Адамның бүкіл ғұмыры сағыныштан тұрады
Адамның бүкіл ғұмыры сағыныштан тұрады
Нұрасы мен Ақсуы жарыса аққан осынау ауыл бала кезімнен көз алдымда. Әсіресе, ауыл шетіндегі, ең биік қыр басында тұрған Хамза ақсақалдың қараша үйі... Сол босағада бұлаңдап өскен шал мен кемпірдің жалғыз қызы, жуан қос бұрымы тілерсегіне соғылып, әдемі бота көздері жылылық шашып тұратын сұлу бойжеткен көп жігіттің арманына айналғанына да куәміз.
Кейіннен онжылдықты бітіріп, арман қуып әсем астанамызға келгенде де, дәл сол көрініс көлбеңдеп алдымыздан шықты. Бала кезімізде аудандық, облыстық газет беттерінен үнемі көріп, іздеп, оқып жүретін осы бір аяулы жанның арман арқалап, университет табалдырығын аттағанда алдымыздан жарқ ете қалуы, әрине, бала қиял жақсы бір ырымға балап, қанаттана түскеніміз бар.
– Ой, Аюлыдағы кішкентай тілші қыз сен бе едің? – дегенде жылап жіберуге шақ қалғаным да әлі есімде. Содан бастап, журналист мамандығына деген құштарлығымыз, бала махаббатыма айналған ұлы құмарлық өз дегеніне жеткенше, арагідік болса да осы бір мінезі жұмсақ, жүрегі жылы жанмен сыйласып келе жатқанымыз да бір бақыт. Оның жөні де бар еді.
Бүгінде «Қазаны мен қаламын қатар ұстап» келе жатқан Клара Хамзақызы, бүкіл қазақтілді ақпарат құралдарының абыз атасына, ақсақалына айналған Намазалы Омашұлының жары, сол әулеттің ибалы келіні ғана емес, ақылман ене, мейірімді әже. Өз басым аса қадір тұтатын, үлгі тұтатын ұстаз.
Әдеттегі мақсат – еліміздің әдебиеті мен мәдениетінде, өнерінде, сөз өнерінде зиялы мінезімен, қарымды қаламгерлігімен, ұлағатты ұстаздығымен абырой белесінде келе жатқан азаматтардың жарынан сұхбат алу дәстүрінің тізгінін осы бір отбасына қарай бұрғанды жөн санадық.
– Клара Хамзақызы, сонау жетпісінші жылдардың орта тұсы мен сексенінші жылдардан бері қарай қазақ басылымдарында қызмет етіп келе жатқандар арасында профессор Намазалы Омашұлының есімі өте сыйлы. Сіздің араларыңыздағы сый қалай басталып еді?
– Қазақ жастарының көпшілігі оқушы, мектеп қабырғасында жүрген кезінен-ақ Алматыдай әсем қалада оқымақ түгілі, жазғы демалыс кездерінде келіп қыдыруды армандамаған бала болмаған шығар әсте. Мен де Шет ауданының орталығы Ақсу-Аюлы ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте оқып жүріп, бала кезден арман болған журналист мамандығын қаладым. Аңсарым – Алматы болды. Өйткені журналистика факультеті қазіргідей емес, жалғыз КазГу-де ғана. Қазақ әдебиетінің классикалық шығармаларын, аңыздарын, ақындарының жыр-поэмаларын жаттап, солар сынды қаламгер болсам деп армандадым. Жергілікті, облыстық газеттерде мектеп өмірінен хабар-жаңалықтар жазып жүріп, одан сайын жаныма жақын тарттым. Қыз-келіншектер өмірінен, адами тірліктен көп мағлұмат беріп, жақсы дүниелермен шығып тұратын «Мәдениет және тұрмыс» деген журнал болды, соған жарияланып тұратын. Менен екі жыл бұрын мектеп бітіріп, Алматыға кеткен ақшатаулық бір қызбен хат жазысып, араласып тұратынмын. Сол арқылы журналистикаға байланысты біраз кітаптар алдырып оқып, өзімше «дайын журналист» секілді кеудеме нан пісіп жүрген сәттер ғой. Кейін журналистика теориясынан дәріс оқыған ұстазымыз Тауман Амандосовтың осы аттас кітабын да тоғызыншы сыныпта оқып шықтым. Сөйтіп жүріп, мектеп бітірдік. Жақсы оқыдым. Күміс медальмен бітіріп, Алматыға тарттым ғой. Әкемнің жалғыз қызымын, еркемін. Небәрі он алтыдамын. Сондықтан әкем жібергісі келмеді, сол оқуың мына Қарағандыда жоқ па, жақын жерде оқығаның оң болар еді деп қарсылық білдірді. «Ондай оқу Қарағандыда жоқ» деймін ғой, «Ол ненің оқуы сонша?» деп ол кісі де болмайды. Жібергісі жоқ. «Корреспондент боламын» деп қоямын.
