Жаңалықтар

Дүниені дүрліктірген дерт

ашық дереккөзі

Дүниені дүрліктірген дерт

Қытайда коронавирус ин­фек­ция­сын жұқтырған­дар қа­тары күн санап артып барады. Тез та­рап жатқан бұл дерт бүкіл әлемді алаң­датуда. Өйткені бүгінге дейін ко­ронавирус жұқтырғандар тек Қы­тайда ғана емес, тағы 13 елде тіркел­ген. Қазақстан да ел аумағында ко­ронавирустың тарауына жол бермеу үшін алдын алу жұмыстарына кірісті.

Коронавирусқа қарсы күрес

Соңғы ресми деректерге сүйенсек, бүгінге дейін коронавирустан қаза тап­қандар саны 80-нен асқан. Індеттен көз жұм­ғандардың 13-і – Ухань қаласының тұр­­ғындары. Ал коронавирусты жұқ­тыр­ған­дардың жалпы саны 2 мыңнан асып кет­ті. Оның ішінде 300 адамның халі ауыр. Тағы 20 мыңдай адам медициналық бақы­лауға алынған. Демалыс күндері әлеуметтік желілер арқылы Қытайда коронавирустың жаңа түрін жұқтырғандар саны 2,8 млн адам­ға жетіп, 112 мың азаматтың қайтыс бол­ғаны туралы ақпарат тараған болатын. Алай­да жер жаһанның үрейін ұшырған бұл де­рек расталған жоқ. Қазақстанның Ден­сау­лық сақтау министрлігі де әлеуметтік же­лідегі мұндай алыпқашпа әңгімелерге сен­беуге шақырды. Қытай билігі күннен-күнге өршіп бара жатқан дертпен күресуге ба­рын салуда. Вирустың таралуына қарсы ша­раларға Қытай қаржы министрлігі қо­сым­ша 144 миллион доллар бөлді. Ел билігі 10 қаланы оқшаулап, тұрғындарына сыртқа шығуға тыйым салды. Қазір қытайлық Жұқ­па­лы ауруларды бақылау және алдын алу ор­талығының ғалымдары коронавирусқа қар­сы вакцина әзірлеуге кіріскен. Деген-мен қан­дай да бір дертке қарсы вакцина әзірлеу бір күнде бітетін шаруа емес, бұл – өте күр­делі процесс. Вакцина қолданысқа дайын болу үшін кемінде 2-3 жыл уақыт қажет. Сондай-ақ індет алғаш тіркелген Ухань қаласында арнайы аурухана құ­­ры­­лысы жүріп жатыр. 1 мың науқасқа ар­­налған медициналық мекемені Қытай би­­лігі аз уақыт ішінде салып бітіруге ниетті. Оның үстіне, биліктегілер бұған көп қар­жының кетпейтінін мәлімдеді. Себебі ем­хана дайын блоктардан салынады. Айта ке­тейік, вирустың тез таралуына бай­ла­ныс­ты Шанхай мен Бейжің қалаларында мұра­жай, театр және өзге де туристік нысандар жұ­­мысын тоқтатты. Ал Ухань қаласының бір­­ден карантинге жабылғаны белгілі. Со­ны­­мен бірге мұнда қоғамдық көлік қоз­ға­лы­­сына да шектеу қойылып, мейрамханалар мен кинотеатрлар да уақытша жұмыс істе­мей­ді. Қазір Қытай халқы көңіл көтеру орын­­дары емес, дәріханалардың алдында ке­­з­екте тұр. Бұған дейін ауаның лас болуы­на бай­ланысты үлкен сұранысқа ие болған ме­дициналық маскаларды сатып алушылар қа­тары қазір тіптен артқан. Қытай шаһарларында әр сағат сайын де­зинфекция жүргізілуде. Дертті жұқ­­тырмас үшін ел тұрғындарына аурудың ал­дын алу ережелерін сақтап, жануарларға жо­ламай, тек термиялық өңдеуден өткен тағамдарды ғана тұтынуға нұсқау берілді. Қы­тайда коронавирус кеселінің белең алуы­на байланысты 24 провинция мен бір­қатар ірі қалаларда төтенше жағдайда әрекет ету­дің ең жоғары деңгейі жарияланды. «Жер­гілікті билік дендеген дерттің алдын алу бойынша арнайы топ құрды. Оған үш ауру­хана қосылды. Қазір біз медициналық қыз­меткерлерге аурумен күресу жолдарын үй­ретіп жатырмыз. Дертті емдеуде Қы­тайдың дәстүрлі медицинасы мен Батыс ме­дицинасын қолданып жатырмыз. Бұдан бөлек, қызуы көтерілген азаматтар тиісті кө­мек алуы үшін 101 медициналық меке­ме­нің тізімін жарияладық», – дейді Денсау­лық сақтау жөніндегі Бейжің комитетінің басшысы Лэй Хайчао.

Бұл дерт қайдан шықты?

