Жаңалықтар

Сәбит Оразбаев, ҚР халық артисі: Тартыссыз сахнаның сәні жоқ

ашық дереккөзі

Сәбит Оразбаев, ҚР халық артисі: Тартыссыз сахнаның сәні жоқ

Оның қазақ өнеріндегі орны ерек, жолы бөлек. Театр мен кинода сомдаған күрделі образдары арқылы ол төл өнеріміздің тәуелсіздікке дейінгі және егемендік алғаннан кейінгі дамуына өлшеусіз үлес қосты. Бір кездері көк жәшіктің көркіне айналған «Қымызхана» телеспектакліне қатысып, қазақтың дәстүрлі әндерін қайта жаңғыртуға да елеулі еңбек сіңірді. 56 жыл бұрын театр табалдырығын имене аттаған жас актер бүгін сексеннің сеңгіріне шығып отыр.

Мерейлі жасының қарсаңында Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Еңбек қызыл ту», «Парасат», «Отан» ордендерінің иегері Сәбит Оразбаевпен жолығып, емен-жарқын әңгімелескен едік. Кешегі мен бүгінгіні сабақтастырған сырлы сұхбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз.

– Әңгімені өзіңізден емес, бо­йы­­ңызға қайталанбас да­рынды дарытқан қасиетті Сайрам топырағынан, сол өңір­дің жақсылары мен жайсаң­дарынан бастасам, айып көр­мессіз. «Ауылдағылардың бәрі ұстазым болды» деген екенсіз бір сұхбатыңызда. Олардан алған ең құнды іліміңіз не?

– Туған жер, өскен орта – адам­ның тұлға ретінде қалыптасуына үлкен әсер ететін алғышарттардың бірі. Ауылдың жөн көрсетіп, жоба нұсқайтын данагөй қарты болса, атқа мініп, жауапты қызмет істейтін азаматы болса, салт-дәстүрді берік ұстанатын, ән айтып, күй шертетін өнерлісі болса – соның бәрі өсіп келе жатқан баланың өмірден өз бағытын дұрыс таңдауына зор септігін тизігеді.

1936 жылы, социализм енді ғана күшейіп келе жатқан уақытта дүниеге келдік. Ауылымда маған құдіреттей әсер еткен аталарым мен ағаларым болды: көпті көрген Тұңғышбай атамыз, Төлеген дейтін жырау, Отан соғысына қатысып, бір аяғынан айрылған Мергенбай атты ағамыз болды. Майданнан мүгедек боп оралған Әбдіқадыр дейтін атамыздан алғаным көп. Оқыған-тоқығаны көп, сөзге шешен, тек қана әділетті айтатын турашыл кісі болатын. Ауылдағы дау-дамай, төбелес атаулы сол кісі барса сап тыйылатын. Әбдіқадыр атамыздың аузынан естіген бір әңгіме әлі күнге дейін есімде. Ауылымыздың шығысында Ханқорған деген жер, Мәдениет деген ел бар. Бала күнімізде сонымен көршілес жерде, Арыстың жағасына орналасқан Қарабұлақ базарына мал сатуға баратынбыз. Базардың нарқын бес саусағындай білетін Ниязбек деген кісінің соңынан еріп, таң атпастан малымызды айдап, жолға шығамыз. Сонда Әбдіқадыр атамыз: «Ханқорғанның қасынан өтіп бара жатқанда жаман сөз айтпаңдар, дабырлап сөйлемеңдер», – деп қатаң ескертетін. Айдауға көнбесе, «Өй, қарасан келгір» деп малды бас сап ғайбаттайтынымызды біледі ғой. Кейін атамыздан бұл ескертпесінің мәнін сұрадық. Сөйтсек, Ханқорған Абылай ханның қайтыс болған жері екен. Үргеніштен қайтып келе жатқан хан Қазығұрттың ба­сына бір тоқтап, ары қарай Арқаға дейін аялдамасыз жетуге бел бай­лапты. Бірақ Арыстың қасына жете бергенде жағдайы нашарлап, сол жерде жан тәсілім еткен көрінеді. Бізге жеткен бір аңыздың айтуынша, өзбектер Абылай мен оның нөкерлері мінетін аттардың үзеңгісіне у жағып тастаған екен. Табаннан өтіп, тұла бойға жайылған у ақыры ханның түбіне жеткен. Кейін театрда Абылай жөнінде сөз болғанда Арқада туған әріптестерімнің бәрі «Хан Боқты тауының баурайында қайтыс болған» деп шулап қоя берді. Мен Әбдіқадыр атамнан естігенімді алға тартып, Ханқорғанда қайтыс болған деймін. Олар да, мен де өз айтқанымыздың дұрыстығына шәк келтірмейміз. Кейін энцикло­пе­дияны ашып қарасам, расында да, Абылай ханның Ханқорғанда қайтыс болғаны, өлген жылы, айы мен күніне дейін жазылыпты. Әбдіқадыр атамның білімдарлығына сол кезде тағы бір рет көзім жеткен еді. Осындай кісілердің тәрбиесін көріп өстік.

