Семіздікке шалдыққан балалар саны көбейген

Семіздікке шалдыққан балалар саны көбейген

Семіздікке шалдыққан балалар саны көбейген
ашық дереккөзі

Бүгінде дүниежүзінде 1-5 жас аралығындағы 41 миллион бала семіздік зардабын тартуда. Бұл туралы Біріккен Ұлттар Ұйымы Балалардың семіздігін жою комитеті жариялаған есептен белгілі болды.

Семіздікке шалдыққан балалар саны дамушы елдерде 26 жыл бұрынғы көрсеткішке қарағанда екі есеге артыпты. Яғни, 1990 жылы артық салмақтың зардабын тапқан балалар саны 7,5 миллион болса, 2014 жылдың соңында 15,5 миллионға жеткен екен. Комитеттің мәлімдеуінше, артық салмақтың зардабын тартып жүрген балалар өсе келе қант диабетіне немесе жүрек-қантамырлары ауруларына шалдығуы мүмкін. Сарапшылардың айтуына қарағанда, балалар мен жасөспірімдердің семіздігі мәселесі барлық елдерде ауқымды қатерге айналып отыр. Есеп жүргізген комиссия өкілдері семіздіктің түрлі себептері бар екендігін айтады. Артық салмақ азық-түлік өндірісі, жарнама, дене қимылы мәдениетіне тікелей қатысты. Құрамында майы, тұзы және қанты көп, дайындалуы қарапайым әрі арзан азық-түліктің кең насихатталуы және дене қимылының азаюы жас ұрпаққа қауіп төндіріп тұр. Бұл – тексеру  жүргізген сарапшылардың пікірі.

Комиссияның тең төрағасы Питер Глакмэн: «Балалар арасындағы семіздіктің жаһандық мәселесін шешу үшін дүниежүзіндегі үкіметтер өздеріне саяси міндеттемелер алуы керек», – дейді. Сонымен қатар, Питер Глакмэн Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы үкіметтермен бірге балалар семіздігінің себептерін жоятын шараларды қолға алуы қажет деп санайды.