Жаңалықтар

Кедей бай болсам дейді, бай құдай болсам дейді

ашық дереккөзі

Кедей бай болсам дейді, бай құдай болсам дейді

Жылма-жыл Швейцарияның Давос қаласына әлемдік мемлекет басшылары мен ықпалды саясаткерлерді, атақты кәсіпкерлерді шақырып, ғаламдық мәселелерді талқылаудағы мақсат не? Жалпыға ортақ шешім, адамзаттық бақытқа жетудің жолын табу ма? Әлде әлемдік саяси аренада кімнің күші басым, кімнің бәсі артық екенін көрсететін жиын ба бұл? Бәлкім, әлемдік байлықтың басым бөлігін уысында ұстаған ауқаттылардың қара табан тобырдан оқшау орында бас қосып, байлық пен билікті одан әрі арттырудың амалдарын ақылдасудың мүмкіндігі болар? Мұның бәрі де қисынды. Себебі Давостағы экономикалық жиынның ғаламдық саяси-экономикалық дамуға айтарлықтай тигізген пайдасы туралы ақпарат айтылмайды. Керісінше, жылдан-жылға жиынның тиімділік коэфиценті түсіп бара жатқандай. Бәлкім, сырт қараған бізге солай көрінетін шығар. Тау шаңғысы курортында сейіл құрып, Швейцарияның саф ауасын рахатана жұтқан ауқаттылар үшін бұл жиын қауырт жұмыс арасындағы демалыстан кем емес, сірә.

ЕУРООДАҚТЫҢ МАЗАСЫ ҚАШТЫ

Иә, 20-23 қаңтар аралығында осымен 46-шы Давос халықаралық экономикалық форумы өтті. Бұл әуелден экономикалық форум болып жарияланса да, әлемдік ықпалды тұлғалар бас қосқанда геосаяси комбинациялардың айтылмай қалмауы мүмкін емес. Соның бірі – Еуроодақтың құрылымдық дағдарысқа ұрынуы. Грекияның дефолтқа ұшырап, одан соң Одақ құрамынан шығуға айналғаны еуропалық интеграцияшылдардың біраз мазасын қашырған. Бұл кедергіден өттік-ау дегенде, Солтүстік Африка мен Таяу Шығыстан ағылған миллиондаған босқындар еуропалық өмір сүру дағдысын бұзып, ол аздай, еуропалық құндылықтарға көлеңке түсірді. Себебі соғыс пен аштықтан, өз еліндегі зорлық-зомбылықтан қашқандарға саяси пана болуды жөн көрсе де, кәрі құрлық оларға аузындағысын жырып бере алмайтыны анық болды. Еуропа іштей екіге жарылды: босқындардың құқығын қорғап, оларды қанатының астына алу керектігін қолдайтын демократтар мен келімсектерді жауыз басқыншылардан кем көрмейтін, өз халқының тоқтығы мен тыныштығын ғана ойлаған ұлтшылдар бір-біріне қарсы шықты. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» демекші, дәл осындай қысылтаяң шақта Еуроодақтың мүшесі Ұлыбритания өзіне ұйым ішінде өзгеше жеңілдіктер сұрап, алқымнан алып барады. Лондонның талабы – Еуроодақтан (әсіресе, Шығыс Еуропадан) Тұманды Альбионға өткісі келетін мигранттар санына шектеу қою. Бұл Еуроодақ аясындағы адамдардың азаматтық құқығына және еңбек ресурстарының еркін қозғалысына тұсау салу деген сөз. Сөздің анығында, Лондон Шығыс Еуропаның кедей елдерінен бақуатты мемлекеттерге қарай ағылған «жаңа еуропалықтардың» жергілікті нарықты лық толтыруынан сескенеді. Себебі мұндай жағдайда жергілікті еңбек нарығында британдықтардың өздері жұмыссыз қалуы мүмкін. Мигранттың айрықша әлеуметтік-психологиялық ерекшелігі бар индивид екені, оның кез келген тосын жайтқа оңай илігетіні белгілі. Қазірдің өзінде Ұлыбританиядағы мигранттар арзан жұмыс күшіне айналған. Ал жергілікті жұмыссыздық деңгейі жылдан-жылға өсіп барады. Оның үстіне, бұл иммигранттар жергілікті азамттармен бірдей әлеуметтік жеңілдіктерге ие, тіпті Біріккен Корольдікте арнайы жәрдемақылар алады. Хош, сонымен, Лондон Еуроодақтың ішкі мигранттарының тасқынын сейілтетін жеңілдік алмаса, ұйым құрамынан шығуға бел байлап отыр. Бұл мәселе биыл өтетін халықтық референдумда төтесінен қойылмақ. Ал Брюссель Ұлыбританияның шын мәнінде Еуроодақ құрамынан кетуіне қорқынышпен қарайды. Бірақ Лондонның бопсалауына көніп, оның шарттарын орындайтын болса, ұйымға мүше басқа 27 мемлекеттердің кейбірі «Бізге де айрықша жеңілдіктер керек» демесіне кім кепіл? Франция, Дания, Швециядағы кейбір оңшылдар өз елдерінде осындай референдум өткізудің қажеттігін айта бастады. Егер Лондонға айрықша жеңілдіктер берілсе, олар да осындай құқыққа ие болуды көксейтіні анық. Айтып-айтпай не керек, Еуроодақтың бүгінгі жағдайы «былай тартсаң – өгіз өледі, былай тартсаң – арба сынадының» нақ өзі.

