Шұғыла Сапарғалиқызы: Туған елде өнеріммен бірге өмірім де айшықтала түсті  

Шұғыла Сапарғалиқызы: Туған елде өнеріммен бірге өмірім де айшықтала түсті  

Шұғыла Сапарғалиқызы: Туған елде өнеріммен бірге өмірім де айшықтала түсті   
ашық дереккөзі
 Таудай талантымен миллиондарды мойындатқан қазақ би өнерінің айтулы өкілі Шұғыла Сапарғалиқызының атажұртқа оралғанына биыл  жиырма жыл. Жиырма жыл бойы талайдың таңдайын қақтырып, дүйім жұрттың ыстық ықыласына бөленіп жүрген Шұғыланың қазақ мәдениетіне қосқан үлесін сипаттауға, тіпті сөз жетпейді. Соңғы жылдары сахнадан жырақтап, би өнерінен алшақтап жүрген біртуар бишіні халық қашан да іздеп, сұрастырып жүретіні анық. Осы орайда қалың жұртты талантына тәнті қылып, қазақилығымен қайран қалдырған Шұғыланы арнайы іздеп, әңгімелескен едік.  – Соңғы жылдары өне­ріңіз­ге бас иетін жан­күйер­леріңіз сізден көз жазып қал­ғандай. Жалпы, қазір қай­да, не істеп жүрсіз? – Қазіргі таңда сахналық қойылымдарға би қоюмен айналысып жүрмін. Өткен жылы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында сахналанған «Атилла мен Аэций» спектакліне би қойдым. Сонымен қатар «Жас сахна» атты жастар театры «Ай тұтылған түн» пьесасына қойы­лым ойластыруға шақырды. Соң­ғы екі ай бойы уақытымның кө­бісін осы туындыға жұмса­дым. Одан өзге, тек жұмысты ой­ламай, балаларымның тәр­бие­сіне көңіл бөліп жүрген жайым бар. – Әлдекімді қойылымда би билеуге әзірлеген қиын ба екен, әлде сахнада өзіңіз­ге билеген қиынырақ па? – Екеуінің де өзіндік қиын­дықтары бар. Десек те, би – ме­нің оң жамбасыма келетін өнер түрі. Маған қойылымға би қою ісі қатты ұнап жүр. Сон­дық­тан болар, туындаған қиын­дық­тарға мән бермеймін. Дей тұрғанмен, бұл мамандық маған бұрыннан етене таныс. Себебі Бейжіңде оқып жүргенімде-ақ қойылым қою, сахнаны әр­леу, кейіп­кермен жұмыс іс­теудің қыр-сырын үй­ренгенмін. Сол се­беп­ті қазір сол оқыған-то­қы­­ғанымды іс жү­з­інде сы­нап көру­дің, алған білі­мімді одан ары ұштастыру­дың керемет сәті түсіп жүр. Айта кетерлік жайт, мен мұнда тек сах­­на­дағы би қоюмен шек­телмеймін.  Режиссермен қоян-қолтық жұмыс іс­тей отыра, әр кейіп­кер­дің қи­мыл-әрекетін түзеп, білмеген жерін түзеп, білген же­рін қош­тап жүруге тырысамын. Мұның бар­лығы мен үшін қызықты әрі бұл мені бір орында тұрып қал­май, әрмен қа­рай іздену, тал­пынуға итер­мелейді. Бұған қоса, он ойланып, жүз толғанып, жү­зеге асырған ісіңнің халыққа ұнап жатқанын көргенде бір марқайып қаласың. – Соңғы жылдары сізді тек биші Шұғыла емес, әртіс Шұ­ғыла ретінде де таныдық. Ре­жиссер Рүстем Әбдіра­шев­тің  Қазақ хандығының 550 жылдығына орай түсірілген «Қазақ елі» атты көпсериялы фильмінде Керейдің әйелін сомдадыңыз. Бұл рөл сізге қа­лай бұйырды? Арнайы кас­тингке қатыстыңыз ба? – Жалпы, мен киноға бірінші рет түсіп тұрғаным жоқ. Бұ­ған дейін