Әлібек Ыдырысұлы: Қандастарға кеңес беретін орталық ашылуы керек
Әлібек Ыдырысұлы: Қандастарға кеңес беретін орталық ашылуы керек
Еліміз бойынша әр саладағы білікті, білімді жастарды ынталандырып, болашақ көшбасшылар буынын қалыптастыру мақсатында Президенттік жастар кадрлық резервіне 300 азамат енген болатын. Оның ішінде шетелден тарихи Отанына қоныс аударған қандастарымыз да бар. Бірнеше кезеңнен тұратын сынақтан сүрінбей өтіп, жастар кадрлық резервіне кірген Әлібек Ыдырысұлы жақында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі Биомедицина ғылыми-зерттеу орталығының директоры қызметіне кірісті.
– 2000 жылдардың басында атажұртқа қоныс аудардыңыз. Елге оралу үдерісі қалай жүрді?
– Осыдан тура 15 жыл бұрын дәл осы мезгілде Қытай Халық Республикасының Күнес ауданы Бестөбе ауылы Қарашоқы қыстаулығында жалғыз өзім жылқы отарлатып жаттым. Бар ермегім кітап пен радио болатын. Сондағы асыға күтетінім – Азаттық радиосынан кешкілік уақытта берілетін жаңалықтар. «Қазақ елінде қандай жаңалық болып жатыр екен?» деп радионы барынша құлаққа тосатынмын, өйткені сигнал өте нашар еді. Бұл 2003 жылы менің орта мектепті бітіріп, өзім оқуға түскен Шыңжаң Ауылшаруашылық университеті Орман институтына барудан бас тартып, Қазақстанға кетем деп жүрген кезім еді. 1997 жылы 13 желтоқсанда алғашқы құқықтық құжат Қазақстанның «Халықтың көші-қоны туралы» қабылдаған заңы оралмандардың құқықтық мәртебесін жан-жақты анықтады. Ал Елбасы Н.Назарбаевтың көші-қон саясатының арқасында 2000 жылдары қазақ көші жандана бастады. Біздің ауылдан елге көшкен туыстар мен оқуға кеткен таныстар көбейді. Менің де атажұртқа аңсарым ауды. Сонымен бірнеше рет шақырту алдырып, ағам Шалғын Ыдырысұлының тікелей қолдауымен 2005 жылы атажұртқа ат басын бұрдым.
Сол жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың дайындық курсына оқуға түсіп, кейін биология мамандығын үздік аяқтадым. Студент кезде қаржы жағынан қатты қиналдық, түрлі жұмыс істедік, бірде аш, бірде тоқ жүрдік. Алайда рухани тоқтықты жоғалтпауды мақсат тұттық. Бос уақытта кітапханада оқумен және тұлғалармен кездесу кештерінде өткізуге күш салатынбыз. Ғылым жолына бет бұруды көздеп, геоботаника мамандығы бойынша магистратурада оқып, ғылыми жұмысымды докторантурада жалғастырдым. Содан бері ғылыми және оқытушылық қызметтемін.
2010 жылдан бастап әке-шешем мен туыстарымды көшіре бастадым, көш әлі жалғасуда. Амал нешік, барлық ауылдасты көшіріп болып, соңынан өзім барам деп, осы елдегі туыстың жағдайын жасап беріп, жолға салып жүрген ағам белгісіз жағдайда қайтыс болды. Осы қайғы қабырғамызға батып отыр. Алланың ісі дегеннен басқа шара жоқ...
– Әдетте жастар ғылым жолынан гөрі табысы көптеу өзге салаларды таңдап жатушы еді...
– Алғаш бакалаврға оқуға қабылданғанда да, магистратура кезінде де талай рет оқуды тастап, ақшаны көбірек табатын басқа салаға кеткім келді. Бірақ бала кездегі арманым генетикалық жаңалық ашу болатын. Сол арманымнан адасқым келмеді әрі ағам Шалғын ғылым жолында қалуымды талап етті. Себебі саяси жағдайларға (таптық күрес, мәдениет төңкерісі) байланысты біздің ауылдан жоғары білім алып, ғылыми жұмыспен айналысқан адам жоқтың қасы еді. Ағам ауыл әкімі болғандықтан, кейінгі буынды осылай ынталандырғысы келген болу керек. Сонымен бірге, менің биология факультетіндегі ұстаздарым, әріптестерім және бірге оқыған курстастарым маған сенім білдіріп, қолдау жасады, шетке қақпады, ішке тартты. Білгендерін үйретіп, қателіктерімді кешіріп, кемшіліктерімді түзетіп, қуаныш пен қайғымда қасымнан табыла білді. Мен үшін үлкен жетістік Абай атамыз айтқандай, дүниеге бір кірпіш болып қалану, еліміздің дамуына аянбай еңбек ету. Президенттік жастар кадрлық резерві конкурсына қатысуымның тағы бір себебі ауылда туған немесе шетелден мен секілді елге оралып жатқан қарапайым қазақ балаларына өз жетістіктерім арқылы күш-жігер беру болатын. Президенттік жастар кадрлық резерві елге қызмет етіп, Қазақстанды дамытуға үлес қосуға себепкер болып отыр.
– Ғылыми жұмысыңызды ауыл шаруашылығы бойынша қорғадыңыз. Нәтижесі қандай болмақ?