Бұл 1969 жыл. Армандаған оқуыма қабылдандым. Ол кезде жоғары оқу орнына қабылданған студенттер тамыз-қыркүйек айларында ауыл шаруашылығы жұмысына аттанып жатады. Біз де университет жанына жиналып, шағын автобусқа жайғаса бастадық. Кураторымыз, марқұм Әбілфайыз Ыдырысов, ол кісіні зайыбы Заря апамыз шығарып салып тұрды. Оқуға қабылданған елу баланың оны – қыз. Әлі танысып та үлгермегенбіз. Пысықтаулар әңгімеге кірісіп кеткен. Мен оңашалау жерге жайғасып, өзіммен өзім отырдым. Томаға тұйықтау болдым. Бәріміз түгел емес секілдіміз, біреуді күтіп тұрған болуымыз керек. Жүретін түрі жоқ. Жүргізуші де, ағайымыз да алақтап, жан-жағына қарап елеңдеп тұр. Бір кезде мойнында гитарасы бар, шашын тықырлап алдырып тастаған бір бала жүгіріп келіп автобусқа кірді. Сөйтсек, сол студентті күткен екенбіз. Ағаларыңды алғаш рет осылай көрдім.
– Сонымен...
– Алматы облысы Панфилов ауданына қарасты Пенжім деген жерге жүгері теруге кеттік. Алғашқы күні демалдық та, таңертең тексеріс-таныстық басталды. Бәрімізді аты-жөнімізбен атап, алға бір қадам шығамыз да, орнымызға тұрамыз. Мен де орныма тұра бергенімде әлгі бала жетіп келіп: «Сен тарих пәнінен құлап қалып едің ғой, қалай оқуға түстің?» демесі бар ма?.. «Қалай түскені несі, кәдімгідей түстім». «Жоқ, сен тарихтан құлап қалғансың, менің алдымда отырып жауап бергенсің» деп болмайды. Мен де «Жоқ, құлағаным жоқ, мен тарихтан төртке жауап бердім» деп болмаймын. Содан әлгі жерде өзімнің емтихандарды жақсы тапсырғанымды, оқуға өз күшіммен түскенімді дәлелдей алмай, әбден жылағым келіп, ыза болдым. Тіпті, ыза болғаным сонша көзімнен жас та шықпайды, жылай да алмаймын. Осы әңгімеден кейін әлгі баланы қараптан-қарап тиіскені үшін, мақтаншақтық танытқаны үшін жек көріп кеттім. Бекерден-бекер келіп «ұрынғаны» үшін жек көрдім.
