Harry Potter -ді қазақша сөйлеткен Раиса
Harry Potter -ді қазақша сөйлеткен Раиса
Әлем әдебиетінің шыңында тұрған тың туындыларды қазақ тіліне аудару көп машақат пен қыруар қаражатты талап ететін іс екендігін көпшілік біле бермейді. Таныса отырыңыздар, мұндай салмағы зіл батпан жауапкершілікті арқалап, игі істі атқарып жүрген жанның бірі – Раиса Сайранқызы. Моңғолияда өсіп-өнген қандасымыздың атажұртқа қайтып оралғанына небәрі алты-ақ ай уақыт болса да, бітірген шаруасы қыруар, алға қойған мақсаты да орасан. Осы орайда, аударма ісін алға сүйреп, қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, күллі қазақ баласын әлем әдебиетімен сусындатуды діттеп жүрген отандасымызбен сұхбаттасқанды жөн көрдік.
– Раиса ханым, ел ішінде аударма ісінің кенжелеп дамып келе жатқаны белгілі. Оның үстіне, бұл – зейнетінен гөрі бейнеті басым, кірісінен гөрі шығыны көп жұмыс. Мұндай мехнатты істі қолға алуыңызға не түрткі болды? Оның үстіне, мамандығыңыз қаржыгер болса, неге сол салаға бет бұрмадыңыз?
– Әлбетте, сіз айтқандай өз мамандығым бойынша қаржы саласына бас сұғып кетуіме болар еді. Оның үстіне, осы сала бойынша оқыған қос дипломым да, тәжірибем де бар. Алайда маған бұйырғаны осы іс екен. Негізінен, аударма ісін қолға алуға итермелеген бірнеше себеп бар. Ең әуелгі себеп – өзім кітапты сүйіп оқимын. Кітап – бала кезімнен келе жатқан ең жақын досым. Кітап дүкендеріне кірсем болғаны, қай сөреге бірінші жақындарымды білмей, төбем көкке жетеді. Екіншіден, кітапты сүйсініп оқу қабілетін өзіммен қатар, балаларымның да бойына дарыта білдім. Кітапты балаларыммен жарыса оқимын. Кенже балам әлі кішкентай, сол себепті оған да түсінікті болу үшін әдейі дыбыстап қатты оқимын. Сондай-ақ балаларыммен кітаптағы кейіпкерлердің рөлдерін бөлісіп аламыз. Мәселен, кітапта пойыз бейнеленсе, пойыздың дыбысын келтіремін немесе аю не қоян суреттелсе, ортаға секіріп шығамын да, сол аңдардың дауысын саламын. Бала әріп танитын жасқа келмесе де, иллюстрацияның көмегімен оның көкжиегін кеңейтіп, түсінік-танымын өзгертуге болады. Сосын тағы бір себеп – бірнеше жыл бұрын Алматыға қыдырып келгенімде балаларыма қазақтілді кітап сатып алмақ болып, кітап дүкендерін араладым. Қызық болғанда, сөреден балаларға арналған қазақтілді кітаптар таба алмай, анадан бір сұрап, мынадан бір сұрап, әлекке түскен жайым бар. Сол кезде бұл істі Алматыда да әрмен қарай дамыта түсемін деген тоқтамға келдім.
– Демек, сіз ашқан Steppe&World баспасы Алматыға көшіп келгеніңізге дейін істеп тұрған ғой?
– Иә, баспаның жұмыс істеп тұрғанына үш жылдың жүзі болды. Мұны алғашында Ұлан-Баторда ашқанбыз. Айта кетерлік жайт, аудармаларымыз тек Қазақстан ғана емес, Моңғолиядағы қазақтілді ортаға да таралады. Мәселен, қазақ тіліне аударылған алғашқы туынды «Ақын қоян» сол елде шықты. Біз үшін тек аударманың сапасы ғана маңызды емес, сонымен қатар кітаптың сыртқы келбеті де жоғары дәрежеде болуы шарт. Сол себепті «Ақын қоянды» Гонконг қаласында басып шығарып, бірінші болып Моңғолия қазақтарының балаларына тараттық.
– Аудармаға кітаптарды іріктеу ісі қалай жүзеге асады? Әлде белгілі бір ақылдастар алқасы бар ма?
– Жоқ, ешқандай да ақылдастар алқасы жоқ. Барлығын өзім таңдаймын. Ең әуелі әлемдік рейтингке жүгінемін. Сосын авторларына мән беремін. Мысалы, Эрик Карлдың «Қомағай жұлдызқұрт» туындысын әлем бойынша «Төрт жасқа дейінгі балаларға арналған топ-10 кітап» рейтінгісінің ең жоғарғы орында тұрғаны үшін аудару қажет деп санадым. Ал «Ақын қоян» шығармасының авторы британдық жазушы Джулия Дональдсонды күллі әлем заманауи балалар әдебиетінің «Шекспирі» деп таниды. Тағы сол Джулия Дональдсон жазған «Груффало» ертегісін Еуропа балаларының түгелі дерлік сүйсініп оқиды десем, артық айтқандық емес. Сол себепті Еуропаның дамыған мемлекеттерінің арасынан іріктеп, ең жақсы, ең таңдаулысын әкеліп, аудартқызамын. Сондай-ақ мені кітап жәрмеңкелері мен көрмелеріне жиі шақырады. Мәселен, өткен жылы Италияның Болонья қаласында жыл сайын өтетін балалар әдебиетінің жәрмеңкесіне шақырту алдым. Мұнда жаңадан шыққан кітаптармен танысып, өзіме керегін түртіп қайттым. Ең қызығы – сол жерде жоғарыда айтып өткен әйгілі британдық жазушы Джулия Дональдсонмен кездестім. Ол кісінің көптен бері Алматыға келуді көздеп жүргендігі мені тіпті таңғалдырды. Сосын, әрине балаларымның қай кітапты ерекше ынтызарлықпен оқитынын сыртынан бақылап, зерттеп, түртіп отырамын, сосын әлгі кітап туралы ақпарат жинастырамын. Мұндағы мақсат – тек менің ғана емес, күллі қазақ баласы оқысын деген тілек. Мұндай бәсі биік туындыны оқыған қазақ балалары үлкейгенде сондай таңғажайып туынды жазатын шығар, кім білсін?! Қазіргідей қолыңды созсаң, қалағаныңа жетуге болатын заманда қазақ балаларының қазақ әдебиетімен қатар, әлем әдебиетінен де хабары болса екен деймін. Қазақ балаларына әлем әдебиетінің есігін ашқым келеді.
