Мұнай қымбаттап, доллар әлсірей түседі
Мұнай қымбаттап, доллар әлсірей түседі
Соңғы бірнеше күнде тұрақты өскен Brent маркалы мұнайдың баррелі осы аптада 37 долларға дейін жетуі мүмкін. «Фридом Финанс» АҚ Астана қалалық бөлімшесінің директоры Гүлжанат Сәрсенова осындай болжамымен бөлісті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.
Сарапшының айтуынша, ағымдағы аптада қор нарығы қазақстандық қатысушылар үшін жағымды жаңалықтарға толы болмақ. АҚШ, Еуропа мен Қытай экономикасындағы оң өзгерістер нарықтағы сауда-саттыққа қарқын бермек. Еуроның долларға шаққандағы курсы 1,08 пунктқа дейін төмендемек. 28-ден 35 долларға дейін көтерілген Brent әлі де өсіп, теңгенің курсы нығая түспек. Өткен апта соңында күрт көтерілген қара алтын құны теңгенің долларға шаққандағы курсын төмендеткені белгілі, алдағы бірер күнде осы қарқын сақталып, АҚШ доллары 365 теңгеден тағы да 5-6 теңге төмендеуі ықтимал. Сала мамандарының болжамынша, мұнай бағасы 40 долларға дейін көтерілуі тиіс. Ал ақпан айында ОПЕК мүшелерінің кезекті отырысы өтеді. Шарадан ешкім айтарлықтай жаңалық күтпегенімен, бірқатар оптимистік пікірлер қылаң беруде. Мәселен, Венесуэланың былтырдан бергі мақсаты осы шарада оң шешім табады деп күтілуде. Венесуэла өткен жылдың басынан бастап қара алтын тұрақты арзандай бастағанда картельге мүше мемлекеттер бір ауыздан келісіп, экспорт көлемін барлық елдер 5 пайызға дейін азайту керек деген ұсыныс айтқан болатын. Дегенмен, ұсыныс аяқсыз қалды. Ал, жыл басынан бастап санкциядан шыққан Иранның келуімен ОПЕК мүшелері шын қиындыққа тап бола бастады. Шикізат әлі де арзандай түссе, картельдің бірқатар мүшелері нарықтан шығып қалуы мүмкін дегенді айтқандар да болды. Дегенмен, соңғы бірер аптада керісінше, мұнай бағасы көтеріле бастаған. Дүниежүзілік банктің былтырғы жылдың соңындағы берген болжамында мұнай бағасының 2016 жылғы орташа көрсеткіші 40 доллар шамасында болады делінген. Ал төртінші тоқсанға қарай, аталған көрсеткіш 45-50 доллар аралығында құбылады деп болжанған. Осы қарқынмен, 2017 жылға қарай өсе түсіп, қара алтын 2018 жылға қарай 70-80 долларды маңайлайды деушілер бар. Әрине, нарық болғаннан кейін біріне бірі қайшы болжамдардың болуы заңды. Дегенмен, қазіргі геосаяси жағдайларға көз салатын болсақ, экономиканың тұрақты өсіміне болжам жасауға болады. Ресейдің өткен жылғы айтарлықтай әлсіреуі, нәтижесінде Сирия мәселелерінде АҚШ-пен ортақ ымыраға келе бастауы әлемдік саяси картада біржақты өзгерістерден хабар береді. Десе де, нарықтағы оң өзгерістердің уақытша болуы да ықтимал. Алдағы АҚШ-тың президенттік сайлауы қарсаңында америкалық трансұлттық компанияларының өндірістік көрсеткішінде негативті құбылыстар бола қоюы екіталай.