Қытайдан жүк тиелген көлікпен қашып шыққан Адалбек ақын қайда?
Қытайдан жүк тиелген көлікпен қашып шыққан Адалбек ақын қайда?
Аtajurt жобасы қолға алынып, шеттен келген қандастарымыздың арасынан айтары бар азаматтарды іздестіре бастағанымызда ойға ең әуелі оралған жандардың бірі – қазақтың Адалбек Ахмади есімді ақыны. Сонау сындарлы жылдары Қытайдан қашып, Моңғолия арқылы ел шекарасын бұзып кірген ұлтжанды азаматтың атажұртқа жету жолындағы табанды әрекетін әріптестеріміз аңыз қылып айтысатын. Елге оралғаннан кейін Алматыда орнығып, шығармашылығын қолға алып, әдеби ортада айтарлықтай танылған ақынды соңғы жылдары жоғалтып алдық. Сұрастыра келе, Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданындағы Айнабұлақ ауылынан таптық. Өткен жылдың күзінен бері сол жақта тұрып жатыр екен.
Өлеңнен басталған қуғын
– Адалбек аға, кетіп бара жатқаныңызды айтып, мекенжайыңызды беріп кетсеңіз болмас па еді, сабылып ұзақ іздедік қой сізді, – дедік ә дегеннен қалжыңдап. Іздеген себебімізді түсіндіріп, өзі жайлы жазғымыз келетінін айтып едік, қуанып, даусы жадырап сала берді. Ол кісі туралы үзеңгілестерінен естігеніміз, әріптестердің жазғанынан оқығанымыз біршама болғанымен, ақынның талайлы тағдырын өз аузынан естігіміз келді. Бәрін басынан бастап баяндауын өтіндік. – Әкем Бекбақыт, шешем Ырысжанның тұла бойы тұңғышы болғандықтан, атам Мұхамадидің кенжесі атанып, сегіз жасқа дейін сол кісінің тәрбиесінде өстім. Атам «негізгі атажұртымыз Зайсан төңірегіндегі Маңырақ деген кішкене тау еді» деп айта беретіні есімде. Ал Ахмади Мұхамади атамның туған інісі. Үркінді жылдары 27 жасында мерт болыпты. Одан тұяқ жоқ. Сол себепті белгісіз кетпесін деп мені Ахмади көкемнің атына жаздырған, – деп бастады әңгімесін. 1988 жылы орта мектепті бітірген бозбала Шыңжаң университетінің Әлем тілдері факультетіне оқуға түсіпті. Ата-анасы қуанып, той жасап, баласын Жеменейден Шыңжаңға шығарып салады. Өкініштісі, сол қуаныштың соңын ала анасы дүние салған. Тоғыз құрсақ көтерсе де, ауру-сырқауды білдірмеген әйел небәрі отыз жеті жасында опат болыпты. Қаралы хабарды кеш естіген Адалбек Бекбақытұлы шешесіне топырақ сала алмағанына әлі күнге дейін өкінетінін ұқтық. Сол қасіреттен соң бұрындары азды-көп өлең жазып жүрген жігіттің көкірегін анаға деген сағыныш кернеп, ешкімге айтпаған сырын ақ қағазға төгіп, өлеңге шындап бас қойған. Өлең демекші, ақынның Қытай елінің мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің «қара тізіміне» енуіне жазған жырларының бірі себеп болыпты. – Университетте бірге оқыған Ақи Әсейұлы деген ақын жігітті бір күні қытай жігіттері жабыла сабап, басынан тепкілеп өлімші еткен. Осы оқиға балалық шақтағы ұмытыла бастаған бір жайды есіме салып өтті. 10-12 жастағы топ бала ауыл сыртында доп ойнап жүр едік. Бір шұқанақтан бас сүйек тауып алып, доп орнына жабыла теуіп кеттік. Соны көрген Құнияз шал «Балаларым-ай, кім