– Шетелдік авторлармен, баспалармен байланысты қалай орнатасыз?
– Жалпы, бүгінде баспа индустриясы керемет дамыған. Кітап аударамын деген кез келген адамға есік айқара ашық. Дей тұрғанмен, мұның өзіндік шарттары бар, сол шарттар бойынша нарыққа ойыншы болып кіресіз. Барлық шарттарын орындасаңыз, қолға алған ісіңіз де оңала түседі. Егер автор рұқсатын алғанша шыдамай, шығарып қойсаңыз, жұртшылық мұны плагиат санап, айналып келгенде зардабы өзіңізге тиетіні айтпаса да түсінікті. Біз барлық шарттар мен ұстанымдарды қатаң ұстанамыз. Негізі, ресми рұқсатты баспа үйлерінен аламыз. Қолымыз жетіп жатса, автормен байланысамыз болмаса автордың агентіне шығамыз, сөйтіп екіжақты келісімшарт жасасамыз. Қазіргі таңда жалпы саны алты-жеті кітапты аударуға заңды түрде құқымыз бар.
– Сіздер аударған «Груффало» туындысының желісі бойынша Алматы мектептерінің бірінде қойылым көрсетілген екен. Аз уақыт ішінде оқушыларды бұл кітап осыншалықты сүйсіндіріп қана қоймай, мектеп сахнасында қойылым қоюға қалай итермеледіңіз?
– Иә, «Груффало» ертегісінің сахналанғанын көріп, бойымызды мақтаныш кернеді. Бұл негізінен қазақ тілінің жанашыры саналатын мектеп директорының қолдауымен жасалған іс. Оның үстіне, бұл ертегінің қазақша нұсқасын өте-мөте ұнатқан қазақ тілі пәнінің ұстаздарының да еңбегі орасан. Олардың бұл шараға белсенді атсалысып, оқушылармен қатар уайымдап жүргенін байқап, жүрегім жібіп сала берді. Ал қойылым соңында көрермен болып келген оқушылар да, ата-аналар да түрегеліп тұрып қолпаштаған сәтте еңбегіміздің зая кетпейтіндігіне көзім жетті.
– Сіз тек әлем мойындаған балалар әдебиетін қазақ тіліне аударуға ден қоймай, ересектер аудиториясын да қамтуға тырысудасыз. Талай киноға арқау болған бестселлер туынды «Анна Франктің күнделігінің» қазақ тіліндегі нұсқасы жуырда ел ішіне тарамақ. Бұдан бөлек, қоржындарыңызда ересектерге арналған тағы қандай туындылар бар?
– Айта кетерлігі, елге келгенде әлемдік бестселлер саналатын «Анна Франктің күнделігін» оқымаған адамдар бар екендігін естіп-білгенімде таңғалғаным бар. Себебі Моңғолиядағы отандастарымыз бұл кітапты басынан аяғына дейін оқып, баяғыда-ақ «тауысып» тастаған. Сөйтіп, «кім аударады екен, кім бастайды екен?» деп күтіп отырғаннан гөрі, өзім бірінші болып бастайын деп шешіп, нәтижесінде ресми рұқсатпен аудару құқығын иелендім. Алдағы аптада Нұр-Сұлтан қаласында аталған кітаптың тұсаукесері өтпек. Бұл кітаптан бөлек, алдағы жылы кәсібін дөңгелеткісі келетін кәсіпкерлер үшін әйгілі Гарвард мектебінде басылып шығатын Harvard Business Review журналының бірнеше сериялы мақалалары қазақ тіліне аударылады. Сонымен қатар мойнына мінген жалқаулығын жеңіп, тау мен тас қопарардай дәрежеге жеткізуді көздейтін кайдзен философиясы туралы кітап жарық көреді.
– Ақпан айында «Анна Франктің күнделігінен» бөлек, тағы бір әлем мойындаған туынды «Гарри Поттер» оқырманға жол тартқалы отыр екен. Басқа кітаптарға қарағанда, бұл туындыға сұраныс әлдеқайда көп шығар?
– Иә, қазірдің өзінде сұраныс өте көп. Әлеуметтік желідегі парақшаларымызға «Қайдан алсақ болады? Қалай қол жеткізсем болады?» деген сыңайлы пікірлерді қаптата жазу үстінде. Негізі, бұл бестселлерді маған дейін де үзіп-үзіп аударған әуесқойлар бар екен, бірақ көбінде орыс тілінен тәржімалапты. Десек те, ресми түрде түпнұсқадан аударған алғашқы баспа болып есептелеміз.