Талдықорғанда офицерді әскери бөлімдегі әріптесі өлтірген бе?
4 ақпан, 2020 /
Асыл ТҰМАР
Талдықорғанда офицерді әскери бөлімдегі әріптесі өлтірген бе?
Алматы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі Талдықорғанда «офицерді өлтірді» деген күдікпен марқұмның әріптесі ұсталғанын хабарлады.
Ұсталған күдікті – Талдықорған қаласының 38 жастағы тұрғыны,ол да марқұм қызмет еткен әскери бөлімшеде жұмыс істеген.
– Тергеу барысында бірнеше болжам ұсынылды, олардың әрқайсысы мұқият тексерілді. Жәбірленушіге қандай да бір қатысы бар барлық адамнан жауап алынды. Сот-медициналық, баллистикалық, портреттік және тағы басқа тағайындалған бірқатар сараптаманың нәтижелері алынды. Ұсынылған болжамның бірі расталды, полиция қызметкерлері адам өлтіруге негізделген күдіктінің жеке басын анықтады. Жәбірленушімен қызметтес болған күдікті ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деді Талдықорған қаласының полиция басшысы Асқар Нұрсапа.
Еске салайық, 24 желтоқсанда кешкі уақытта Қаратал ықшамауданында оқ тиіп, қайтыс болған ер адамның мәйіті табылған. 36 жастағы ер адам Талдықорғанға жақын маңда орналасқан әскери бөлімдердің бірінде қызмет еткен.