Министр докторлық диссертация қорғаудың жаңа талаптарын таныстырды

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасында елімізде докторлық диссертация қорғаудың жаңа ережелерін таныстырды. 

Аймағамбетовтың айтуынша, диссертацияны қорғау үшін қажетті басылымдарға қойылатын талаптарды өзгерту бойынша ҚР БҒМ бұйрығының жобасы дайындалды. ҚР БҒМ №127 бұйрығына сәйкес,  қорғауға шығу үшін докторант міндетті түрде жеті мақала жариялауы қажет. Мақалалардың е сапасы бойынша ерекше талаптар қойылмайды.

«Нәтижесінде басты назар тек сандық көрсеткішке аударылып, мақалалар сапасы күмәнді журналдарда жариялана бастайды. Кейін ғалымдарымыздың мақалалары халықаралық базалардан шығарылған белгісіз бір журналдарда басылып шыққанда таң қалып жатамыз. Әлбетте, қалыптасқан бұл дәстүрді өзгерту керек. Яғни, сұранысқа ие емес «әлсіз» журналдарда мақалалардың көп жариялануына қарағанда, беделді журналдарда сапалы жарияланымдар аз шыққаны жақсырақ деп анық айтуға болады», – дейді ведомство басшысы. 

Министрдің айтуынша, диссертациялық кеңес туралы үлгілік ережеге диссертациялық кеңес мүшелеріне қойылатын талаптарды арттыру жөніндегі жаңа норма енгізілген. Кеңес мүшелерінің кемінде 2/3 бөлігінде Хирш индексі мен рецензияланатын халықаралық ғылыми журналдарда кемінде үш жарияланым болуы тиіс. Әлеуметтік-гуманитарлық бағыттар үшін бұл көрсеткіштер төмен болады.

Магистрлік және докторлық диссертациялар жетекшілеріне қойылатын талаптар да өзгерген.  «Бүгінгі таңда докторанттан беделді журналдарда жарияланым талап етілсе, онда ғылыми жетекшінің де осындай жарияланымдары болуы тиіс. Қазіргі уақытта іс жүзінде тиісті талаптар жоқ», – дейді Аймағамбетов. 

Back to top button