біледі, бұл бір батыр бабамыздың басы шығар? Неге тебесіңдер?» деп қу басты еппен көтеріп алып, қырат басына жерлеп, құран оқыды. Ақи Әсейұлы оқиғасынан соң «Әттең-ай, топталып барып бір ақынның басын тептік пе екенбіз?» деген өкініштен байыздай алмадым. Тепкеніміз Махамбет ақынның басы болып елестей берді. Ақыры, «Бабамның бас сүйегі» деген өлең жаздым. Ол 1989 жылы біздегі «Таң-Шолпан», «Жұлдыз» сияқты Қытайда шығатын «Шұғыла» журналында жарық көрді. Көзі ашық жұрт пікір білдіре бастады. Содан бастап Қытайдың Ән Чән Жүйі (мемлекеттік қауіпсіздік комитеті) мені тексере бастады. Аңдитын болды. Мұндай қуғынды әкем де басынан өткерген. Университеттен шығарған. Соттаған. Бұл арғы беттегі екі қазақтың бірі тартатын тақсірет. Өз ұлтының тағдыры туралы айта бастаған дарынды қазақтың етегінен тартып, өңменінен итеру ежелгі әдет, – деп күрсінді ақын. Адалбек Бекбақытұлының айтуынша, Қазақстан Тәуелсіздік алғанда, Қытайдағы қазақтар, әсіресе, Жеменейдегі қандастарымыз қатты қуаныпты. «Енді атамекенге кетеміз. Жұртпен тең өмір сүреміз» деп той жасаған. Сол үмітпен 1992 жылы атажұртқа жиналған ақынға Қытай Қазақстанға шығатын төлқұжат бермей қойған. «Бабамның бас сүйегі» деп ұлтшыл өлең жазғаны, соған байланысты қуғынға түскені сылтау болған көрінеді. Оның үстіне, кезінде әкесінің сотталғаны, әулетінің Бақтыбай, Жәке билерден тарағаны да себеп болса керек. Өйткені содан біршама уақыт бұрын Қытайда би мен бай атаулының ұрпақтарын түрмеге қамап, шетінен соттату үрдісі белең алған. Қашудан басқа амалы қалмағанын ұққан жас жігіт Зайсан тұсындағы шекарадан түнделетіп өтпекші болғанда тұтылып, сотты бола жаздапты. Әкесінің беделімен аман қалыпты. Көп ұзамай Қытайдың Ән Чән Жүйінде қызмет етіп жүрген танысының бірі: «Сенің аты-жөнің Ән Чән Жүйдің тізіміне түсті, енді Қазақстанға қалайда жет. Әйтпесе, атып тастауы мүмкін» деген астыртын хабар жеткізді. Бұрындары Моңғолия шекарасы арқылы қашпақшы болған Қызырбек Оралұлы деген ақынның атылғанын есіне алған Адалбек Бекбақытұлы қалайда атажұртқа жетуге бекінеді. Ұлының алған бетінен қайтпасын аңғарған әкесі: «Қайда жүрсек те көретініміз бір қаза. Не аман жетерсің, не бір шұқырда қаларсың. Егер сау жетсең, осы топырақта айта алмағанымды, жаза алмағанымды атажұрттағы қандастарға сен жеткізерсің» деп батасын беріпті.Атамекенге бет алу
Атамекенді бетке алған жігерлі жігіттің ұзақ сапары 1995 жылғы 11 тамызда басталады. – Біз өсіп-өнген Жеменейден 500-600 шақырым жерде Шыңгіл деген аудан бар. Шыңгілдің Тайкешкен ауылы Моңғолиямен шектеседі. Осы Тайкешкенге Моңғолия қазақтары сауда жасай келеді. Арғы бетке зат тасиды. Ойым – жан дүниемді түсінетін, мені арғы бетке өзімен бірге ала өтетін адам табу. Сөйтіп жүріп Мұхтар деген саудагер жігітпен таныстым. Мұхтар шекарадан өтуге көмектесе алмаса да, Моңғолия жаққа өткен соң, суретімді жапсырып, жалған төлқұжат жасатып беруге уәде