Жаңалықтар

Алданып қалған ағайын араша сұрайды

ашық дереккөзі

Алданып қалған ағайын араша сұрайды

Ақмола облысы Шортанды ауданы Новокубанка ауылының тұрғыны Авил Кенжебек 2006 жылы Моңғолия елінің Баян-Өлгей аймағынан атамекенге көшіп келген. 2015 жылы мал өсіру мақсатында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» ұсынған қордан несие алмақ болған. Сол мақсатта «Алдияр-кредит 2007» микрокредиттік ұйымы» ЖШС-не басындағы үйін кепілге қойып, құжаттарын өткізген. Алайда несие алмаған. Содан бері бес жыл уақыт өтсе де Авил Кенжебекке не ақшасы, не үйдің құжаты тимей жүр. Авил Кенжебек: «Бізге 2015 жылы мал өсірем десеңдер, 1 миллион теңгеге дейін несие беріледі деп айтты. Сол бойынша 2015 жылы «Алдияр-кредит 2007» мик­рокре­диттік ұйымы» ЖШС-не үйімді кепілге қойып, несие алуға құжаттарымды өткіз­дім. Менімен бірге тағы бірнеше адам құжаттарын өткізген болатын. Содан несие берілген кезде маған ақша жет­пей қалды деп несие бермеді. Несие беру­ші Роза Азденбаеваға «кейін береміз, күтіңіз» деген сөзіне сеніп біраз жүрдім. Со­лай бірнеше ай өтіп кетті. Бір күні ме­нің мекен-жайыма «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» алынған не­сиенің уақытылы төленбей жатқаны тура­лы хат келді. Сол кезде ғана үйімді ке­піл­ге қойып несие алып қойғанын біл­дім. Содан несие беріледі деген кезде қа­ғаз­дарға қол қоюға Нұр-Сұлтан қала­сында орналасқан «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» мекемесіне барып, мәселенің анық-қанығын білдім. Мекеме мамандарының айтуынша, Роза Азденбаева басқаратын «Алдияр-кредит 2007» микрокредиттік ұйымы» ЖШС ме­нен басқа да бірнеше үйді кепілге қойып, 37 миллионға жуық несие алған. Сол ке­пілге қойылған үйлердің арасында ме­нің үйімнің де құжаты бар екен. Ол құ­жат несие толық төленбей кері қай­тарыл­майтынын, өздерінің бұл мәселе бойын­ша Роза  Азденбаевамен ғана сөй­лесе алатынын айтты. Содан бері міне, бес жыл уақыт өтті, үйімнің құжатын ала алмай жүрмін. Аудандық Ішкі iстер бөлі­міне екі рет арыз жаздым. Олар бұл істі тіпті қараған да жоқ. Кейін мені про­куратураға арыздан деп жіберді. Ал про­кура­тура сотқа сілтеді. Сот «ол ұйым және бас­шысы Нұр-Сұлтан қаласында тіркел­ген, сол жақтың сотына бар» дейді. Жеке заң­герлерге барсам бұл алаяқтық-қыл­мыстық іс  екенін, сол бойынша заңдық жұ­мыстармен айналысу үшін қомақты қаржы кететінін айтады. Ал менде оларға төлей қоятын ақшам жоқ. Бес жылдан бері үйімнен айырылып қаламын ба деген уайыммен келемін», – дейді. Кейіпкеріміз Авил Кенжебектің ба­сын­дағы келеңсіз жағдайға байланысты мән-жайды зерттеп те көрдік. Мәселен, интернет беттерінде «Алдияр-кредит 2007» микрокредиттік ұйымы» ЖШС жә­не оның басшысы Роза Азденбаева  жайында ақпарттар бар. Сонымен қа­тар аталған жеке шаруашылық серік­тес­тіктің заңды мекен-жайы да көрсетіл­ген (Ақмола олбысы Шортанды ауданы Шортанды ауылы Жеңіз 30 жыл к, 30). Алда бұл мәселені жан-жақты қарастырып, тиесілі орындарға сұрау салынатын болады.

Бақытбек ҚАДЫР