Жаңалықтар

Елді не елеңдетеді?

ашық дереккөзі

Елді не елеңдетеді?

«Сізді не мазалайды?». Бүгінгі қоғамды алаңдатқан ең өзекті мәселелерді анықтау үшін осы сауалды әр сала мамандарына, әртүрлі жас өкілдеріне қойып, сауалнама жүргіздік. Алынған жауаптар сан қилы. Оларды сала-салаға жіктеп, қаузалуы тиіс негізгі тақырыптарды екшедік. Әуелгі топтағанымыз һәм тоқталатынымыз – әлеуметтік мәселелер.

Басты мәселе – баспана

Көптің көкейін күпті еткен ең негізгі түйткіл – баспананың жоқтығы. Сауал­намаға қатысқан әрбір үшінші адам пәтер жағалап жүрге­нін айтып, «өз үйім болса» деген арманын жеткізді. Статистика комитеті мамандарының дерегінше, соңғы 12 айда тұрғын үй ба­ғасы өс­кен өңірлер көшін Қостанай (+39,5 мың тг) , Семей (+32,4 мың тг) және Пав­ло­дар (+31,4 мың тг) бас­тап тұр. Са­лыс­тыр­малы түрде алатын болсақ, Нұр-Сұлтанда жаңа үйлердің шаршы метрі 22,5 мың теңгеге, ал Алматыда 16 мың теңгеге қым­бат­таған. Жылжымайтын мүлік нары­ғын­дағы ең танымал ресурс – Krisha.kz сайтындағы хабарландыруларға көз жі­берсек, Алматыда эконом-кластағы бір бөл­мелі пәтердің құны 11 млн теңгеден бас­талады. Орналасқан ауданына, жүргі­зіл­ген жөндеу жұмыстары мен жиһаздың са­пасына қарай баға шарықтай берген. Әсіресе, жаңа пәтер­лердің құны жоғары. Талғамыңыз бен қалтаңызға қарай Алма­ты­ның орталығынан заманауи жабдық­талған бір бөлмелі су жаңа пәтерді 23 млн теңгеге ала аласыз. Тұрғын үй нарығының сарапшысы Ерлан Қарысбаевтың айтуынша, жаңа пәтерлердің бағасын құрылыс компаниялары белгілейді. Оған делдалдар өз бағасын қосады. Салдарынан бұрыны­рақ салынған үйлердегі пәтерлердің құны да еріксіз қымбаттайды. «Krisha.kz сайтын алайық. Хабарландыру берушілер әуелі құрылыс компаниялары­ның жарнамасын қарайды. Жоғары баға­ны көреді де, өз үйіне де дәл сондай баға қояды. Пәтерінің ескі екеніне қарамайды. Мы­салы, құрылыс компаниясы өзі сал­ған пәтерді 12 миллион теңгеге бағалап тұр. Мұны көрген өзге бір үй иесі өзінің 8 мил­лиондық пәтерін 12 миллион теңгеге кө­теріп қояды», – дейді Ерлан  Қарсыбаев. Дүниежүзілік банктің Орта­лық Азиядағы экономисі Уильям Зейтц­тің сөзінше, Алматы мен Нұр-Сұлтандағы тұрғын үйлер­дің бағасы Сан-Франциско, Сидней және Ванкуверде са­ты­ла­тын үй­лер­дің бағасынан қымбат. «Адамдар тап­­қан табысының 30 пайызын бас­­­­пана алуға жұмсауға тиіс. Қа­зақ­стан­дық­тарда мұндай мүмкіндік жоқ. Олар ең­бекақыларының  30 пайы­­зын үй алу үшін жинайтын бол­­са, күнделікті өмірдегі шы­ғынын жа­­ба алмай қалады», – деді Уильям Зейтц. Онысы рас, елімізде «былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өле­ді­нің» кебін киіп жүр­ген отбасы өте көп. Солардың бірі – ба­лабақша тәрбиешісі Тұр­­сы­най Жанаеваның отбасы. Бес жылдан бері пәтерден-пәтерге көшіп жүр­ген ке­ліншек баспананың жоқ­ты­ғы әбден қа­жытқанын айтты. «Басыңда баспанаң болса, одан ас­қан ба­қыт жоқ сияқты. Қаншама жыл өзгелер­дің үйін паналап келе жат­қандықтан, үйі барларға қызыға да қызғана қараймын. Бізге баспана алу әзірге арман болып тұр. Жолдасым екеуіміздің тірнектеп жүріп тап­қанымыз пәтердің ақысынан, күн­­де­лікті ішіп-жемімізден артыл­май­­ды. Жол­дасымның айлығы еш­теңеге жетпеген соң, балам бір жасқа толмай жұмысқа шығуыма ту­ра келді. Жекеменшік балабақ­ша­да тәрбиешімін. Әлі тілі шықпаған кіші топ­тағы балаларға қарайтын­дық­­тан, қатты шаршаймын. Топ­та­ғы 16 балаға таңнан кешке дейін жал­­ғыз өзім қараймын. Арасында әлі бір жасқа толмаған, еңбектейтін сәбилер бар. Жұмыстан соң өз бала­ларыма қарайтын әлім болмай қа­лады. Сондағы ала­тыным – 100 мың теңге», – деп қын­жыл­­ды тәрбиеші. Жас­тарға арналған жал­да­малы тұр­ғын үй бағдарламасы жайлы айтып едік, ол туралы хабардар екенін, алай­­да өзінің де, жолдасы­ның да жа­сы 29-дан асып кеткендіктен бұл бағ­дар­ламаға үміткер бола алмай­ты­нын жеткізді.

