Жаңалықтар

Ұлттық жоспар әзірленеді

ашық дереккөзі

Ұлттық жоспар әзірленеді

Апта басында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің кеңей­тілген алқа отырысы өтті. Жиын барысында ақпа­рат саласын дамытудың 2020-2023 жылдарға арналған ұлттық жос­пары әзірленетіні белгілі болды. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың ай­туын­­ша, ұлттық жоспар шеңбе­рін­де отандық БАҚ-тың бәсекеге қа­білеттілігін арттыруға бағыт­тал­ған жұмыстар қолға алынады. Осы орайда, ақпараттық тапсырыс механизмдері де қайта қарал­мақ. Сонымен бірге Дәурен Абаев осы жиында биыл өтуі тиіс 800-ден астам шараның қысқарғанын тілге тиек етті. «Біз Абайдың 175 жыл­дығын, ел Тәуелсіздігі күнін атап өтеміз. Президент Қасым-Жо­март Тоқаев аталған форум­дар­дың ішкі мазмұны жайында айт­қан болатын. Ал бұл басқа мә­селе. Тәуелсіздік күнінің 30 жыл­дығы аясында түрлі мерзімдері бар ұсыныстарды   жинақтап жатырмыз. Сіздер алдын ала жұмыстарды байқамайсыздар. Бұл  жоспар қазіргі уақытта 89-90 тармақтан тұрады, ал бастапқыда 900 тармақ  болатын. Біз 800-ден ас­там түрлі шараны алып таста­дық. Бұл жұмыстардың барлығын жүргіздік, форумдар мен семинарлар айтарлықтай қысқарды», – деді Дәурен Абаев. Одан бөлек қандастарды қол­дауды жалғастыру мақсатында биыл 12 елде қазақ тілін үйрету он­лайн-сыныптары ашылатын­ды­ғы айтылды. «Қандастарды қол­дауды одан ары жалғастыру мақ­сатында биыл әлеуметтік-эко­номикалық қолдау шаралары ке­шенінің нақты пайымдауын жасау керек. Біріншіден, Отандастар форумын және Шетелдегі қазақ­тардың кіші  құрылтайын жоғары дең­гейде өткізу қажет. Екіншіден, 12 елде 31 қазақ тілін  үйрету онлайн-кластарын және кемінде 7 елде қазақ мәдени-іскерлік үй­ле­рін  ашу керек», – деп атап өтті ми­нистр. Осы ретте министр «қан­дастар» мәртебесін бір терезе прин­ципі бойынша беруге ар­налған қызметті іске қосудың қа­жеттілігіне тоқталды. Сондай-ақ Дәурен Абаев аза­мат­тық қоғаммен өзара іс-қи­мыл­ды жоспарлы дамыту үшін жүк­тел­ген міндеттерге тоқтады. Ми­нистр­дің сөзінше, 2025 жылға дейін азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы қабылданбақ. Қ­ұжат коммерциялық емес ұйым­дарды құру процедурасын жеңіл­детуге бағытталады. Үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қол­дау, оның ішінде  мемлекеттік қар­жыландыру жүйесінің ашық­тығын қамтамасыз ету арқылы қолдау тетіктерін дамыту қарас­ты­­рылатын болады. Азаматтық қо­ғамды  заңнамалық бастамалар­ды талқылау процесіне мұнан ары да жұмылдыру жоспарланған. Соны­мен қатар үкіметтік емес ұйым­дарды қолдау ресурстық ор­талықтарының жұмысы күшей­ті­леді.