Жаңалықтар

Трамп тағында қала ма?

ашық дереккөзі

Трамп тағында қала ма?

Өткен аптада АҚШ президенті Дональд Трамп импич­ментіне қатысты тыңдаулар басталған еді. Оған дейін өкілдер пала­тасы Дональд Трампқа қатысты импичменттің айғақтарын Сенатқа жол­даған. Көп ұзамай комитет президент лауазымын асыра пай­даланып, украиндық билікке қысым көрсетті деген айып тағылған 111 беттік құжатты жариялады. Ал импичментке қатысты тергеу 16 қаңтар күні қолға алынды. 2019 жылдың тамыз айында АҚШ президенті Дональд Трамптың бұрынғы кеңесшісі Джон Болтонға Украинаға әс­кери көмек көрсетуді тоқтату туралы ойын жеткізгені белгілі болды. Мұны Джон Болтон өзінің әлі жарыққа шық­паған кітабында жазған көрінеді. Бол­тонның кітабына сілтеме жасаған New York Times газетінің жазуынша, Трамптың мұндай қадамға баруына Украинаның Джо Байденнің ұлы Хантер Байденге қатысты тергеуге көмек көр­сетпеуі себеп болған. Демократтар Трамптың конгресс мақұлдаған әскери кө­мекті тоқтатқанын, Украина пре­зиденті Владимир Зеленскийден саяси бақталасы Байденге қарсы істі жүргізуді талап еткенін сынға алуда. Олардың сөзінше, осы әрекеттері арқылы Дональд Трамп өз қызметін асыра пайдаланып отыр. Сонымен қатар Трамп конгресс жұ­мысына кедергі келтіргені үшін де айыпталуда. Алайда Ақ үй басшысы Украина билігінен жемқорлықпен күре­суді ғана талап еткенін мәлімдеді. Джон Болтонның жазуынша, Дональд Трампқа Украинаға көр­сетілетін әскери көмекті қайта қалпына келтіру туралы талай мәрте ұсыныс білдірген. Трампты райынан қайтаруға тырысқандар қатарында АҚШ Мем­лекеттік хатшысы Майк Помпео және Пентагон басшысы Марк Эспер де бар. Бірақ АҚШ президенті бұл ұсынысқа еш құлақ аспапты. Трамп украиналық шенеуніктер Байден ісіне қатысты құжаттардың бәрін өзіне бергенше Киев­ке көмек жібермейтінін кесіп айт­қан. Джон Болтонның сөзіне сенсек, Ақ үй бас­шысы 2016 жылғы президент сай­лауында Трамптың жеңісіне жол бермеу үшін Украина тарапы Хилари Клин­тонмен бірлесе әрекет еткеніне сенімді. Алайда Дональд Трамп Болтон екеуінің арасында мұндай әңгімелердің ешқашан болмағанын айтып, Twitter-де бірнеше мәрте жазба қалдырды. Джон Болтонның жазбалары келтірілген мақала жарыққа шыққаннан кейін демократтардың көшбасшысы Чак Шумер Twitter-де жазба қалдырып, Трамптың бұрынғы кеңесшісінің нақты дәлелдері бар екенін жеткізді. Сондықтан импичмент бойын­ша тыңдалымға куәгерлерді, оның ішінде Қауіпсіздік бойынша экс-кеңесші Джон Болтон мен Ақ үй әкімшілігі басшысының міндетін атқарушы Мик Малвейниді шақыруды ұсынды. Айта кетейік, Чак Шумер Сенаттағы алғашқы отырыста үш ұсынысын дауысқа салған болатын. Ол президент әкімшілігінен Трамп пен Зеленскийдің телефон арқылы әңгімесін, қаржыны басқару басқармасы мен мемлекеттік департаменттен Украина мен АҚШ-қа қатысты құжаттарды беруін талап етті. Дегенмен бастама сәтсіз аяқ­талды. Дауыс беру қорытындысы бойын­ша 53 республикашыл қолдамай тастады. Ал 47 демократтың дауысы құжаттарды алуға жеткіліксіз. Өткен аптада басталған тың­да­лым­ның қанша уақытқа созы­лары әзірге белгісіз. Республикашылдар бұл істі 2-3 аптада тамамдауға ниетті, ал демократтар істің анық-қанығын ажы­рату үшін ұзақ уақыт сұрап отыр. Демок­раттар көшбасшысы Чак Шумер істі жыл­дам аяқтауды мақсат еткен респуб­ликашылдардың резолюциясын «ұлттық деңгейдегі масқара» деп бағалады. «Егер президентті ант ішіп, ешкім қорғай алма­са, бұл істі осындай деңгейге жеткізгендер үшін бұл барып тұрған масқара ғой. Президент нені жасырып отыр? Респуб­ликашыл әріптестеріміздің көздегені не? Олар ештеңені жасырмаса, қорықпаса, басқаша сөйлер еді. Қазір бізде шындық­қа, куәгерлерге, құжаттарға шектеу қойы­лып отыр», – деп атап өтті Чак Шумер. Ал АҚШ президенті Дональд Трамп импичмент ісіне қатысты айыптаулардың негізсіз екенін алға тартады. Ақ үй бас­шы­сы жасаған мәлімдемесінде Сенаттағы тергеуді дереу арада тоқтатып, президент­ті ақтап алуды тапсырды. Трамптың ай­туынша, өкілдер палатасы айтып отыр­ған «билікті асыра пайдалану» жаласы импичментті талап ететіндей қылмыс емес. Сондай-ақ Трамп бүгінге дейін өзі­нің заңды құқығы аясында қызмет етіп келе жатқанын жеткізді. АҚШ президенті Дональд Трамп им­пич­ментіне қатысты процесс жоспар­ланған уақытынан ерте аяқталуы да бек мүмкін. Тіпті, Трамптың өзіне тағылған айыптардан арылатыны жайлы да бол­жам бар. Өйткені Трамптың жақ­тау­шылары саналатын республикашыл­дардың Сенаттағы үлесі басым. Оның үстіне, қазір Дональд Трамп пен оның кө­мекшілері ең болмағанда бір демок­раттың импичментке қарсы дауыс беретініне сенім білдіріп отыр. The Washington Post басылымының жазуын­ша, Ақ үй басшысы өткен жылғы дауыс беру рәсімінде үш бірдей демократтың  қолдау білдіргенін өзіне артылған сенім деп бағалайды. The Washington Post АҚШ президентін қолдауы мүмкін демок­раттар арасынан Батыс Вирджиния шта­тынан сайланған сенатор Джо Ман­чинді ерекше атап отыр. Бұған дейін ол бірде-бір рет Трампқа қарсы мәселе кө­тер­меген екен. Трамптың адвокаттары прези­денттің заңға қайшы еш­қан­дай әрекетке бармағанын алға тартуда. Қор­ғаушылардың айтуынша, Украина президенті Владимир Зеленскийге де еш­қандай қысым көрсетілмеген. Сон­дықтан олар демократтардың Трамптың есімін 2020 жылғы сайлау бюллетен­дерінен алып тастауға әрекет етуін ақыл­ға қонымсыз деп бағалайды. Трамп қор­ғаушылары таңдау құқығын америка­лық сайлаушылардың өздеріне қалдыру қажеттігін ескертті.