен өзі-ақ іліп әкетіп, қошеметке бөлейтініне еш шүбәм жоқ.
– Сіздіңше, қазақ би өнерін тек «Қамажай», «Қара жорғамен» ғана байланыстырмай, заманауи үлгідегі түрлі билердің элементтерінен құрастырған әлдеқайда тиімдірек қой?
– Иә, сонау 1950 жылдан бері келе жатқан «Қамажайды» кешке дейін көрсете берсең әрі мұны көп билей берсең, ешкімді таңғалдыра алмайсың. Мұндай концертке, қойылымға ешкім келмейді де. Оның үстіне біз «Қамажайды» әрмен қарай дамытпадық та. Сол баяғы сарын, баяғы әуен, баяғы қимыл. Айта кетерлік жайт, заманауи билердің арасынан да қазақ биінің элементтерін тауып алуға әбден болады. Біздің де билерімізді жандандырып, құрамына түрлі элементтерді қоссақ, тіпті керемет үлгідегі туынды пайда болады. Мәселен, әлемді таңғалдырған Димаш Құдайберген қай жерге барса да, қазақтың домбырасын тартып, туын көтеріп, шапанын киіп жүр. «Мынау не алып шықты?» деп ешкім одан теріс айналып кеткен жоқ қой. Қайта оның әндерінің ортасына кіріктіріп, домбыраның ерекше үнін сахнаға алып шыққанына түрлі ұлт өкілдері аң-таң болып, таңданып, мұны кереметке балап жатыр. Осы арада қазақ биін де осындай тың үлгіде таныстырып жіберсек, тіпті керемет болар еді. Оның үстіне, шетелге шығыс мәдениеті өте таңсық әрі өте қызық дүние. Олар бұл мәдениетке қызығады, үнемі іздестіріп, тыңдап, көріп жүреді екен. Мысалы, өткенде «Жас сахна» театрының музыканттары «Мынау қойылымға келетін секілді, тыңдап көріңізші!» деп бір әуенді тыңдап көруімді өтінді. Әлгі әуеннің бір жарым минуты шаңқобыз, қалған бөлігін қытайдың эрху деген «мұңлы инструментімен» сүйемелдепті. Мұны қайдан тауып алғанын сұрағанымда, олар ғаламтор желісіндегі бір шетел жігітінің парақшасынан алғанын айтты. Қазақ аспаптарының үніне тамсанған шетелдіктер секілді, біз де креативке тұнған дүние жасауымыз шарт.
– Биыл елге оралғаныңызға жиырма жыл уақыт болыпты...
– Иә, жиырма жыл бұрын келгенімде халқым бірден мені төбесіне көтеріп, алақанында аялап ұстады. Үкімет үйімді де, күйімді де жасап берді. Мұндағы еңбек жолымды бірден Президенттік оркестрде және Астана опера және балет театрында солист әрі балетмейстер қызметінен бастап кеттім. Әу баста келгенде кәсіби биші болғандықтан, тек кәсіби деңгейдегі сахнада жүремін деген талабым бар еді. Той-томалақ тамақ ішетін жерде билемеймін деп уәде бергенмін. Құдайға шүкір, мені сол талап-уәдеме сай етіп, сол биігімнен түсірмей, үнемі сахнадан, экраннан іздеп жүретін халқыма ризашылығымды білдіремін. Өнерімді бағалап жүрген ағайынға алғыстан басқа айтарым жоқ. Елге оралған бастапқы уақытта ештеңе де оңай соқпағаны рас, дегенмен атажұртымның ішінде шағын мемлекетім құрылып, өнеріммен қоса, өмірім де айшықтала түсті.
Сұхбаттасқан
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