Айнұр СӘБИТОВА: «Ізгілік елшісі» ізгі амалдарға бастап жүр
Айнұр СӘБИТОВА: «Ізгілік елшісі» ізгі амалдарға бастап жүр
Қазақстанның Еуропадағы сенімді әріптестерінің бірі – Франция. Жаһан жұртын өзіне ынтық етіп, туристер үшін жер жұмағына айналған аядай мемлекет тұрақты даму жолынан таймай келеді. Экономикасын ғана емес, мәдениеті мен ғылым-білімін өркендету тұрғысынан да француздар көпке үлгі. Сондықтан Қазақстан үшін Франциямен ынтымақтастық орнатудың мәні зор. Екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің бір дәнекері – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің базасында құрылған Сорбонна-Қазақстан институты. Жуырда осы институттың директоры Айнұр Сәбитовамен тілдесіп, білім ошағында атқарылып жатқан толымды істер жайлы әңгімелесудің сәті түсті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылды Еріктілер жылы деп жариялағаны белгілі. Осы орайда, сіздің бастамаңызбен жүзеге асырылып жатқан «Ізгілік елшісі» жобасының ауқымы бүкіл ел аумағын қамтығаны қуантады. Жобаны алғаш қолға аларда осындай нәтиже күтіп пе едіңіз?
– «Волонтер» сөзі француз тілінен аударғанда ерікті деген мағынаны білдіреді. Яғни волонтерлік дегеніміз – қайтарымын күтпей, шын ниетімен жақсылық жасау. Өткен жылы Президентіміздің 2020 жылды ресми түрде Еріктілер жылы деп жариялағанын естігенде қатты қуандық. Өйткені атаулы жыл елімізде ізгілік жасауға ынталылардың қатарын көбейтіп, қоғамда мейірім мен жылулықтың артуына сеп болары сөзсіз. Қайырымды істерді насихаттау арқылы жастарды жанашырлыққа, жауапкершілікке баули аламыз.
«Ізгілік елшісі» қалай дүниеге келді? Университеттің басшылығы, оқытушылары, студенттері ізгі істермен бұрыннан айналысып келеді. Сол істерді көпке үлгі болатын деңгейде ұйымдастырып, неге қатарымызды көбейтпеске деген ой келді. Бастапқы мақсат әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасыларға көмектесу болды. Ректорымыз Такир Балықбаевтың қолдауымен жоба аясында жүзеге асырылған алғашқы 16 ісіміз мұқтаж отбасыларға материалдық көмек көрсетуге бағытталды. Содан кейін жан-жақтан қоңырау шалып, көмек сұраушылар көбейді. Олардың бәріне материалдық қолдау қажет. Біз қаржылық қор емеспіз, тұрмысы төмен отбасылардың бәріне көмектесуге қаржымыз жетпейді. Сондықтан жоба жұмысының бағытын өзгерткенді жөн көрдік. Еріктілердің басын қосып, қарттарға, қимыл-қозғалысы қиын жандар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға күтім жасау, көңілін аулау, қажет заттарын әкеліп беру секілді көмек көрсете бастадық. Ең бастысы, бұл істерді тұрақты әдетке айналдырдық.
Біздің институт екі елдің де менеджменттік қағидаларын басшылыққа алады. Мен қазақстандық тараптан басқарушы болсам, франциялық тараптан үйлестіру, бақылау жұмыстарын қосалқы директор – Жиль Мамец мырза атқарады. Шетелдік әріптестеріміздің арқасында Францияның білім беру жүйесіндегі озық әдіс-тәсілдерді игеріп, Қазақстанда ғана емес, әлемнің кез келген мемлекетінде жұмыс істеуге қабілетті мамандарды даярлау жолындамыз.
Қазіргі таңда Сорбонна-Қазақстан институтында үш кафедра жұмыс істейді. Халықаралық құқық кафедрасы бірнеше тіл білетін заң саласы мамандарын даярлайды. Халықаралық қатынастар кафедрасы елімізде және өзге мемлекеттерде елшілік қызмет атқаратын дипломатия мамандарын оқытады. Экономикалық мамандықтар кафедрасында менеджмент, маркетинг, аудит және қаржы саласының болашақ мамандарына халықаралық талаптарға сай білім беріледі. Сорбонна-Қазақстан біздің елімізде ғана емес, Орталық Азия бойынша «Қос диплом» бағдарламасын жүзеге асыратын жалғыз оқу орны екенін мақтанышпен айта ала-
мыз.
Сорбонна-Қазақстан институтының француз тілін жоғары деңгейде меңгерген, барлық пәндер бойынша жоғары нәтиже көрсеткен ең үздік шәкірттері ҚазҰПУ дипломымен қоса бізбен ынтымақтастық орнатқан франциялық жоғары оқу орындарының бірінің дипломына да қол жеткізеді.