Қытайда түсірілген ки­нолардың кішігірім эпизодта­рында ойнағанмын. Ал «Қазақ елі» фильміне мені режиссер Рүстем Әбдірашевтің өзі шақыр­ды. Оларға көре-көре көрер­мен­нің көзі шаршаған әртіс емес, жаңа, тың кейіпкерлер қажет болды. Бастапқыда хабарлас­қан­да: «Жоқ, кастингке де бармаймын, киноға да түспеймін» деп үзілді-кесілді бас тарт­қан­мын. Бір айдан соң қайта ха­барла­сып, тағы да қолқа салды. Сөй­тіп, көп ойлана келе, тәуе­кел­ге бел буып, өз бағымды сы­нап көрейін деп шештім. Сон­дай-ақ бұл анау айтқандай жеңіл-желпі кино емес, тарихи маңызы зор, салмақты дүние бол­­ғандықтан да келісімімді бер­­дім. Бұл маған үл­кен тәжі­ри­бе, ұмытылмас естелік болды. – Кинодан бөлек, кәсіп­кер­­лікпен шұғылданып жүр­геніңізден де хабардар бол­дық. Алматыда кондитерлік дү­кен ашу идеясы сізге қай­дан келді? – Мұны кәсіпкерлік дегеннен гөрі, хоббиім де­ген дұрыс бо­лар. Жал­пы, өз басым тәтті же­генді ұнат­­паймын. Дегенмен шоколадтан түрлі нәр­­се істеп, мұны сый­­лық ре­тін­де әр­ле­ген­ді жаным сүйе­­ді. Сол се­бепті, осы істі де қа­­тар қолға алып жүремін деп шештім. – Қазақ биі десе, Шара Жиен­құлова мен сіздің есі­міңіз бірден ойға оралады. Осы орайда өзіңіз салған сара жолды үзбей, білген-түй­­геніңізді төңірегіңізге паш етіп, шәкірт баулығанға қа­лай қарайсыз? – Бірнеше жыл бұрын бір-екі рет мектеп ашқаным бар. Алай­да бұл ісім өрге баспай қал­ды. Алғаш рет Астанада аш­қанмын. Сол уақытта менің қо­лымда оқыған жас қыздар қазіргі таңда аз-маз өнер көр­сетіп жүр. Жалпы, би – өте қиын да күрделі өнер түрі. Бұл да спорт түрі секілді үздіксіз баптау мен қатаң бақылауды қажет етеді. Мен сізге айтайын, біздің елде биге табынатындар саны аз. Ынтасы сыртқа төгіліп, биге оң көзқарас танытатындар саусақпен санарлық қана. Сол себепті  мектеп ашу қиынның қиыны. Оның үстіне мектептің бишіге беретін білімі де сапалы болу керек. Бұл іске жүрдім-бар­дым қарай салу жарамайды. Ол үшін сол мектептің отымен кіріп, күлімен шығуың керек. Мәселен, әнші дауысы жетпей қалған тұсты компьютермен өңдей салады. Ал биде олай істей алмайсың. Бүкіл қимылды бір-бірімен байланыстырып, біріктіруің керек. Сол себепті мұның жауапкершілігі үлкен. Сол себепті өзге шаруамен айналыса жүріп, бұл маңызды іске немқұрайлы қарамау керектігін түсінгендіктен әрі қажеттілікті көрмегендіктен, мектеп ашу ісіне бел буып кіріскен емеспін. – Десек те, өзіңіз нақы­шы­на келтіріп тұрып билейтін «Бөртенің биі», «Патша құс», «Күн астындағы Күне­кей қыз» және кесені тө­беңіз­­ге қоя билеу мәнерін ке­­лесі буынға үйретпей жүру «күнә» болар? – Неге келесі буынға дейсіз (күліп)? Бұл билерді өзім билеп тұрамын. Себебі ара-тұра түсіп тұратын ұсыныстар баршылық әрі бағдарламалар мен  сах­на­ларға да ша­қырып тұрады. Мұндай кезде өзім шығамын. Құдайға шүкір, дене қалыбым әлі орнында (кү­ліп). Жасым