Адам – ең әуелі, табиғаттың перзенті. Мен бәрінен бұрын өзім өскен жердің табиғатына қарыздармын деп ойлаймын. Туған жерім – ғажайып сұлу жер. Оңтүстігі – Алатау, солтүстігі – Қаратау, күнбатысы – Қазығұрт. Осы үш таудың ортасында тұрған, Арыс пен Ақсудың құйылған жері. Сол ғажайып табиғат қиялыма қанат бітіріп, сезімімді сұлуландырған шығар. Айналамызды қоршаған тауларға қарап өскендіктен, ойым мен бойым да тез жетілген шығар.

– Енді Алатаудың баурай­ын­дағы ару қалаға ойыссақ. Оқуы­ңызды аяқ­тап, театрға келген сәтіңізді, бірінші рөл, алғашқы тол­қыныстарды еске түсіріп көріңізші. Қателеспесек, ең алғашқы рөліңіз – «Беу, қыздар-айдағы» Сұлтан суретші ғой?

– Оқуды бітірген соң театрға бірден қабылдана қойған жоқпыз. Әрқайсымызды еліміздің әр об­лы­сына жіберетін болды. Мен Атырауға, Райымбек Шымкентке жібе­рілетін болды. Киноға ертерек­тен түсіп, көзге түсіп жүрген соң Асанәліні Алматыда қалдыратын боп шешті. Ол кезде жіберген жаққа бармай қалу деген болмайды. Үйреніп қалған мекенімізді қимай, әрі-сәрі болып жүргенімізде театрдың сол кездегі директоры Құр­манбек Жандарбеков келді. Ол кісі біздің ауыл жақтан еді, алдына бұрынырақта бір барға­ным бар. «Өнерде тамыр-таныс деген болмайды. Талантың болса, та­ныласың, болмаса бордай тозасың. Әзірге бар күшіңді білімге жұмса, қабілетіңді барынша шыңда. Дәл қазір қолымнан келетіні – опералық театрдың көпшілік сахнасына шығып, аз-маз ақша табуыңа жәр­демдесу ғана» деп шығарып салған. Онысы да маған үлкен көмек болған еді. Сол Құрманбек ағам тағы да алдымнан шығып, жолымды ашты. «Тоқпановтың биылғы түлектерінің бәрін жұмысқа аламын», – деп бір-ақ кескенінде қуанышымызда шек болған жоқ. Мен, Фарида Шәріпова, Райымбек Сейтметов, Нүкетай Мышбаева бастаған бір топ жас М.Әуезов театрына келдік. Тағы бір топ актер балалар мен жасөспірімдер театрына кетті.

Ең алғашқы рөлім – «Айман-Шолпандағы» Балпық. Мәнтай аға екеуміз кезектесіп ойнайтынбыз. Одан кейін Шаңғытбаев пен Бәйсейітовтың «Беу, қыздар-айындағы» әлгінде өзің айтқан Сұлтан суретшінің рөлі бұйырды. Мен суретшіні, Райымбек ақынды сомдады. Екеуміздің де рө­ліміз жанымызға жақын болды: менің қызға аса қырым жоқ, ұялшақтау едім, арудың білегін ұстау арман болатын. Ал Райымбек қыз көрсе көзі жайнап, тілдескенше жаны жай таппайтын сері еді. Ал қойылымдағы аруларды өзіміздің қыздар – Нүкетай, Фарида, Зәмзәгүл, Салиқалар ойнады. Сол спектакльмен біз бүкіл Қазақстанды аралап шықтық. Алматыда да, еліміздің басқа қалаларында да зал лық толы болды. Екі-үш жыл ішінде «Беу, қыздар-айды» Алтайдан Атырауға дейінгі атырапқа түгел көрсеттік. Сол сапардағы ең үлкен олжамыз – ел, жер көргеніміз. Әр аймақтағы қазақтың өз тілдік ерекшелігі, диалектісі болатынын сол кезде білдік. Атырауға барып,«Құдағи келіпті» спектаклін қоямыз деп қыран-топан күлкіге қалдық. «Құдағай» деп айтыңдар деп жергілікті жұрт шулап қоя берді. Сейфолла Телғараев «құдағай»-дың әдеби формасы «құдағи» екенін түсіндіріп әлек болды. Біздің жақта жақсы мағынаны білдірмейтін «көрім» ұғымы Шығыс Қазақстанда жақсы мәнде қолданылатынын білгенде де қатты таңырқастық. Тіліміздің байлығын ғана емес, жеріміздің кеңдігін көрдік. Сол ұлан-байтақ даланы жан-жақтан көз тіккен жат пиғылдылардан қорғау үшін бабаларымыздың батыр болмауға қақы жоқ еді. Әдебиетімізде батырлар туралы аңыз-әңгімелердің, қисса-дастандардың көп болуының сыры сонда болса керек.

