Эйфель мұнарасында еңбек ететін Айсұлу

Эйфель мұнарасында еңбек ететін Айсұлу

Эйфель мұнарасында еңбек ететін Айсұлу
ашық дереккөзі
Әлемдегі ең көрікті нысан саналатын Франциядағы Эйфель мұнарасын өз көзімен көру үшін дүниенің әр шетінен күніне ағылып келетін туристердің санында шек жоқ. Сондай-ақ сапырылысқан сол туристерге жол көрсетіп, жөн сілтеп жүретін мұнара қызметкерлерінің құрамы да айтарлықтай ауқымды. Сол қызметкерлердің қатарында туристерге көмек қолын ұсынып жүрген қазақ қызын байқап қалсаңыз, таңғалмаңыз. Себебі қазіргі таңда Айсұлу Төлек есімді қандасымыз күллі әлем таңырқай қарайтын, құрақ ұша ұмтылатын әйгілі мұнарада қызмет етіп жүр.  – Айсұлу, барлығын қызық­тыратын сұрақ – Франция­ға қалай жолыңыз түсіп жүр? – Күйеуім – Францияның қа­зағы. Осыдан жеті-сегіз жыл бұ­рын өз бетімен қазақ тілін үйреніп алған ол әлеуметтік же­лілерден қазақ тілін жетік біле­тін, біліп қана қоймай, тілін ұш­тау мақсатында жиі әңгімелесіп тұратын адам іздеуге кіріскен. Сөйтіп күннің бір күнінде маған хабарлама жіберіп, қазақ ті­лінде шебер сөйлеуін дамытуға қолқа салды. Сөйтіп Қазақстанға келіп-кетіп жүрді. Келген сайын қазақша кітаптар сатып алып, мен үйреткеннен де бөлек, өзі ізденіп жүретін. Сөйтіп «Сіз-Біз» десіп жүргенде оның қазақ тілін үйреніп алғаны соншалық, бірде Қазақстанға келгенде туыстарымыздың біріне «мұны остановка емес, аялдама деңіз» деп бір күлдіргені бар. – Өзге елде өсіп-өнген жол­дасыңыздың өз тілін үй­ренуге деген бұл құлшыны­сы мен әрекеті кім-кімге бол­са үлгі ретінде ұсынуға тұрар­лық. Сізді де сонысымен баурап алған болар? – Иә, қазақ тілін үйретуге қа­тысты өтінішін білдіргенде сондай тәнті болдым. Шет түгілі, тіпті өз еліміздегі орысша сөйлейтін қазақтардың бойынан мұндай қызығушылықты таппайсыз ғой. Жолдасымның алған бетінен қайтпай, қайсарлық танытып, тілді үйренудің бабын тауып, барын салғанына қатты қызықтым. Содан болар, оны ерекше құрметтеймін. – Өзіңіз Қазақстандағы қай өңірдің тумасысыз? – Негізі мен Моңғолияда дү­ниеге келгенмін. Кейін 4 жасымда отбасыммен Қазақстанға көшіп келдік. Мұнда келгенде Нұр-Сұлтан қаласына тұрақтап, орта білімді де, жоғары білімді де осы жерден алдым.  Ата-анам, ту­ған-туыстарым да қазір сол қа­лада тұрады. – Әлемдегі ең танымал сәулеттік туынды Эйфель мұ­­­нарасына қалай жұмысқа орналастыңыз? – Тұрмысқа шыққаннан кейін бір жылдай жұмыссыз жүр­дім. Оның үстіне француз ті­лін меңгеру қажет болды. Алай­да Нұр-Сұлтанда жүргенде жұмыс істеп, үнемі бірдеңе істеп жүруге етім үйреніп алған мен қол қусырып отырғым келмеді. Оның үстіне күйеуіме де масыл болғым келмей, өзім еңбектенгім келді. Сөйтіп өзге елде қай жерге қажет екенімді ары-бері ойланып, ақыры туристер жүретін орыннан лайықты жұмыс табылып қалар деп ойладым. Сөйттім де Лувр, Эйфель мұнарасы және тағы басқа жерлерге хат жазып, түйіндемемді жібердім. Бұлардың арасынан Эйфель мұнарасының әкімші­лігі бірінші болып жауап қатып, ақырында сұхбатқа шақырылдым. Екі кезеңнен тұратын сынақтан өткен соң, әкімшілік «Сіз бізге қажетсіз, қабілетіңіз  де керек» деп хабарласты. Сөйт­тім де құжаттарымды рәсімдеген соң, бірден жұмысымды бас­тап кеттім. – Сонда мұндағы негізгі міндетіңіз қандай? – Негізгі міндетім – мұнараға келген қонақтарға қызмет көр­сету. Олар қандай да бір қиын­­дыққа тап болса я болмаса тех­никалық ақаулық