келді екен деп, биді қойып кеткен мен жоқ. Оның үс­­тіне, жасым кел­се де, ха­лық ме­ні би­ші ре­­тін­де қа­был­дайды. Сол се­бепті атыма затым сай бо­лып жүру – ме­нің мін­детім. – Қазіргі таң­­да қазақ би өне­рі­нің шашбауын көтеріп жүрген өнер­паздарға көңі­ліңіз тола ма? – Бұл саладан сәл ал­шақ­тап кеткендіктен, ол өнерпаздардың өнерін то­лық бақы­лай алмай жүрмін. Алайда  теледидар­дан ба­й­қауым­ша, жұмыс істеліп жатыр. Десек те, әлі де біраз істер ат­қарып, би өне­рін жо­ғары дең­гейге көтеруге болады. Дегенмен әр ошақ­тың өз қо­жайы­ны бар ғой, әркім өз қазанын өз бетінше қайнатады. Осыдан 3-4 жыл бұрын сол кездегі Мәдениет министрі Арыстанбек Мұха­медиұлы бастаған алқалы топқа мүше болғанмын. Сол кезде Қазақстандағы бүкіл театр­лар­дың ди­ректорлары, балетмейстерлерімен екі-үш рет жиналыс өт­кізіп, олар­дың бағдар­ла­маларын ортаға салып, тал­қы­­­лау­дан өткізген едік. «Әр об­лыс­­тың биін тек­се­­рейік, ансам­бль­дерін кө­­рейік» деген сыңай­­лы бі­­раз жақ­­сы д­үние­лер ай­тыл­ған бо­латын. Мұны бақылауда ұс­тау­­­ға әр облыстан жауапты ма­­­ман да тартылған еді. Алайда бұл тек бір жарым жылға ғана со­зылып, артынша аяқсыз қал­ды. Содан кейін мені ешқандай тал­қы­лау­ға да, жиналысқа да ша­қыр­ма­ды. Десек те, барлығы бола­шақ­тың еншісінде деп сенейік. – Көпшіліктің пікірі Қа­зақ­станда балет биіне баса көңіл бөлінеді, ал қалған би түрлері мұның көлеңкесінде қалып қояды не болмаса той-томалақтан ары аса алмайды дегенге сайып келеді. Бұл пікір­мен қаншалықты келісесіз? – Мұндағы мәселе – би бағ­д­ар­ламасын талдауда. Көбі КСРО заманынан 70 жыл бойы ке­ле жатқан балетті көріп үйре­ніп қалған. Ал мұны білетін же­текшілер балетті қайталап әкеп қоя береді. Қарап отыр­саңыз, олар айтарлықтай бір ке­ремет жаңалық енгізіп, жаңа бір туынды әкеп жатқан жоқ. Басшылық ақша құйып, Ресей, Франция не болмаса Италиядан арнайы балетмейстер шақыр­тып, өзіміздің «Қыз Жібек» немесе «Еңлік-Кебекке» кірістіріп қояды. Шетелдің дүниесі десе, елең ететін халықпыз ғой. Ал мұның орнына заманауи бидің эле­ментін, қазақи аспап­тар­дың үнін қосып жіберіңізші, қандай керемет туынды шығар еді! Дегенмен  қазіргі таңда қа­зақ драмаларының сахнада қай­та жанданып жатқандығы көңіл қуантады. Елдің театрға көптеп әрі жиілеп келетіндігіне де сүйсінесің. Спектакль соңын­да көрермендердің танитын-танымайтын әртістеріне гүл шоқ­тарын ұсынып, қолдарын алып, ризашылығын білдіріп жатқанда керемет күй кешесің. Ха­лықтың мәдени түсінік-та­нымы енді кеңейіп келеді. Мұ­нымен қоса, би де жандана тү­седі деген сенімдемін. Тек биді сіз айтқандай той-томалақтың ая­сында емес, осындай үлкен де киелі сахнада дәріптеу керек. Сосын би өне­рінде бағзы дүние­ні алға тартпай, мұны қазіргі за­манға сай қылып өңдеп, қа­зір­гі заманның «тілімен» қойып берсең, көрермен өзі-ақ іліп әкетіп, қошеметке бөлейтініне еш шүбәм жоқ. – Сіздіңше, қазақ би өне­­­­рін тек «Қамажай», «Қа­­ра жор­­­ғамен» ғана бай­­­ла­ныс­тыр­май, за­ма­­науи үлгі­де­гі түр­лі би­лер­дің эле­мент­­те­рі­­нен құрас­тыр­ған әл­­де­­қай­да тиімдірек қой? – Иә, сонау 1950 жыл­дан бері келе жатқан «Қа­ма­жай­ды» кешке дейін көр­сете берсең әрі мұн­ы көп билей берсең, еш­кімді таң­ғал­дыра алмайсың. Мұндай концертке, қойылымға ешкім келмейді де. Оның үстіне біз «Қамажайды» әрмен қарай дамытпадық та. Сол баяғы сарын, баяғы әуен, бая­ғы қимыл. Айта кетерлік жайт, заманауи билердің арасынан да қазақ биінің элементтерін тауып алуға әбден болады. Біздің де билерімізді жандандырып,  құрамына түрлі элементтерді қоссақ, тіпті керемет үл­гідегі туынды пайда болады. Мәселен, әлемді таңғалдырған Димаш Құдайберген қай жерге барса да, қазақтың домбырасын тартып, туын көтеріп, шапанын киіп жүр. «Мынау не алып шық­ты?» деп ешкім одан теріс айналып кеткен жоқ қой. Қайта оның әндерінің ортасына кіріктіріп, домбыраның ерекше үнін сахнаға алып шыққанына түрлі ұлт өкілдері аң-таң болып, таң­данып, мұны кереметке балап жатыр. Осы арада қазақ биін де осындай тың үлгіде таныстырып жіберсек, тіпті керемет бо­лар еді. Оның үстіне, шетелге шығыс мәдениеті өте таңсық әрі өте қызық дүние. Олар бұл мәдениетке қызығады, үнемі іздестіріп, тыңдап, көріп жүреді екен. Мысалы, өткенде «Жас сахна» театрының музыканттары «Мынау қойылымға келетін секілді, тыңдап көріңізші!» деп бір әуенді тыңдап көруімді өтінді. Әлгі әуеннің бір жарым ми­нуты шаңқобыз, қалған бө­лігін қытайдың эрху деген «мұң­лы инструментімен» сүйе­мел­депті. Мұны қайдан тауып ал­ғанын сұрағанымда, олар ға­лам­тор желісіндегі бір шетел жігітінің парақшасынан алға­нын айтты. Қазақ аспапта­ры­ның үніне тамсанған шетелдіктер секілді, біз де креативке тұн­ған дүние жасауымыз шарт. – Биыл елге оралға­ныңыз­­­ға жиырма жыл уа­қыт болыпты... – Иә, жиырма жыл бұрын келгенімде халқым бірден мені төбесіне көтеріп, алақанында аялап ұстады. Үкімет үйімді де, күйімді де жасап берді. Мұндағы еңбек жолымды бірден Президенттік оркестрде және Астана опера және балет театрында солист әрі балетмейстер қыз­метінен бастап кеттім. Әу баста келгенде кәсіби биші болған­дықтан, тек кәсіби деңгейдегі сахнада жүремін деген талабым бар еді. Той-томалақ тамақ ішетін жерде билемеймін деп уәде бергенмін. Құдайға шүкір, мені сол талап-уәдеме сай етіп, сол биігімнен түсірмей, үнемі сахнадан, экраннан іздеп жүретін халқыма ризашылы­ғымды білдіремін. Өнерімді бағалап жүрген ағайынға алғыс­тан басқа айтарым жоқ. Елге орал­ған бастапқы уақытта еш­теңе де оңай соқпағаны рас, деген­мен атажұртымның ішінде шағын мемлекетім құрылып, өнеріммен қоса, өмірім де ай­шық­тала түсті.

  Сұхбаттасқан

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