Шетелден 163 қазақ отбасын көшіріп әкелген азамат
Шетелден 163 қазақ отбасын көшіріп әкелген азамат
1991 жылдан бері Павлодар өңіріндегі қандастар мәселесімен бір кісідей айналысып келе жатқан азаматтың бірі – Болат Заутұлы. Бүгінде Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Павлодар облыстық филиалының басшысы және «Отандастар қоры» КЕАҚ жанынан құрылған қандастарды ақпараттық қолдау орталығының меңгерушісі.
Túrkistan халықаралық газетінің қандастарға арналған ATAJURT жобасының бұл жолғы санында Ертіс-Баян өңіріндегі қандастардың хал-жайынан сыр шертетін Болат Заутұлымен болған сұхбатты ұсынамыз.
– Осы уақытқа дейін Павлодар өңіріне қанша қандас оралды?
– Екі ғасырдың тоғысында қазақтың айы оңынан туып, «мың өліп, мың тірілген» қазаққа Тәңірі мейірім шапағатын төкті. Тәуелсіз ел болдық, бір шаңырақтың астына топтасу бұйырды. Содан бері міне көштің бір бұйдасын ұстап келемін.
1991 жылы алғаш Моңғолия елінен Ұланбатыр қаласы арқылы Павлодар облысының Баянауыл ауданына 165 отбасы көшіп келді. Қуаныштан көзге жас алып, қобалжып, толқыған сәттерді бастан өткердік. Елге шетте жүрген қазақтар көшіп келіпті дегенді ести сала жан-жақтан жұрт ағылды. Шашуын шашып, ерулігін берді. Ауыл іші той жасап, мәре-сәре болып жергілікті ағайындармен етене жақын туыстай сіңісіп кетті. Көштің екінші легінде тек Моңғолия елінен 1992-1998 жылдары осы өңірге 4 мыңнан астам қандас қоныстанды. Оларға барлық әлеуметтік жағдай жасалды. Алайда келген оралмандарды облыс орталығынан алыс елді мекендерге орналастырды. Дені қолында етектей дипломы бар инженер, мұғалім, басқа да маман иелері мал шаруашылығына жөнелтілді. Алайда ешкім ол үшін реніш білдірмеді. Павлодар өңірінде бүгінде алыс-жақын шет елдерден көшіп келген 36 мыңнан астам қандас мекен етеді. Моңғолия, Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан, Молдова, Ауғанстан, Қытай және басқа да 12 елден этникалық қазақтар көшіп келді. Көш әлі жалғасып жатыр.
Елге ел қосылып, құт-береке орнады. Көш қиындықсыз болған жоқ. Алайда Елбасының тікелей араласуымен көш төңірегіндегі шешім күткен мәселелер уақытылы оңалып отырды. Елге оралған қандастар да уақыттың талабымен үндесіп, ізденіп, талаптанып, кешікпей бар қиыншылықты жеңіп шығуға, өз жағдайларын жасап қана қоймай, Қазақстан қоғамының игілігіне өздерінің қомақты үлестерін қосты. Мамандығы барлар өздеріне жұмыс тапты, мамандығы жоқтар жаңа кәсіптің қыр-сырын меңгерді, жеке кәсіпкерлікпен айналысып, табысқа жетті. Балалары түгелдей оқып, жоғары және арнайы оқу орындарына грант иегері болды. Павлодар өлкесі оларға киелі мекен, құтты қоныс болды.
– Алғашқы келген көштің легінде болдыңыз. Сол жайлы қысқаша айта кетсеңіз?
– Қазақстанда басталған жекешелендіру шеттен келген ағайынға ауыр тиді. Олар азаматтығы жоқ деген желеумен жекешелендіруден үлессіз қалды. Жекешелендірудегі келеңсіздіктердің салдарынан ауылдардың құты қашып, мал, техника талан-таражға түсті. Жұмыс орындары көптеп қысқарып, халық жұмыссыз тентіреді. Жаңа жағдайға бейімделе алмай, бұрынғы «арқа-жарқа» тірлігін аңсағандар не істерін білмей аңтарылды. Қандастардың дені көпбалалы отбасы болғандықтан, ауыл мектебінің шарасыз жағдайы оларды қатты алаңдатты. Қысқасы, осындай келеңсіздіктер мен әлеуметтік күрделі ахуал салдарынан орнығып, жайғаса алмаған ағайындар қалалы жерлерге жақын ауыл, аудандарға қайта көшуге мәжбүр болды. Осылай ауыр күндер артта қалды. Олар уақыт қиыншылығын Қазақстан халқымен бірге көріп, жеңіп шыққанына мақтанады.