Айлық аз, азық қымбат

«Жалақым аз». Сауалнамамызға қа­тысқан әрбір екінші адамның ау­з­ынан естігеніміз – осы. Бұған жы­лаңқылық немесе масылдық тү­сі­ніктің салдары деп айдар тағуға асық­­падық. Себебі қазақстан­дық­тар­дың көпшілігінің айлығы шай­лығына жетпейтінін Үкімет мүше­лер­інің өзі мойындайды. Мәселен, жуыр­да ел тұрғындарының зейне­т­а­қы жинақтарына түсетін қаржы көлемінің аз болу себебін түсіндір­ген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбе­тов қазақстандықтардың 50 пайыз­ға жуығының айлық жалақысы 100 мыңға жетпейтінін айтты. «Зейнетақы қорларында қар­жы­ның аз болуына себептер өте көп.  Бі­рін­шіден, халық табысының аз­ды­ғы. Қазір ел бойынша орташа жа­лақы мөлшері – 182 мың теңге. Оның ішінде жұмыс істеушілердің 74 пайызы 181 мың теңгеден аз ай­лық алады. 50 пайызының айлық жа­лақысы тіпті 100 мың теңгеден де төмен. Сол себепті табыстың аз­ды­ғы зейнетақы жинақтарына да әсер етуде», – деді министр. Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев­тың келтірген деректері тіпті алаң­да­тарлық. Мәжілістің жалпы оты­ры­сында атаулы әлеуметтік көмек алу­шылар санының көбеюіне жа­ла­қының аздығы себеп болғанын айт­­қан вице-премьер: «Елімізде жұ­­мыс істейтіндердің 53%-ның орта жалақысы 80 мың теңгеден ас­пайды», – деді. Соның салдарынан соң­ғы 2 жылда елімізде кедейлік ше­гіне шығу деңгейі 40 пайыздан 70 пайызға дейін көтерілгенін айтты. Қазақстанда әлеуметтің әлеуе­ті төмендеп, қоғамды ке­дей­лік жайлап бара жатқанына «Ки­пр» талдау тобы жасаған сауал­на­ма нәтижесі көзімізді жеткізе түсті. Мамандар өз зерттеулерін Ста­тистика комитетінің ресми деректеріне сүйене отырып жасаған. Сауалнамаға еліміздің барлық облыстарында, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында тұратын 12 мың адам қатысқан. Оның қорытындысы бойынша, қа­зақ­стандықтардың 58 пайызы «жа­ла­қыдан жалақыға дейін» өмір сүре­ді екен. Отандастарымыздың ба­сым бөлігінің айлық табысы бү­гінде – 50 мың мен 200 мың теңге ара­лы­ғында. Ал жалақының медиа­налық мөлшері 43 мың теңгені құрап отыр. Демек, халықтың тең жар­тысы бұл көрсеткіштен де аз та­быс табады деген сөз. Әсіресе, Түр­кістан, Қызылорда және Жамбыл облысы тұрғындарының күн­көрісі тым төмен деңгейде. Аталған өңір­лердегі отбасылардың дені көп­балалы болғандықтан, жан басына шаққандағы кіріс көлемі тіпті төмен. Сарапшылар жүргізген сауалнама нәтижесінде, рес­пон­дент­тердің 11 пайызы азық-түлікке та­бысының төрттен бірін жұмсай­тынын айтқан. Ал 43 пайызы жала­қы­сының жартысынан көбін, тіпті тап­қан ақшасын түгел тамаққа шы­­ғындайтынын жеткізген. Ма­ман­­дардың айтуынша, бұл ха­лық­тың азық-түлік өнімдерін көп мөл­­шерде тұтынуынан