Жаңалықтар

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі әйелдерге арналған гендерлік ипотека енгізбекші

ашық дереккөзі

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі әйелдерге арналған гендерлік ипотека енгізбекші

Биыл Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Орталық Азиядағы тұңғыш әйелдерге арналған гендерлік ипотеканы енгізгелі отыр. Несиеге берілетін 38 млрд теңгені Азия даму банкі ұсынады. Мөлшерлеме көлемі 12 пайыз болады деп жоспарланған. Бүгінде жалпы 512 мың адам үй алу үшін кезекте тұр және оның 200 мыңнан астамы халықтың әлеуметтік әлсіз тобына жатады. Әлбетте, бұл – тек ресми дерек. Баспанасыз жүрген бейресми тізімдегілер қанша екені беймәлім.  aikyn.kz сайты Қазақстанда үй алуға мүмкіндік беретін бағдарламаларға шолу жасаған екен, қажетіңізге жарап қалар деген ниетпен ұсынып отырмыз. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы 5 негізгі бағытты қамтиды. Бірінші – сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй салу, екінші – кредиттік тұрғын үй құрылысы, үшінші – жеке тұрғын үй құрылысы, төртінші – жеке құрылыс салушылардың тұр­ғын үй құрылысын ынталандыру және бесін­ші – квазимемлекеттік сектор субъектілерін тарта отырып, тұрғын үй салу. Бағдарламаның ал­ғашқы жылында ел аумағында 23,7 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Бұл іске 1,9 трлн теңге инвестиция тартылды. Осы­лайша, 213 мыңнан астам азамат баспаналы болды. «Әскери өнім» – тұрғын үйді сатып алу үшін тұрғын үй төлемдерін пайдалана отырып, әскери қызметкерлерге жеңілдігі бар несие береді. «Бақытты отбасы» – көпбалалы отбасыларға арналған, оның қатысушылары тұрғын үй сатып алу үшін ең төменгі мөл­шерлемемен несиеге қол жеткізеді. Әлеуметтік «7-20-25» бағдарламасы арқылы жеке пәтер рәсімдеушілер саны да артып келе жатыр. Айта кету керек, биыл Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Орталық Азиядағы тұңғыш әйелдерге арналған гендерлік ипотеканы енгізгелі отыр. Несиеге берілетін 38 млрд теңгені Азия даму банкі ұсынады. Мөлшерлеме көлемі 12 пайыз болады деп жоспарланған. Сонымен қатар Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, «5-20-25» бағ­дарламасы 2016 жылдың желтоқсан айынан бері халыққа қыз­мет көрсетеді екен. Осыған дейін банк тара­пынан 150 млрд теңгеге 19 800 қарыз берілген. «Баспана хит» арқылы да үйге қол жеткізуге мүмкіндік бар. «Баспана хитпен» меншігіңізде пәтер бола тұра жаңа үйге де, бұрын салынған тұрғын үйге де ипотека алуға бо­лады. «Баспана хиттің» жалғыз ғана шектеуі – өтел­меген басқа ипотекалық кредитіңіз бол­мауы тиіс. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жаңа «Әскери баспана» бағдарламасы биылғы жылдың наурыз-сәуір айларында басталады. Үкіметтен тұрғын үй төлемін алатын әскерилер ғана ипотека рәсімдей алады. Наурыз айынан бастап Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі қазақстандық ата-аналарға «Арнау» деп аталатын жаңартылған балалар депозитін ұсынады. Бұл бағдарламамен 2 пайыз жылдық мөлшерлемемен қарыз рәсімдеуге болады. Алайда ата-аналар сатып алынатын үй құнының 50 пайызын 10 жыл бойы жинауы шарт. Ал Қазақстанның ипотекалық компаниясы ұсынған «Орда» бағдарламасы жаңа және ескі үйлерден пәтер алуға мүмкіндік береді. Табыс көзін толықтай растаған жағдайда 12 пайыз, ал жартылай растағанда 14 пайыз жылдық мөлшерлемемен қарыз рәсімдеуге болады. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің «Өз үйім» бағдарламасымен қарыз рәсімдеу үшін салымшының шотында кем дегенде 500 мың теңге болуы тиіс. Қарызды өтеу мерзімі таңдап алынған қарыз түріне байланысты 6 айдан 25 жылға дейін созылады. Бағдарлама жаңа үйлерден пәтер сатып алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ құрылыс барысында үлескерлік әдіспен үй сатып алуға болады. Әрине, қай банкті немесе бағдарламаны таңдау өз еркіңізде болса керек!