етті. Шекара 15 күн ашық, 15 күн жабық тұрады. Ашық кезінде Тайкешкеннен, Шыңгілден адам іздеймін. Шекара жабылысымен Үрімжіге тайып тұрамын. Көзге түсіп қалуым мүмкін. Милиция деген қаптап жүр. 15 күн Үрімжіде тығылып жатып, Тайкешкенге қайта келемін. Бірде Шыңгілде, бірде Үрімжіде қашып-пысып жүргенде арада төрт ай өтіп кетті. Желтоқсан туды. Шекараның тағы бір кезекті ашылуы кезінде Тайкешкенге келіп, қонақ үйлерді аралап жүр едім, бір бөлмеден домбыраның қоңыр дауысы, оған ілесе қазақша шырқалған ән құлағыма шалынды. Әнге елтіп, есік маңында біраз бөгелдім. Халық әндері. Жүрегім елжіреп, тамағыма өксік кептелді. Көзіме ыстық жас келді. Қазақтың әні жан-жүйемді қозғады. «Кешіріңіздер ағалар, сіздердің дауыстарыңызды естіп, ән тыңдауға еріксіз бұрылдым», – дедім есік қағып, ішке енген соң. Моңғолдан келген 4-5 қазақ жігіті алқа-қотан жайғасыпты. Домбыра шертіп, ән шырқағаны көзіме сондай ыстық көрінді. «Өзің де қазақ көрінесің, інішек, әу дейтінің бар шығар», – деп әнші жігіт біраздан соң домбырасын ұсынды. Мен «Бабамның бас сүйегі» атты өлеңімді оқыдым. Өлеңім кәдімгідей әсер еткен болу керек, қаумаласа тыңдасты. Өлең оқып, ән шырқап дегендей, бірер сағат жақсы отырыс болды, – деп өміріндегі тағдыршешті кеш туралы баяндады. Сол отырыстың соңында Адалбек Бекбақытұлы әнші жігітті оңашалап, жағдайын айтады. Жәрдемдесуін өтінеді. Бірер күн ойланған ол ақыры өзімен бірге әкетуге уәде береді. Межелі түн. Желтоқсанның қақаған аязы. Түнгі сағат үште серіктері Адалбек Ахмадиді мәшиненің жүк бөлігіне жатқызып, үстіне тең-тең жүк тиейді. Қас қылғандай сол күні шекара жабық тұрған. Кері қайтады. Ертеңіне тағы да жүкке көміледі. Бумалардың астындағы азаптан гөрі, тексерсе, ұстап алады екен деген үрей, қорқыныш басым болғанын айтады. Құдайға жалбарынып, ақыры аман-есен Моңғолияға жеткен. Ертеңіне Өлгей қаласына келеді. Сонда тұратын Мұхтар атты танысы Секен Сапар деген атпен төлқұжат дайындап береді. Оны алған соң тағы да бір айдай Өлгейде тығыла жүріп, Қазақстанға өтудің қамын жасайды. Тек қаңтардың 6-сында Алматыға қатынайтын ұшаққа отырғанда ғана көңілі жайланған. Алайда әуе кемесі дәл қозғалар алдында моңғолдың екі милициясы ұшаққа жүгіре кіріп, тура Адалбек Ахмадидің жанына келген. – «Бітті бәрі, – деп ойладым, – енді мыналар мені не осында соттайды, не қайтадан Қытай асырып тастайды. Одан ары Қырғызбек ақын киген кепті мен де киемін». Денемді суық тер жуды. Көкірегімдегі ежелгі мұң ұли жөнелді. Қос милиция құжаттағы суретіме бір, міз бақпай отырған маған бір, жалтақ-жалтақ қарайды. Қуғынға түскенім, аңдуда жүргенім бұл – бір емес. Етім үйренген. Сыр бермеуге тырыстым. Құжаттағы суретімде мұрт бар. Сол мұртымды сапар алдында қырып тастағанмын. Тек оң қабағымда кішкене мең бар еді, құдай қарасқанда сүгіретте болар-болмас сол мең көрінеді. Сақ милициялар сонда ғана жібіді. Атқақтаған жүрегім сонда ғана орнына түсті. Ұшақ жерден көтерілгенде, сілікпем шыға мылжа-мылжа боп шаршағанымды сездім, – дейді ақын.Санда бар, санатта жоқ
