Әбігер әлем

Әбігер әлем

Әбігер әлем
ашық дереккөзі
 Жаңа жылды жайсыз хабардан бас­таған жаһанды мазасыздық жайлады. Алпауыттар арасындағы кикілжің, кім мықтыны анықтай алмай әлекке түс­кендердің атыс-шабысы әлемді үрей құр­сауына қамады. Ғалам­шардың бір бұры­шын табиғи апат қыспаққа алса, енді бір бұры­шы адам­ның салғырттығы мен қас­көй­лігінің салдарынан туған зауалдан зәре­зап.  

Тегеранның тынышын кетірген сегіз күн

8 қаңтарда 176 адамның өмірін қи­ған Тегерандағы ұшақ апаты  төңіре­гін­дегі сергелдең сейілген жоқ. Көпке дейін сейілмейтін түрі бар. Саясат «серкелері­нің» текетіресінен туған оқи­­ға қаншама жазықсыз өмірді жалмап, жаһанды  тұрақ­сыздық пен ма­засыздық құр­­сауы­на қамады. 11 қаңтарда Иран Қарулы күште­рі­нің бас штабы «Тегеран әуежайы маңын­да украиналық ұшақты иран­дық әске­рилер қателесіп атып түсірді» деп мә­лімдеді. Олар ұшақ Ислам революциясы сақ­шылар корпу­сы­ның «құпия әскери орталығына» қарай бағыт алғандықтан, әскерилердің оны «жау нысаны» деп ойлап қалғанын айт­ты.  width= Иран президенті Хасан Роухани Twitter желісінде оқиғаны «ұлы тра­гедия және кешірілмейтін қателік» деп ата­ды. «Өкінішке қарай, әскерилер жүр­гізген ішкі зерттеуге сәйкес, қате­ле­сіп жіберілген зымырандар ұшақ апа­ты­на себеп болған, 176 кінәсіз адам ажал құшты» деп жазды мемлекет бас­­­­­­шы­сы. Ал Иранның Сыртқы істер ми­нистрі Джавад Зариф бұл оқиғаға АҚШ кінәлі екенін мәлімдеді. «Қайғылы күн. Қарулы күштер жүргізген ішкі тер­геудің алдын ала қорытындысы: АҚШ авантюризмінен туындаған дағ­дарыс кезінде адамнан кеткен қа­телік» деп жаз­ды ол Twitter-де. Бұған дейін Иран үкіметі Батыс жетекшілері мен сарапшы­лары­ның «ұшақ­­ты ирандық зымыран атып тү­сірген болуы мүмкін» деген болжамын жоққа шығарып келген еді. Бас­тап­­қыда ұшақ «техникалық ақауға бай­­­ланысты» құлады деп айтылды, алай­­­да New York Times газеті Boeing ұша­­­ғына зымы­ран­ның дөп тию сәті көр­­­сетілген видеоны жариялағаннан кейін Иран жауапкершіліктен жалтара ал­­масын түсінді. Көп ұзамай Иран президенті Ха­сан Роухани украиналық Boeing 737-800 ұшағын атып құлатқаны үшін мемлекет атынан кешірім сұрап, Украина халқына және ұшақ апатынан қаза тапқандардың отбасына көңіл айт­ты. Иранның Ислам революциясы сақшылары корпусының қол­бас­шысы Хосейн Салами да зымыранмен атып түсірілген ұшақ үшін кешірім сұра­ды. ISNA агенттігінің ақпаратына сүйен­­­сек, Иран Парламентінде сөз сөй­ле­ген Салами Украина лайнерін атып тү­сіріп қателікке жол бергенін мойын­­даған. «Өмірімде ешқашан бұлай қат­ты ұялған емеспін. Бәлкім біз қа­телік жі­бер­ген шығармыз, соның сал­дарынан көп­теген отандасымыз қаза тапты. Алай­да біз әдейі істеген жоқ­пыз, сол үшін де кешірім сұраймыз. Бортта өзім болып, солармен бірге өртеніп кет­ке­нім жақсы еді. Алдымен Құдай, со­сын Иран халқы мен қаза болған­дар­дың от­басылары кешірсін бізді», – деп келтірді CNN Иран гене­ра­лының сөзін. Иран басшысы кешірім сұра­ған­нан кейін Украина халқына үндеу жасаған  ел президенті Владимир Зеленскийдің сөзінен ұстамдылық пен байсалдылық аңғарылды. – Хасан Роухани қаза тапқан жо­лау­­шылардың денесі елге мейлінше те­зірек қайтарылуы үшін тиісті тап­сыр­ма беретінін айтты. Украинаның Сыртқы істер министрлігі шұғыл түрде Иранға мәселені реттеуге қатысты нақ­ты қадамдар бойынша нота жібереді. Оның ішінде өтемақы төлеу жағы да бар. Иран тарапы бұл мәселеде Ук­раи­на­­мен толық келісіп отыр, – деді Украи­на президенті. Ресми Тегеран әуе апа­­тына қатысы бар адамдардың бар­лығы жазаланатынына уәде бергенін айтқан Зеленский бұл оқиғада украи­налықтардың ең басты қаруы сабыр екенін ұқтырғандай болды.