Шенген аймағы күшін жоя ма?

Биыл давостық қонақтардың жалпы көңіл-күйі онша емес. Соңғы бірнеше жылдың оқиғалар тізбегі саясаткерлердің арасында пессимистердің қатарын күрт көбейтіп жібергендей. Франция мен Германияның лауазымды өкілдері Лондонсыз Еуроодақтың күні қараң деп алдын-ала салы суға кетіп жүр. Голландия мен Швеция үкімет басшыларының қабақтары салыңқы. Олар алдағы бір жарым-екі айда шұғыл шаралар қолға алынбаса, Шенген аймағы күшін жоюы мүмкін деп күйзеледі. Ал Ұлыбритания Еуроодақтың құрамынан шығып қалар болса, онда бұл ұйым көп ұзамай тарап кетуі мүмкін деген пікір соңғы кезде жиі айтыла бастады. Әсіресе, Еуропадағы ірі бизнес саласы өкілдерінің ішкені ірің жегені желім. Өткен жылды әупіріммен қорытындылаған корпорациялар мен банк басшыларының көпшілігі биылғы жылдан еш жақсылық күтпейді екен. Еуроодақ соңғы жылдары АҚШ, Канада, Австралия, Жапония және Жаңа Зеландиямен емін-еркін сауда-саттық туралы келіссөздер жүргізіп келген болатын. Ұлыбританияның ұйым құрамынан шығуы осы жұмыстардың бірсыпырасын жоққа шығарғалы тұр. Сондықтан да Давостағы форумның дәліздері мен қонақ бөлмелерінде көп айтылып, көп талқыланған тақырыптың бірі – Еуроодақтың әлсіреуі, тіпті тарап кету қаупі. Форумда Еуропаға арналған арнайы кеңес өтті. Осы кеңесте сөйлеген Швецияның бұрынғы премьер-министрі Карл Бильдт «Британияның ұйым құрамынан шығуы еуроинтеграция үшін кері кетудің басы болады» деп кесіп айтты. Давос халықаралық форумының жылдық баяндамасының авторлары да бұл мәселені айналып өтпепті: «Егер британдықтар 2016 немесе 2017 жылы Еуроодақтан шығуды қолдап дауыс берсе, Біріккен Корольдік ыдырайды және еуроинтеграция жобасы түбегейлі құлдырауға ұшырайды» делінген құжатта. Давоста бір ғана адам пессимистік көңіл-күйге ұшырағандарға миығынан күле қарайды. Әлде шынынымен өзіне сенімді ме, әлде солай көрінгісі келе ме, Ұлыбританияның премьер-министрі Дэвид Кэмерон өз елінің Еуроодақпен бірге көркейе беретінін айтып, әріптестері мен ірі бизнесмендерді сендіруге тырысты. Ол, тіпті, Еуроодақтың ішкі реформаларының ойдағыдай өтетініне нық сенімді. Иә, Лондон өзінің ұстанымынан басқа дұрыс жол жоқ екеніне сенеді. Ал пессимистердің қатарында амери­ка­лық миллиардер Джордж Сорос та бар. Ол Давос форумының алдында ғана Францияның «Libération» газетіне «Еуро­палық Одақ құрдымның алдында тұр» деген тақырыпта сұхат беріпті. Танымал филан­троп­тың геосаясат туралы ойлары ден қоюға тұрарлық. Сорос Еуропалық Одақ бүгінде бір емес, бірден бес-алты дағдарыстың алдында тұрғанын атап айтты. Сондықтан да бұл ұйымның болашағына күмәнмен қарайды. Ашық қоғамның жақтаушысы «Ангела Меркель екеуміз сенетін ашық қоғам шын мәнінде жоқ» дейді. «Еуропалық Одақ әу баста тең тараптардың ерікті бірлестігі ретінде ойластырылған, бірақ Еуропаның дағдарысы оны қарыз алушылар мен қарыз берушілердің қарым-қатынас жүйесіне айналдырды. Бұл жерде біріншілер өз міндеттемелерін орындауға қауқарсыз болғандықтан, қарыз берушілер бекіткен ойын ережесіне көнуге мәжбүр. Мұндай қарым-қатынас ерікті әрі тең саналмайды. Миграциялық дағдарыс бөлінуді одан әрі күшейтті. Сондықтан қазір күн тәртібінде Еуропаның аман қалу мәселесі тұр», – дейді филантроп. Сондай-ақ Джордж Сорос Ұлыбритания­сыз Еуропалық одақ қатты әлсірейді, ал Қытай алдағы уақытта ғаламдық экономи­калық дамуға одан әрі кері әсерін тигізеді деп санайды.

МИГРАЦИЯЛЫҚ ДАҒДАРЫС – ЗАМАНА ЗОБАЛАҢЫ

Халықаралық экономикалық форум өтерден бірер күн бұрын биылғы жылға арналған Ғаламдық сын-қатерлер туралы баяндама жарияланды. Осымен он бірінші рет жарияланып отырған баяндама жыл сайын форум алдында көпшілік назарына ұсынылады. Биыл бұл құжатты дайындау барысында түрлі елдерден 750 сарапшы маманның пікірі қамтылған екен. Бес түрлі сын-қатерді санамалаған мамандар әуелі миграциялық дағдарысты ауызға алыпты. БҰҰ деректеріне жүгінсек, былтыр туған жерін тастай қашқандардың саны 60 миллионға жеткен. Халықтардың жаппай қоныс аудару қарқыны Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі алапаттан артық болмаса, кем емес. Босқындардың алғашқы легін құшақ жая қарсы алып, еуропалық гуманизм мен адамгершілік құндылықтарын көрсетуге ұмтылған кәрі құрлық елдері енді ортақ шекараны босқындардан қалай қорғаудың амалын таппай, дал. Былтыр Брюсселде қыркүйекте өт­кен кезектен тыс саммитте Еуроодақ басшыла­ры­ның Грекия мен Италияның шекаралық аудандарында сеңдей соғылысқан 160 000 мигрантты қабылдап, орналастыруға шешім қабылдағанын жазғанбыз («Түркістан», 10 қыркүйек, 2015 жыл.) Ұйымға мүше әрбір ел белгілі бір көлемдегі квота бойынша мигранттарға пана беруі тиіс болатын. Обалы нешік, ниет дұрыс болғанымен, еуропалықтар бұл уәделерін де орындай алмады. «Reuters» агенттігінің хабарлауынша, сол уақыттан бері бар-жоғы 300 мигрант қана «квота» бойынша Еуропада қалуға рұқсат алған. Оның өзінде, жартысы – қысы қатаң Финляндияға көшірілген... Ал 160 мыңның «сыртындағы» қалың нөпір қайда бармақ? Былтыр жалпы саны миллионнан аса мигрант кәрі құрлыққа бас сауғалап келген екен. Олардың көбісі әлі босқындарға арналған лагерьлерде ас-сусыз, медициналық көмексіз отыр. Өткен аптада Ұлыбританияның лейбористер партиясының жетекшісі Джереми Корбин Францияның Кале қаласы маңындағы босқындар лагеріне барып, олардың жағдайын өз көзімен көріп, жағасын ұстап қайтты. «Мұнда балалар бар, оларға не білім алудың, не медициналық көмек алудың ешқандай мүмкіндігі жоқ» деп қынжылыс білдірді британдық саясаткер. Осылайша, кейбір саясаткерлер мемлекет басшыларын босқындарды алаламай, оларға жағдай жасауға шақырып, гуманизмге үндесе, ресми билік өкілдері жергілікті халықтың, яғни қарапайым еуропалықтардың арасында наразылықтың өршуінен қауіптенеді. Қазірдің өзінде Германия мен Францияда жергілікті тұрғындар мен босқындар бір-біріне көз аларта бастады. Босқындар тұрып жатқан жатақханаларға «шабуыл жасау», төбелес ұйымдастыру туралы ақпарат дембіл-дембіл жете бастады. Ал 1 қаңтарда Германияның Кельн және басқа қалаларында «Мигранттар жергілікті тұрғындарға жәбір-жапа көрсетті» деген хабар барлық батыстық ақпарат құралдарын шарлап шықты. Мигранттарды тежеу үшін Швеция, Дания, Германия, Австрия, Франция шекаралық бақылауды қайтадан күшіне енгізуге мәжбүр болды. Бірақ бизнесмендерді геосаяси комбина­ция­­лардың шырғалаңы, әлеуметтік дағдарыс­тар­дың салдарлары онша алаңдатпайтын сияқты. Олар Давостың жабық отырыста­рын­да еуропалық саясаткерлерді ұйымның қазіргі шарттарының сақталуын талап еткен. Себебі олар үшін шекаралардың жабылуы – тауарлар мен қызметтердің еркін айналымына тосқауыл пайда болды деген сөз. Мұндай жағдайда экономикалық зиянның шаш-етектен болатынын айтып, дабыл қағуда. Айтпақшы, ғаламдық сын-қатерлер ту­ралы баяндамада биыл Ресей мен Орталық Азия мемлекеттердің экономикалық ахуалы нашарлай түседі делінген. Бұл елдер бюджеттік дефицит, гиперинфляция мен жұмыссыздықтан зардап шегетін болады делінген құжатта. Бұған әлемдік нарықтағы көмірсутектер бағасының құлдырауы мен Қытай сияқты ғаламдық нарықтың даму қарқынының тежелуі себепші. Ал миграция мен туризмнен соң адамзат та­биғи апаттар мен табиғи қорлардың тапшы­лығы сияқты қауіп-қатерлермен бетпе-бет келеді. Егер аймақтық соғыстар мен саяси кикілжіңдерді тоқтатып, ғаламдық мәселелерді бірлесе отырып шешудің жолын тап­пасақ, алдағы он-жиырма жылымыздың алаңы көп көрінеді...   АФРИКАДА МИЛЛИОНЕРЛЕР КӨБЕЙДІ   Ал тағы бір америкалық миллиардер, керісінше, оптимистік көзқараста екенін жасырмайды. Давос форумының алдында Билл Гейтс ғаламторда «2016 жыл уәде үдесінен шығу» («Promises to keep in 2016») деген тақырыппен өз ойымен бөліскен: http://www.project-syndicate.org/commentary/gates-foundation-2016-priorities-by-bill-gates-and-melinda-gates-2016-01 Атақты бизнесмен барша адамзаттық тауқыметтің түп себебін кедейшіліктен көреді. «Біз алмағайып заманда өмір сүріп жатырмыз. Күн сайын жаңалықтарда өршіп бара жатқан дағдарыстар туралы айтылады – мейлі, ол миграция болсын, экономикалық тұрақсыздық болсын, қауіпсіздік немесе климаттың өзгеруі болсын, маңызды емес. Бұл күрделі әрі өткір проблемалардың туындауына себепкер болған ортақ фактор – кедейшілік. Сондықтан кедейшілікті азайту бұл проблемаларды шешудің жолын жеңілдетеді» деп бастайды сөзін миллардер. Бұдан әрі Билл Гейтс ғаламдық деңгейде кедейшілікпен күресу үшін не істеліп жатқанына тоқталады. Сөзіне қарағанда, ол жер бетіндегі жеті миллиардтан асқан тұрғындардың жағдайы күн санап жақсарып келе жатқанына сенетін сияқты. «Босану кезіндегі ана өлімі екі есе азайды; балалар қазасы мен безгектен көз жұматын құрбандар қатары екі есе