Кейін айтады ғой, сол кезде Қарқаралыдан Райхан Нұршина деген қыз да құжаттарын тапсырып, емтиханнан құлап кеткен еді, мені сонымен шатастырыпты. Біздің жақта тегіміз «иналармен» аяқталатын болғандықтан, шатастырса керек. Оның үстіне түрімізде де ұқсастық болған болуы керек. Сабақ басталған соң ол топтың старостасы, мен комсорг болып, бір топта оқыдық. Бірге оқыған соң, түрлі студенттік жиындарға бірге барамыз дегендей, оның үстіне өте өткір, сымбатты, талғаммен киінетін сәнқой болды. Сабақ үлгерімі өте жақсы, ұйымдастырушылық қабілеті де, музыкадан да құралақан емес, домбыра мен гитараның құлағында ойнайды, ән салатыны тағы бар. Қойшы, әйтеуір, көпшіліктің көзі мен құлағында жүрген осы бір жігітпен арамызда әдемі бір сезімнің қалай басталғанын да білмеймін, бір-бірімізсіз өмір сүре алмайтын жағдайға жеттік. Шаңырақ көтерген жастардың бәрі ол кезде комсомолдық той жасайды, біз де осылай отау құрдық. Сол жылы Алматыдағы Неке сарайы жаңадан ашылған. Бас қосып жатқан жастардың көптігі сонша, кезегіміз 22 наурызға қойылды. Шағын ғана, қазіргідей аста-төк заман да емес қой. Бүгінде Жандосов пен Розыбакиевтің қиылысындағы мешіттің орнында кішігірім мейрамхана болатын-ды. Ұстаздарымыз, бірге оқыған жолдастар бар, ауылдан келген бірен-саран ағайындар бас қосып, атап өттік. Ол 1972 жылдың басы, 3 курс басталған жыл еді.
Тұңғышымыз Қарлығаш әкесінің аузынан түсіп қалғандай, әдемі еді. Студентпіз, пәтер жалдап тұрамыз. Оның үстіне жаспын, он тоғыз жастамын, төсімнен онша сүт те шықпайды, содан ауылға, Меркі ауданының Ойтал ауылында тұратын енеме апарып тастадық. Жастықпен қалай болса, солай жүрдім бе, білмеймін, содан қатты ауырып, оқу да, бала да жайына қалды да, ұзақ уақыт ауруханада жаттым. Одан кейін де емделіп жүріп алдым. Қызымды қатты сағынамын, жылаймын, көргім келеді. Ол кезде телефон да жоқ, ұзақ-сонар хат жазамын. Бірде енем баланы жылылап орап алып, аудан орталығындағы салонға барып, кішкентайды суретке түсіріп салып жібергені бар. Өкінішке қарай, әкесі екеумізге тұңғышымызды құшағымызға алып, қызықтауды жазбапты. Сегіз айлық кезінде көз тиіп шетінеп кетті. Осындайда болмаса, ол туралы айта да бермейміз.
Осылай, енді бірер жылдан кейін шаңырақ көтергенімізге, бір шаңырақтың астында ғұмыр кешіп келе жатқанымызға жарты ғасыр болмақ. Бір қыз, екі ұлдан тараған немерелерімізбен бірге сол бір жақсы күндерге жетсек деген ниетіміз бар.
– Сіздің «Қимаймын сені, қызыл үй» атты кітабыңызды оқып отырып, өзіңіздің әдемі бір отбасылық үрдісіңіздің қорытындысындай сезіндім...