Атамекенін аңсап жеткен қазақты Алматы құшақ жая қарсы алады. Алайда әуелі орысша сөйлескен жұртты, айналасындағы самсаған орыс тілінде жазуларды көрген ақын қазақтың астанасына келдім бе, әлде адастым ба деп күдіктене бастайды. Тек Медеуге көтеріліп, Алатаудың қырқасына шыққанда ғана атажұртына адаспай жеткеніне көзі жетіп, көзіне жас алыпты. Орнығатын жер тапқан соң азаматтық алудың қамына кіріседі. Ол үшін тезірек үйленуі қажет екенін түсінеді. Алматы халықшаруашылығы институтында хатшылық қызметте жүрген Жанар есімді қызбен танысып, оған бар шындығын ақтарады. Сүйкімді ару Төлеген Рахымжанов деген ақынның қызы болып шығады. Ақынның жан дүниесін түсінген қыз үйленуге келісімін берді. Сол жылы маусым айында екеуі отау құрып, неке куәлігін алған. Ерлі-зайыпты көп ұзамай қызды болып, Сағыныш деп атын қояды. Неке туралы куәлікте де, Сағыныштың туу туралы куәлігінде де Адалбек Бекбақытұлының аты-жөні «Секен Сапар» деп жазылады. Шын есімін жазу мүмкін емес еді. – Бір күні мен үйде жоқта милициядан адамдар келіп, барлық құжаттарымызды алып кетіпті. Ертеңіне қорқа-қорқа Әуезов аудандық Ішкі істер бөліміне бардым. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің 3-4 жігіті отыр екен. Бастан кешкеннің бәрін ашып айттым. Жалған құжатты алып қалып, өзгесін қайтып берді. Бір апта тексеріп, оны да қолыма ұстатты. Бірақ «қайда жүргеніңді бізге хабарлап тұр» деп ескертті. Олар маған жаманшылық ойлаған жоқ. Тіпті, көмектескісі келді ғой. Келесі 1998 жылы Моңғолдың Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің бір қызметкері жетті соңымнан. Оған да болған жайдың бәрін ашып айттым. Жалған құжат алып беруге жәрдемдескен Мұхтар екенін жасырмадым. Жасырмаған себебім – Мұхаң бұл дүниеден өтіп кеткен болатын. Отбасы Есік қаласында тұрады. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкері моңғол жігіті екен. Екеуміз қытайша сөйлестік. Ол да түсінді мені. «Біз деген дала адамдарымыз. Екі ел ежелден қоян-қолтық араласып, көшіп-қонып жүрген. Қонысы, өрісі, малы бірге болған. Қыз беріп, қыз алысқан. Біз саған еш кінә артпаймыз. Атажұртыңа адал жүрегіңмен жеткен шығарсың. Тек анау жалған төлқұжатты өзімізге қайтар» деп, тіпті өз еркіммен келгеніме рақмет айтып, мен туралы Қазақстан Сыртқы істер министрлігіне нота түсіріп, жөніне кетті. Тиіскен жоқ. Қолымда енді қалған бар құжат: Моңғол Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті қызметкерінің Қазақстан Сыртқы істер министрлігіне түсірген қағаздың көшірмесі. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Алматы қалалық Ішкі істер басқармасының бастығы Т.