Жаңалықтар

Әулет тартқан нәубет

ашық дереккөзі

Әулет тартқан нәубет

Белгілі қайраткер, оқымысты, қазақ меце­на­ты Есенқұл Маманұлы (1880-1932) өз зама­нының көзі ашық, ұлттық рухы биік өкілі.  Есен­құл – Алаш ұранды асыл идея­­ны бағыт ет­кен, ұлт-азаттық қозғалы­сын қол­даған азамат. Алаш мұраты жолында мек­теп ашып, ұлтты тәрбиелеу, оқыған аза­мат­тар­ды қалыптастыру ісінде қай­рат­кер­лік, аза­маттық болмысымен ерекшеленген жұрт жақ­сысы. Бірінші жаһан соғысына қа­ты­сып, жеңіліс тапқан орыс патшалығы империя құрамындағы бұратана халықтарға қосымша со­ғыс салығын төлеу заңын енгізеді. Ор­талық биліктің тапсырмасын шұ­ғыл орындау үшін Қапал уезінің бас­шысы төтенше сиез өткізіп, бо­лыс­тар мен ауылнайларды шақы­рады. Құрылтайға болыс, старшын, ауылнай, билермен қатар ірі бай­лар­ды да шақырған екен. Ақ пат­ша­ның бұйрығын бұлжытпай орын­дауға құрылтай мүшелері келісіп, уәде беріпті. Сиездің орта тұсында Есен­құл Маманұлы өзінің азамат­тық пікірін ашық білдіріпті. «Жаһан соғысы үшін қаржы беруге үзілді ке­сілді қарсымын. Өйткені бірін­ші­ден, соғыс үшін қаржы беру өз қо­лы­мызбен адам өлтірумен тең. Екіншіден, біз берген ақшаны ел игілігіне емес, басқа бір елдің адам­дарын өлтіру үшін жұмсайды. Пат­шалықтың қарсыласы болған ел біздің бауырлас, туыс еліміз еді. Түрік­термен бір атадан туысатын елміз, қалай ғана бауырыңа қол кө­теруге болады?  Ақ патшаның жар­лы­ғына құлдық ұрып, ант берген рай­ларыңнан тез қайтыңдар, мұ­сылман қауымы» деген екен деседі. Есен­құлдай беделді азаматтың сөзі­нен соң, жиынға қатысып отырған де­легаттар сиездің аяқталғанын күт­пей, жан-жаққа тарап кетіпті. Есен­құлдың сөзінен секем алған уезд бастығы Верныйдағы губерна­тор­ға хабар беріп, болған жағдайды тегіс баяндап береді. Верныйдағы губернатор кеңсесі: «Патша үкіме­ті­нің жарғысына мойын­сұн­баған бүлікшіл Есенқұл Маманов билікке қарсы жүргізген саяси әрекеті үшін  атылсын!» деген жедел телеграмма салыпты. Жан­дар­мерия Есенқұл қажының үсті­нен қылмыстық іс қозғап, сиезге қатысқан делегат­тар­мен жеке-жеке тергеу жұмыстарын жүргізіп, куәгер іздейді. Қызылдар салтанат құрған ме­зеттен соң, апайтөс бай тағ­дыр­дың тауқыметін тартып, ай­да­лып кеткен...

