Nur Otan Доссордағы жүргіншілер көпірін салу мәселесін бақылауға алды
Nur Otan Доссордағы жүргіншілер көпірін салу мәселесін бақылауға алды
«Nur Otan» партиясы төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жұмыс сапарымен Атырау облысына келді. Аймаққа жасалған бұл сапардың негізгі мақсаты – өңірдің жай-күйімен танысу, қарапайым тұрғындармен кездесу арқылы жергілікті тұрғындарды толғандырып жүрген нақты мәселелерді анықтап, соларды шешуге атсалысу және жұртшылықты партияның алдағы жоспарларымен кеңінен таныстыру болды.
Партия төрағасының Бірінші орынбасары өңірге сапарын Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовпен бірге Мақат ауданына қарасты Доссор кентінен бастап, осындағы «Бірлік» ықшам ауданының тұрғындарымен кездесті. Қарапайым адамдармен емен-жарқын сұхбаттасып, биылғы бірінші жартыжылдықта партия өкілдерінің еліміздің барлық өңірлеріне барып, Елбасы, партия Төрағасы Н.Ә. Назарбаевтың бағдарламалық мемлекеттік және партиялық құжаттарда берілген тапсырмаларының орындалуын қадағалайтынына, жергілікті жерлердегі өзекті проблемаларды зерделеу арқылы халықтың нақты сұраныстарын ескере отырып, аумақтық бағдарламалар әзірленетініне тоқталды.
Өткен жылдың соңында жергілікті БАҚ-та осы елдімекенде өзекті болып отырған темір жол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірін салу жайында мәселе көтерілген еді. Осы жәйтті тілге тиек еткен Бауыржан Байбек кездесуге жиналған қауымға партияның бұл мәселеден хабардар екенін және оны уақтылы шешу шараларын қарастырып жатқанын жеткізді.
- Естуім бойынша, кент халқының көпшілігі бір жақта тұрады, ал темір жолдың арғы жағында екі мектеп, бір балабақша орналасқан. Сондықтан қауіпсіздік үшін темір жол арқылы жаяу жүргіншілер көпірі керек деген ұсыныс орынды. Біз осында облыс әкімімен, мемлекеттік органдардың облыстық басшыларымен бірге осы проблеманы шешу жолын талқылау үшін келіп отырмыз.
Жергілікті жерден сайланған депутаттарымыз бар, басқа да мүмкіндіктер бар. Олар халықпен бірлесе отырып, жергілікті жерде жұмыс істеу керек. Соны Елбасымыз да, Президент те айтып отыр. Сол үшін қадағалап, бүгін тиісті кездесулерді өткізіп, осы мәселелерді қараймыз, шешеміз, - деді Бауыржан Байбек.
Қазіргі уақытта облыстық және жергілікті билік өкілдері алдын ала есептер жүргізіп, көпір құрылысы үшін жобалау сметалық құжаттарды әзірлеуге қаражат бөлу жоспарланған. Оның құрылысын 2021 жылдың екінші жартыжылдығында аяқтау көзделуде. Бауыржан Байбек жергілікті мемлекеттік органдардың осы нысанның құрылысын жылдамдатуын және тұрғындар көтерген басқа да мәселелерді партияның облыстық филиалына бақылауға алуды тапсырды.
Кездесу барысында тұрғындар бұдан бөлек көше жарығы, жол сапасы секілді бірқатар мәселелерді көтерді. Өз кезегінде Б. Байбек бұлардың барлығы да назарға алынып, тиісінше шешімін табатынын айтты.
Бұдан кейін партия төрағасының Бірінші орынбасары саяси ұйымның «Доссормұнайгаз» бастауыш ұйымы мүшелерімен кездесіп, өз азаматтарымыздың мүддесін қорғау, олардың әлеуметтік жағдайына көңіл бөлу, шетелдік жұмыс күшін тартуды шектеу мәселелеріне кеңінен тоқталды. Бұл ретте ел Президентінің Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында осы мәселе бойынша берген тапсырмасының сапалы орындалуына баса мән берді. Сонымен бірге Б. Байбек партияның өңірлердегі бастауыш ұйымдарының жұмысын күшейту, олардың атқаруы тиіс міндеттерін тарата айтып берді.