ТУРА ЖОЛДАН ТАЙМАҒАН

ТУРА ЖОЛДАН ТАЙМАҒАН

ТУРА ЖОЛДАН ТАЙМАҒАН
ашық дереккөзі
Тарихсыз халық болмайды. Қазақ халқының шерлі шежіресі де тереңде жатыр. Сол мың қатпарлы қилы-қилы кезеңдер тарихынан бізге ауызша жеткені «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» болса, бертін келе бұған Тәуке ханның «жеті жарғысы» қосылды. Иә, бұлар қазақ халқы өз алдына шаңы­рақ көтеріп, ел болып бастары құралған шақтан ұлттың салт-дәс­түр, әдет-ғұрыптарына сүйеніп жасалынған тұңғыш заңдық негіздері еді. Халқымыз осы заңдарымен Ресей патшалығына бодан болған уақытқа дейін ғұмыр кешті. Дамыған көне Еуропа елдерінде заңды Демосфен, Цицерон секілді озық ойлылары шығарса, түркі халықтарында, оның ішінде қазақ ұлтының білікті, көрегенді парасат иелері жалпыға тән әрі сол жолмен жүруге міндеттейтін қоғамдық-тұрмыстық ережелік заңдарын келелі кеңестерінде жүйелеп берген. Билеріміздің кейбір заңдық шешімдері сол еуропалықтардан асып түс­песе, бір мысқал да кем емес. Бұған сол замандарда алыс-жақын ел­дерден келген жиһангер-зерт­теу­шілер А.Левшин, Н.Гродеков, И.Муш­кетов, Н.Северцов, В.Бартольд секілді ғалымдардың берген бағалары дәлел. Білікті дана билер шоғыры­ның бұл заңдарын ел арасындағы кейінгі кемеңгер билер қоғамдағы сан алуан айтыс-тартысты шешуде ұтымды қолданып отырды. Ұлттың билер институты осылай қалып­тас­ты. Билер институты жөнінде бү­гінгі ғалымдарымыздың жазған­дары жоқ емес бар. Бірақ әлі де түйіні тарқатылмай, айтылмай жатқан жақтары қаншама. Жаңа басылым­дарды оқып, танысқан сайын бұған көзің анық жете түседі. Осы орайда ұлттың тарихи кезеңдері мен тұлға­ларын зерттеп, қалың оқырманға кеңінен таныс болған Мұхтар Қазы­бектің жуырда ғана жарық көрген бес тараудан тұратын жаңа туындысы «Қойбек би» зерттеу-эссе кітабын ерекше атауға тура келеді. Ол бұл туын­дының алғысөзінде «Қазақ хал­қынан шыққан айтулы би-шешен­дер­дің бізге жеткен билік мұралары еліміздің мәдени, әдеби, тарихи, этног­рафиялық, құқықтық құнды­лықтарын құрайтын баға жеткісіз қазына. Би-шешендер мұрасы сон­дық­тан тек фольклорлық қазына, мұра ретінде ғана қаралуға тиіс емес. Би-шешендер қазақ халқының өсу, даму кезеңдерінің бедер-бейнесін айқын көрсететін тарихи тұл­ғалар», − дейді. Оның осы бір түйін­ді сөзі халқымыздың біртуар ұлы батыр Бауыржан Момышұлы­ның билерге берген анықтамасымен де астасып жатыр. «Қазақтың өзге ха­лықтарға ұқсамайтын үшінші қа­сиеті, ерекшелігі – билер, билердің би­лік жүргізуі. Бүгінгі тілмен айт­қанда, билер институты, билер соты. Билер дала демократиясын дамытушы, әділдік нормаларын, жорал­ғыларын орнықтырушы, қоғамдық қарым-қатынастарды реттеуші, қалыптастырушы, озық дәстүрлерді орнықтырып, өрістетуші. Қазақтың өміршең салт-дәстүрлері заң іспеттес, міндетті түрде орындалып оты­рады. Билер тарихы – азаматтық та­рихымыздың бір ажырамас тар­ма­ғы, бөлігі деп білуіміз керек». Автор кітабы несімен тартымды? Қойбек бидің ақыл-парасатын, шешендігін, тапқырлығын, ел басқару­дағы әділдігін, ұйымдастырушылық қасиетін кеңінен көрсете білуімен, би өмір сүрген кезеңдердегі елдегі саяси әрі тарихи оқиғалардың