Мақсат – той тойлау емес, ой толғау

Мақсат – той тойлау емес, ой толғау

Мақсат – той тойлау емес, ой толғау
ашық дереккөзі
Елордада қазақ халқының ұлы ақыны, ойшыл-кемеңгері Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойының ашылу салтанаты өтті. «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында өткен шараға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. «Қазақ халқы – Абайдың хал­қы» атты мерекелік концерттің бағ­дарламасына Абайдың барлық шы­ғармашылық мұрасы енген. Ақын шығармаларын КСРО және Қа­зақстанның халық әртістері Аса­нәлі Әшімов, Әлібек Дінішев, Ро­за Рымбаева, белгілі мәдениет қай­раткерлері Майра Мұ­ха­мед­қы­зы, Айман Мұсақожаева, Берік Айтжанов, сондай-ақ халық­ара­лық және республикалық байқау­лар­дың лауреаттары мен талантты жас­тар орындады. Салтанатты шара барысында сөз сөйлеген Мәдениет және спорт ми­нистрі Ақтоты Райымқұлова Абай мұрасының қазақтың егемен ел болып қалыптасуындағы маңы­зына тоқталды. «Ұлы Абай шығармашылы­ғы­ның өзегінде елдің қамы, қуанышы мен қайғысы, келешегі, арман-мұраты тұр. Жаңа қоғам мен жаңа адам­ды қалыптастыру идеясы да Абайдан басталады. Ол елдің үнемі алға жылжуына, өсіп-өркен­деуіне шын ниетімен тілеулес болып, халқымызды жаңа өмірге бейім болуға шақырды. Хәкім Абай­дың тіл үйренуді және жаңа кәсіп игеруді ерекше дәріптегенін жақсы білеміз», – деді А.Райым­құлова. Министр Абайдың халықты ең­бекке баулуға деген ынтасын ере­к­ше атап өтіп, елдің дамуын те­жейтін теріс әдеттерге қатысты сө­зін тілге тиек етті. «Әсіресе, мақтан мен масылдық пси­хологиядан арылып, адамды ең­бек етуге үндеді. Ұлы ойшылдың ғибратты сөздері тәуелсіз Қа­зақ­станның жаңа серпінмен дамуы үшін қажет. Сондықтан бұл мерей­тойдың танымдық және тағы­лым­дық мән-маңызы өте зор», – деп атап өтті  министр. Ұлы ақынның мерейтойын жо­ғары деңгейде ұйымдастыру мәсе­ле­сін  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың ма­мыр айында көтерген болатын. 30 мамырда шығарған Жарлығында Президент ел Үкіметіне 2020 жылы Абай Құнанбайұлының 175 жыл­дық мерейтойын  дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құруды және мерейтойлық шаралардың жалпыреспубликалық жоспарын бекітуді  жүктеді. Мемлекеттік комиссияның алғашқы жұ­мыстары және мерейтой қар­саңында бүкіл ел көлемінде ұйым­дас­тырылған ақын өлеңдерінен үзінді оқу  эстафетасы жайлы газе­тіміз­дің 2019 жылғы 25 шілдедегі (№29 ) нөмірінде жарияланған «Бү­кіл қазақ даласы «Абай» деп тер­беліп тұр» атты мақалада жазған бо­ла­тынбыз.  Абай мерейтойын берісі рес­пуб­лика, арысы жаһандық дең­гей­де атап өтудегі басты мақсат – ұлы ақын жырлағандай «мақтану, бекер мал шашу» емес, ойшылдың адам­затқа ортақ мұрасының на­си­­хатын арттыру, Абай шығар­ма­лары арқылы қоғамды ізгі қа­сиет­терге ынталандыру. Кең ауқымды ша­раның мазмұнын байытып, та­ғылымдық мәнін арттыруға біз де өз үлесімізді қосу мақсатында өткен жылы қараша айында «Түркістан» интеллектуалдық ой-пікір клубына Абайды насихаттау, дәріптеу ісінде зор үлесі бар Қа­зақ­станның еңбек сіңірген қай­рат­кері, жазушы Сұлтан Оразалин мен ҰҒА академигі, философия ғы­лымының докторы, профессор Ға­рифолла Есімді шақырып, ке­мең­гердің шын бағасын беру жө­нінде пікір алмасқан едік. Сол бас­қосуда айтылған келелі ойлар га­зетіміздің 2019 жылғы 14 қара­ша­дағы (№45) нөмірінде «Қазақ Абай жолымен жүрсе, адаспайды» деген тақырыппен жарық көрді. Материалда Абайдың 175 жылдық ме­рейтойын атап өту жөніндегі Мем­лекеттік комиссияның назарына бірнеше ұсыныс жолданған болатын. Олардың бірқатары қол­дау тауып, мерейтойлық шара­лар жоспарына енді. 2020 жылдың соңына дейін Абай мерейтойына орай халық­аралық, республикалық және аймақтық деңгейде 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылмақ. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 9 қаңтарда жарияланған «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында айтылған.  Оның ішінде тамыз айында Семей қаласында UNESCO-мен бірлесіп өткізілетін «Абай мұрасы және әлемдік руханият» атты халық­ара­лық ғылыми-практикалық кон­ференция ең басты шараға айналады. Сондай-ақ қазан айында Нұр-Сұлтан қаласында «Абай және рухани жаңғыру мәселелері» деген тақырыпта халықаралық конференция өтеді. Бұл жиындарда Абайдың тұлғасы мен мұрасы жан-жақты зерделеніп, оның шығармашылығын ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанның игілігіне пай­далануға жол ашылады. «Маңызды жобаның бірі – ұлы ақынның шығармаларын он тілге аударып, басып шығару. Атап айт­қан­да, Абай еңбектері ағылшын, араб, жапон, испан, итальян, қы­тай, неміс, орыс, түрік, француз тіл­деріне тәржімаланады. Ақын­ның өмірі, мұрасы, қазақ мәдение­тін дамытудағы рөлі туралы бір­не­ше деректі фильм және «Абай» телесериалы түсіріледі. Ақын тойынан өнер саласы да тыс қал­май­ды. Республикалық және ха­лық­аралық деңгейде театр және му­зыка фестивальдері өтеді. Биыл­ғы бәйгелер Абай шығар­ма­шылығына арналады. Әдебиет және өнер саласындағы үздік шы­ғар­маларға берілетін мемле­кет­тік сыйлық енді Абай атын­дағы мемлекеттік сыйлық деп аталатын болады», – деп жазған еді Мемлекет басшысы. Бұдан бөлек, Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған үш деректі фильм түсіріледі. Абай атындағы опера және балет театры Ресей, Түркия мен Қытайға гастрольдік сапармен барып, ұлы ақынның мұрасын насихаттайды. Ал Құрманғазы атындағы мемлекеттік оркестр және Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспі­рім­дер театры елді аралайды. Абайдың туған жерінде де бірқатар маңызды шаралар өткізу жоспарланған.  Ең маңызды міндет – «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-ме­мориалдық қорық-музейін жаң­ғырту. Абай туған өнегелі өл­кені, ойшылдың ең бағалы мұра­лары жинақталған қастерлі орын­ды исі қазақ қазығын іздеп бара­тын рухани орталыққа ай­нал­­дыра алсақ, халқының бола­шағы үшін қам жеген ұлы ақынға ұрпақтың айтқан алғысы сол емес пе?!