– Павлодар өңірі шеттен қоныс аударған қандастарды қалай қабылдады?
– Павлодар облысы – еліміздің ірі өндіріс орталықтарының бірі. Сол себепті де жұмыс күші өте қажет өңір. Бұл жағдай арнайы мамандығы бар қандастарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік тудырды. Сонымен қатар Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы РҚБ Павлодар облыстық филиалы және республикалық «Асар» қоғамдық бірлестігінің Павлодар филиалы атамекенге оралған отбасы мүшелерінің көші-қон карточкасын тіркету, оралман мәртебесін алуына, тұрақты тіркеуге тұруына, оқу орындарына, мектептерге құжаттарын тапсыруына, медициналық байқаудан өту, квота алуға, азаматтық алуға, жұмыс табуға және тұрғылықты жерін таңдауына жан-жақты көмек көрсетіп келеді. Нәтижесінде олар Қазақстан қоғамына тезірек бейімделді. Бұл нақты іс, тиімді қызметтің жемісі.
– Сіздің Моңғолиядан өздігінен көшіп келе алмай отырған 30 отбасын Павлодар облысына көшіріп әкелгеніңізді білеміз. Сол жайлы кеңірек айтып берсеңіз.
– Үш мәрте көшті тікелей өзім ұйымдастырып, бастап әкелдім. 1998 жылы шілде айында 30 отбасын (170 адам) Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан ұшақпен Шығыс Қазақстан арқылы Павлодар облысының Ақсу, Успен, Шарбақты аудандарына әкелдім.
Екінші рет 2010 жылы Моңғолияда болған жұттың салдарынан негізгі кәсібі – малы қыруар шығынға ұшырап, киын жағдайға тап болған қандастарға қол ұшын беру мақсатында, Парламент пен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің тікелей қолдауымен, басқа да құзырлы мекемелердің мақұлдауымен маусым-қазан айлары аралығында өздігінен көшіп келе алмай отырған көп- балалы жағдайы төмен 120 отбасын (620 адам) дүние-мүлкімен бірге (қосымша өз қаражатыммен) Павлодар өңіріне шарт бойынша көшіріп әкелген едім.
Үшінші, өткен жылы тамыз айында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы және «Отандастар қоры» КЕАҚ тарапынан Моңғолияның Қобда, Баян-Өлгей аймақтарынан Қазақстанға біржолата көшіп келуге ниетті әлеуметтік, тұрмыстық жағдайы төмен өздігінен көшіп келе алмайтын, көпбалалы 13 отбасын (80 адам) көшіріп әкелдім. Көшіп келген әр отбасы тұрмысқа қажетті қолданыстағы дүние-мүлік және 800 кг жеке үй жүгімен атамекенге жетті.
Көшіп келген қандастарымыздың арасында 46 бала, 4 студент, 1 зейнеткер, басқа да еңбек жасындағы 29 азамат келді. Олардың ішінде мұғалімдер, техника мамандары, механизатор, мал дәрігері, медицина дәрігері, басқа да арнайы оқу орталықтарын бітірген тәжірибелі мамандық иелері бар.
Осы орайда Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы және «Отандастар қоры» тарапынан елге оралған және шетелде тұратын қазақтарды қолдау мақсатында қандастардың тұрмысқа қажетті қолданыстағы дүние-мүлкі, жеке үй жүктерін Ресейің Алтай өлкесінің Ташанта кедендік бекеті арқылы шекарадан алып өтуіне көптеген кедергілер мен тосқауыл қойылып келген.
Бұл келеңсіз жағдайды болдырмау үшін «Отандастар қоры» КЕАҚ-ның басшылары, Ресей Федерациясының Омбы қаласындағы Қазақстан Консулы қызметкерлерінің көмегінің арқасында көштің бөгелмей өтуіне қолайлы мүмкіндік жасалып, барлық адамдарын жүгімен аман-есен елге жеткіздік.
Көшіп келген отбасылар түгелдей биыл оралмандардың өңірлік квотасына кіріп, бір жыл бойы үй жалдап тұратын қаражат берілді. Балалары оқумен толық қамтамасыз етіліп, еңбек жасындағылар жұмысқа тартылды.
– Осы орайда, Túrkistan газетінің өткен санында Ираннан 50 отбасы көшіп келгісі келетіндігі жайлы жазылды. «Отандастар қоры» бұл 50 отбасын жеңілдікпен әкелуге мүмкіндігі бар ма?