Қаттаубаевқа жолдаған хаты. Секен Сапар атындағы неке куәлік, қызым Сағыныштың Секенқызы деген Туу туралы куәлігі, Секен Сапардың атына жазылған жалған төлқұжаттың көшірмесі, Моңғолиядан шығарда берілген виза қағазы, Әділет басқармасының Секен Сапар атына берген куәлігі ғана. Одан басқа ештеңе қалмады. Қытайдың өз атыма берген төлқұжатын қорқып өртеп жібергенмін. «Мен сонда кіммін?» деп мұңға батқан, торыққан кездерім көп, – деді бір кездегі шарасыз күндерін еске алып. Қолында құжаты болмаған соң Адалбек Бекбақытұлының азаматтық алу мәселесі қиындаған. Ел қатарлы жұмысқа орналасуы да мұң болыпты. Генерал Ораз Рақышев Қорғаныс министрлігіне аудармашы болып істеуге шақырғанда, кейіннен «Хабар» арнасындағы «Бармысың, бауырым?» бағдарламасында қызмет ету мүмкіндігі туғанда да құжаттың жоқтығы қолбайлау болғанын айтты. Амалсыздан базарға шығып, сауда жасаған. Бетті қарыған аяз бен кенезені кептірген аптапқа қарамай ұзақ жылдар бойы далада тұрып балқарағай сатқан.«Қарашықты» аяқтасам деймін...»
Жоқшылық жанына батып, азаматтық алғанша алшаң басып жүре алмасын түсінген соң 2007 жылы сол кезде «Руханият» партиясына төрағалық ететін Алтыншаш Жағановаға барып, көмек сұрапты. Сол жылдары Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары болған Талғат Мамашев пен Алтыншаш Қайыржанқызы екеуі шекараны бұзып кірген ақынның мәселесін қолға алып, құжатын реттеуге, азаматтық алуына қол ұшын созған. Баспана алуына да көмектесіпті. Содан кейін ғана көңілі жайланған қаламгер өзін Қазақстанның толыққанды азаматы сезініп, еркін тыныстай бастағанын айтады. Шығармашылығына алаңсыз көңіл бөліп, екі кітабын шығарыпты. Алайда Алматыда ақынға лайық жұмыс табылмаған сыңайлы. Бір кездері ұлының тілеуін тілеп, шекараның арғы бетінде қалып қойған әкесі Бекбақыт Мұхамадиұлы мен бірге туған іні-қарындастары 2005 жылы елге көшіп келіпті. Алматыдан алыстаған ақын қазір Зайсандағы қара шаңырақта әкесімен және інісінің отбасымен бірге тұрып жатыр екен. «Әкем, бауырларым, немерелер бар – бәріміз он шақты адамбыз. Інім мен келініме рақмет, жақсы қарап жатыр» дейді Адалбек Ахмади. Өз хәлін білгеннен кейін қағаз-қаламының қуатын сұрадық. «Қарашық» атты поэма жазып жатқанын, биылғы мақсаты соны аяқтау екенін айтты. Әдебиеттегі үзеңгілес достары, өкшесін басқан інілерімен тұрақты байланыста екен. Жиі хабарласып, жағдайын біліп тұратын Қанат Байдоллаұлы, Мұрат Шаймаранұлы, Жәди Шәкенұлы, Жақсылық Қазымұратұлы сынды қаламгер бауырларының есімін атап, достық пейілдеріне разылығын білдірді. Атажұртына жету үшін басын қатерге тіккен ақынды аялай алмаған халқының айыбын жуып-шайып, атпал азаматқа рухани демеу болып жүрген сол санаулы қазаққа біз де іштей алғысымызды айттық. Ұзақ әңгімеміздің соңын «Уайым етеріңіз не, шүкір етеріңіз не?» деген сұрақпен түйіндедік. Біраз кідірді. Күрсінді. Сәлден соң: – Анамның өмірден тым ерте қайтқанын, жас күнімде туған-туыстарымнан жырақтағанымды уайым қыламын. Әкем мен бауырларымның аман жүргенін, немерелердің туған топырақта аунап-қунап жүргеніне шүкір етемін, – деп аяқтады сөзін.