Таяу Шығыс әлем көңілін күпті қылып отыр

Таяу Шығыс әлем көңілін күпті қылып отыр

Таяу Шығыс әлем көңілін күпті қылып отыр
ашық дереккөзі
Иран-АҚШ арасындағы ірі саяси қақтығыстардың орын алуынан кейін дүниежүзі тегіс Таяу Шығысқа алаңдаулы. Бұл ретте біздің елдің де алаңдаушылығы орынды. Екі ел арасындағы экономикалық және сауда-саттық қарым-қатынастан тыс Иран елінде өмір сүріп жатқан қазақтың тағдыры атамекендегі ағайынды толғандырып отырғаны да рас.  Кез келген ел осындай оқиғадан кейін өз қандас бауырларының амандығына алаңдауы да заңды. Осыған орай, біз де алыстағы ағайынның хал-ахуалын білу мақсатында Ирандағы қазақтар арасындағы белсенді азаматтардың бірі Жафар Шадкам мырзамен хабарласып, мән-жайды сұрап көрген едік. Жафар ШАДКАМ,  Иран Ислам Республикасы, Тегеран: – Ирандағы ағайынға алаң­даушылық білдіріп, хал-жайымызды сұрап жатқан ата­жұрттағы ағайынға рақмет. Дәл қазіргі кезде бұл жақтағы қазақтарға алаңдайтындай себеп аз. Өйткені мұндағы қа­зақтар ел шетіндегі Гүлістан аймағы Горган қаласында шоғырланған. Ол Каспий теңізіне жалғасып жатыр. Ресейге жақын аймақ. Сондық­тан да әзірге қауіп төне қоймас. Украина ұшағының апатқа ұшырауына байланысты Иранда халықтың наразылығы өршіп келеді. Толқулар болуы мүмкін. Ал соғыс болған жағдайда кімнің жағ­дайы қалай болатыны белгісіз. Тек қазақтар ғана емес бүкіл халыққа, елдің жағдайына бірдей кері әсер ететіні анық, – дейді Ирандағы белсенді азамат. Сонымен қатар, жалпы Иран еліндегі қазақтардың әлеуеті де аса мәз еместігін, тұрмыстық жағдайдан тыс жастар арасында қазақ тілінің жойылып бара жатқанын және атажұрт тарапынан мұндағы қандастарға қолдау болса, елге көшкісі келіп отыр­ған­дар көп екенін айтты.   Жолдас ӨСЕРБАЕВ, Американың Мичиган штаты Лансинг қаласы АҚШ-тағы геосаяси мәселелерді шолушы журналист: – АҚШ-Иран ара­сын­да­ғы қақтығыстарға байла­ныс­ты, Америкадағы қа­зақ­тардың келіп-кетуіне, олар­­дың виза алуында қиын­дықтар бола ма? – Бұл жағдайда АҚШ-тағы қазақтарға еш қиындық ту­майды. Себебі Қазақстан Иранның жақтасы не саяси қолдаушысы емес. Бізді тек Ислам діні байланыстыруы мүмкін. Оның өзінде, ұлттық идеологиялық тұрғыдан қазақтар мен парсылардың еш жақындығы болма­ған­дықтан, мұндай мәселе туындамайды. Қазақ­стан­дық­тардың АҚШ-қа виза алуында да еш өзгерістер бола қой­майды. Тек АҚШ әуежайларында Таяу Шығыстан ке­летін азаматтарды мұқият тексеру қолға алынуы бек мүмкін. – Екі ел ортасында соғыс бола қалған жағдайда қан­дай өзгерістер болуы мүмкін? Қазақтарға әсері бола ма? – Осыған дейін Үшінші дүниежүзілік соғыс немесе аме­рикалықтардың Таяу Шығыстағы екінші соғысы де­ген болжамдар айтылды. Бірақ АҚШ-тың мейнстрим медиасы және Батыстың өзге де медиа алыптары соғыстың болу мүмкіндігі өте төмен екенін жазды. Бірақ жағдайдың ушық­қа­нына талдау жасасақ, екі елдің де соғысқа ынтасы жоқ екені көрінді. Мысалы, Иран өзінің шабуыл жасайтыны жайлы 6 сағат бұрын мәлімдеді. Ал АҚШ би­лігі сол 6 сағат ішінде қорғаныс әдісін не жоспарын жасамай, әскерді әс­кери базалардан түгел шығарып, қауіп­сіз аймаққа жеткізіп үлгерді. Ал иран­дықтар бос қалған әскери базаны бомбылады. Себебі парсылардың реактивті зымырандары нысанаға дәл тиген. Ал АҚШ Президенті Дональд Трамп шабуылдан ешбір амери­калықтың зардап шекпегенін айтты. Тіпті, сол шабуыл күні CNN Швейцария үкіметіндегі жоғары лауазымды тұлғаға анонимді түрде сілтеме жасай отырып, АҚШ басшысының Иран басшысына жіберген хабарламасы жария етілді. Хабарламада Трамп­тың жағдайды ушықтырмауды сұрағаны айтылған.