Тегеран әлемде іскерлік қатынас орнатуға мүдделі

Тегеран әлемде іскерлік қатынас орнатуға мүдделі

Тегеран әлемде іскерлік қатынас орнатуға мүдделі
ашық дереккөзі
Мешін жылы парсы елі үшін жақсы жаңалықтармен басталды десе болады. 2015 жылдың 15 шілдесінде Иран мен «алтылық» елдері арасында Тегеранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөз аяқталып, тараптар келісімге келген-ді. Ол келісім бойынша Иран мемлекеті өз аумағындағы ядролық нысандарға МАГАТЭ-нің (Халықаралық атом энергиясы агенттігі) тексерушілерін жіберуге, ал Батыс елдері Иранға салынған санкцияларды біртіндеп алып тастауға міндеттелген болатын. 2016 жылы, 16 қаңтарда МАГАТЭ Иран үкіметі ядролық бағдарламасына қатысты мойнына алған халықаралық міндеттемелерді орындағаны туралы хабарлады. Бұл – БҰҰ, АҚШ және Еуропа Одағы елдерінің Иранға салған санкцияларының күшін тоқтатты деген сөз. Содан 6 күн өткенде Жапония да Иранға салған санкциясының күшін жойды. Енді Иран мемлекеті халықаралық аренада күшейе түсетіні сөзсіз. Басқалар дағдарыстың қыспағында қалып, экономикалық қиындыққа ұшырап жатқанда санкциядан құтылған парсы елінің қазынасына құйылатын қаржылар қомақты болып тұр, яғни бұрын саяси жағдайларға байланысты бұғатталып қалған қаржылар Иранға қайтарылатыны белгілі болды. Елдің  орталық банкі басшысы Валиолах Сейф санкциялар алынып тасталған соң Иранның 32 млрд. доллар активтерін қайтарып алатыны жайында мәлімдеме жасады. Бұдан бұрын Иран мемлекеттік телеарнасы «санкциялар кесірінен шетелдерде «тұтқында жатқан» қаржының 28 миллиард доллары 19 қаңтар күні елдің орталық банкіне түседі» деп хабарлаған. Ал В.Сейфтің айтуынша «әлгі қаржыдан бөлек  4 миллиард доллар мемлекет қазынасына берілмек» екен. Қалай дегенде де Азияның алпауыт мемлекеттерінің бірі әлем нарығында алдыңғы орындардың бірін иеленуге ұмтылатыны анық. Өйткені санкциядан босай салысымен Иран басшылығы елдің халықаралық сауда қатынастарына басымдық беріп, осы жолда белсенді қимыл жасап жатқанына әлем куә. Соңғы 20 жылда алғаш рет Италияға сапар жасаған Иран елі басшылығы екі ел арасындағы іскерлік қарым-қатынас мәселесінде жақсы табысқа жетті десе болады. Иран президенті Хассан Роухани мен Италия премьер-министрі Маттео Ренци кездесуінен соң еларалық келісімдер нәтижесінде құны 17 млрд. долларлық іскерлік келісімдерге қол қойылғаны мәлім болды. Бұл – санкциядан құтылған Иранның өзіне шетел инвестициясын тартуды өте қарқынды жүргізіп жатқанының айқын көрінісі. Іскерлік қарым-қатынас саласын күшейту үшін Иран тарапы әлемнің ірі державаларымен істес болуға ұмтылатыны сөзсіз. Рейтерс (Reuters) агенттігінің хабарлауынша, Иран өзінің коммерциялық әуе тасымалын жаңалау үшін АҚШ-тың ұшақ құрастыру компаниясынан жүзден аса жолаушылар ұшағын сатып алуға дайындалып жатқан көрінеді. Ендігі бір мәселе, санкциядан құтылып, әлемдік нарыққа жол алған Иранның әлемдік мұнай-газ саласына ететін ықпал-әсері жайында. Бұл жағынан алғанда мұнай қоры көп және мұнайын арзанға сата алатын Иранның экономикалық әлеуеті – осы салада экспортер болып отырған елдерді шығынға ұшыратуы мүмкін... Сарапшылардың пікірінше, Иранның санкциядан босауы – Ұлы Жібек жолын тірілтіп, бұл жағдай Орталық Азия елдерінің тынысын кеңітеді. Яғни, жүздеген жылдар бойы Иран мен Орталық Азияның үстінен өтетін Ұлы Жібек жолы тіріліп, Иран – Ресей мен Қытайдан кейінгі, үшінші сауда жолына айналуы тиіс. КСРО құлағанша Орта Азиядағы бүгінгі бес тәуелсіз мемлекеттің Ресей арқылы тауар тасымалдайтын бір ғана сауда жолы болды және бұл жаңа ғасырдың алғашқы бес жылдығына дейін маңызды орын иелеп тұрды. Иранға алғашқы рет Каспий теңізімен Түркіменстан арқылы сауда-саттық жасалып, Иранның қаржысымен салынған құбырдан Түркіменстан газы экспортталды. Иранға жол жаңа ашылуы – Орта Азия елдері үшін экспортқа да, импортқа да жаңа серпін беруі мүмкін. Сарапшылар айтқандай, Иранның әлем саудасына қайта енуінің Орталық Азия елдері үшін пайдасы зор, өйткені бұл – ғаламдық нарыққа ашық теңіз арқылы (Парсы шығанағы арқылы) шығатын жол болмақ. Әрі бұл жол Ресей мен Қытай нарығына да жаңа бағыт ашады. Солай да болса Ұлы Жібек жолы сорабымен сауда-экономикалық бағытындағы ежелгі жолды қайта жаңғырту үшін кемінде он жыл уақыт керек екен, бірақ экономикасы жай дамып жатқан Орта Азия елдері үшін бұл мерзім – ұзақ күттіретін меже. Қайткенде де Иранға ашылған бағыт бір елдер үшін қиындық тудырса, екінші бір елдер үшін экономикалық пайдасын тигізетін жол болмақ. Бұл орайда Каспий теңізі арқылы транзиттік кеме жолымен пайда көретін Ресей мен Әзірбайжан пайдадан қағылуы мүмкін болса, Иранмен шекаралас Түркіменстанға көп пайда әкелуі мүмкін. Сол сияқты Қазақстан да бұл бағыттан пайда көруі әбден мүмкін. Қазірде іске қосылған Қазақстан-Түркіменстан-Иран теміржолы болашақта кеңейе түсіп, оған мүдделі елдердің игілігі үшін қызмет ететіні сөзсіз.  

Ахмет ӨМІРЗАҚ