Тілсіз жау тұтқынындағы Австралия

Аптап ыстық пен құрғақ­шы­лық­тан кезенесі кепкен Австралия өткен жылдың қыркүйегінен бері өрттен көз ашар емес. Соңғы аптада өрт қарқыны күшейіп, көптеген қала тұрғындарын эвакуациялауға тура келген. Мыңдаған өрт сөндіруші мен еріктінің араша түскеніне қарамастан, 24 кісі ажал құшып, тағы 17-сі із-түзсіз жоғалып кеткен. Тілсіз жау 6,3 млн гек­тар жерді шарпыды. Бұл Дания мен Нидерланд аумағынан да үлкен. Өрттен ең көп жапа шеккен – елдің Жаңа Оңтүстік Уэльс шта­ты. 130-дан аса орман өртінің сал­дары­­нан мұнда 2019 жылдың қыр­күйе­гінен бері 1 687 үй қираған. Штаттағы 28 қорықтың 12-сі күлге айналып үлгерді. Аса бағалы әлемдік мұра болып есептелетін Көк-шұбар таулардың (Blue Mountains) 20 пайызы отқа оранып, ондағы биоценоз жүйесі адам айтқысыз апатқа ұшырады. Сонымен қоса желтоқсанның ортасына қарай Жаңа Оңтүстік Уэльсте Мэ­ри­лендтің ауда­нымен пара-пар 27 мың шар­шы шақырым аймақ күлге көмілген бо­ла­тын. Виктория штатында да 800 мың­ға жуық гектар аумақ өртеніп, он­даған үй қирады.  width= Public Radio International орталы­ғы­ның бағалауы бойынша қы­зыл жа­лын­ға оранған құрлықта 1,25 миллиардтан ас­там жануар – сүтқорек­тілер мен құс­тар, соның ішінде мың­даған коалалар, кенгурулар, валлабилер, кукабурралар, какадулар мен итаюлар жа­нып кет­кен. Ал Сидней уни­версите­ті­нің про­фессоры Крис Дикман 480 млн жануардың көзі жойылды деген деректі алға тартады. Қалай болғанда да, ала­пат өрт Австралияның ең бағалы қа­­­­зынасын ортайтты. Апат тек Австралия емес, Жер ша­­ры­ның экожүйесіне әсер ете­­тіні сөзсіз. Бұл тұрғыда әлемдік сарап­­шылар Австралия үкіметін сынға алуда. Алайда қызыл жалынды ауыз­дықтап, ел тұрғындарының жә­не ғаламшардың қауіпсіздігін қам­та­масыз ету үшін ел билігі аянып жат­қан жоқ. Өткен аптада Австралия­ның үкімет басшысы өртті тоқтатуға мемлекет тарапынан 23 млн Австралия дол­ларының бөлінгенін мәлімдеді. Бұл шамамен 16,2 млн АҚШ долларына тең. Ал апатта жапа шеккен азаматтарға кә­сіптері мен үйлерін қайта тұрғызу үшін әрқайсысына 4 200 АҚШ доллары көлемінде өтемақы төленбек.  Сондай-ақ Скотт Моррисон резервтегі 3 мыңға жуық әскери қызметкердің өрт сөндіру жұ­мыстарына жұмылдырылатынын айт­ты. Елдегі апатпен күресуге жұ­мылған еріктілер тобының да қарасы қалың. Мемлекеттің Қорғаныс министрі Линда Рейнольдс Sydney Morning Herald басылымына берген сұхбатында: «Осын­ша адамның бір күнде ортақ жұ­мысқа жұмылдырылуы ел тарихында алғаш рет болып тұр. Үкімет қолынан кел­ген барлық көмекті көрсетіп жатыр. 5 тікұшақ пен патшалық әскери-теңіз флотының 2 кемесі өрт болып жатқан аумақта», – деді. Жалпы, орман өрті Австралия үшін қалыпты жағдайға ай­нал­ған. Мәселен, 2009 жылғы ақпанда Вик­тория штатында алапат өрттен 180 адам қаза тапты. Бұл оқиға ел тарихына «қаралы сенбі» деген атпен енді. Экологтар биыл адам шығыны ай­тарлықтай аз болса да, өрттің күшті екенін айтады. От жалыны қатты болғаны сонша, тез тарап, гектарларды әп-сәтте шарпып өтеді екен. Мемлекетте 2009 жылдан бері құрғақшылық. Ме­теорология бюросының ақпаратына сүйенсек, 2019 жылдың желтоқсаны ең құрғақ маусым ретінде тіркелген. Ауа тем­пературасы 40 градус цельсийден түспеген. 17 желтоқсан сынап бағаны 40,9°-қа көтерілсе, ал ертесіне 41,9°-ты көр­­сетті. Осы күнге дейін ең жоғары тем­пература 2013 жылы 40,3° тіркелген еді. Кейбіреулер елдегі апатқа аптап ыстықтан бөлек, экология белсенділерін айыптайды. Айтуларынша, олар кеуіп кеткен жасыл желекті отауға қарсы болған. Ал орманды күтіп ұстау­ға келгенде өздері селқостық танытқан. Кәрі ағаштарды дер кезінде кеспеген. Австралиялық саясаткерлер осындай уәж айтып отыр. Бұған дейін Австралияда өрт қол­дан қойылып келді. Мамандар­дың бақылауымен кеуіп қалған шөптер өртелетін. Биыл билік бұл іске бөлі­не­тін қаражатты қысқартқан. Өйткені белсенділер қолдан жасалған өрт орманды мекен қылатын құстар әлеміне зиянын тигізеді деген желеумен до­ғаруды талап етті. Елдегі өртке байланысты жүр­гі­зіл­ген тергеу жұмыстары нәти­же­сінде орман өртін қасақана ұйым­дастырды деген айыппен 200-ге жуық адам күдікке алынды. Австралия полициясы 183 адамды, оның ішінде 40 шақ­ты кәмелетке толмаған жасты сот­қа берген. 183 адамның 53-іне өрт қол­дануға тыйым салу туралы ескертулерді ескермеген деген айып тағылса, 47 адам темекі мен сіріңкені өрт қауіп­сіздігін ескермей қолданғаны үшін айыпталуда.  Сондай-ақ Жаңа Оңтүстік Уэльсте орман өртін қасақана ұйымдас­тырды деген айыппен 24 адамның ісі қаралуда.  