– 56 жыл бойы бір шаңырақтың ас­тында табан аудармай қызмет етіп келесіз. Осы уақыт ішінде сахнаға жүзден астам кейіпкерді алып шықтыңыз. Әйтсе де, ойнасам деп қатты арман етіп, қол жеткізе алмаған рөлдер болды ма?

– «Адам қартайса да арманы қартаймайды» дейді қазақ. Мен өзімді бақытты актермін деп есептеймін. Ойнасам деген рөлдің бәрін сомдадым. Кинодағы образдарымды, «Қымызханадағы» қызметімді қосып жіберді ме, кейбір басылымдар театр сахнасында екі жүзге тарта рөл сомдаған деп жазыпты. Бұл шындықтан біраз алшақтау. Нақты қанша екенін білмеймін, бірақ театрда жүзден астам кейіпкерді сомдадым.

Менің актер ретінде бағымды ашқан рөл – «Қан мен тердегі» Сүйеу қарт. Жас жігітке қарияны сомдау оңайға түскен жоқ, бірақ режиссер қойған міндетті жоғары дәрежеде орындауға барымды салдым. Сол рөлден кейін режиссерлер Король Лирді ойнауды ұсынды. «Мен әлі қалыптасып та үлгермедім ғой. Король Лирге дейін кем дегенде жиырма рөл ойнауым керек», – деп ат-тонымды ала қаштым. Қарап отырсам, Сүйеу мен Лирдің ұқсастығы көп екен. Король өзінің қызынан қатты қорлық көріп, жапан далада қалады. Еламаннан бала туып, Тәңірбергеннің тоқпағына түскен сүйікті қызының тағдыры Сүйеу қартқа да аз салмақ салған жоқ. Екі шығарманың айтар ойы, философиясы да ұқсас. Қыздың тәрбиесіне үстірт қарауға болмайтынын меңзейді. Кейін ойнасам ойнайын деп бекінгенімде Король Лир қойылмайтын болды. Саясатқа қайшы келді ме, әйтеуір жоспардан алып тастады.

Сүйеу қарт әу баста Елубай Өмір­за­қовқа арналған рөл еді. Бірақ ол кісі сырқаттанып қалды, тәуір болған соң өзі ойнайды ғой деп үміттеніп жүрдім.

Алайда кейін менің ойнағанымды көріп, Елубай аға бұл рөлден мүлдем бас тартты. Мен Сүйеуге өзімнің бойымдағы бар қабілетімді ғана емес, өмір бойы халқым туралы ойлаған, сезген, білгенімнің бәрін салдым-ау деймін. Адам болып, жер басып жүргеніміз тек ата-ананың арқасы емес қой. Біз бәріміз ең алдымен, халықтың баласымыз, ұлттың бір бөлшегіміз. Сол халықтың үшінші мыңжылдыққа осындай тазалығын сақтап жетуіне Сүйеу сияқты қарттардың әсер-ықпалы ерекше болған шығар. Мен Сүйеуге қазақ қарттарының жиынтық образы, халықтық мінездің сығындысы ретінде қарадым. Бастапқыда бұл рөлді менің ойнағаным авторға – Әбдіжәміл Нұрпейісовке аса ұнай қойған жоқ. «Сен қисайып-мисайып, ақсаң-ақсаң етіп, қайдағы бір шалды сомдап жүрсің. Сүйеу ондай кейіпкер емес», – деп наразы болды. Бірақ әуелі Құдайдың, екінші режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтің, үшінші Ыдырыс аға, Асанәлі, Фарида, Әнуардай партнерларымның арқасында ойдағыдай алып шықтым. Әсіресе, Ақбаланы ойнаған Фарида көп қолдау көрсетті. Сүйеуді тапсырғанда тіземнің дірілдегенін көріп: «Сәбит, сен саспа. Алғаш Толғанайды бергенде саған барып, көз жасымды көл қылғаным есіңде ме? «Әзірбайжанға айтып, мына рөлді біреулер маған әдейі бергізіп отыр, мені осы рөлмен құлатпақшы, сөйтіп біржола құртпақшы. Әйтпесе, бұл жас актрисаға беретін рөл емес қой» демеп пе едім? Сонда сен: «Бұл да саған Құдайдың беріп тұрған мүмкіндігі шығар. Беліңді бу да, кіріс, өзіңді көрсет!» деген соң шындап кірістім. Шықты ғой ақыры Толғанай. Сен де шығарасың Сүйеуді», – деді Фарида жігерімді қайрап.

– Фарида апамыздың айтқаны айдай келіпті ғой...

– Иә. Бірақ Сүйеудің образын дәл табу оңай болған жоқ. Ауылдың көреген ақсақалдарын есіме түсірдім, қаланың қарттарымен тілдестім, бірақ ұзақ уақыт бойы іздегенімді таба алмадым. Бір күні базарға барғанда қалақтай ғана қара шалды көріп қалдым. Кіре берісте бал ашып отыр еді, кенет алдындағы жаймасын асығыс жинап, кетуге ыңғайланды. Сөйтсем милиция қызметкерлері келе жатыр екен. Сонда әлгі қариядан байқағаным – адам қартайған сайын екі аяғы бір-бірінен алшақтай бастайды екен. Сол деталь сахнада үлкен септігін тигізді. Аяқтарымды алшақ ұстап, жүрісімді құбылтып едім, режиссерға бірден ұнады.

