Серке бастаған әскер

Серке бастаған әскер

Серке бастаған әскер
ашық дереккөзі
Әлемде талай қызық бар. Ал Британ әскерінің өз серкесі бар. Ауыспалы емес, тура мағынасында. Лливелин атты серке осы аптада қатардағы жауынгер ретінде Британ корольдік әскерінің құрамына қабылданды.  Корольдік батальон құрамындағы серке – жаратылысы кашмир ешкісі болғанымен, әдетте оған Британ әскерінде арнайы шен береді, ол корольдік валлийліктердің 1-ші жаяу әскер батальонының кіші капралы саналады.  Оны алып жүруге бір кіші капрал бекітіледі, оны «ешкі капралы» деп атайды. Заты ешкі болғанымен, жануарға қойылар талап қатаң: ол өз міндеттерін мүлтіксіз атқарып, бұйрықты бұлжытпай орындауы тиіс. Мысалы, 2006 жылы Уильям Виндзор (Билли) атты серке әскери тәртіпке бағынбағаны үшін жазаға ұшырады. Ол Кипрде Королева ІІ Елизаветаның туған күнін тойлауға арналған ресми шаралар кезінде шетелдік елшілердің көзінше әскери парадта басқалармен бірдей сапта жүруден бас тартып, тіпті барабан соғушыны сүзе жаздаған. Бұл «ұнамсыз қылықтары үшін» үш айға кіші капрал дәрежесіне төмендетіліп, қатардағы сарбаз болып жүрген. Бұл төмендетудің салдары – басқа жауынгерлер Билли қастарынан өткенде тік тұруға міндетті емес болатын және ешкі офицерлік клубта тамақтану құқығынан уақытша айрылды. Бірақ канадалық жануарларды қорғау ұйымы Биллидің құқығын қорғап, Британ әскеріне өз наразылығын жолдады. Ақыры, үш айдан соң Билли кезекті парадта өзін жақсы жағынан көрсетіп, шенін қайтарып алған. Осы оқиғаны ескермесек, Уильям Виндзор 2001-2009 жылдар аралығында өз міндетін абыроймен атқарып, отставкадан соң Уипснейд жануарлар саябағына «демалысқа» кетті. _87825995_llywelyngoat Ешкіні әскер қатарына алу тарихы сонау 1775 жылдан бастау алады. Аңызға сәйкес, америкалықтар мен ағылшындардың Бостон түбіндегі соғысы кезінде ұрыс даласына ойламаған жерден жабайы ешкі келіп, британ әскерін майданға бастап шыққан. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде де әскер қатарындағы серке ұрысқа қатысқан. Тэффи есімді бұл ешкі 1915 жылы 20 қаңтарда оққа ұшып өлгеннен кейін «1914 жыл» жұлдызымен, Британ әскери медалімен және Жеңіс медалімен марапатталған екен. Ал 1844 жылдан бастап Британ монархы өз отарынан корольдік валий бөлімшелеріне бір кашмир ешкісін беріп, әскер қатарына қосуды дәстүрге айналдырды. BBC жаңалықтар қызметінің хабарлауынша, Лливелиннің әскери нөмірі: 23244169 . Оның әскердегі негізгі міндеті – барлық салтанатты шаралар кезінде батальон алдына түсіп, оны бастап жүру. Ол тіпті шетелдік сапарларға шығып, түрлі парадтарға қатысады. Лливелин үшін ең үлкен сынақ – биыл көктемде Королева ІІ Елизаветаның 90-жылдық мерейтойына арналған салтанатты парадқа қатысу. Одан соң жаз бойы Букингем сарайында күзетке тұрады. Жалпы, Британ әскері тұмар есебінде оншақты жануарларды асырайды. Олардың ішінде бұғы да, қой да, дала күзені де бар. Кей деректерге қарағанда, бұл жануарларды асырауға Британ әскері жыл сайын 55 мың доллар жұмсайтын көрінеді. Бұл жануарлардың ішінде соғыс қимылдарына қатысатын, майдан даласында серіктестерімен бірге жүретін, ал салтанатты парадта батальонды бастап шығатын серкенің жөні бөлек, әрине. Осылайша, 240 жылдан бері Британ әскерінде серке қызмет етеді. Қандай таңсық не тосын болмасын, бұл – өткен тарихқа құрмет пен дәстүрге беріктіктің көрінісі. Шынында, кашмир ешкісі екі ғасырдан бері Британ армиясының «тұмары» ретінде өз қызметін үздіксіз атқарып келе жатқанын мақтан ете алады. Бейбіт кезеңде әскер қатарына барып, әскери дайындықтан өтуден тайсақтайтындарға осы Лливелинді үлгі етсе, артық емес.  

 Гүлбигаш Омар

 Ұлыбритания