кеміді; сіңірі шыққан кедейшілікте өмір сүретін адамдардың саны екі есе азайды» дейді ол. «Билл және Мелинда Гейтс қорының» осы тарапта ат­қар­ған жұмыстарын айта келе Гейтс өзінің болашаққа деген үкілі үмітін былай деп сипат­тайды: «Біз кедей мемлекеттердің тұрғындарына бұрын түстеріне де кірмеген мүмкіндіктер беретін кезеңнің алдында тұрмыз. Бұл аз десеңіз, біз алдағы 15 жылда олардың жағдайы бұрынғыға қарағанда әлдеқайда тез жақсарады деп санаймыз. Және олардың бұл өзгерісінің сапасы басқа тұрғындармен салыстырғанда әлдеқайда салмақтырақ болады» дейді. Рас, «күлшелі бала сүйкімді». Бірақ Билл Гейтстің «кедейшілікте өмір сүретін адамдар саны екі есе азайды» деген сөзі өмір шындығына сай келеді деу қиын. Соңғы кездегі деректер, керісінше, ауқаттылар мен жоқ-жітіктің арасы бұрынғыдан алшақтай түскенін көрсетеді. Мысалы, Африканың өзінде байлар байып, ал кедейлер одан әрі пақырлана түсуде. «The Guardian» газетінің жа­зуын­ша, 2000 жылдан бері Африкадағы миллио­нерлер саны екі есе көбейген. Бір миллион доллардан көп қаржысы бар байлар­дың саны бұл континентте 160 мыңға жетіпті. Миллионерлердің саны жағынан африкалық мемлекеттердің ішінде Оңтүстік Африка Республикасы бірінші орында. Одан соң Мысыр мен Нигерия тұр. Осы қарқынмен өсе берсе, 2024 жылы африкалық миллионерлердің саны 234 мыңға жетеді деген болжам бар. Бүкіләлемдік банк болса, күніне 1,25 долларды ғана тамаққа талғажау ететін африкалықтардың саны 2011 жылы 415 миллионға жеткенін хабарлады. Рас, Африка құрлығы батыстық техно­ло­гия­лардың арқасында қазір үлкен дүмпуді бас­тан кешіруде. Экономикалық даму қарқыны арта түсті. Бірақ бұл өсудің игілігін шоғырдай ғана топтың көріп отырғаны қарын аштырады. Ал қарапайым африкалықтар күн сайын кедейшіліктің тереңіне батуда. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі таңда байлықтың ауқаттылардан аумайтыны, ал кедейлердің одан әрі тақырлана беретінінің анық мысалы – Африка. Бұған қоса, «Oxfam» халықаралық ұйымы Давостың алдында селт еткізерлік мәлімдеме жасады. Олардың айтуынша, әлемдегі 62 адамның жинаған қоры жер бетіндегі барлық кедейлердің иелігіндегі дүниенің құнымен пара-пар екен. Егер жағдай осы күйінен өзгермесе, жақын арада жер бетіндегі тұрғындардың 1 ғана пайызының жиынтық байлығы қалған 99 пайыздың меншігіндегі қордан асып түседі-мыс. Мұндай есептің қалай жүргізілгенін кім білсін, бірақ үркердей топтың қолында телегей-теңіз байлықтың жинақталғаны жайлы алып-қашпа сөздің айтылып жүргені бүгін ғана емес. Тағы бір дерек, жер бетінде бір миллион доллардан аса қоры бар адамдардың саны 2014 жылы 13 миллионға жеткен.

