Павлодарда қандастар неге ЖСН ала алмай жүр?
Павлодарда қандастар неге ЖСН ала алмай жүр?
Сәбит ЖАНАТҰЛЫ, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Павлодар облыстық бөлімі басшысының орынбасары:
– Қазір Павлодар облысында шетелден келген қазақтардың ең бірінші ЖСН алу мәселесі қиын болып отыр. Заң бойынша шетелден көшіп келген соң Қазақстанның сәйкестендіру нөмірін алуы қажет. Еліміз бойынша барлық салада электронды жүйеде жұмыс жүргізу қолға алынған. Ол болмаса бірде-бір қызмет көрсетілмейді. ЖСН алу үшін қала немесе аудандағы мемлекеттік кірістер басқармасына жүгінеді. Олар 18 жастан жоғары азаматтарға ЖСН береді. Ал жаңа тәртіп бойынша ЖСН кәмелет жасына толмағандарға Көші-қон қызметі арқылы беріледі деп қабылдамай отыр. Бұрын бәріне бірдей кірістер басқармасы беретін. Көші-қон комитеті берген ЖСН мемлекеттік органдардағы базадан шықпайды. Бір құжат алайын деп ЖСН берсе, мәлімет жоқ болып шығады. Көші-қон комитеті басшылығының айтуынша, заң бойынша бірегей сәйкестендіру нөмерін беретін құқығы бар. Бірақ техникалық мүмкіндіктер жетпей отыр дейді.
ЖСН беру стандарты бойынша 3 күнде берілу керек. Кейінгі кезде мәлімет базасы жүйесіндегі техникалық себептерге байланысты 1-2 айға созылуда.
Осындай жағдаймен ЖСН ала алмай табанынан таусылған Есіргеп Қуандықтың отбасы. 2019 жылы Қараша айында Қытайдың Іле қазақ автономиялы облысы Құлжа қаласынан көшіп келген қандастың айтуына қарағанда, балаларына ЖСН алу үшін біраз есікті тоздырыпты. Құзырлы мекемелер бір-біріне сілтеген.
Құжаттандыру мекемелерінің шетелден енді келген қандастарды бұлай сабылтып қоюы жергілікті атқарушы органдардың салғырттығына сая ма? Әлде расымен техникалық мүмкіндіктер жетіспей жатыр ма, мұндай құжатты алу үшін нақты қандастар қайда жүгіну қажет, заң не дейді?
«Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдері туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 12 қаңтарда бекітілген заңының 2-бабы 4-тармағында Қазақстан Республикасында тұруға берілген ықтиярхатының беткі жағында, туған күнінен төменде ЖСН көрсетілмеген Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетел азаматтары, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамның куәлігінің 32-бетіндегі машина оқитын мәтінінде ЖСН-і көрсетілмеген Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасында тұруға бұрын берілген ықтиярхат құжаттарын немесе азаматтығы жоқ адамның жеке сәйкестендіру нөмірі бар куәлігін қайта ресімдеу үшін келген жері бойынша аумақтық ішкі істер органдарына жүгінеді, – деп жазылған.
Егер заңға сүйенсек, ЖСН-ды Көші-қон комитеті беруі қажет. Бұл орайда ХҚКО мен кірістер комитетін кінәлай алмаймыз.
«Павлодар облысындағы мемлекеттік құзырлы орындармен тығыз байланыстамыз. Қолдарынан келгенше көмектерін аямайды. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік басқармалар басшысы Қайрат Нұрмағанбетов, облыстық Полиция департаментінің Көші-қон қызметі басқармасының басшысы Арман Уәлиев, орынбасары Қазыбек Ахметов, азаматтық беру бөлімінің аға инспекторы, полиция подполковнигі Гүлістан Батталова қатарлы азаматтар көмегін тигізіп келеді қандастарға. Құжаттарды барынша тез беруге және қандастардың ортаға бейімделуіне өз үлестерін қосып жатыр. Жоғарыда атап өткен балаларға ЖСН беру мәселесін де кешіктірмей біржақты етеді деген сенімдемін», – дейді Сәбит Жанатұлы.