емес, кері­сінше, қымбатшылықтың кесірінен болып отыр. «Бұл теріс көрсеткіш. Дамыған ел­дерде азық-түлікке әдетте табыс­тың 15 пайызы ғана шығындалады. Егер азық-түлікке табыстың жартысы кететін болса, адамда киім алуға, ме­дициналық қызметтерді пай­да­лануға, ойын-сауыққа және өзге де қажеттіліктер үшін ақша қалмай­ды», – депті Тұңғыш Президент Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының са­рапшысы Камила Ковязина Informburo.kz порталына берген сұх­батында. Демек, жалақысын айдың соңына дейін жеткізу үшін қа­ра­пайым қажеттіліктерден бас тар­туға мәжбүр болатын отбасы­лар­дың қатары арта түспек. Солар­дың бірі – Айдын Асаубайдың жа­н­ұя­сы. Ер азамат бола тұра, отба­сы­ның қажеттіліктерін қамтамасыз етуге қауқарсыздығы үшін өзін айып­ты сезінетінін айтқан респондентіміз есімін өзгертіп беруімізді өтінді. Бұл жағдайда оның еркектігі емес, біздің елдігіміз сынға түсіп тұр­ғанын айттық. Содан кейін ғана Ай­дын өзін алаңдатқан мәселені ашыла айтты. «Алматыда оқып, осы қалада өсіп-өнемін деп қалып қойған жас­тар­дың қатарынанмын. Үйлен­гені­ме төрт жылдан асты. Келіншегім екінші баламызды босанып, үйде отыр. Пәтер жалдап тұратын көп қа­зақ­тың біріміз. Мамандығым – эко­номист. Мамандық бойынша жұ­мыс табылмағандықтан, әзірге кү­зет компаниясында істеп жүрмін.  Күзетшілердің айлығы белгілі ғой. Жет­пейді. Қосымша табыс болсын, адам тасып ақша табайын деп несиеге бір ескілеу көлік алғам. Ескінің аты ескі екен, әр жері бір бұзылып, берекемізді кетірді. Тапқанымнан осы көлікке жұмсағаным көп болды ақыры. Ақшасыз қалған кей күндері үйде бір мезгіл ыстық тамақ пен нан­ның болғанына қуанамыз. Үл­кен балам есін біліп қалған. Тәтті­лер­ге, жемістерге құмар. Жұмыстан келсем, алдымнан жүгіріп шығады. Құр қол кіргеніме қысылып, өзімді әлем­дегі ең нашар әке сезінген күн­дерім көп. Аяғы ауыр кезде әйелім­нің жерік асын алып бере алмаға­ным үшін де өзімді ешқашан кешірмеймін», – дейді шарасыз азамат. 2017 жылдан бастап елімізде «қа­таң үнемдеу режимінде» өмір сү­ретін адамдардың үлесі 9 пайызға өсіп­ті. Көпшілігінің жылына кем де­генде бір рет үйден тыс жерде де­малып, достарымен мейрамханада немесе дәмханада кездесуіне мүм­кіндігі жоқ. Жұмыс пен үй ара­сында жүретін олар бос уақытын тек теледидар көруге ғана арнайды. Мамандар мұндай жағдайда өмір сүріп жатқан отбасылардың өздерін тұрмыстық қажеттіліктерден шектеуі олардың балаларының дамуына теріс әсер етіп жатқанын айтады. Ең сорақысы, азық-түлікті үнемдеп тұтынатын кей отбасыларда ауру-сырқау көбейген. Әсіресе, балалар­дың, жүкті әйелдердің дәруменге бай тағамдарды тұтынбауының сал­дары түптеп келгенде ұлт сау­лы­ғына кері әсерін тигізуде.

