Ертеректе баланың болмауы тек әйелдерден деп қарайтын – бүгінде ерлердің 50-52 пайызы белсіз
21 қаңтар, 2020 /
Асыл ТҰМАР
Ертеректе баланың болмауы тек әйелдерден деп қарайтын – бүгінде ерлердің 50-52 пайызы белсіз
Медицина ғылымдарының докторы, профессор, Алматы қаласының бас урологі Марат Мақажанов aikyn.kz сайтына берген сұхбатында ер адамдар кездесетін бедеулік пен оны емдеу жолдары туралы айтып берген.
– Скрингтік тексеру 2006 жылдан бастап 2016 жылға дейін жүргізілді. Осы уақыт аралығында 47 мыңға тарта ер-азамат тексеруден өтті. Бірінші жылдары біздің Б.Жарбосынов атындағы урология ғылыми орталығында ақысыз тексеру жүргізілді. Ғылыми орталық осы жауапты да сауапты іс үшін Үкіметтен ешқандай қаражат алған жоқ. Осы тексерулердің нәтижесіне қарағанда, қазір еліміз бойынша еркектер белсіздігі 50-52 пайызға жетсе (белсіздіктің 3 түрі болады), бедеулік деңгейі 15 пайыздан жоғары болып тұр. Егер 15 пайыздан төмен болса, онда бұл қалыпты жағдай саналады. Ал одан жоғары болғаны – алаңдайтындай ахуал. Сондықтан мұның демографияға кері әсер етіп отырған жайы бар. Бұл экологияның, ер-азаматтар өз денсаулығына салғырт қарауының салдары деуге болады, – дейді маман.
Аурудың дәрежесін дәрігер анықтайды. Оны жеңіл, орташа, асқынған деп бөлуге болады. Жеңіл және орташа түрін жай ғана денешынықтыру мен салауатты өмір салтын ұстану арқылы 75 пайызға дейін емдеуге болады. Сондықтан ауруы асқынбай, дәрігерге неғұрлым ертерек қаралған науқастың мүмкіндігі мол екенін айтады дәрігер.
– Өкінішке қарай, көбі уақытты өткізіп жүріп алады да, аурудың асқынған түріне өткенде дәрігерге келеді. Бұл кезде, амал жоқ, ота жасауға мәжбүрміз. Б.Жарбосынов атындағы урология орталығына келетін науқастар арасында белсіздік 30-40 жас аралығында – 15 пайыз, 40-60 жас арасында – 25-30 пайыз, 60 жастан жоғарыларда 70-80 пайызға дейін барады. Белсіздікпен келгендердің 90-95 пайызын емдеуге болады. Олардың 10 пайызы отамен, қалғаны дәрі-дәрмекпен емделеді, – дейді Марат Мақажанов.
Бедеулік жағынан алғанда шамамен 40 пайыз – ерлер, 40 пайыз – әйелдер. Қалған 20 пайыз екеуінде де бар болып шығатынын айтады маман.
– Ертеректе бала болмауы тек әйелдерден деп қарайтын. Қазіргі статистика осындай болып тұр. Сондықтан бала сүйіп, ұрпағын өрбіткісі келсе ер-азаматтар да уақытты созбай, дер кезінде дәрігерге тексерілуі керек. Ерлі-зайыптылар шаңырақ көтергеннен кейін бір жылдың ішінде ешқандай сақтандыру әдістерін қолданбаған жағдайда бала болмаса, бұған алаңдау керек. Елде бедеулік 15-16 пайыз болса, соның бәрін емдеп шығу мүмкін емес. Шамамен, 10 пайызын емдеуге болады. Туабіткен немесе тұқымқуалаушылық арқылы болатын бедеуліктің емделуі қиын. Олар генетиктер мен репродуктологтарға жүгінеді. Болмаған жағдайда бала сүюден үмітті ата-ана ЭКО әдісін қолданады. Қазір елімізде осы әдіспен дүние есігін ашқан сәбилер көбейіп келеді. Ең бастысы, ерлі-зайыптылар балалы болудан үмітін үзбеу керек, – дейді уролог.