***

Есенқұлдың анасы – Же­тісу­дағы атақты жалайыр Жәл­мен­де бидің қызы Жаңғақ ана. Есенқұл ХХ ғасыр басындағы қа­зақ қоғамында болған сая­си-әлеуметтік қозғалыстардың бе­лор­тасында жүрген қазақтың оқы­ған азаматы. Әлихан Бөкейхан, Мұ­ха­меджан Сералин, Ахмет Байтұр­­­сынұлы, Міржақып Дулатұлы сын­ды қазақтың көшін алға сүй­ре­ген ұлт қайраткерлерімен қоян-қол­тық араласып, қазақтың бола­ша­ғына алаңдап отырған, Алаш қайраткерлерін қай жағынан болса да қолдап отырған ардақтысы еді. Есенқұлдың тарихта атын шы­ғарған қайырлы ісі – 1914 жылы қазақ жазушыларына ар­нап тұңғыш рет роман бәйгесін жа­риялауы. «1913 жылдың декабрь жұл­дызында, бір жұманың ішінде бірі – 5 жасар, бірі – 2 жасар Әнуар­бек пен Ниязбек есімді екі балам дүниеден қайтты. Мен сол сүйікті балаларымның көзіндей көрерлік бір кітаптың шығуын тілеймін. Со­ның үшін осы жылғы ноябрь ба­сы­на шейін таза қазақ тілінде және та­за қазақ тұрмысынан роман жазу­­­шылардың бәйгесіне 2 000 сом ақ­ша тігемін. Жазушылар бірнеше кісі болса, олардың жазғандарын өзім белгілеген 3-4 кісілік бір ко­мис­сияның сынына беремін. Бәйге сол комиссия жақсы деп ұнатқан роман иесіне беріледі» деген («Қа­зақ» газеті №52, 1914 жыл, 28 фев­раль). Қазақ әдебиетінде қылаң бер­ген бұл тосын құбылысты қазақ­тың зиялы қауымы терең түсініп, ерек­ше бағалаған. Сөзіміз дәлелді болу үшін бірер мысал келтірейік: «...Әзір­ге қазақ байлары сайлау та­ла­сына барлық дәулетін жұмсап, ше­ке қызбайға кірісіп, ит пен құсқа жем болып жатқан бір заманда Есен­құлдың байдың өзінің қата­ры­нан асып, үлгілі жұрттарға лайық іс істеп жатқаны оның қараңғы түн­нің ішінде қалың жұлдыз арасында жар­қыраған жарық Айға ұқсап тұр­ғандығын көрсетеді» («Айқап»), «Ко­пальские богачи, киргизы Турус­бековы, назначили премию в 2 000 руб. За хороший роман на киргизс­ком языке. На соискание премии обья­вилось 9 кандидатов, напи­сав­ших 9 романов. Летом текущего года известной Куяндинской яр­мар­ке жюри из образованных Кир­гиз Семипалатинской области будут рас­смотрены рукописи романов. Этого совещания в степи ждут бо­льшим интересом» («Уральский лис­ток», №112, 10 июнь, 1915 г.). Тұңғыш роман байқауынан жеңіске жетіп, әдеби жүл­де­ге Сұлтанмахмұт Торайғырдың «Қа­мар сұлуы» мен Тайыр Жомар­т­бай­дың «Қыз көрелік» романы ие бол­­ған. Жүлде қоры 2 мың сом бол­­­ған. Кейбір деректе 200 сом деп қа­­те көрсетілген. Ақиқаты – 2 мың сом ақша. Ол қазіргі ақша жүйе­сі­мен есептегенде 33 миллион тең­ге­нің шамасында екен. 1928-1930 жылдар аралығы қазақ еліне үлкен қауіп төндірді. Бұл –сталиндік қандықол реп­рес­сия­ның бастауы. Бұл – қолдан жа­сал­ған ашаршылықтың басы болған тауқыметті жыл. Пұшық адамның мұрнындай қысқа болған қайырымды жылдардың арты қайғы-қасіретке ай­налып, Маман қажы әулетінің шаңырағы шайқалып, ұрпағы бор­дай тозып, босып кетуіне не себеп бол­ған? Басты себеп – Маман ұр­пақ­тарының «Алашорда» басшы­лары­мен байланыста болып, оларға жәрдемдескені. Оларға тағылған айып – газет беттеріне олардың көр­сеткен көмектері жайындағы ма­­қалалар. Бірақ бұның бәрін ұйым­­дастырған қазақ арасындағы шолақбелсенділер екенін қолымыз­дағы тарихи құжаттар айғақтап отыр. 1926 жылға дейін Маман ұрпақ­тары 45 түтін болған екен. Қазіргі таңда Маман ұрпақтарының саны 20 түтінге жуық. 1928 жылдың та­мы­зында большевиктер Есенқұлды тұтқынға алып, сегіз ай тергейді. Байлығынан басқа ешбір қылмысы бол­мағандықтан оны үш жылға Орын­борға жер аудартады. Есенқұл 1932 жылы Орынборда айдауда жү­ріп қайтыс болған. Мұрағатта сақ­тал­ған құжаттардан дерек келті­рейік. «Тұрысбеков Тәңірберген – Бүйен-Ақсу ауылы №12 ауыл кеңе­сінің тұрғыны, 56 жаста. Отбасы 27 жан, ірі қара айналдырғанда 217 бас малы болып, оның 192 басы кән­пес­келенген. 