Бесігі бос үй көбейді

«Бала сүюден басқа арманым жоқ». Жүрек шымырлатқан жауап­тың бірі – осы.  Бір ғана адамның мә­се­лесі емес, күллі қоғамның жан жа­расы болғандықтан, аттап кете алмадық. Асылында, ұлт туралы әңгі­ме ұрпақ туралы сөзден басталуы тиіс емес пе?!. Ресми статистика Қазақстанда жаңадан отау құрған отбасы­лар­дың 15 пайызы бала сүюге қабі­летсіз екенін айтады. 4 жыл бұрын 7 мыңға жуық адам ұрпақсыз қалса, былтыр бұл көрсеткіш 8 мыңға жет­кен. Яғни, жыл сайын 350 адам бедеулік пен белсіздіктің шырмауына түсіп отыр деген сөз. Репродуктолог-дәрігерлердің айтуынша, егер әйел мен еркек отбасын құрған соң бір жыл бойы бала көтере алмаса, бұл бедеу­лік болып саналады. Белгілі ғалым, репродуктолог-эмбриолог Салтанат Байқошқарова баспасөзге берген сұхбаттарының бірінде өзінің алдына келген әйелдердің 80 пайызы кезінде түсік жасатқандар болып шыққанын айтқан еді. Яғни, жара­тылыстың берген сыйынан саналы түрде бас тартудың соңы осындай қасіретке әкеліп соғады. Өкініштісі, өмірге ұрпақ әкелу­ді тек әйелдің міндеті деп білетіндер, баланың жоқтығына бас салып келіншектерді айыптайды. Шындығында, дүниеге дені сау, саналы баланың келуіне ерлердің де үлесі зор. Соны ескерместен, қоғамда ұрпақсыздықтың себебін алдымен нәзік жандылардан іздейтін сыңаржақ көзқарас бар. Алайда статистика әлемде, оның ішінде Қазақстанда да аталық ұрығы әлсіз жігіттер көбейгенін көрсетіп отыр. Нұр-Сұлтан қаласындағы «Экомед» адам ұрпағын өрбіту орталығының медициналық директоры Алмас Ибрагимовтің айтуынша, елімізде бедеу әйелдер мен белсіз еркектер­дің үлесі бірдей. «Еркектің белсіздігі қазір әйелдердің бедеулігімен қатар тұр. Ал екеуінің де денсаулығының дімкәстігінен балалы болмау 30-40 пайызды құ­райды. Сондықтан біз ерлі-зайып­ты­ларды бірдей медици­на­лық тек­серуден өткіземіз. Алайда ер-аза­маттар тексерілуге онша құ­лық­ты емес. Көбі оны өздерінше на­мыс кө­реді. Тіпті еркектердің 60 пайыз­дан астамы дәрігерлерге жоламайды да», – дейді А.