– Өзім ауыл шаруашылығы саласы бойынша «Қазақстанның болашақ фермерлері» деп аталатын жобамды қорғап, елімізде ауыл шаруашылығын дамыту бойынша өз идеямды ұсындым. Осы жоба аясында еліміздің ауылшаруашылық саласын терең зерттедім және оны SWOT талдау арқылы көрсеттім. Бұл жобаның негізі идеясы сарапшы мамандар айтып жүргендей, еліміз тек ауыл шаруашылығы саласымен ғана әлемдегі қуатты елдердің біріне айнала алады. Бұған географиялық жағдайымыз, табиғи биоресурстық мүмкіндігіміз, тәжірбиелі тарихи дәстүріміз және халықтың бұл салаға бейімділігі негіз бола алады. Тек біз жер-су қатынастарын реттеп, халыққа ауылшаруашылық жағынан ағарту жұмыстарын жүргізіп, ғылым мен техниканы осы салаға барынша бейімдеп, пайдаланса жетіп жатыр.
– Президенттік жастар кадрлық резервінен өткен соң, сізге бірнеше таңдау мүмкіндігі берілді. Биомедицина орталығының директоры қызметін қандай себеппен таңдадыңыз?
– Иә, маған резервтен кейін көптеген ұсыныс түсті, әлі де түсіп жатыр. Басым көпшілігі аудан әкімінің орынбасары, министрліктегі департамент директоры, қалалардағы басқарма басшысы сынды қызметтер. Бұл жұмыстардың маған ұсынылу себептері осы конкурстың әлеуметтік-экономикалық саланы дамытуға бейімделіп жасалғандығынан болса керек. Өзім жұмыс істеген биофизика және биомедицина кафедрасы жанынан былтырдан бастап биомедицина мамандығына бакалавр, магистратура және PhD докторантура бойынша студенттер қабылдай бастадық. Енді сол студенттерімізге заманауи ғылыми-техникалық база керек. Қазіргі кезде биомедицина әлемдегі алдыңғы қатардағы болашақтың мамандығы. Елімізде бұл сала әлі артта қалып отыр және осы салаға қатысты бағыттар жеке дамып жатыр. Биомедицна өз ішіне профилактикалық іс, өмір салты, дұрыс тамақтану, иммунология, гендік анализ, хрономедицина, медициналық биофизика, фитотерапия, биомассаж т.б. көптеген саланы қамтиды. Елбасы Н.Назарбаевтың 2018 жылғы Жолдауында елімізде биомедицина саласын дамыту туралы атап өткен болатын. Енді міне, Кадрлық резерв арқылы бізге мүмкіндік беріліп отыр. Бұл орталық биология және биотехнология факультеті, «Дәрілік өсімдіктерді» ғылыми-зерттеу орталығы, Smart Health диагностикалық орталығы секілді мекемелермен бірлесе жұмыс істейтін болады. Болашақта биомедицина институтын ашу ойымызда бар. Өйткені соңғы онжылдықта Нобель сыйлығы иегерлері осы саладан шығып жатыр. Аталған саланы дамыту халықтың денсаулығын жақсартуға және ғылым мен білімді дамытуға негіз бола алады.
– Қандастарымызға құжат жинауға көмектесумен айналысатыныңыздан хабардармыз. Осы ретте газет оқырманына қандай көмек ұсынатыныңыз туралы ақпарат берсеңіз.
– Осы күнге дейін көптеген қандас іні-қарындастар іздеп келіп, оқуға түсу бойынша ақыл-кеңес сұрап, тиісті көмек алып жүр. Менің WeChat желісінде аккаунтым бар, бірнеше жылдан бері онда Қазақстанға оқуға түсуге байланысты конкурстардың рет-тәртібі, қажетті құжаттар бойынша тиісті ақпараттар жазып келемін. Мысалы, былтырдан бастап азаматтығы жоқ шетелдік қандастар жалпы конкурсқа қатыспай, тек министрліктің Enic-Kazakhstan, Болон процесі және академиялық ұтқырлық орталығы жариялаған конкурс бойынша грантқа оқуға түсетін болды. Менен ақпараттық көмек сұраған талапкерлердің 5-уі қазір еліміздің жоғары оқу орындарында тегін білім алуда.
Бүгінде бізде қандастарды са-уаттандырып, уақытылы хабарландыру беріп отыратын орталық не ақпарат көзі жоқ, болса да кейін басқа бағытта жұмыс істеп кетеді. Осындай орталық ашу қажет. Биыл қаңтар айынан бастап шетелден келген қонақтар туралы үй иесі 3 күн ішінде жергілікті көші-қон полициясына хабарлау керектігі туралы ереже шықты. Жұрттың көбі хабарсыз болғандықтан заң бұзғаны үшін деп жауапкершілікке тартылып жатыр. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласында қандастар мәселесі бойынша «Отандастар қорына» ұсыныстарымды айтқанмын. Биыл көші-қон жанашырларымен бірігіп осындай қандастарға арналған бірнеше тілдегі ақпараттық сайт құрсақ деген жоспарымыз бар. Сол арқылы волонтерлік қызмет көрсетпекпіз. Әсіресе, көшті солтүстікке бағыттау және солтүстік өңірлерді дамыту бойынша. Өзімнің ойға алған жобам бар, оны алда тиісті мекемелерге ұсынатын боламын.