Спектакль бітіп, көрерменнің қошеметін, ықыласын көргендегі шаттық дәл кешегідей көз алдымда. Шахан Мусин келіп: «Керемет ойнадың! Бұл бір сүйекті образ болғалы тұр, жетілдіре түс» деп арқамнан қақты. Бір жағымда Фарида жылап жүр сәтті алып шыққаныма қуанып. Кейін бұл спектакльді Мәскеуде қойғанымызда орыстың ұлы актері Иннокентий Смоктуновский Сүйеудің образына жоғары баға берді. Қазақтың өнерін бұрын-соңды мойындап көрмеген сахна шеберінің мен туралы айтқаны Одақ көлемінде тарайтын талай басылымның бәрінде жарияланып, атағым дүркіреп шыға келді. Актерлік бағымды ашқан Сүйеу қарттың образы үшін режиссерге, Әзірбайжан Мәмбетовке қарыздармын. Автордың қарсылығына қарамастан алып шығатыныма сенім білдірді, сенімін ақтадым.

– Әзірбайжан Мәмбетовтің қа­зақ сахнасына сіңірген еңбегін үнемі айтып жүресіз. Қазақ театр өнері тағы кімдерге қарыздар? Тасада қалған тарландар, еленбей кеткен ерлердің есімі осындай әңгіме барысында еске алынуы заң­ды деп ойлаймын...

– Әуезов театрының тарихы тартымды әрі тағылымды. Биыл қазақ өнерінің қара шаңырағы 90-ға толып отыр. Кеше ғана мерейтойымызды бүкіл ұжыммен атап өттік. Біздің бақытымыз – осы театрдың негізін қалаған тұлғалардың дүркіреп тұрған кезінде келдік. Олардың қасында жүрдік, қолына су құйдық, тәлімін алдық, тағылымын тыңдадық. Ол кісілердің ерекше қасиеті – бізді бала демей, шала демей, ойнаған рөлімізді арнайы келіп тамашалайтын. Сәтті шыққан, піспей қалған тұстарын көрсетіп беретін. Мақтауды да, сынды да орнымен айтушы еді. Қазір ондай дәстүр жоқ. Сын тыңдайтын құлақтар азайып кеткен.

Театрымызды әуелі одақ кө­ле­мінде, одан кейін әлемдік деңгейге танылуына мұрындық болған тұлғалардың көш басында Әзірбайжан Мәмбетов тұрғаны талассыз. Ол кісі бұл театрға келгенге дейін Мәскеуде, бірқатар облыстық театрларда қызмет атқарды. Алайда М.Әуезов театрына қабылдануы қиынға соқты. Себебі қазақша білмегені үшін шеттеткендер көп болды. Мұндай әділетсіздікке төзбеген Серке Қожамқұлов ұжымның кезекті жиналысында: «Немене, қазақ тілін білмейді екен деп өз маманымызды өзектен тебуіміз керек пе? Білмесе, жабылып үйретеміз. Қазақ тілін білгісі келмейтіндер де бастық болып жүр ғой. Қазақтың бір баласы Мәскеуде оқып келген екен, алу керек жұмысқа. Аламыз!», – деп шорт кесті. Ешкім қарсы келген жоқ. Сөйтіп Әзірбайжан Мәмбетов жұмысқа қабылданды.

