Түркіменстан мен Ресей арасындағы газ мәселесінде келіспеушіліктің түпкі себебі не?

Түркіменстан мен Ресей арасындағы газ мәселесінде келіспеушіліктің түпкі себебі не?

Түркіменстан мен Ресей арасындағы газ мәселесінде келіспеушіліктің түпкі себебі не?
ашық дереккөзі
  Биылғы жылдың басында Ресей ақпарат агенттіктері әлемнің 20 еліне газ тасымалдаумен және Орталық Азия елдерінен газ сатып алумен шұғылданатын ООО «Газпром-Экспорт» компаниясының дерегіне сүйене отырып, биыл Ресейдің Түркіменстаннан газ сатып алуды тоқтататыны жайында ақпарат таратты. Арада көп уақыт өтпей жатып ресейлік агенттіктер осы мәселеге қатысты тағы бір мәлімдеме таратты: «Газпром-Экспорт» енді Өзбекстаннан газ алу жөнінде келісім жасалғаны туралы мәлімдеме жасапты». Шынын айтқанда, Ресейдің бұл қадамы жұртты таң-тамаша қалдырды. Қысқа күнде қырық құбылған ресейлік ірі кәсіпорын бұнымен не айтқысы келді? Түркіменстаннан газ алуды тоқтатар-тоқтатпастан Өзбек газына неге аңсары ауып қалды екен? Мәселенің астарына үңілсек, бұнда Ресей жағының қандай да бір саяси қадамға барғанын байқау қиынға түспес еді. О баста Ресей мен Украина арасындағы газдан басталған дау ушығып, оның соңы екі елдің қырғи-қабақ болып, Мәскеудің АҚШ пен Еуроодақ тарапынан санкцияға ұшырауына алып келгені жұрттың бәріне белгілі. Қарызын төлемесе табиғи газ тасымалын тоқтататынын айтып, Украинаға қысым жасағысы келген Ресей ақыры көрші елді дегеніне көндіре алмай Еуроодақ елдеріне газ тасымалдауда үлкен қиындыққа ұшырады. Одан соң Еуропаға Украинаны айналып өтетін «Оңтүстік ағын» құбырын салу арқылы қиындықтан құтылмақшы болған Ресейдің жоспарын Болгария тарапы бұзып кетті. Құны 10 млрд. доллар тұратын «Оңтүстік ағын» құбыры Қара теңіздің түбімен Болгарияның оңтүстік жағалауларына дейін, одан ары Грекия, Италия, Сербия, Венгрия және Австрияға тартылуы тиіс болатын. Бірақ 2014 жылы Ресейге қарсы экономикалық санкциялар салынғаннан соң Италия арқылы өтетін «Оңтүстік ағын» газ құбыры жобасы тоқтады. Бірақ Ресей сыртқа газ шығарудан бас тарта қойған жоқ. Түркияға байланысты жобалар жасап, осыдан екі жыл бұрын сол елге ресми сапармен барған Путин Түркия президенті Ердоғанмен кездесу барысында «Ресей мен Түркия «Оңтүстік ағын» жобасының орнына орыс газын Еуропаның оңтүстік бөлігіне таситын транспорттық дәліз құруы мүмкін екені» жөнінде сөз қозғаған болатын. Іле-шала Ресей президенті «Түркияға «Көгілдір ағын» газ құбыры бойынша тасымалдайтын газ көлемін көбейту және импорттайтын газ бағасын арзандатуға келіскені» жайында мәлім етті. Тіпті ресейлік «Газпром» компаниясының директоры Алексей Миллер 2016 жылдың соңына қарай Түркияға тартылатын жаңа газ құбырын іске қосу жоспарланып отырғанын айтып, «Қара теңіз арқылы салынатын жаңа газ құбыры жоспар бойынша жылына 63 миллиард текше метр газ тасымалдауы тиіс» екенін де мәлімдеген болатын. Бірақ Сирияда ИГИЛ-ге қарсы соғысып жүрген Ресей қарулы күштерінің бір бомбалаушы ұшағы Түркия шекарасын бұзып, оны түрік жойғыш ұшақтары атып түсіргеннен кейін екі елдің қарым-қатынасы шиелінісіп кетті. Ресми деректер Ресей газын тұтыну бойынша Түркия Германиядан кейінгі ірі мемлекет екенін айтады. Ресейлік «Газпром» 2014 жылы Түркия Республикасына жалпы көлемі 27,4 млрд. текше метр көлемінде табиғи газ саудалаған. Бұл «Газпромның» жылдық импортының 67 пайызы. Бірақ аталған оқиғаға байланысты келіспеушілік салдарынан Ресей Түркияға қатысты өзге жобалармен бірге газ беруді де тоқтататынын білдірді... Ресей газын экспорттаудың ендігі бір мүмкіндігі – Қытай. 