Соңғы 5 айда ЭКСПО құрылысына 243 отандық кәсіпорын тартылған
Соңғы 5 айда ЭКСПО құрылысына 243 отандық кәсіпорын тартылған
Елбасы Н.Назарбаев «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ басқармасының төрағасы Ахметжан Есімовті қабылдады. А.Есімов кездесу барысында Мемлекет басшысына Астанада өтетін халықаралық көрмеге дайындық барысы туралы баяндады. Нұрсұлтан Назарбаев «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу шеңберінде таяу жылдары алда ауқымды жұмыстар тұрғанына тоқталды.
Атап айтқанда, көрмеге қатысушылардың түпкілікті құрамын анықтап, Қазақстанның павильоны мен өзге елдердің нысандарын мазмұндық тұрғыдан толықтыру қажет. Сондай-ақ іс-шараны өткізуге және қонақтар қабылдауға елорда инфрақұрылымының әзірлігін қамтамасыз ету керек. Өзге де маңызды міндеттер қатарында сапалы мәдени бағдарлама әзірлеу, еріктілерді тарту, сонымен бірге көрме аумағын кейіннен халықаралық қаржы орталығы ретінде пайдалану мәселелері бар.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Дүние жүзінің назары бізде. Көрмеге 70 ел қатысатын болды. «ЭКСПО-2017-ні» ойдағыдай өткізу үшін арнайы тапсырмалар берілген болатын. Біріншіден, көрмеге келетін адамдарды анықтап алу керек. Екіншіден, көрменің ішін толықтыру мәселесіне көңіл аударуға тиіспіз. Үшіншіден, сырттан келетін шетелдіктерді қалай қарсы алу керектігін шешу мәселесі тұр. Осының барлығы қаншалықты дайын? Ең бастысы, қазақ халқының мәдениетін, ұлттық құндылықтарын көрсетуге тиіспіз. Ал жастар волонтер ретінде ат салысып, келген меймандардан өзара тәжірбие алмасуы қажет. Көрмеге келетіндердің 80-пайызы қазақстандықтар екені мәлім. Осының барлығын басшылыққа алу керек», ̶ деді.
Бұған қоса Мемлекет басшысы ЭКСПО-ға бөлінген қаражаттың қысқартылуына тоқталып, жоба құрылысына отандық компаниялардың өнімдерін қолдану мәселесін сөз етті. Кездесу барысында А.Есімов бүгінге дейін 70 шет мемлекет көрмеге қатысатынын растағанын, соның 35-і – дамыған елдер екендігін айтты. Оның айтуынша, көрмеге ірі трансұлттық компаниялар да қызығушылық танытуда. Жалпы келуші мемлекеттер санын 100-ге жеткізу көзделуде. Сондай-ақ, «Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, ұлттық компания көрмені өткізу шығындарын тағы 53 миллиард теңгеге қысқартты», – дейді көрменің басқарма төрағасы. Осылайша, бұрын жасалған қысқартуларды ескергенде, шығыстарды оңтайландыру көлемі жалпы 131 миллиард теңге болмақ. Бұған дейін топ-менеджерлер саны 15-тен 6-ға қысқарған болса, қазіргі кезеңде штат кестесін 12 пайызға оңтайландыру жоспарланған.
Сонымен қатар, А.Есімов «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу ісін әрі қарай ілгерілету мақсатында Давос қаласындағы (Швейцария) Дүниежүзілік экономикалық форумда ақпараттық науқан жүргізілгенін атап өтті. Көрме өткеннен кейін бұл аумақта БҰҰ қолдауымен Халықаралық жасыл технологияларды және инвестициялық жобаларды дамыту орталығын құру көзделуде. Елбасының былтыр БҰҰ Бас ассамблеясы отырысында жариялаған бұл ұсынысы қазірдің өзінде өзге елдер тарапынан қолдау тапқандығын айта кеткен жөн. Өз сөзінде А. Есімов көрме нысандарын құрылыс материалдарымен қамтамасыз ету ісіне 230-дан аса қазақстандық кәсіпорын тартылып, жалпы құны 77 миллиард теңгенің қызметі мен тауарын жеткізу жөнінде шарттар жасалғанына назар аударды. Соның 30 миллиард теңгесі Астанада жұмыс істейтін компанияларға тиесілі. Айта кетерлігі, соңғы 5 айда ЭКСПО құрылысына 243 отандық кәсіпорын тартылып, олар 32,3 млрд теңгенің тапсырысын алған. Алда тағы 11 млрд. теңгеге қызметтер көрсетіледі деп жоспарланып отыр. Осылайша, ЭКСПО дағдарыс уақытында жаңа жұмыс орындарын ашып, қазіргі жұмыс орындарын сақтауға мүмкіндік беретін мемлекеттік жобалардың бірі болуда. А.Есімов көрме нысандарын салу жұмысы жоспарлы мерзімге сәйкес жүріп жатқанын айтты. Биыл құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарланған, содан кейін көрме нысандарын мазмұндық тұрғыдан толықтыру ісі басталады. Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырма берді.
Бұдан кейін көрмеге қатысты белгілі болған тағы бір ақпаратқа сүйенсек, Ахметжан Есімов арнайы қоғамдық кеңес құрған. Оның құрамына қоғам қайраткерлері мен бірнеше министрлік өкілдері кірмек. Кеңес құрудағы басты мақсаты – ЭКСПО-ға қатысты ақпараттар үзіліссіз беріліп, көрме төңірегіндегі мәселелер ашық талқыға салынбақ. Ал төраға міндетін Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов атқарады. «Қазір мен ең алдымен қоғамдық кеңестің төрағасын сайлап алуды ұсынамын. Одан кейін сіздердің тараптарыңыздан сауал туындайтын болса, мен бірден жауап беруге дайынмын», - деген «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов. Сөйтіп, алдағы уақытта 2017 жылдың басты жобасына қатысты көтерілген мәселелердің жауабын кеңес мүшелері бермек.
Еркежан ЖҰМАТАЙ
Астана қаласы