Әзекең қызмет еткен уақытты қазақ театрының алтын ғасыры десек, артық айтқанымыз емес. Ол театрды да, бізді де өсірді. Өзіне де, өзгеге де тыным бермейтін, талмай еңбек етуді талап ететін. Кей режиссерлер актер сәл ағат кетсе, жер-жебіріне жетіп ұрысып, жігерін құм етіп жатады ғой. Ол кісі ұрысса да жанашырлықпен, өссін деген ниетпен айтатыны сезіліп тұрушы еді. «Әй, айналайындар, далақтап жүре бересіңдер ме? Мықты актер болу үшін, адам боп қалу үшін қанша еңбектену керек екенін білесіңдер ме?», – деп ұрысатын. Біз «Беу, қыздар-айға» дайындалып жатқанда Юрий Гагарин ғарышқа ұшты. Дайындығымыздың он сегізінші күні болатын, әлі ұмытпаймын. Бұрын-соңды ғарышқа адам баласы ұшып көрмеген, бәріміз аспанға қарап аузымызды ашып, көзімізді жұмдық. Сонда Әзірбайжан Мәмбетовтің айтқаны ғой: «Әне, жұртты көрдіңдер ме? Ғарышқа ұшып, Алла Тағалаға бір табан жақындап барады. Ал сендер былжырап, екі ауыз сөздің өзін жаттай алмай жүрсіңдер. Мына түрлеріңмен спектакль шықпай қалуы да мүмкін. Радио десе, телевидение десе, тұра жүгіресіңдер. Негізгі жұмыстарың осы жер екенін ұмытпаңдар!», – деп шәт-шәлекейімізді шығарды. Актердің қаққанда қанын, соққанда сөлін алатын асқан талапшыл режиссер еді. Қазіргі актерлерді көрсе, ол тіпті қатты ашуланар еді. Бірі телевидение, кино деп, бірі той-томалақ деп негізгі жұмысынан, театр сахнасынан ауытқып кете береді. Театрға ерте келіп ойланып-толғану, образымды қалай шығарам деп бас қатыруға уақыттары жоқ. Жаттап алады да, судыратып айтып береді. Спектакльдердің солғын тартып тұратыны сондықтан. Актерлердің жасы да, жасамысы да бірдей. Сөйлеген сөзі, жасаған ым-ишарасы, тыныс алуларына дейін бір-бірінен аумайды. Кейіпкердің қуанғаны мен ренжігені, күйінгені мен сүйінгені, биікке шыққаны немесе шыңырауға құлағаны көрерменнің көз алдында анық көрінуі тиіс. Өкінішке қарай, бүгінгі әртістер мұның бәрін жеткізе алмай, көрерменін сендіре алмай жатады. Бәрі шетінен сайқымазаққа айналып кеткендей. Сатира жақсы жазылса болды, соны айтып береді де, елді қыран-топан күлкіге кенелтеді. Жаны қиналмайды, басы ауырмайды. Елді жақсылап бір күлдіріп алсаң болды, одан кейін олар не айтсаң да мәз. Өйткені ә дегеннен халықтың назарын жаулап, көңілінен шықсаң, қойылымның соңына дейін сүйкім­дісің. Ал драмада олай емес. Көрер­мен­ді ойландыру керек, жұрт сенімен бірге қуанып, сенімен бірге қайғыруы тиіс. Актердің шеберлігін шыңдап, дарынын ұштайтын да – драма. Классикалық қойылымдардағы сүйекті рөлдерді ойнап жүрген актерлердің көбіне көңілім толмайды.

– Олардың нысанадан мүлт кетіп, межеге жете алмауы актерлік мектеп­тердің ақсауынан емес пе?

– Әрине, ол да бар. Актерлерді дайындап жатқан оқу орындарының білім беру жүйесін түсініп болмайсың қазір. Ақшасын төлеп тұрса болды деген оймен бойында титтей таланты жоқтарды да ақылы бөлімге қабылдай береді. Болашақ актерлер бұрын қатаң іріктеуден өтетін: ішкі дүниесі мен сыртқы дүниесінің сұлулығы, сөйлеу мәнері, жүріс-тұрысы, қарым-қабылеті жіті сыналатын. Асанәлінің айтқаны есіме түсіп отыр: «Менде 40 бала оқиды. Соның ішінде тек біреуіне ғана көңілім толады», – деген еді. Ертең сол біреудің таланты отыз тоғызының мінін жасыра алар ма екен? Өнерде тамыр-таныстық, ағайынгершілік деген болмауы керек. Адамның ең құнды байлығы – денсаулығы үшін жауап беретін болғандықтан дәрігерлерге қойылатын талап күшті. Ол адам ағзасын, оның түрлі ақауларын бес саусағындай біліп қана қоймай, өз мамандығын жан-тәнімен сүюі қажет. Сол сияқты адам жанына қызмет ететін мамандық иелері – актерлердің жұмысында да ұсақ-түйек деген болмауы тиіс. Сахнадағы әр детальдің көрерменге айтары бар екенін естен шығармау керек.

Біз алғаш түскен 60 студенттен әуелде 40, одан кейін 24 адам қалдық. 24-тің 20-сы кәдімгі студенттер болса, төртеуі – студенттікке үміткерлер. Яғни жиырманың ішінен ақсайтындар, мүдіретіндер болса, солардың орнына қабылданады. Біз оларды әзілдеп мысықтілеулер деп атайтынбыз. Кейін солар оқудан шығып қалғандардың орнын алмастырып, негізгі құрамға кірді. Бірақ ақыр соңында 16 адам ғана оқуды аяқтап, актер мамандығын алып шықты. Көбісі басқа салаға кетті. Оспанхан Әубәкіров мықты сатирик, Сайын Мұратбеков жүйрік жазушы болды. Бірінші курста оқып жүргенімізде ұстазымыз Моисей Гольдблат Сайынға: «Сенің образды ойың бар, қиялың бар, актерлікті қума, жазушылықтың соңына түс», – деп кеңес берген. Бұнысы не сөз деп таңғалғанбыз. Кейін айтқаны айдай келді ғой. Сайынның да дәл сол кезде тасып бара жатқан орысшасы жоқ, алдында ағылып сөйлегені де онша есімізде қалмапты. Сөйте тұра актерлікке оқып жүрген жап-жас жігіттен қарымды қаламгер шығатынын қалай білгеніне әлі күнге аң-таңмын.