Қытайда кең тараған індетке ға­лым­дар «коронавирус» деген айдар тақ­ты. Бұл вирус әуелі жан-жануарлар арасында пай­да болып, кейін сол арқылы адамдарға жұға бастайтын көрінеді. Коронавирусты ал­ғашқы болып жұқтырғандардың көбі Қытайдың Ухань қаласындағы теңіз өнім­дерін сататын базарға барған немесе сонда жұмыс істеген. Бұл сауда орны дереу тергеуге жабылды. Ға­­лымдар әуелде коронавирустың тарауына жы­лан мен жарғанаттар себеп бол­­ғанын айт­қан-ды. Оны ауруды ең бірін­ші жұқ­тыр­ған адамның әлгі базарда жылан етін же­гені­мен байланыстырды. Одан ары ин­фек­ция адамдарға жұға бастаған. Бұл – өте қауіп­ті. Өйткені аурудың алғашқы бел­гілері дертті жұқтырғаннан бірнеше күн өт­кеннен кейін ғана байқалады екен. Ал ол кезде инфекция жұқтырған адам басқа шаһар­да, тіпті басқа елде болуы әбден ық­тимал. Дүйсенбі күні Қытай ғалымдары ко­ро­навирустың жаңа түрінің пайда болу себебін анықтағанын мәлімдеді. Ға­лымдар Уханьдағы теңіз өнімдері базары­нан алынған сынамаларды зерттеуден өткізді. Оның қатарында жабайы аңдар да болыпты. Зерттеу нәтижесі бойынша 585 сынаманың 33-нен коронавирустың жаңа түрі вирустық нуклеин қышқылы анық­тал­ған. Осыған орай мамандар эпидемияның тарауына жабайы аң саудасы әсер етуі мүмкін деген қорытындыға келіп отыр. Айта кетейік, біздің елде «коронавирус банан арқылы жұғуы мүмкін» деген ақпарат желдей ескен. Бірақ әлеуметтік же­лі­лер арқылы тараған мәліметті еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі жоққа шы­ғарды. Министрдің орынбасары Камалжан Надыровтың айтуынша, жалған ақпарат таратқандар анықталып, жауапкершілікке тартылады. Сосын халықты тек ресми дерек көздеріне сенуге шақырды. Бұл вирусқа тән симптомдар – тұмау­ра­ту, бас ауруы, жөтел және дененің қал­шылдауы. Сонымен қатар АҚШ-тың Ауруларды бақылау және олардың алдын алу орталығының мәлімдеуінше, коро­на­вирустың едәуір қауіпті түрін жұқтырғандар демігеді, қалтырайды, ал ауруы асқынған жағдайда пациенттер пневмонияға шал­дығуы мүмкін. Коронавирустың көбі жөтел­генде, түшкіргенде немесе осы инфекцияға шалдыққандарды ұстағанда жұғады. Ғалымдардың сөзінше, жаңа вирус адамнан-адамға жақын байланыста болғанда, тыныс алу жолымен беріледі.

Жаһанды жайлайтын түрі бар

Қазірдің өзінде коронавирус әлемнің 13 елінде тіркеліп отыр. Қытайды ден­­­деген дертке шалдыққандар Таиланд, Гон­конг, Оңтүстік Корея, Вьетнам, Синга­пур, Непал, және Франция, АҚШ елдерінде де бар. Өткен аптада Канадада да жаңа ко­ронавирус түрін жұқтырған алғашқы аза­мат тіркелгені мәлім болды. Fox News мәліметі бойынша, коронавирус Қытайдың Ухань қаласынан Торонтоға оралған 50 жас­тағы ер адамнан табылды. Сонымен қа­тар вирусты жұқтыру фактілері демалыс күндері Австралия мен Малайзияда да анық­талды. Франция инфекцияға шал­дық­қан алғашқы науқас жұма күні тіркелгенін мәлім еткен еді. Одан кейін бұл елде коро­на­вирус жұқтырған тағы 2 адам есепке алын­ды. Непалда да 31 жастағы ер адамның ағ­за­сынан осы қауіпті дерттің белгілері анық­талды. Yonhap-тың хабарлауынша, Оң­түстік Кореяда коронавируспен төртінші адам есепке алынды. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы да коронавирустың жаңа түрінен қауіп­теніп отыр. Ұйым өкілдері шұғыл жи­налыс өткізіп, жаңа вирус бойынша ха­лық­ара­лық деңгейде төтенше жағдай жария­лау­дың қажеттілігі бар-жоғын талқыға салған бо­латын. Бірақ ұйым мүшелері нақты ше­шім қабылдай алмады. Десек те, қазір бұл вирус жайында түрлі қауесеттер тарап жа­тыр. Тіпті, коронавирус туралы ақпараттың бәрі ойдан шығарылған болуы мүмкін еке­нін алға тартатындар да көп. Олардың пікірінше, мұндай «жалған тарихты» фар­мацевтикалық компаниялар медициналық препараттарды сату ісінде пайда табу үшін әдейі ойлап тапқан болуы мүмкін. АҚШ та коронавирусқа қатысты Қытай би­лігін бірден сынға ала жөнелді. Мемле­кет­тік департаменттің мәлімдеуінше, Бей­жің қауіпті дертке қарсы шұғыл әрекет ет­пе­ген. Бұл халықаралық қауымдастықтың Қы­тайдың індетке тосқауыл қоя алатынына сені­мін азайтып отыр дейді Вашингтон. Ал соңғы мәліметке қарағанда, АҚШ-та осы қауіпті вирусты жұқтырып келген науқас­пен тағы 16 адам тікелей байланысқа түс­кені анықталды. Қазір олардың бәрі жіті ба­қылауға алынған. Айта кетейік, біздің елде аталған ви­русты жұқтыру дерегі тіркелген жоқ. Алайда Ухань қаласында білім алып жатқан студенттерді елге қайтару мүмкін болмай тұр. Өйткені вирус ошағы саналатын қала карантинге жабылғандықтан, Уханьға ешкімді кіргізбейді және сыртқа жібермейді. «Ухань қаласында 230 қазақстандық сту­дент тіркелген. Бүгінгі таңда қалада 98 сту­дент қалып отыр. Қалғандары демалыс бас­талғаннан бастап Қазақстанға және бас­қа елдерге аттанды. Ухань қаласындағы сту­денттермен біздің дипломаттар бай­ланыс орнатты. Танымал мессенджерлер ар­қылы біздің студенттеріміз қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайлардағы сақтық ша­ралары мен тәртіп ережелері туралы ха­бардар етілді», – дейді Сыртқы істер ми­­нистрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.