Францияның білім беру жүйесі Еуропадағы ең озық үлгілердің бірі саналатыны белгілі. Бұл елдің жоғары оқу орындарына түсу екінің бірінің қолынан келмейді. Әсіресе, Париждегі Сорбонна университетінің студенті атану көпке арман. Шетелдіктер түгілі, жергілікті француздардың өзі бұл мәртебеге үлкен еңбекпен қол жеткізеді. Сондықтан біздің шәкірттеріміз өздеріне берілген мүмкіндіктің бағасына жетуге тырысады.
– Француздарды өте талғампаз әрі сақ халық деп жатады. Әріптестерін де мұқият таңдайтын болар? Бүгінде сіздермен ынтымақтаса жұмыс істеп жүрген Францияның жоғары оқу орындарымен байланыс орнату қиындық тудырған жоқ па?
– Сорбонна-Қазақстан институтына келіп, дәріс оқитын шетелдік оқытушылар оқуды кеше ғана бітірген магистрлер емес, тәжірибелі профессорлар, ғылым докторлары. Ынтымақтастықтың негізінде мемлекеттердің бір-біріне деген сыйластығы мен құрметі тұрғандықтан, Франция Қазақстанға үздік ұстаздарын жібереді. Сорбонна (USPC), Шығыс тілдері мен өркениеті ұлттық институты (INALCO Paris), Пуатье университеті, Страсбург, Лотарингия және Бордо университеттерімен келісімшарт жасалып, әр сала бойынша білікті оқытушылар біздің шәкірттерге дәріс оқуда. Мәселен, Страсбург университетінің құрметті президенті Кристиан Мэстр мырзаның өзі арнайы келді. Еуропа бойынша халықаралық құқық саласының ең мықты мамандарының бірі ретінде мойындалған оқытушының дәрісін тыңдауға студенттеріміз ғана емес, инс-
титутымыздың оқытушылары да зор қызығушылық танытты.
Ең тұрақты әріптестеріміздің бірі – Лотарингия университеті.
Бұл – Еуропадағы бай тарихы бар ең көне оқу орындарының бірі. Осы университеттің Заң факультетінің деканы, профессор Пьер Тиффин шақыртуымызды қабыл алып, қазақстандық жастармен өзінің толағай тәжірибесін, білім-білігін бөлісті. Сондай-ақ біздің институтта аталған университеттің 12 оқытушысының дәрісі жоспарланған. Олардың Сорбонна-Қазақстан институтымен жұмыс істеуге келісім беруіне шәкірттеріміздің Францияның тәжірибесіне деген қызығушылығы, Қазақстанның француз білім беру жүйесіне құрметпен қарауы ықпал етсе керек. Әйтпесе, Франция өз профессорларын өзге мемлекетке барып дәріс оқуға, еркінен тыс қандай да бір іспен айналысуға ешкім мәжбүрлей алмайды. Конституция оларға ерекше мәртебе берген. Француз ғалымдары университет басшылығы, тіпті ел басшылығынан да тәуелсіз. Олар ақша үшін, атақ үшін ақ тер, көк тер болмайды. Сапа үшін ғана жұмыс істейді. Өзінің де, өзгенің де уақытын алып, білімгерлерді сылдыр сөзбен алдарқату жоқ. Білгенімен, түйгенімен бөлісуге әркез даяр тұрады. Алдында он адам отырса да, жүз адам отырса да, аудиторияға үлкен құрметпен қарайды. Біздің институтқа келіп дәріс оқыған Францияның барлық оқытушыларынан осындай қасиеттерді аңғаруға болады.
– Шетелдік оқытушылар біздің елге келерде қандай шарттар қояды? Арнайы жағдай жасауды, айталық, бес жұлдызды қонақ үйден орын дайындауды талап ететіндер бола ма?
– Француздар – өте қарапайым халық. Ысырапшылдықты, көзбояушылықты ұнатпайды. Қарапайым қонақ үйлерде тұрады. Қарапайым киінеді. Әсіре назарды, аста-төк күтімді талап етпейді. Олардың әлемі бөлек, сезімтал қауым. Сіз бен біз әсерлене қоймайтын күнделікті құбылыстардың өзінен шабыттанады, рахат күй кешеді. Қардың жапалақтап жауғаны, мұздың еруі, шөпке шық түсуі, тіпті құстың ұшқанын да алғаш көргендей әсерленеді. Олар жарқ-жұрқ еткен дүниеден гөрі мағыналы, мәнді құбылыстарға көп назар аударады.