Домбырашы балалар Дубайдан жүлдемен оралды

Домбырашы балалар Дубайдан жүлдемен оралды

Домбырашы балалар Дубайдан жүлдемен оралды
ашық дереккөзі
Елордалық жас өнерпаздар Біріккен Араб Әмір­лік­­тері­нің Дубай қаласында өт­кен Dubai East Vision халықара­лық байқауында 1-орынға ие бол­ды. Бірнеше номинация бойынша өт­кен  Dubai East Vision халықаралық байқауына Нұр-Сұлтан қаласы­нан Оқушылар сарайының өнер­паздары 2 топта қатысқан. Бі­рін­шісі – кіші топ. Олар қазақ ұлт ас­паптар ансамблі, яғни домбыра, қо­быз, және жетіген аспаптарында өнер көрсеткен.  Ал екінші топ таза дом­бырашылардан құралған. Байқау­ға жалпы саны 17 бала қатысқан. Елордадан барған екі топ та өз но­минациясы бойынша 1-орынға ие болған. Ел намысын қорғаған жас домбы­рашылардың топ жетекшісі Әлия Ахметованың айтуынша, Қазақ­станнан бөлек Ресей, Саха Республикасы, Кувейт, Украина және Испания елінің жас өнерпаздары бақ сынаған. Халықаралық байқау ас­пап, вокал, хореография, сурет салу және театр номинациялары бойын­ша өткен. «Байқауда екі топ бірнеше ұлттық шығармамызды көпшілікке тарту етті. Атап айтар болсақ, «Қара жор­ға», халық күйлері «Тепеңкөк», «Се­кіртпе» және бірнеше халық күй­лерінен құралған попурри «Күй ша­шуды» орындады. Балалардың ең жасы – 8-де, ал ең үлкені – 12-13 жаста. Тағы бір айта кетерлігі – кіші топтағы балалар үлкен сахнаға бірінші рет шықты. Себебі олар аспаптар үйірмесіне таяуда ғана жазылған. Бұған дейін тек қалалық сахналарға шығып жүрді, соған қарамастан байқауда өздерін жоғары дәрежеде көрсете білді. Шынын айтсақ, біз үшін 1-орыннан гөрі ұлт­тық аспабымыздың әлем сахнасын­да естілуі маңызды. Бастысы – кө­рермен бүлдіршіндеріміздің өне­ріне тәнті болды. Әсіресе, ұлттық киімдерімізге аса зор қызығушы­лық танытып, балалармен сурет­ке түсушілер көп болды», – дей­ді ол. Dubai East Vision – жылдың ең маңызды фестивалі ғана емес, сонымен қатар Дубайдың Мәдениет және туризм департаментінің ресми қолдауымен өтетін эмираттың ең жарқын мәдени шараларының бірі. Аталған фестиваль дәстүрлі түрде әлем таланттарын біріктіріп, олардың заманауи сахнада өнер көрсетіп, Парсы шығанағы жағалауының әдемілігін тамашалауына мүмкіндік береді.