Мұраттың мәселесі назарға алынды
Мұраттың мәселесі назарға алынды
Халықаралық Túrkistan газетінің қандастарға арналған ATAJURT жобасы аясында, газеттің өткен санында (№1/ 9 қаңтар 2020) 32 жыл бойы қолына бір де бір құжат тимей жүрген Мұрат есімді жігіт жайында «Мұрат қашан мұратына жетеді?» деген тақырыпта мақала жарияланған болатын.
Мұраттың жайы егжей-тегжейлі зерттеліп, газет бетінде мәселе көтерілгеннен кейін бұл іске құзырлы орындар да мойын бұрып, қозғалғандай болды.
Nur Otan партиясының Қоғамдық қабылдауының арқасында, Ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғали Расылханұлының қабылдауында болып, 32 жыл бойы азаматтық ала алмай жүрген Мұраттың мәселесін жеткіздік. Арыстанғали мырза бұл істі бірден Түркістан облысы Көші-қон басқармасына тапсырды. Сонымен қатар істі өзі де назарда ұстайтынын айтты. «Қаншама жыл талай есікті қақтық, ештеңе алға жүрмеген еді. Енді мәселенің оңалып келе жатқанын естіген Мұрат «Елі бар, жері бар, азаматтарының құқығын қорғайтын заңы бар өркениетті елдің азаматы болатын болдым» деп қуанғаннан көзіне жас алды», – дейді Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Ақмола облыстық бөлімшесінің жетекшісі Алтын Мәденқызы.
Біз осыдан кейін Ішкі істер министрлігіне хабарласып, істің жүзеге асу барысын сұраған едік. Құзырлы орынның қызметкері Сейтжан Сабыржанұлы:
«Мұраттың мәселесі бізге жетті. Таныстық. Бірден АХАЖ бөліміне хабарласып көрдім, қалай құжат алуға болады деп. Азаматтық алу үшін әуелі азаматтың туу туралы куәлігі керек. Мұндай куәлік Мұратта жоқ. Оны алудың екі заңды жолы бар екен. Бірі – туған кезде берілетін перзентхананың анықтамалығы. Екіншісі сот арқылы. Яғни, Мұратты танитын азаматтардың куәгерлігімен және азаматтың арызымен қаралады. Мұрат Өзбекстаннан келгеннен кейін тұрақтаған жері Түркістан облысы, Ордабасы ауданы болғандықтан, бұл іс Түркістан облысына жіберілді», – деп істің мән-жайын телефон арқылы түсіндірді.
Бақытбек ҚАДЫР