Сахнадағы ең басты құрал – сөз. Актерлер дауысты құбылтам дейді де, дыбыстың тазалығын жоғалтады. Әр дыбыстың анық әрі дұрыс айтылуына, қазақ тілінің үндестік заңының сақталуына қатты көңіл бөлу керек. Үнін естиін десең, айқайға басып кететіндер көп. Театрға келген көрермендер кейде актерлердің дауысын ести алмадық, не айтып жатқандары соңғы қатар тұрмақ, залдың ортасында отырғандарға әрең естіледі деп шағымдарын жазып кетеді. Бұл – сөз жоқ, тәлім берген ұстаздардың осалдығынан. Сахнаға шығып терлеп-тепшімеген, бірде-бір образ жасап көрмеген оқытушылар дәріс оқып жүр. Теорияны жаттап алып, студенттерге судыратып айтып бергенін місе тұтады.

– Сіздің де бір кездері Өнер инс­ти­тутында, М.Әуезов театрының жанын­дағы студияда да сабақ бергеніңізді білеміз. Ұстазыңыз А.Тоқпанов салған сара жолды жалғай алдыңыз ба?

– Асқар Тоқпановтай дара тәлім­гердің ізін жалғастыру оңай болған жоқ. Бірақ сол кісіден алғанымыздың бәрін шәкірттерге беруге тырыстық. Өнер институтында сабақ беріп жүргенімде талабы мен талантына көңілім толмайтын студенттерге диплом беруге қарсы болдым. Әрине, басшылық мұнымды құптамады. «Мейлі алтын болсын, мейлі темір-терсек болсын, жолдарын жаппай, қолдарына бір-бір диплом ұстатуға тиіспіз. Тым құрығанда клуб меңгерушісі болар» деді. Мұндай немқұрайлылық бар жерде саф өнер қайдан болсын? Мақсатым бөлек, мүддем басқа болғандықтан ол жерде ұзақ уақыт қызмет ете алмадым. Өтінішімді жазып, жұмыстан шығып кеттім. Бірақ мен сабақ берген студенттердің арасынан есімі күллі қазақ даласына танылған талай сахна шеберлері шықты. Олар бүгінде республиканың әр аймағында өнердің өркендеуіне үлес қосып жүр. Қазақтың белгілі әншісі Нұрлан Өнербаев та менің шәкіртім.

– Қай саланы алып қарасақ та, бәсеке бар жерде өсу бар. Бірақ өнер­дегі бәсекенің жөні бөлек сияқ­ты. Сахнадағы жарыстың бақ­та­лас­тыққа ұласып кететін сәттері жиі бола ма?

– Актерлер арасындағы бәсеке десеңіз де, бақталастық десеңіз де, бір білерім, жарыссыз сахнаның сәні жоқ. «Неге озасың?» деп құйысқаннан алу болмасын, «неге қаламын?» деп өзіңді-өзің қамшылауың болсын» деген сөзді Абай тура актерлерге қаратып айтқан ба деген ойға қаласың. Өнер жолына түспей тұрғанда әртіс болғаннан оңай әрі жайлы жұмыс жоқтай көрінетін. «Үнемі ел алдында жүресің, көптің қошеметіне, сый-сияпатына бөленесің, ел аралайсың, жер көресің, бұдан артық жан рахаты бар ма?» деп ойлайтынбыз. Аға буынның өнерді неліктен ауыр жол дейтінін кейін түсіндік. Күш-қайратыңды, денсаулығыңды бәсекенің жолында сарп етесің. Олай етпесең, ойың да, өнерің де өспейді. Көрермен шалалықты кешірмейді. Сахнада шыққанда шикілігіңді жасырам деу бекершілік. Өйткені көрерменмен бетпе-бет келгенде саған ешкім көмектесе алмайды: абыройыңды асырып, беделіңді биіктетін де, қадіріңді кемітіп, сыйыңды қашыратын да – өзің. Залдағы жұрт: «Әп, бәрекелді! Қандай ғажап! Тамаша!» деп отырса, актер үшін одан асқан бақыт бар ма? Ал «Мынау не деп мыңқылдап тұр? Осындайлар театрға қайдан келеді?» деп жаратпай отырса, одан өткен сорақылық жоқ.

Сахнадағы бәсеке қызып, талас тар­тысты бола түскенде бір-бірін доспыз, бауырмыз деп жүргендердің жолы екі айрылып кеткен кездер жиі болған. Бірақ нағыз таланттар бірін-бірі аяқтан шалудың амалын емес, бір-біріне ұқсамаудың, дара образ жасаудың жолын іздейді. Мәселен, «Қозы Көрпеш-Баян сұлудағы» Жантық рөлін Әнуар Молдабеков екеуміз екі құрамда ойнадық. Екеуміздің Жантығымыз бір-біріне мүлдем ұқсаған жоқ: онікі қатыгез, тәкаппар болып шықса, менікі айлакер, Қарабайдың есепсіз малын қолға түсіруді, Қозы мен Қодардың арасын шиеленістіруді ғана ойлайтын сұм бейне ретінде көрінді.