мәні мен маңызын қозғай отырып, тарихи тұлғалар жөнінде тереңнен зерделі ой түйгенімен құнды. Сонымен бірге жоғарыда фамилиялары аталған Ресейдің жиһангер-зерттеу­шілерін қазақ елі неге қызықтырды? Олар өмірде кім болды және мақсат­тары қандай? Патша үкіметінің елді отарлау саясаты мақсатымен зерттеу жүргізген ғалымдарының ғылыми еңбектерінің тарихи мәні мен біз үшін қандай құндылықтары бар? Автор аталған еңбегінде зерттеу­шілер­дің әрқайсысына арнайы тоқ­талып, толық мәліметтер берген. Кі­тап кейінгі оқырмандар үшін осы­нысымен де құнды. Иә, билер мұрасы – баға жетпес қазына. Сол мұраларға күні бүгінге дейін ұлттық ақыл-ойдың кені деп қа­раймыз. Ел ішіндегі талас-тартыс­ты шешудегі билердің екі жақты да қанағаттандырған ұтқыр шешімдеріне еріксіз қайран қаласың. Дей тұр­ғанмен «Тура биде туған жоқ, туған­ды биде иман жоқ» деген мә­тел­ге айналған сөз сол уақытта шық­­қан. Осыған қарап би атаулы­ның бәрі де ел мүддесінен шыға бер­мегенін зерделі жан сезеді. Алайда туғанынан аса алмаған пенде­шілікке бой алдырғандары халық тал­ғамынан, сенімінен шыға алмай, ысырылып шеттеп қалып жатты. Халық шындық пен әділдікті, ақ пен қараны қара қылды қақ жарған етіп үкім ететін билерге ғана жүгінді. Сон­­дай биің бірі Қойбек би екені дау­­сыз. Автор кітабында бұған еш кү­мән қалдырмайды. Қойбек би өмірде кім болған? Ол қан­дай қасиеттерімен қалың бұқа­ра­ның құрметіне бөленді? Кітап ав­торы оның арғы атасын Абылай хан­ның қолбасшысы болған Жау­ғаш батыр шыққан Қоралас руынан еке­нін айта келіп, атасы Ақсерке бидің ұлы Мыңбасы кіндігінен жарал­ғанын, әкесінің көргені көп, ойға түйгені мол, елге сыйлы жан болғанынан хабардар етеді. Мың­басы ұлы Қойбектің зеректігін бала кезінен сезініп, оған ел ішінде дау-дамайға төрелік жасап жүрген ақ сақалды абыз жандардың сөзін тың­датып, солардың өнегесінен тә­лім алдырған. Содан болар Қойбек қазақтың сөз өнерін, шешендігін, тапқырлығын бойына сіңіріп, ерте бастан-ақ ел ісіне араласа бастайды. Әуелі кішігірім ауқымдағы дау-дамайға төрелік айтып, кейін халық қалауымен кең ауқымдағы талас-тартыстарды қолға алғаны көпші­лікке мәлім. Оңтүстің өңіріндегі Жуа­лы, Түлкібас, Сайрам және қазір­гі Төле би аудандарына әділ шешімдерімен тез танылған би атанған. Қойбек би күрделі тұлға. Өйтке­ні оның өмір жолы басқыншылар Қоқан хандығы мен Ресей патшасы үкіметінің зорлық-зомбылық кезең­дерінде таразыға түсті. Қоқан хан­дығы қазақтарды елу жылдай уақыт билеп, шамадан тыс жөнсіз салық­тарымен елдің еңсесін басып, ти­тық­татып жіберген. Әсіресе, қыз салығы қазақтардың арқасына аяз­дай батты. Олардың зорлықтарына бұдан ары шыдау мүмкін емес еді. Қой­бек би мен Батырбек датқа Қо­қан ханның езгісінен құтылу үшін ақылдаса келіп, Омбыдан шыққан әскери экспедицияның бастығы полковник Черняев Әулиеатаны күшпен алардың алдындағы кеңеске шақыртуын қабыл алып, кездесуге барады. Черняев қоқандықтармен қарсы соғысуға әскери және азық-түлік жағынан көмек беруін сұрай­ды. Батырбек датқа оның бұл ұсы­ны­сын қабыл алмайды да, өз жұр­тын алысқа шеткері алып кетеді. Қойбек би Черняевтің ұсынысын амалсыз