– Сөзіңді түсіндім. Анамыздан керемет қаламгер болып тумасақ та, қазақтың аңыз-әңгімелері мен жыр-дастандарына деген, жалпы әдебиетіне деген құштарлық болар, осы бір саланы жанымыз қалағаны. Кез келген қазақ қызы, қазақ келіні, қазақ әйелі секілді мен де отбасым мен отағасын бірінші кезекке қойған жанмын. Әсіресе, қыз баланың тұрмыс құрғаннан кейінгі бүкіл болмысы адал, жақсы жар болып қана қоймай, ұрпақ жалғастырушы, ол ұрпақты өмірге әкеліп қана қоймай, оның шыр етіп өмірге келгеннен бастап өз қолы өз аузына жеткеніне дейінгі тәлім-тәрбиенің де жауапкершілігі қоюлана түсетіні біз ашқан пәлсафа емес. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан қазақ халқының салт-дәстүрі, үлгі-өнегесі. Тәлім-тәрбиесі. Қызметтен алшақтап, бала күтімімен отырған кездері өзіме осындай бір «қызмет» тауып алдым. Жақындарымның, балаларымның туған күндерінде, атаулы тарихи мерекелерде үйдің бір қабырғасын алатын «Шаңырақ» газетін шығарып тұратынмын. Алғашқы кезде жазу-сызудан қалыс қалмау, бос уақыт өткізу үшін жасаған бұл әдет бірте-бірте кәдімгі тұрақты жұмысыма айналды. Онда фоторепортаж, әдемі әзіл, сыпайы қалжыңға құрылған қара сөз немесе өлеңмен өрілген тілектер, қолмен салынған суреттер өзіме, отағасы, балаларыма ғана емес, келіп-кетіп жататын ағайындарға, мереке, туған күндері бас қосатын дос-жарандарға да қатты ұнайтын. Қабырға газетінің бетіндегі әрбір сурет тарихына, әдемі бір сезіммен жазылған естеліктерге, тіпті жүрекжарды тілектерге шұқшия қарап, көздерін алмай оқып, дастарқандағы ас суып қалатын кездер де аз болмады. Қазір ол газет журналға айналған, қабырғаға ілмей, үстел үстінде жатады. Өткен жылдың соңғы 56-нөмірі аталарының мерейтойына арналды. Дегенмен баяғы жас кезімдегідей емес, сондықтан немеренің біріне отбасылық басылымның тізгінін беру керек шығар деп ойлап жүрмін.
– Осы аталған кітаптың бірінші бетіндегі: «Алла Тағала өзінің құлдарын өзі сыйлаған жарық дүниеде әлденеше рет сынақтан өткізеді екен. Сондай сынақтан өтіп келе жатырмыз десек те, соңғы сынақ – бұл өмірде денсаулыққа жетер ештеңенің жоқ екеніне көзімізді жеткізген ауыр сынақ болды» деген тіркестер бізді де қатты толқытқанын жасырғым келмейді. Бүгінде бәрі артта қалса да, сол жылдарға, екеуара әдемі диалогтан құрылған осы кітапқа тереңірек тоқталсақ...
– «Қыз-Ғұмырдан» кейін жарыққа шыққан «Қимаймын сені, қызыл үй» шын мәнінде, жұптасқан ғұмырымыздағы әрбір қимас шақтарды еске ала отырып, балалық шаққа саяхат жасаған дүние болды. Нәкеңнің ауыр отадан кейінгі көңіл ауанын өміріміздің шуақты шақтарына, кез келген адам баласы сынды бойымызды кернеген балалық шаққа, жастық шаққа деген сарыала сағынышымызды қағаз бетіне түсіруді мақсат тұттым. Екеуара Көкшенің қоңыр самалына жанымызды желпітіп, жүрегімізді баяу тербеген «Шортанды» көлінің толқындары екеуміздің де жанымызды әдемі бір әлди бесікке салып, тербегендей күй кештік. Әңгіме тізгіні – ағаларыңда, оны жанарыма келіп қалған ыстық моншақтарға қарамай, көкірек сарайыма сыйдырып келе жатқан – мен.
«Сағыныш – адамның өткен күндерінен қол үздірмейтін ерекше сезім. Адамның бүкіл өмірі сағыныштан тұратындықтан да естелікті «Мәңгілік сағыныш» деп атауға келістік. Сол жылғы демалысқа кеткен әрбір күніміз алыста қалған балалықтың бақшасында алаңсыз бала болып ойнадық, жас болып желпіндік десем, артық айтқандық емес. Бір сөзбен айтқанда «ауруды ауылымыздан алыстатайықшы» деген мақсат-ниетімізге жеттік деп ойлаймын. Нәкеңнің аузынан шыққан әрбір сөзіне, кейде толқып, кейде болмашы ғана жымиған жұқалтаң жүзіне қарап, мен де, ол да әжептәуір жеңілдеп қалдық. Жазу дегеннің рахаты да осы емес пе?!