– Көші-қон шаруасы аса күрделі. Ирандағы қандастарымыздың әлеуметтік жағдайы, тұрмыс-тіршілігі жылы климатқа үйреніп қалғандықтан олар көшіп келсе, солтүстік өңірлерге бірден тұрақтай алуы қиын. Оларға онтүстік облыстар жайлы болады деп ойлаймын. Казіргі жағдайда қандастарды қоныстандыруға Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстары Үкімет қаулысы бойынша бекітілген. Аталған облыстарға барғанда мемлекет тарапынан әр адамға бір реттік жәрдемақы, бір жылға үй жалдап тұруға арналған қаражат қарастырылған. «Отандастар қоры» шетелден көшіп келген қандастарға барынша көмектесуге әзір. Елге келуге ниетті қандастар ең алдымен сол Иран еліндегі Қазақстан Консулына барып ақыл-кеңес алуы қажет. Содан соң еліміздің қай өңіріне баратындығы туралы білгені дұрыс. Біздегі қоғамдық ұйымдар мен қорларды алдын ала ұйымдастырса, көшіріп әкелуге болады.
– Қандастарға қатысты заң жобасына қандай қажетті тетікті қосу керек деп ойлайсыз?
– Елге көшіп келіп жатқан қандастар «Халықтың көші-қоны туралы» заңына сәйкес шетелде өз иелігінде болған дүние-мүлкін және авто көліктерін Қазақстанға алып келсе, кедендік рәсімдеуден босатылады делінген. Алайда 2015 жылдан бастап қандастарымыз автокөліктерін ел аумағына кіргізе алмай, әуре-сарсаңға түсті. Осы жағдайға байланысты Ресей, Қырғыз республикасы, Моңғолиядан көшіп келіп жатқан қандастардан 800-ге жуық өтініш (телефон арқылы) түскен. Оған Қазақстан заңдарындарғы түзетулерге сәйкес, 2016 жылдан бастап шетелден әкелінетін ескі көліктерді тіркеу құнына кірген өзгерістерге тікелей байланысты болып тұр. Үкімет бекіткен жаңа стандартқа сәйкес, «Халықтың көші-қоны туралы» заңында көрсетілген, оралмандардың құқығын, оларға мемлекет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктер ескерусіз қалды. Сондықтан да елге оралған қандастар өз көліктерін, дүние-мүлкін Қазақстанға әкеле алмайды. Кейбір қандастардың елге қажетті техника және басқа да мүлкі шет елдерде арзан бағада қалып жатыр. Осы мәселе қайта қаралу қажет деп олаймын.
– Көптеген мамандар, заңгерлер «шетелден келген қандастар елдегі заңдардан хабары жоқ, ақпараттандыру жетіспей жатыр» дейді. Сіз осы салаға жақында қызметке орналастыңыз. Бұл мәселе алда қалай болады, қандай қадамдар бар?
– «Отандастар қоры» жанынан қандастарды ақпараттық қолдау орталығы құрылды. Байланыс қызметі мен қоғамдық қабылдау бекеттерінен тұратын бұл жүйе елге көшіп келген қандастардың бейімделуіне, құжаттарын рәсімдеуге жәрдемдеседі. Сонымен қатар мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау бағдарламаларының барлық түрлері бойынша қол ұшын береді. Бұл бағытта жұмысты күшейту үшін Nur Otan партиясымен 3-жақты меморандум жасалды.
Бұл жұмыстың нәтижесінде «оралман» мәртебесінің жарамдылық мерзімі өтіп кеткен 1 300 қандасымыз жеңілдетілген тәртіппен азаматтық алды.
Сонымен қатар қандастарымыз Қазақстанда зейнетке шықса, оның шетелдегі еңбек өтілі есепке алынатын болды. «Отандастар қорының» ақпараттық қолдау орталығының үйлестіру жұмыстары әлі де жетілдірілуде.
Қордың бірыңғай байланыс орталығы мен қоғамдық қабылдауы қандастарға қажетті нормативті-құқықтық актілер бойынша ақпараттық және консультативтік кеңес беріп, туындаған мәселелердің оң шешілуіне нақты қолдау көрсетеді. Қазақстанда тұруға рұқсат беретін ықтиярхат, оралман мәртебесін алу, шеттегі қазақ диаспорасымен байланысты нығайту мәселелерін көтерген. Алдағы уақытта осы қызметті одан ары тиімді ету үшін Nur Otan партиясының өңірлердегі қоғамдық қабылдауымен бірлесіп жұмыс жүргізу мәселелері қарастырылмақ. Партияның қоғамдық комиссиялары мен кеңестері арқылы жергілікті әкімшіліктер қандастар көтерген мәселелерді оңтайлы шешуге зор ықпал етеді.