– Сізді қазір екі спектакльден ғана көріп жүрміз. Б.Жәкиевтің «Жүрейік жүрек ауыртпай» драмасы да, Ф.Буляковтың «Отыз ұлың болғанша» комедиясы да қарт­тар­дың боямасыз тіршілігінен сыр шертеді. Сіздіңше, ақ сақалды аталарымыз бен ақ жаулықты әже­леріміз қария деген қадірлі атты абыроймен арқалап жүр ме?

– Қазақ жас ерекшелігіне қарай адамды бірнеше кезеңге бөліп, әр кезеңге атау берген: нәресте, сәби, бүлдіршін, балдырған, жеткіншек, жасөсіпірм, бозбала, дүр жігіт, жігіт ағасы, қарасақал, ақсақал, қария деп тізбектеліп, бабамен тәмамдалады. Әр кезеңде адам кемелденудің жаңа сатысынан өтеді. Бұрын ауылдағы ағалар: «Елуімнен қырық тоғызым жақсы еді» деп қалжыңдап отыратын еді. Шындығында бұл сөздің астарында үлкен мағына жатыр. Әр жастың өз салмағы болатынын меңзейді.

Қартаю қазақ ұғымында ең жауапты әрі ең керемет кезеңдердің бірі болып есептеледі. Өйткені оған әркім жете бермейді. Ата-бабаларымыз бұл шақты Алланың берген сыйы, талай адамдардың жете алмай кеткен шыңы деп қадірлеген. Сондықтан, қартайдым, көрер қызығым өлшеулі деп таңнан қара кешке дейін күңірене беруге болмайды. Қарттыққа аман-есен жеткеніңе шүкірлік ету керек. Қарап отырсақ, кешегі шашасына шаң жұқтырмаған дүлдүлдердің көбі кетіп, азы қалыпты. Біздің буыннан төртеуміз-ақ қалыппыз: Асанәлі Әшімов, Нүкетай Мышбаева, Шапай Зұлқашев және мен.

Әртістердің өмірінің қысқа болуының тағы бір себебі – ішетін мен тартатынға үйірлігі. Марқұм Күлзипа Сыздықова апамыз: «Бұл әртіс дегенің даңқы асқақтап, дақпырты шықса да арақпен жуады, сәтсіздікке ұшыраса да арақпен дос болады» деуші еді. Жолы болмай қалса, оқыс сүрініп кетсе әртістердің бас салып шылымнан демеу күтетіні, болмаса ішімдіктен дауа іздейтіні өтірік емес. Бұл отбасының берекесін кетіреді, жары мен бала-шағасының, дос-жарандарының алдында бар қадір-қасиетінен жұрдай етеді.

– Әдемі қартаю дегенді әркім әрқа­лай әдіптейді. Сіз қалай түсін­дірер едіңіз?

– Әдемі қартаю дегеніміз – ең әуелі өз ауыл-аймағыңа, еліңе жақсы атың таралған парасатты қария болу. Екіншіден, тәрбиелеген ұлың ибалы, қызың инабатты болып, абыройыңды арттыруы. «Пәленшенің балаларын көрдің бе, артық ауыз сөз айтпайды, үлкенге қарсы келмейді. Әкенің тәлімін, шешенің тағылымынан көрген» деген сөз естісе, ана үшін де, ата үшін де одан биік мәртебе болмас, сірә!

Меніңше, бүгінгі қарттардың қадірі өз балаларымен ғана емес, шаңырағына келін боп түсетін, күйеубала боп енетін басқа үйдің балаларымен де өлшенеді. Ата-ене әсіресе, келінге барынша мейірім­ді болуы керек деп ойлаймын. Көрегендік көрсетудің орнына баласын жөнсіз қызғанып, келінді орынсыз түртпектеудің соңы жас отбасының болашағын баянсыз ететінін көріп жүрміз. «Тамақ істей алмайды, ерте тұрмайды, қолынан түк келмейді» деп түймедейді түйедей қылудың не қажеті бар? Істей алмағанын енесі үйретуі керек, бөтен жерде жүрмегенін сездіріп, жөн көрсетуі қажет. Өз қызындай көріп, бауырына тартпаса, ашық-жарқын сөйлеспесе, келген жеріне келін қайтіп сіңсін? Қарияның ақыл-парасаты мен көрегендігі осындай қарым-қатынастар кезінде сынға түседі деп ойлаймын.

– Осыдан екі жыл бұрын, 78 жас­қа толған күніңізде «Өмірдің өзі – театр» атты кітабыңыздың тұсау­кесеріне жиналған едік. «Тазар­ғың келсе, театрға бар» атты екінші жинағыңыз 79 жас­тың қарсаңында жарық көрді. 80-ге қандай ескерткіш орнатпақ­шы­сыз?