ЕНДІГІ ДАМУ ТІЗГІНІ КІМНІҢ ҚОЛЫНДА?

Давос экономикалық форумының бас­ты тақырыбы – төртінші өнеркәсіптік рево­люция болатын. Заманауи технологиялар экономиканың дәстүрлі салаларына шұғыл өзгерістер енгізген кезеңді сарапшылар осылай атайды. Бірақ жиналғандар иннова­циялық заманның игіліктерінен гөрі оның салдарларын талқылауға көбірек ойысты. Рим Папасы Франциск Давос форумына арнайы кардиналын аттанырып, инновациялық технологиялармен тым әуестене берудің қауіпті екенін ескертіпті. Папаның пікірінше, өздігінен ұшатын автокөліктер, 3D басып шығару құрылғылары миллиондаған адамдарды жұмыссыз қалдыруы мүмкін. Шындығында да, Давостың жыл сайынғы баяндамасында айтылғандай, заманауи технологиялардың кесірінен алдағы бес жылда 7,1 миллион адам жұмыссыз қалады екен. Ал тыңнан түрен салған салаларда бар-жоғы 2 миллион адам екі қолға бір жұмыс таба алады. Яғни, жұмыссыздар саны көбейіп, орта табыстылар қатар сирейді деген сөз. Бірақ бұл технологиялық дамудан, яғни төртінші өнеркәсіптік революциядан табысқа кенелетіндер тағы да дамушы мемлекеттер болмақ. Себебі оларда қажетті қор да, компьютерлік зерттеулер де, соны технологиялар да бар. Ал технологиялық даму алға жылжыған сайын арзан жұмыс қолына деген тәуелділік азая түспек. Адам еңбек күші ретінде техникаға ысырылып орын берген кезде дамушы нарықтардың тынысы одан сайын тарылатын болады. Сонда не? Сол баяғы, «күштінің арты диірмен тартады». Бізден бір ғасыр бұрын Ахмет Байтұрсынов айтқан: «Бұл күнде оқудың керек екеніне ешкімнің таласы жоқ. Қай жұрт болса да оқумен ілгері басып тұрғандығын, кейін қалудың себебі оқудың кемдігінен екенін көріп тұрмыз. Оқусыз халық қанша бай болса да, біраз жылдардан кейін оның байлығы өнерлі халықтардың қолына көшпекші. Қазақтың осы күні сатып алмайтын нәрсесі жоқ, сол алған нәрселердің бірін де қазақ өзі істеген емес. Қазақ пайдаланып отырған шөп шабатын, киім тігетін машиналар, соқа-сайман, арба-шана, киім-кешек, ыдыс-аяқ – бәрі де завод, фабрикаларда істеліп шыққан. Бұл істеліп шыққан нәрселердің сүйегінен іс ақысы он есе қымбат. Бұлай болғанда, қазақ басқа жұрттың өнерін қымбатқа сатып алып отыр... Бұл заманда қолы жетпегендерді теңдікке жеткізетін, әлсіздерге күш беретін өнер-білім, сол өнер-білімге мезгілі өтпей тұрғанда үйренсек, тұрмысымызды түзетіп, басқалардың аяқ астында жаншылмас едік, біз де өз алдымызға жұрт екендігімізді білдірер едік. Осы замандағы жан таңырқарлық нәрсенің бәрі де ғылыммен табылған. Адам баласын көкте құстай ұшқызған, суда балықтай жүздірген ғылым. Дүнияның бір шеті мен бір шетінен шапшаң хабар алғызып тұрған ғылым, отарба, от кемелерді жүргізген ғылым. Осыларды істеп отырған жұрттың бәрі де сондай болмаған. Бұлар да басында бізден де өнерсіз болған» деген ұстаз қазақты білім-ғылымға шақырды. Бәлкім, «ЭКСПО-2017» – төртінші өнер­кәсіптік революция кезеңінде Қазақстанның серпінді дамуының баспалдағы шығар, кім білсін?  

Ұлыбритания