Ибрагимов. Дәрігердің айтуынша, құрсақ кө­тере алмаған жағдайда кө­біне әйелдер медициналық ор­та­лықты жағалайды екен. Байғұс әйел қаншама тексеруден өтіп, бала үшін күрделі операциялар жасатуға мәж­бүр болады. Ақыр соңында, гәптің бәрі еркекте болып шыққан оқиға­лар жиі кездеседі екен. Жоғарыда біз­дің сауалнамамызға қатысқан рес­понденттің басында да дәл осын­дай жағдай. Жазғанымызды га­зеттен күйеуінің туыстары оқып қал­са, отбасымның шырқы бұзы­ла­ды деп қорыққан кейіпкеріміздің атын мүлдем атамауға, суретін жа­рия­ламауға келістік. Оқиғасын өзі баяндасын: – Жолдасым екеуіміздің отау құр­ғанымызға күзде төрт жыл болады. Әлі күнге дейін бала сүйе ал­ма­дық. Тұрмыс құрған соң төрт-бес ай өтер-өтпестен айналамда­ғы­лар­дың бәрі «Жерік болып жүрген жоқ­сың ба?» деп әзіл-шынын ара­лас­­ты­рып, бала көтерген-көтер­мегенімді білуге асықты.   Қазақтың әдеті ғой, жастар үйленген соң балалы болғанша тыным бермейді. Бір жыл өтті, екі жыл өтті. «Қашан? Қа­шан?» деген сұрақтар толастамады. Бала көтере алмағаныма өзімді кінә­лап, ішқұса болып жүрсем, жа­ны ашығансып жұрт жарамды одан сайын тырнай берді. Қаралмаған дәрігерім, бармаған емшім қалмады. Денсаулығыңда кінәрат жоқ дейді бәрі. Әулие-әмбиелерді де тегіс араладым. Нәтиже жоқ. Сыртымнан енем мен абысындарымның сыбыр-күбірі көбейді. Күйеуімді ажырасуға үгіттеп жүргендерін бірнеше рет байқап қалып, өзіме қол жұмсағым келген сәттер де болды. Дәрігерлер «жолдасыңыз да қа­ралуы тиіс» деп қанша айтса да, күйеуім естімегенсіп жүре беретін. Бір күні шыдамай: «Не сен дәрігерге қараласың, не екеуміз ажырасып, екі жаққа кетеміз» деп табандап тұрып алдым. Көзім жас­тан құрғамай жүретін кез еді. Мені аяды ма, әлде шынымен ажырасып ке­теміз деп қорықты ма – шартыма көн­ді. Барлық тексерістен өтті. Тек­серіс қорытындысы жолдасымның аталық ұрығы тым әлсіз екенін көрсетті. «Белсіздік» деген диагноз жа­зылған бір тілім қағазды құшақ­тап, үйімізге қайттық. Дәрігерлер та­ғайындаған ем-домды жасап көр­дік. Әзірге еш нәтиже болмай тұр. Үйі­міздегі бақытсыздыққа өзінің айып­ты екенін білгелі күйеуімнің ісі кері кетті. Әлі күнге дейін дәрі­гер­лердің қойған диагнозы жайлы туыстарымызға жақ ашқан емеспін. Барлығы бала сүйе алмауымызға мені кінәлі санайды. Мейлі, онсыз да еңсесі езіліп жүрген азаматымды жұрттың алдында аласартқым келмейді. Бір күні үйімізде сәбидің шат күлкісі естілеріне сенемін. Аллаға сыйынғаннан басқа қолымыздан келер шара болмай тұр...

