Белгілі актер, продюсер Нұрлан Қоянбаевтың "Бизнес по-казахски в Корее" атты туындысы прокаттағы табысы жөнінен рекорд орнатып, Қазақстан кино тарихындағы ең табысты фильм атанды. Бұл жаңалықты продюсер өзінің Instagram парақшасында хабарлады.
Қоянбаевтың комедиясы бұған дейін үздіктер тізімінде бірінші болып тұрған "Мстители" фильмін басып озды.
"Жеңіс, құтты болсын, Ұлы дала елі! 2020 жылдың 23 қаңтары біз үшін тарихи күн! Біздің отандық фильм "Бизнес по казахски в Корее" алғаш рет голливудтық фильмдердің алдын орады! Бұған дейін ең кассалық деп есептелген голливудтық "Мстители: Финал" фильмін басып оздық! Бізді қолдаған әрбір қазақстандық көрерменге алғысым шексіз! Рахмет сіздерге! Жеңіс сіздердікі" , - деп жазды әзілкеш.
"ShowNewsKZ" сайтының хабарлауынша, 23 қаңтар күнгі мәліметтерге сай киноның кассалық жиыны 1 миллиард 40 миллион теңгені құраған.