2014 жылы, мамырдың 21-і күні Ресей мен Қытай 30 жылдық келісімшартқа қол қойды. «Газпромның» мәлімдеуінше, Ресей Қытайға жыл сайын 38 миллиард текше метр газ жеткізіп тұрмақ. Яғни, «Газпром» компаниясы Қытай ұлттық мұнай корпорациясымен (CNPC – China National Petroleum Corporation) жасасқан келісімі бойынша Қытайды 30 жыл бойы «көгілдір отынмен» қамтамасыз етіп тұрмақ. Жоспар бойынша Ресей 2018 жылдан бастап Қытайға жылына 38 миллиард текше метр табиғи газ жеткізетін болады. Бұл келісімшарттың басқа шарттарын «Газпром» төрағасы Алексей Миллер «коммерциялық құпия» дей тұра, екі ел арасындағы бұл келісім-шарттың жалпы құны 400 млрд. екенін жасырмаса, Путин бұл жобаға Ресей 55 млрд. Қытай жағы 20 млрд. доллар қаржы жұмсайтынын мәлімдеді. Батыстың кейбір сарапшыларының ойынша «Қытаймен келісімге қол қою арқылы Ресей өзінің Еуроодақ салған санкциялардан қорықпайтынын, керісінше, газ сататын басқа жолдарды таба алатынын» дәлелдегісі келген сияқты. Алайда тап осы арадан тағы бір ши шығып тұр. 2009 жылы «Түркіменгаз» мемлекеттік компаниясы мен Қытай Мемлекеттік даму банкі өзара 4 млрд. АҚШ доллары көлемінде келісімшарт жасасып, бұл қаражатқа Қытай тарапы Түркіменстандағы ірі газ кендерін игеруді жоспарлады. Бұл жоспарды одан әрі кеңейте түсу үшін 2011 жылы Қытай «Түркіменгаз» компаниясына тағы 4,1 миллиард доллар бөлді. Сол сияқты Түркіменстан – Өзбекстан – Қазақстан – Қытай газқұбырының құрылысына тағы 6,5 миллиард доллар бөлген Қытай мемлекеті осы құбырмен жыл сайын 40 млрд. текше метр түркімен газын жеткізуді көздеген. Осылайша түркімен елінен тасымалданатын газ көлемін жыл өткен сайын ұлғайта беруге мықтап кіріскен Қытай Түркіменстанда бүгінге дейін жалғыз шетелдік инвестор болып отыр. Түркіменстанның Қытайға тасымалдап отырған газы – Ресейге қарағанда арзан бағада сатылып жатқаны жасырын емес. Ал бұл жағдай Ресей мен Қытай арасындағы газ бағасына әсер етуі әбден мүмкін. Түркіменстаннан арзан газ тасымалдап отырған Қытай тарапы Ресейге көгілдір отын құнына байланысты қосымша шарттар ұсынуы да ғажап емес. Көгілдір отын нарығында саяси текетірестер кесірінен тұтынушыларынан қол үзіп қалған Ресейдің қауіптенетіні де осы. Сондықтан Ресейдің түркімен газынан бас тартауының бір себебін осы тұстан іздеуге әбден болады. Осыған дейін түркімен газын Қытайдан басқа Иран мен Ресей тұтынатын. Енді Ресей нарықтан шықты. Бірақ Қытай түркімен газынан бас тарта қоймайды. Ал, соңғы кездегі түрлі жағдайларға байланысты Иранға газ тасымалдаудың болашағына байланысты қиындықтар туындайтын сияқты. 2015 жылы қазанның 7-сі күні Ресей Каспий теңізінен Сирияға қарай зымыран ұшырып, теңіз жағасындағы Әзірбайжан, Иран, Қазақстан, Түркіменстан елдеріне Каспий теңізінде өзінің ықпалы күшті екенін көрсеткендей болды. Бұл жағдай басқалармен бірге Түркіменстанның сыртқы саясатына әсерін тигізбей қоймасы анық. Өйткені түркімен елі жобалап отырған сыртқа газ тасымалдайтын бағыттың біріне бұл оқиғаның кері әсері тигелі отыр. Таратып айтсақ: Түркіменстан мен Әзірбайжан және Еуропа Одағымен бірге «Транскаспий» газ құбырын салуды (ТСР) бірнеше айдан бері талқылауда. Түркіменстан көгілдір отын нарығының тынысын кеңейтетін бұл жоба түркімен газын Каспий теңізінің астымен алдымен Әзірбайжанға, ары қарай Еуропаға жеткізуді көздеген жоба болатын. Бұл жобаға Еуроодақ та мүдделі, өйткені ол жүзеге асқан жағдайда Еуропа Ресей газына деген тәуелділіктен құтылуы мүмкін. Бұл жобаға Ресейдің қарсы болатыны өз-өзінен түсінікті. «Транскаспийден» басқа екінші бағыт – Түркіменстан-Ауғанстан-Пәкістан-Үндістан (TAPI) маршруты. Түркімен газына екінші тыныс беруі тиіс бұл бағыт газ құбыры өтетін Ауғанстан мен Пәкістанның Белуджистан облысындағы жағдайларға байланысты құбырдың Ауғанстан шекарасынан ары асуы күмәнді болып қалды. Сонымен қатар Каспий теңізінен Ресей зымырандарын ұшыруы да алғашқы жобаның (ТСР) аяқталуына зиянын тигізетіндей. Соңғы кезде Түркімен – Ауған шекарасында талибан қозғалысының іс-қимылдарына байланысты ақпараттар тарауда. Осыған байланысты кейбір сарапшылар «Ауғанстандық лаңкестер Түркіменстанға қауіп тудырса елге Ресей тарапы әскер кіргізуі мүмкін бе?» деген сауалға жауап іздей бастады. Бірақ түркімен елінің бейтарап саясаты бұған мүмкіндік бермеуі мүмкін. Қалай дегенде де, әлемдік газ нарығында қыспаққа ұшыраған Ресей өз орнын Түркіменстанның басуын хош көрмейтіні анық. Сондықтан бұл елдің сыртқы жобаларына барынша кедергі жасап бағуы мүмкін нәрсе. Осыған қарап әлемде көгілдір отын мәселесі саяси қысым құралына айналып бара жатқанын болжауға болатындай.

Ахмет ӨМІРЗАҚ