Желіде коронавирус жайлы жалған ақпарат таратқан екі азаматтың үстінен қылмыстық іс қозғалды
Желіде коронавирус жайлы жалған ақпарат таратқан екі азаматтың үстінен қылмыстық іс қозғалды
Қапшағайда жедел-жәрдем қызметінің көлік жүргізушілері коронавирус жайлы жалған ақпарат таратқан. Қазір екі азаматтың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметі хабарлады.
29 қаңтар күні WhatsАpp желісі арқылы екі адамның коронавирус індетін жұқтырды деген күдікпен түскендігі жөнінде ақпарат тараған. Құзырлы орган ақпаратты тексергенде бұл хабарламаның жалған екені анықталған.
«Жедел-іздестіру барысында екі күдікті ұсталды. Олар Қапшағай қаласының полиция бөлімшесіне жеткізілді. Екеуі де жергілікті ауруханадағы жедел-жәрдемнің көлік жүргізушісі болып жұмыс істейді. Екі ер азаматқа жалған ақпарат таратуына не түрткі болғаны тергеу барысында анықталады», - деп мәлімдеді аталған ведомствоның баспасөз қызметі.
Қазір екі күдікті жалған ақпарат таратқаны үшін ҚР ҚК 274-бабының 1-тармағына сәйкес заң алдында жауапқа тартылады. Істі Қапшағай қаласының тергеушілері жүргізіп жатыр. Тергеу барысында ұсталған күдіктілер арнайы қолхатпен жіберілген.