қолдайды. Себебі Сұраншы, қазақтың басқа да батыр бастаған сарбаздары Черняевтің әскери экспедициясы құрамына қосылып, қоқандықтармен бірлесіп соғысуды жөн деп тапты. Қойбек би Черняевпен сол келіссөз кезінде экспедиция құрамында жүрген жас офицер Шоқан Уәлихановпен кездеседі. Ол сонда Шоқанның Ұлы жүз қазақ­тары­ның Ресейге қарулы күшпен емес, бейбіт келісіммен қосылуы үшін жүргенін естиді. Қойбек бидің сөзін Черняевке аударып берген. Автор: «Қойбек би Ш.Уәлихановтан Әулиеата жерінде біраз жағдайлар­дың жай-жапсарына қанығады. Шоқанды Құнанбай да, Абай да, Сүйінбай ақын да, Жамбыл да, қыр­ғыздардың бай-манаптары да жақсы білген. Жетісу облысы генерал-губернаторы Г.Колпаковскийдің өзі Шоқанның қызметі мен талантын жоғары бағалағаны мәлім. Оның архивінде ұлы ғалымның жазған сегіз хаты сақталынып, бізге жеткені белгілі», − деді. Автор кітабында осы кездесуге мән бере отырып, 1864 жылы Черняев Әулиеатада бейбіт келісімді күтпей халықты зеңбірекпен атқы­лағын жауыздығына қарсы бол­ған Шоқан онымен қатты кері­сіп, Алтын­емелдегі Ұлы жүз сұлтаны Тезек төренің ауылына кетіп қалады. Черняевтің алдауына түсіп, қоқан­дық­тармен келіссөзге барған Байзақ датқаның да траге­дия­лық тағдыры да автордың назарынан тыс қал­маған. Өкініштісі сол, Қоқанның орнын Ресей басқыншылары басты. Автор кітабына тағы да мынандай құнды дерек келтірген. «Қазақ жерін оңтүстігінен Сырдария шебінің командашысы полковник Н.Веревкин әскері, ал шығысынан полковник М.Черняев экспедициясы басып алып келе жатты. Қарулы әскер оң­түстікті екі бүйірінен сыға түсті. Ве­ревкин әскерінде 44 офицер, 1 593 солдат, 150 ерікті қазақ, 18 зеңбірек болған. Ал М.Черняев отрядында 68 офицер, 2 571 солдат, және сұлтан поручик Қази Болатұлы Уәлиханов бастаған 400 қазақ сарбаздары, 22 зеңбірек болған. 1864 жылы 22-23 шілдеде Черняев Шымкентке шабуыл жасады. ...Шымкент қорғанын аларда екі мыңдай қазақтың оққа ұшқаны да ел ішін күйзелтіп кетті», − деп жазады. Бұл бұрын-соңды жалпыға кеңінен айтылмаған, аз ғана тарихшылар болмаса көпшілік біле бермейтін құнды дерек. Қоқан ханы әскері жеңілгенімен, қазақ халқы езгіден құтыла алған жоқ. Көп ұзамай патша үкіметінің оңтүс­тік қазақтарында әлімсақтан қалып­тасқан хандық, сұлтандық билікті таратып, артынша елге тұтқа болған билер институтының билігін де төмен­детіп, өздеріне тәуелді етіп қой­ға­ны жөнінде автор шығарма­сында нақты деректер келтірген. Қойбек бидің өмірі мен тағдыры, халқымен бірге өткізген қилы-қилы кезеңдері, саяси оқиғалар және ұлттың айтулы тұлғаларымен сабақ­тасын әрі олармен байланысы бол­ғанын осы кітаптан оқыған жан беймәлім мән-жайға қаныға түседі. «Хақ жолынан, ақиқаттан айнымай, билігінде байлыққа бас ұрмай тура жолдан таймай өткен тұлға болды. Қазақ қауымына ұлы билердің өне­гесін, дәстүрлерін іс-тәжірибе­сі­мен насихаттап, қылмыссыз қо­ғам, қауым орнықтыру жолында ұшан-теңіз еңбек сіңірген билердің бірі осы Қойыбек би Мыңбасұлы», − дейді би-бабамыздың өмір жолын, қайраткерлік қызметін, көркем тілмен айшықтап баяндаған әдеби өлкетанушылық еңбегінде зерттеу­ші-жазушы Мұхтар Қазыбек.