Дүрбелең туғызған дүмпу

Дүрбелең туғызған дүмпу

Дүрбелең туғызған дүмпу
ашық дереккөзі
Өткен жұмада Түркияның шығысындағы жұрт қара жамылды. Элязыг елді мекенінде 6,8 балдық жер сілкінісі болып, 38 адам қайтыс болды. Зардап шеккендер 1 мыңнан асып жығылады. Зілзала ошағы – Сивридже қаласы маңы. Сивридже – 4 мыңға жуық тұрғыны бар танымал туристік шаһар. Бұл қала Түркия астанасы  Анкарадан 550 шақырым қашықтықта орналасқан. Табиғи апат салдарынан аймақтағы 70-тен астам ғимарат қирап, 600-ден астам нысанға зақым келді. Жер сілкінісінен кейін мыңдаған түрік азаматы көшеде түнеуге мәжбүр болды. Өйткені оларға зілзаладан зақымдалған ғимараттарға қайтып бармау туралы ескерту жасалған болатын. Бұған зілзала ошағында дүмпудің 200-ден астам рет қайталануы себеп. Ел билігі апат орын алған аймаққа 400-ден астам құтқарушы команданы жөнелтті. Құтқарушы топ құрамында 3 400 Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері, жүздеген көлік және 17 ит бар. Апат аймағында іздестіру және құтқару жұмыстары әлі де жалғасуда. Себебі қираған үйлер мен ғимараттардың үйінділері астынан тұрғындар әлі де табылуы мүмкін. Сонымен бірге апат орнына гуманитарлық көмек тиелген жүк көліктері де ағылуда. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған да апат аймағына бірден жетті. Жұртшылықты сабырға шақырған ел басшысы қолдан келген көмектің бәрін жасайтынын жеткізді. Сейсмологтардың айтуынша, дәл осындай дүмпулер Израиль, Ирак және Сирияда сезілген. Ондағы жер сілкінісінен зардап шеккендер жоқ. Айта кетейік, бұған дейін Түркияның Стамбұл қаласында 4,7 балдық жер сілкінісі тіркелген еді. Ол зілзаланың ошағы ретінде Силиври қаласы аталған. Жер сілкінісінің қуаты жақын маңдағы елді мекендер мен ел астанасының тұрғындарына сезілді. Жалпы, ел аумағында жерасты дүмпулері жиі тіркеледі. Сондай ірі зілзаланың бірі Түркияның Измит қаласында осыдан 21 жыл бұрын тіркелген. 1999 жылы болған 7,6 балдық жер сілкінісінен 17 мың адам қаза тапқан еді. Бұл – Түркия тарихындағы ірі табиғи апаттардың бірі.