«Балам үшін алаңдаймын...»

Әлеуметті алаңдататын тағы бір мәселе – бала қауіпсіздігі. Рес­понденттердің бірін балабақ­ша­ға баратын баласының амандығы алаңдатса, енді бірі мектепке кеткен перзентінің қауіпсіздігі үшін қам жейтіндерін айтты. Бір жарым жастағы немересі же­кеменшік балабақшаға ба­ра­тын Жарғанғазы Орнықбекұлы оның жағдайына алаңдайтынын же­ткізді. «Өзіміз ауылда тұрамыз, ба­лалар Алматыда. Ұлым да, келінім де жұмыста болғандықтан, немеремді бір жастан асқанда балабақ­шаға берді. Қу тіршіліктің қамымен апасы екеуміз де жұмыстамыз. «Та­мағы тоқ, көйлегі көк, уайым­да­маңыздар!» деп балалар көңілімізді жайландырғанымен, апасы екеуіміз кішкентай балапанымыз үшін мазасызданамыз да отырамыз. Теледи­дардан түрлі оқиғаларды көреміз, тәр­биешілердің салғырттығы мен қатігездігінің кесірінен денсаулығы­на зақым келген, тіпті көз жұмған балалар жайлы естиміз. Балалар ты­ным­сыз келеді, шапшаң қозғала­ды. Жіті қадағаламасаң, жазым деген қас пен көздің арасында. Бала­бақ­шада бір бала емес, 10-20 бүл­дір­шінді бір мезетте игеру оңай шаруа емес. Олардың әрқайсысына ерекше на­зар керек. Физикалық тұрғыдан дамып келе жатқан шағында әрбір қимыл-қозғалысы, ішкен асы ба­қылауда болғаны жөн. Қазір ақша табамыз деп жанталасып жүріп, ең басты байлығымызды, бола­шағы­мыз­ды бөтеннің бақылауына беріп қой­ғанымыз қынжылтады», – дейді не­мересі үшін қам жеген азамат. Ал әріптесіміз, белгілі журналист Жұлдыз Әбділдә мек­теп­тегі әлімжеттік мәселесіне алаң­дайтынын жеткізді. «Кез келген мәселемен бетпе-бет кел­мейінше, ондай проблема бар екенін білмей де жүре береді екенбіз. Әр ата-ана баласымен сөйлессе, баласына басқаларды кемсітуге бол­майтынын, өзінен әлсізге күш көрсетуге болмайтынын түсіндірсе деген тілек айтқым келеді. Әркімге өзі­нің баласы ақылды, тәрбиелі бо­лып көрінеді. Кей ата-ана бала­сы­ның кемшілігін мойындағысы кел­мейді. Тіпті, өз перзентінің бас­қалардан үстем болуын артық­шы­лық деп бағалайды. Бала басқа ба­ладан тек білімімен, тәрбиесімен ғана артық бола алады деп ойлаймын. Бұл мәселені көтеруіме себеп болған жайтқа тоқталайын. Қы­зымның сыныбында бір қыз бала спортпен айналысатын. Әрине, спортпен айналысқаны жақсы. Оның үстіне жетістіктері де көп-ақ. Бі­рақ өкініштісі, «өнерін» тек спорт зал­да ғана емес, сыныпта да көр­сетуге құмар. Қыз демей, ұл демей күш көрсету, балаларға түрлі жолмен қысым жасау... Сосын, «менің ба­лама тиіспесе болды, басқаларға не болса, ол болсын» деген көзқарас дұрыс емес. Психологтар буллингте үш тарап бар дейді: жәбірлеуші, жә­бірленуші және бақылаушы тарап. Бұлардың үшеуімен де жұмыс істеу керек. Мектеп психологтары осы мәселеге көбірек көңіл бөлсе дегенді айтқым келеді. Біздің мектебіміз­де мектеп басшылары дер кезінде шара қолданып, назар аударып, мә­селе шешілді. Ал тағы қанша мек­тепте мұндай жағдай болып жат­қа­нын кім білсін?.. Мені қазір осы мә­селе көбірек мазалап жүр», – дейді журналист. Қоғамды алаңдатқан әлеуметтік мәселелер мұнымен шектелмейді.  Құлақ түрсең, әркімнің мұң-мұқтажы бар. Біз көпті мазалаған өзектілеріне, жедел шешімін күткен күрделілеріне тоқталдық. Қай мәселеге үңілсең де, түйіні мемлекеттік деңгейдегі қолдауға, бақылауға келіп тіреледі. Алайда мемлекет басындағылардың қол қусырып отырмағаны, бұл мәселелердің бәрінен хабардар екені аян. Егер Үкімет ұсынған шешімдер нысанасына тимей жатса, қазақы қалыппен бас салып мергеннің қырағылығын сынай жөнелмей, жолдағы кедергілерді  де ескерген жөн. Кедергіні тудыратын – сіз бен біздің немқұрайлығымыз, жалқаулығымыз, кертартпалығымыз. Білімсіздігіміз де бар. Қоғамның дертін емдеу өз ауруымыздан айығудан басталатынын ұмытпайық.