Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусты жеңуге болатынын айтты

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусты жеңуге болатынын айтты

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусты жеңуге болатынын айтты
ашық дереккөзі
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан шыққан жаңа коронавирусты жеңуге болатынын айтты. Сарапшылардың пікірінше, жаһан жұрты бұл дертті анықтауды және жұқтырған адамдарды дұрыс оқшаулауды үйренуі керек. – Жұқтырушыларды оқшаулау дерттің кең таралуының алдын алады, жайылуына жол бермейді. ДДҰ Қытай билігіне аурудың ошағын анықтауға және науқастарды оқшаулау үшін халықаралық әуежайлар мен порттарда тексеруді күшейтуге кеңес береміз, – дейді ДДҰ бас директоры Teдрос Адхан Гебрейсус. Бұл орайда, вирус туралы жалған ақпаратпен күресу маңызы зор екені айтылды. 2019 жылғы желтоқсан айының аяғында Қытайдың Ухань қаласында белгісіз пневмония анықталды. Мамандар ауруды қоздырғыш – коронавирустың жаңа түрі 2019-nCoV екенін белгіледі. Індет Қытайдан асып, Гонконг, Макао, Тайвань, Тайланд, Жапония, Оңтүстік Корея, АҚШ, Канада, Вьетнам, Сингапур, Непал, Франция, Австралия, Малайзия, Германия және Финляндия аумағына дейін жетті. Мамандар аурудың негізгі белгілері ретінде: науқастың тыныс алуы қиындап, өзін үнемі шаршаңқы сезінуі, сондай-ақ, дене қызуы көтеріліп, жөтел, тамағы ауруын атап көрсетті. Коронавирустық пневмонияны емдеу кезінде антибиотиктерді қолдануға болмайды. Әзірге жаңа коронавирусқа қарсы қолданылатын арнайы дәрі-дәрмек жоқ. Коронавирусты кез-келген жастағы адам жұқтыруы мүмкін, бірақ балалар мен 65 жастан асқандар, сондай-ақ иммундық жүйесі әлсіз адамдарда аурудың асқыну қаупі бар, – дейді дәрігерлер. Сарапшылар қол ұстасып амандасудан, маңдайдан сүюден бас тартуға кеңес береді. Сондай-ақ, қол мен бетті үнемі таза ұстау керек – зарарсыздандырғыш заттарды қолданыңыз, тамақтанар алдында, жұмыста қолыңызды жуыңыз, компьютердің пернетақтасын, смартфон экранын, қашықтан басқаруға арналған пультты, есіктің тұтқалары мен жақтауларды үнемі сүртіп отырыңыз.