Қытай vs АҚШ: Сауда соғысы аяқтала ма?

Апта басында Қытайдың вице-премьері Лю Хэ бастаған делегация Вашингтонға келді. Үш күнге жоспарланған сапардың басты мақсаты – АҚШ-пен мәміле жасасу еді. Кеше, 15 қаңтарда бүкіл әлем көз тіккен кездесуде екі алпауыт держава бірқатар сауда келісіміне қол қойды. Өткен жылдың желтоқсан айында АҚШ Қытайдан импортталатын жалпы құны 156 миллиард долларды құрайтын тауарларға баж салығын кейінге қалдырды. Ал кешегі келісім бойынша АҚШ баж са­лығын екі есе төмендетпек. Өз кезегінде Пекин АҚШ-тан ауыл шаруашылығы техникасы мен өзге де өнімдер импортын ұлғайтуға келісті. Осымен Вашинг­тон мен Бейжің арасындағы сауда соғысын бәсеңдетудің «бірінші фазасы» аяқталды деуге негіз бар. Алайда халықаралық сарапшылар осы оқиғадан кейін әлемдік экономика даму даңғылына түседі деп қуанған мемлекеттерді асықпауға ша­қырды. Өйткені мұндай келісімдер Вашингтон мен Бейжің арасында талай рет жасалып, соңғы сәтке келгенде іске алғысыз боп қалғанын ұмыта қойған жоқпыз. Нақтырақ айтсақ, өткен жыл­дың соңында екі тарап келісімге келіп, тыныштық орнай бастағандай болып еді. Тіпті, Қытай тарапы дау-дамайдың оң шешімін табатынына үмітті екенін де мәлімдеген. Алайда «баяғы жартас, сол жартас». Сондықтан мамандар жаһан жұртшылығын Трамптың уәде­сі­не көп үміт артуға әлі ерте екенін ес­кертті. [caption id="attachment_93928" align="alignnone" width="1600"] width= 50063791 - usa vs iran[/caption] Алпауыттар арасындағы ке­лі­сім­ді асыра бағалауға асықпаудың тағы бір себебі – Қытай Дүниежүзілік сау­да ұйымының сауда серіктестерін кем­сітпеушілік принципін бұзбай, импорт бойынша өз міндеттемелерін қалай орындайтыны әзірге белгісіз. Шын мәнінде, бұл келісім Қытайға қар­сы АҚШ үкіметінің кейбір сауда на­ра­зылықтарына ғана қатысты, ал оның қалған талаптары жағдайды әлдеқайда қиындатады. Тұтастай алғанда, Ва­шинг­тон Қытайдың валюталық манипуляцияларды тоқтатуын, зияткерлік меншікті ұрлауды доғаруын, технологияларды одан ары мәжбүрлеп тасы­мал­дау­ға шек қоюын және мемлекеттік ин­вес­тициялар арқылы америкалық ком­панияларды сатып алуды тоқ­татуын қалайды. Келіссөздер бір тарап­тың ғана мүддесін көздемейтіні анық. Демек, Қытай билігі де АҚШ-тан осы бағыттар бойынша жасаған қадамдары­ның қайтарымын күтеді. Көзқарастар­дың кереғарлығы, мүдделердің бірінші болуға ұмтылысы аяқталуға жақында­ған сауда соғысын қайта қоздырма-сына кепілдік жоқ. Әліптің артын ба­ғайық.