1 ағаш үй, 2 кірпіш үй, 3 киіз үй, 1 бау-бақша, 4 ертоқым, 1 кү­міс тайтұяқ, 1 қомша, 1 ширмен тәр­кіленген. Тәңірберген түрмеге қа­малып, әулетінен 26 жан Орал окру­гіне жер аударылған. Бидахмет Сейітбатталұлы – Бүйен-Ақсу ауылы №10 ауыл кеңе­сінің тұрғыны, 26 жаста. От­ба­сы 3 жан, ірі қараға айнал­дыр­ған­да 336 бас малы болып, оның  290 кән­­пескеленген. Сонымен бірге 2 үй, 2 киіз үй, 1 бау-бақша тартып алын­ған. Сейдахмет Сейітбатталұлы – Бүйен-Арасанның №10 ауыл тұр­ғыны, 43 жаста. Отбасы 5 жан. Ірі қараға айналдырғанда 770 бас ма­лы болып, оның 502 бас малы,  1 ағаш үйі, 1 кірпіш үй, 2 киіз үй,  2 кү­міс ер, 1 қомша тәркіленген. Өзі түр­меге қамалып, ұрпағы Оралға жер аударылған. Маманов Қожахмет – Бүйен-қояндының №5 ауылының тұр­ғыны, 52 жаста. Отбасы 12 жан. 425 бас малының 171 бас малы және 1 үй, 1 киіз үй, 2 күміс ер, 2 қомша, 2 кі­лем тәркіленген. Өзі түрмеге қа­ма­лып, отбасы Оралға жер ауда­рыл­ған. Маманов Есенқұл – Бүйен-қоянды болысының №5 ауы­лының тұрғыны. 48 жаста. От­басы 15 жан. 815 ірі қара малының 389 басы және 3 күміс ер, 1 күміс бел­беу, 1 күміс тайтұяқ, 2 бау-бақша, 2 ағаш үй, 2 киіз үй, 1 кірпіш үй, 1 ш­а­пан тәркіленіп, отбасы Оралға жер аударылған. Тұрысбеков Айтмұхамбет – Бүйен-Ақсу ауылы №10 ауыл­дың тұрғыны жасы 35-те. Екі әйелі, 10 баласы бар. Семьясы 19 жан. Революцияға дейін 300 жылқы, 2 200 қой-ешкі, 100 сиыр, 25 түйе, 3 000 сомдық сауда капиталы, жайы­лым жері болған. Кәнпеске кезінде 146 жылқы, 709 қой-ешкі, 8 сиыр, 10 түйесі болған. Кәнпескеге 276 ірі қа­расы, 1 киіз үй, 3 күмістелген ер-то­қым, 3 сырмақ, ½ десятина бау-бақ­ша. 1928 жылдың 28 тамызында от­басы Оралға жер аударылған. Өзі түр­меге қамауға алынған». Сонымен, мұрағат құжат­та­ры­ның (Ф.р – 135, оп – 1, д – 66, лл. – 9-11) мәліметінше, Же­тісу­дағы атаман Анненковтың жен­деттері Алашорданың белсендісі бол­ған атақты Маманұлдарының ал­тауын «қауіпті жат элемент» ре­тінде N статьясымен тұтқынға алып, 1 720 ірі қара малын, тағы бас­қа заттай-тұрмыстық мүліктерін тәр­кілеген. Дәулетті әулеттің ұрпақ­тары­нан тағдырдың әртүрлі сы­ны­нан аман қалып, жазықсыз жапа шеге жүріп, рухтары сынбай ғылым­ның биігіне көтерілген  Халида Есен­құлқызы Маманова (1918-1977) – медицина ғылымының док­торы, Ыбырайым Есенқұлұлы Ма­манов (1907-1991) –филология ғы­лымының кандидаты, Адай  Есен­құлұлы (1925-2007) филология ғы­лымының кандидаты болып, ҚазҰУ мен Ақтөбе мединститутында, Ұлттық ғылым академиясында қыз­мет атқарғанын білеміз. Маман әулетінің көбі ашаршылық, соғыс жылдарында қаза тапқан. Әулет тартқан нәубет осылай болған екен. Биыл жұрт жақсысы Есен­құл­дың туғанына – 140 жыл, ал әкесі заманында «Байқажы» атанған аруақты баба Маман Қалқабайұлы­ның туғанына  200 жыл екен.

Елдос НҮСІПҰЛЫ