туындаса ше­шімін табуға тырысу. Қажетті ақ­парат ұсынып, бағыт-бағдар бе­ріп тұрамын. Сонымен қатар, мү­гедек жандарға да көмек қолын созып, білмегенін түсіндіріп бе­ремін. – Мұнараны тамашалауға келгендердің ішінен ара-тұра қазақтарды да кезіктіріп тұратын боларсыз? – Иә, кездестіріп тұрамын. Әлдебіреудің қазақша сөйлеп жатқанын естісем болғаны, төбем көкке жетіп, қасына жетіп барамын да, қазақша сөйлей жөнелемін. Осылайша, мауқымды бір басып, марқайып қаламын. – Франция – Батыс Еуропада қазақтар ең көп шоғырланған мемлекет. Жергілікті қазақтармен қаншалықты жиі бас қосып тұрасыз? – Әр апта сайын. Мұнда ап­та бойы бесікке салу, ұзату, қыр­қынан шығаруға байланысты жиындар, мерейтойлар болып тұрады. Сонымен қатар  адам қайтыс болғанда да қырқын беру, құран оқыту, жұбаныш шайға шақыруды еш ұмыт қал­дырған емес. Жалпы, мұнда екі топ бар: Түркиядан және Қазақстаннан келген қазақтар. Бұлардың басын біріктіріп тұратын екі-үш қауымдастық бар. Жиі жиналып, жиі бас қосып тұрады. Апта сайын қай үйге қонаққа барсақ та, алдымызға қойылатыны қазақтың еті, қа­зақтың басқа да тағамдары. Көп­шілігі «Елдің тамағын сағынған болар­сың» деп сұрап жатады, бірақ мұнда жиі бас қосатынымыз соншалық, тіпті қазақи тағамдарды сағынып та үлгермейсің. Күні кеше ғана енемнің әпкесі хабарласып: «Сорпаны сағынсаң, келе ғой бізге» деп хабарласады. – Қайын жұртыңыз Түркиядан келген қазақтар ма? – Иә, олар Түркиядан 1980 жыл­дардың ортасында көшіп келген. Ол кезде менің жолдасым небәрі үште болған екен. Ал қайын жұртым түрік және қазақ тілдерін араластырып сөйлейді. Алайда ұлыммен тек қазақ тілінде сөйлесе­ді әрі мен жұмысқа кеткенде қарап береді. Сонымен қатар ол кісілер қазақша салт-дәстүрді берік ұстанады. Ата-енемнен бөлек тұрамыз, де­сек те ол кісілер хабарласып: «Ал­да­ғы күні бүйту керек. Дәстүр бойын­ша сөйту керек» деп, салт-дәс­түрді ұмыттырмай, есімізге салып тұрады. – Франциядағы өмір салтыңыз өзіңізге ұнай ма? Алдағы уақытта Қазақстанға оралу ойда жоқ па? – Жалпы, Францияда жүремін деген үш ұйықтасам да түсіме кірмеген. Бұл  елге турист ретінде бір күні келетінім анық екенін білетінмін. Алайда мұнда қазақ азаматымен бірге отау құрып, бірге тұрамын деп мүлде ойламаппын. Сол секілді ертеңгі күні қай жерде тұрақтайтынымды кесіп айта алмаймын. Топырақ бұйырып жатса, елге қайтып барармын. Сондай-ақ, ұлымның да  қазақи ортаға жақын болғанын қалаймын. Оның үстіне, туысқандарымның барлығы елде. Мұнда ешкімім жоқ. Оларды қатты сағынамын. – Мұнараны көру мақсатында мұнда әлемнің түкпір-түк­пірінен ағылып келіп жат­қан туристер саны қанша­ма. Ал күніне мұнараның ішіне сан мәрте кіріп-шығып жүретін сіздің мұның қасына тұрып түскен бірде-бір суретіңіз жоқ екен? Не­ліктен? – Негізінен, мен көзбояушылыққа жаным қас адаммын. Әлдебіреудің «Шіркін-ай, анау мына жерде жүр, мынау ана жерде жүр. Менде барсам ғой!» деген секілді қызығушылығын ту­дыртқанын қаламаймын. Сұраған адамдарға бірді-екілі сурет жіберемін, сұрамағандарға көрсетпеймін. Көпшілік барған жерін түсіріп, елге көрсетіп жүргенді ұнатады ғой. Бір жағынан мұның жақсы қыры да бар. Өзгелер арқылы ел-елді аралап, тамсанып, таңырқауға дап-дайын әрі теп-тегін мотивация. Алайда мен барған жерім мен басқан тауымды көрсетуге қысыламын.

Сұхбаттасқан

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