– Шынында да, сіздерді жақсы білетіндердің қатарынанмын, дегенмен ұстазымыздың ашыла, жарқылдай күлгенін сирек көріппін. Сізге жас, бозбала Намазалы емес, бүгінде қазақ журналистикасының атасына айналған ұстаз, профессор, академик Намазалының қандай мінезі ұнайды? Жаныңызды ауыртатын қылығы да бар шығар?..
– Өз басым атаның күші, ананың ақ сүтімен берілген Жаратушының сыйы – көркем мінез, кейбіреулерде ғана болмаса, аса өзгере, құбыла қоймайды деп ойлаймын. Қазақта «Сүйекке біткен мінез – сүйекпен кетеді» деген нақыл бар, Нәкеңнің мінезінің тұрақтылығы, ойына алған тірлігін тез әрі тиянақты жасайтыны, өмірге, айналасындағыларға көзқарасы, ұнамағаны болса бетке айта салатын әділдігі, бірбеткейлігі бар. Бетің бар, жүзің бар демейтіні, бір сөзбен айтқанда тәуекелшілігі – әу бастан қалыптасқан мінез. Ойланып-толғанып жүріп алмайды, тез шешім қабылдайды. Әділетсіздікке жаны қас. Еңбекқор. Ерінбейді. Талапшыл. Өзіне де, бізге де. Кемшіліксіз адам болмайтыны тағы бар. Жасырақ кезінде «айттым, болды», «үзілді-кесілді», дегендей, өз айтқанымен ғана жүретін. Кей шешімдері дұрыс болмаса да, мен қарсы болмайтынмын. Әсіресе, балалардың алдында қарсылық білдірген емеспін. Сондықтан да ол кісіде «менің айтқанымның бәрі дұрыс» деген ой қалыптасқан болар. Педанттық басым. Қазір менің де, балалардың да пікіріне құлақ асып, санасады.
Клара Хамзақызы өзіне ғана тән әдемі бір жымиысымен еріксіз күліп алды. Біз де біраз үнсіздіктен кейін әңгімемізді ұрпақ, әулет жайына қарай бұрғанды жөн көрдік.
– Қазақ журналистикасына өлшеусіз үлес қосқан ұстаздың бала-немерелері қай тілде сөйлеп, оқиды екен?
– Бала-немерелеріміз түгелдей қазақ балабақшасы мен мектебінде оқыды. Немерелер де қазақ мектебінде оқып жатыр. Қалада туып, қалада өскендіктен, әрине ауладағы «тәрбиеге» орыс тілі араласпай болмайды екен.
– Жоғарыда тілге тиек еткен аталарының бойындағы қасиеттерді қай немересінен байқайсыз?
– Ол жағынан қан жібермейді деуге болады. Нұрғалымның ұлы Ердулаттың қағылездігі, ойына алған тірлігін орта жолда тастап кетпейтіні, еңбекқорлығы ұқсайды. Достарының арасында бейнебаян түсіріп, бүгінде үш жүзден аса оқырманы бар. Домбыраның құлағында ойнайды, ән айтады. Нұржалғастың Арсланы да өте ұқыпты болып өсіп келеді. Жинақы, үстелінің үстінде артық нәрсе жатпайды, қыл жуытпайтын тазалығы бар, ал қызы Адина сурет салудың шебері. Шығармашылық жағына бейім. Астананың Оқушылар сарайында бірнеше мәрте көрмесі ұйымдастырылды. Кенже немере Андасымыздың бәрімізді үйіріп алатын лидерлігі басым. Екі ұлдың үлкені Әселіміздің Миникасы (Мүневвер) Швецияның Гетеборг университеті Халықаралық қатынастар факультетінің студенті. Түркияда қазақтың салт-дәстүрін насихаттап жүрген бойжеткен. Ал ұлы Ерасыл мен Нұрғалымның Мадияры спортқа жақын. Сондықтан да аталары сынды шығармашылыққа бейім деуге болады. Ешқайсысы да өнерден құралақан емес. Қай-қайсысы да ең алдымен атасымен ақылдасып, кеңесіп отырады.
