Жаңалықтар

Қазақ есімді ана қазақ елінен жәрдем сұрайды

ашық дереккөзі

Қазақ есімді ана қазақ елінен жәрдем сұрайды

Иран елінің Горган қаласынан атажұртқа қоныс аударған қан­дастардың бірі – Әбдірахман Бабық пен оның отбасының жағдайы туралы бұған дейін де баспасөз беттерінде айтылған. Бұл отбасына барынша қолұшын созып, мәселесімен айналысып жүрген алматылық құқық қорғаушы Маржан Аспандиярованың айтуына қарағанда, Әбдірахман Бабық отбасына әлеуметтік көмек қажет екен. «Бұл отбасы Иранда жақсы тұрған еді. Болашақ ұрпақ өз елінде өссін деп Маңғыстауға көшіп келді. Бірақ елге келгелі бастарынан біраз қиындықтар өтті. Баспана және жер мәселесі шешілген жоқ. Отағасы Әбдірахман Бабықтың көзіне операция жасалған. Екі көзі дұрыс көрмейді. Тағы да жасату қажет. Оған қаражат жоқ. Жергілікті клиника екінші топтағы мүгедек екенін анық­тайын құжатты да бермей жатыр. Кішкентай қызы бар, оның да денсаулығы жақсы емес. Қазақ Носратбибі – осы үйдің анасы. Шырылдап қақпаған есігі жоқ. Сондықтан жан-жақтан ел болып, қоғам болып көмектесіп жіберсек жақсы болар еді», – дейді Маржан Аспандиярова. Қазақ Носратбибі: «Келгенімізге 10 шақты жылдан асты, үйіміз жоқ. Қазір тұрып жатқан «Әлеу­меттік жатақханадан» шығыңдар деп жатыр», –  дейді. Ақтау қаласындағы 2010 жылы салынған «Оралмандарды бейімдеу және ықпал­дастыру орталығы» 2016 жылдың желтоқ­санынан бастап аты өзгеріп, «Әлеуметтік жатақхана» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне айналыпты. Бірақ Қазақ­станның көші-қон туралы заңында оралмандарды бейімдеу және уақыт­ша орналастыру орталықтары қызме­тін аймақтардағы жергілікті билік ұйым­дастыратыны жазылған. Онда орал­мандардың «тұрғын үйі болмаған кезде бейімдеу не уақытша орналастыру орталық­тарында бір жылдан аспайтын мерзімге тіркелуге құқығы бар» екені көрсетілген.

Бақытбек ҚАДЫР