– Өзің айтып отырған екі кітап та өнерде бірге жүрген, үзеңгілес, әріптес достар болмысынан сыр шертеді. Атағы аспандап, даңқы дүрілдегендер туралы емес, керісінше, театрдың дамуына өлшеусіз үлес қосса да, еңбегі елеусіз қалған саңлақтарға арналды. Олардың көбі шындықты айтам деп басшылыққа жақпай қалған немесе жасаған жақсылығын айқайлап айтқысы келмейтін, тасада жүргенді ұнататын қарапайым адамдар еді. Кейіпкерлерімнің қатарында актерлер мен режиссерлерден бөлек, бет әрлеушілер, декорация мен бутафор жасаушылар, тігіншілер мен жарық қоюшылар – театрдың түрлі цехтарында жұмыс істейтін қызметкерлер бар. Көп айтылмайтын, жиі жазылмайтын мамандар туралы қалам тербеген­дік­тен шығар, екі кітап та оқылым­ды болды. Бірақ екеуін жазып бітірген соң көзге екі мәрте ота жасатуға тура келді. Асанәлі қалжыңдап: «Бұрынырақта шыққан бір кітабың, кейінгі екі кітабың бар – соларды қалың қылмай, жұқалау етіп шығарғаныңда алты кітап болар еді. Сонда мені қуып жетер едің» деп күледі.

– Асанәлі Әшімовтің жеті кітабы шықты ғой, қателеспесек?

– Иә, соны меңзегені ғой әзілдеп. Оның ҚР Жазушылар одағының мүшесі деген атағы тағы бар. Менің 80-ке келгенде көздегенім ол емес, әрине. Мақсатым – елеусіз қалған азаматтарды көпшілікке таныстыру. Мерейлі жасқа ескерткіш орнатудың реті келе ме, келмей ме білмеймін, бірақ алдағы уақытта тағы бір жинақ шығару ойда бар. Біраз материал жинақтаулы, бірақ нәтиже шығару үшін көп уақыт арнау керек. Келесі кітабым дәл мына уақытта жарық көреді деп кесіп-пішіп айта алмаймын.

– Сахнада жасаған алуан түрлі образдар, өз шығармашы­лы­ғыңызға кейіпкер болған сан қыр­лы замандастар арқылы қазақ дейтін халықты әбден зерт­тедіңіз. Оның қандай қылығына сүйсінесіз, қай ісіне күйінесіз?

– Мақтаушылар менсіз де көп қой. Біреу болмаса, біреуді қамшылар, мен одан да қазақтың өзім білетін кемшілігін айтайын. Байқасаңыз, Абай бастаған ат төбеліндей ақыннан басқа қазақ ақындарының өлеңдері тек ойын-сауық, той-думанға арналған. Мысалы, Ақан сері:

Дүние қызыл-жасыл

кімді алдадың,

Құдайдың ризығынан

құр қалмадым.

Сұлулардың сұлуын

құшсам-дағы,

Дүние-ай қызығыңа бір

тоймадым, – деп жырлайды.

«Еңбек етіңдер, жер шұқыңдар» деген ақыл айтатын өлең ілуде біреу. Қазақтың әні де, күйі де ойна да күл деп тұрса, табиғатынан жалқау халық одан сайын жалқаулана түспегенде қайтеді? Президентіміз мамандық игер, кәсіп аш деп мүмкіндікті жасаудай-ақ жасап жатыр. Бірақ құлық танытқандар аз. Жанымызды қинағымыз келмейді, бірден бастық болғымыз келеді. Елімізде техникалық мамандық иелері аз деп дабыл қағамыз да жатамыз. Аз болмағанда қайтеді? Мектеп бітіргеннің бәрі прокурор, сот болсам дейді, бұйрық беріп, үкім айтқысы келеді. Жастардың санасына мықтап орныққан осындай психология біздің жаңа заманға бейімделуімізге кедергі келтіріп отыр. Мысалды алыстан іздемей-ақ, өзім күнде көретін көршілерімді айтайын. Ағайынды орыс жігіттердің бірі прокурор, бірі зауытта парторг болып істейтін. Кейін екі жыл оқып, екеуі де жаңа мамандық игерді. Қазір Борис дейтін жігіт шетелдік тоңазытқышардың тілін бес саусағындай біледі. Бір күні бос емес, шақырту бойынша жан-жақта жүреді. Табысы өте жақсы, тұрмысы түзелген. Бұдан артық қандай мысал керек? «Өнерді үйрен де, жирен» демекші, кезінде өзім де талай кәсіпті меңгердім: «Зингермен» киім де тіктім, фотограф, оператор да болдым. Табыс тауып қана қоймай, ел үшін игілікті іс жасадым. Бұрын мен түсірген суреттер қазір тарихи жәдігерге айналып, театрымыздың мұражайында ілулі тұр.

– Академиялық театрдың тарихы түгенделіп, 90 жылдық торқалы тойы тойланар тұста бұл жәдігерлердің құны тіпті арта түсетіні анық. Қайратыңыз сарқылмай, қазақ өнеріне қызмет етіп жүре беріңіз дегіміз келеді. Әңгімеңізге рахмет!

– Рақмет, айналайын! Өздеріңе де шығармашылық табыс тілеймін! Қаламдарың мұқалмасын!

Сұхбаттасқан Анар ЛЕПЕСОВА