– Ағамыздың білімдарлығымен қоса, өте салмақты, зиялылығы алдынан дәріс алған көптеген жасқа үлгі. ал ол кісінің қос ананың қабағына қарап, олардың сөзін бөлмей, алдынан кесе көлденең өтпей мәпелегенін біреу білсе, біреу білмес...
– Ол рас. Анам Сақыпты әкем өмірден өткен соң, жалғыз қалдырмай қолымызға көшіріп алғанымызды, сөйтіп бізбен отыз жылға таяу бірге ғұмыр кешкенін, әрине жақын араласып жүргендер жақсы біледі. Жарықтық анам: «Айналайын, Намазым, аман болсыншы, тіл-көзден сақтасыншы», – деп айналып-толғанып отыратын-ды. Нәкеңнің білімдарлығына ақыл-парасаты қосылып, осы күнгі қандай қолы жеткен жетістігі болмасын енемнің ақ сүтінің, емірене жүріп берген тәлім-тәрбиесінің арқасы дер едім. Ірі денелі, зор кісі еді жарықтық. Көп сөйлемейтін. Томаға тұйық. Бірақ әңгіме арасында езу тартқызар жақсы бір әдеті бар еді. Оншақты құрсақ көтерген батыр ана, басқа перзенттерінен Нәкеңді ерекше жақсы көрді, мақтан тұтты. Ауылдан сағына келіп, аунап-қунап, арқа-жарқа артынып-тартынып мәз болып кететін. Нәкең де анасының көңіліне тиген жері жоқ. Үнемі сөзін бөлмей тыңдап, санасып отыратын. Төрдегі қатар тұрған екі үстел, бірінде енесі, бірінде өз шешесі отырысымыздың сәні еді. Олармен ас ішудің өзі, шүйіркелесіп, қалжыңдасып отырып ішетін шай қандай десеңізші?! Енем ауылға кеткен соң да ол кісі отырған орындыққа әлсін-әлсін қарап қоятын, ондай кезде анасын сағынып қалыпты-ау деген жып-жылы мейірім менің де бойымды, санамда шарқ ұрып, белгісіз бір күй кешуші еді. Анасын сыйлаған, анасына деген перзенттік махаббаты жүрегін жылытқан азамат болғандықтан болар, менің анамды да өз анасынан кем көрмей, үнемі алақанында ұстап, балаша мәпелеп, мәңгілік сапарына арулап шығарып салды. Қос анамыздың да бұл фәниден көшкеніне біраз жылдардың жүзі болды, бірақ аппақ мейірімге толы жүздері жүректен де, көңілден де көшкен жоқ...
«Қайран біздің Аналар арды ойлаған» дегендей, осынау қазақтың қарапайым қызының, иісі қазаққа аты мәшһүр, оның ішінде қазақ журналистерінің ұлағатты ұстазы Намазалы Омашұлы шаңырағының мәңгілік шамшырағына айналып келе жатқан Клара ханымға қарап отырып, ер-азаматын өмір тірегіне айналдырып қана қоймай, бір ғана әулеттің, бір ғана ауылдың азаматына айналдырып қоймай, барлық мүмкіндігін жасап, бағын да, жолын да ашуы, қазақ әйелдеріне ғана тән қасиет екенін тағы да мойындағандай болдық...
Сұхбаттасқан
Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